«Айтұмар» балалар әдебиетінің қоржынын толтырды
23.12.2022
230
0

Алматыда «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы бас демеуші болып, Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған «Айтұмар» балалар әдебиетінің үздік туындыларының республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Жүлде қоры 12 300 000 теңгені құрайтын байқауға поэзия, проза және драматургия бағыттары бойынша 200-ге тарта шығарма келіп түсті. Оның ішінде әр жанр бойынша 6 адамнан жеңімпаз деп танылып, әр аталым бойынша І орын (біреу) – 1 000 000 теңге, ІІ орын (екеу) – 800 000 теңге, ІІІ орын (үшеу) – 500 000 теңге табысталды.
Нәтижесінде проза жанры бойынша І орын Арман Әділбекке, ІІ орын Мейіржан Жылқыбай мен Зиядибеков Нұрасылға және ІІІ орын Мереке Айсәуле, Әбдіманап Дана, Қарлығаш Сарбаеваға бұйырды.
Поэзия жанры бойынша І орынды Мерей Қарт, ІІ орынды Айдана Бейсен, Асылан Тілеген және ІІІ орынды Мұқағали Кенжетай, Айдана Сегізбай, Нұрбибі Аязбай иеленді.
Драматургия бойынша І орын Назерке Құмарғалиеваның, ІІ орын Әлібек Байбол мен Жансерік Құттыбаевтың және ІІІ орын Жәнібек Қойтай, Рахат Әлішер, Ықылас Шалғымбайдың еншісіне бұйырды.
«Баршаңызды осы Тәуелсіздік күні қарсаңында болып жатқан айтулы шарамен құттықтауға рұқсат етіңіздер. «Айтұмар» республикалық байқауының жеңімпаздарына әрі қарай да биік шығармашылық табыстар тілеймін. Аталған балалар әдебиеті сайысы жас қаламгерлерге шабыт, елімізге мол рухани азық сыйлады деп үміттенемін. Осылайша «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосады. Біз Балалар жылы Жазушылар одағы қолға алған игілікті істің маңызын жете түсініп, қолдауды жөн деп таптық. Егемендігіміз мәңгі, ұрпағымыз аман болсын», – деді марапаттау рәсіміне қатысқан «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» қоры бас директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров.
Байқауға 14-35 жас аралығындағы, ҚР аумағында тұратын кез келген қаламгер қатыса алатын мүмкіндікке ие болды. Әр қатысушыдан тек бір ғана аталым бойынша проза, поэ­зия және драматургия жанрларында шығармалар қабылданып, жоғарыда келтіргеніміздей, жалпы алғанда 18 жеңімпаз марапатталды.
«Аталмыш байқау Балалар жылы­ның ең озық іс-шараларының бірі болып отыр. Соңғы жылдары қазақ әдебиетінде балалар әдебиеті жанрының кенже қалып бара жатқаны, ал ерекше балалар үшін әдебиеттің тіпті де қолжетімсіздігі жиі айтылып жүр. Мұнымен қоса «Менің атым Қожа» сынды тұтас буынды тәрбиелейтін шығармалардың жоқтығына зиялы қауым өкілдері қынжылыс білдіріп жатады. Бұл ретте қазақ руханиятының қара шаңырағы Қазақстан Жазушылар одағы төл әдебиетімізді дамыту бағытында ауқымды жобалар ұйымдастырып келеді. «Айтұмар» балалар әдебиеті туындыларының республикалық байқауы осыған дәлел», – деді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлықбек Есдәулет.
Жоба барысында ұйымдастырушылар байқауға келіп түскен шығармаларды балаларға, оның ішінде олардың мүмкіндігі шектеулі қатарластарына көбірек насихаттау­ға басымдық беріп, шығармалар оңай оқылу үшін аудио, электронды нұсқалары әзірленеді. Сонымен қатар жеңімпаз атанған шығармалар жинақталып, кітап болып жарық көреді. Кітап еліміздегі 200-ге тарта кітапханаға, инклюзивті орталықтар мен балалар үйіне таратылады деп жоспарлануда.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір