Балалар әдебиетінің бәйтерегі
11.11.2024
227
0

Алматыдағы С.Мұқановтың музей-үйінің қорында тоғыз мыңнан астам жәдігер болса, оның төрт мыңнан астамы – кітап қоры. Сол жәдігердің бірі – Бердібек Соқпақбаевтың Сәбеңе өзінің ықылас-құрметпен сыйға тартқан «Балалық шаққа саяхат» ат­ты еңбегі. Кітапқа: «Сәбе! Мені жазушылық өнерге алғаш құлшынтқан сіздің кітаптарыңыз еді. Осы болмашы еңбегімді «Менің мектептерімнің» шөбересіндей көрем. Өзіңізді шын жүректен құрмет­теп ұсынамын. Бердібек. 7/ІІІ-60» деп, қолтаңба қалдырған екен. Көрнекті жазушының өз қолтаңбасының болуымен бұл кітап музейіміздің құнды жәдігерінің бірі болып табылады.

Қаламгердің «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» т.б. шығармалары қазақ оқырмандарының сүйіп оқитын шоқтығы биік туындылар екені көпшілікке белгілі. Бір қызығы, «Менің атым Қожа» повесі алдымен орыс және француз, кейіннен қазақ тілінде жарық көрген. Бұл шығарма жалпы әлемнің 68 тіліне аударылған. Осы повесінің негізінде фильм сценарийін жазды. Көркем фильм 1963 жылы экранға шықты. Бұл туынды Канн қаласында өткен балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің халықаралық фестивальде арнаулы жүлдеге ие болды (1967). Қазақ кино өнерінің алтын қорына енген «Менің атым Қожа» – жарты ғасырдан асса да, әлі де көрерменнің сүйіп көретін фильмі. Режиссері – А.Қарсақбаев. Жақында жазушының қызы, белгілі аудармашы Самал Бердібекқызы Сәбең музейіне арнайы келіп, тамашалап, әкесінің «Қайдасың, Гау­һар?» повесінің арқауы негізінен анасы, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Бәшен Баймұратқызына арналғаны жайлы, әкесі туралы естелігімен бөлісіп, музейдің «Пікір-тілек кітабына» өзінің лебізін қалдырған еді: «С. Мұқановтың музей-үйіне келіп, үлкен ризашылықпен таныстым, осы тамаша экспозицияны ұйымдастырушылар мен сақтау­шыларға зор рақмет! Мұндай музейлер – біздің көрнекті мәдениет, өнер және әдебиет қайраткерлеріне деген ең үлкен ескерткіш. Жақсы бастамаларыңызды сәт­ті жүзеге асыруға ұзақ ғұмыр және лайықты ізбасарлар тілеймін. Самал Соқпақбаева, 7 шілде, 2024 жыл».
Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар балалар жазушысының биыл 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатыр. Бұл мерейтой С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінде де аталып өт­ті. Жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Түменбай және қаламгердің қызы Самал Соқпақбаева әдеби кештің қонақтары болды. Самал Бердібекқызы әкесі жайлы естеліктерімен бөлісіп, тыңдаушылар тарапынан қойылған көптеген сұрақтарға жауап берді. Кешті «Жоғары медициналық колледжінің» студент­тері (оқытушысы Ж.Байжанқызы) тамашалады. Талғар қаласындағы «Ай-нұр» өнер студиясының (жетекшісі А.Талғатқызы) «Асыл-мұра» тобының өнерпаздары – Жұбатқан Әлихан, Рахметов Әлижан, Аятаева Аружан, Нұрғазы Қазына Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа», Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйлерін орындап, кештің ажарын ашты. Әдеби кешті ақын, филология ғылымының кандидаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әділғазы Қайыр­беков жүргізді. Кеш қонақтарына кітаптар сыйға берілді.

Рашида Ердосқызы,
Алматы қаласы музейлер бірлестігі,
С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің
әдеби-мемориалдық музей кешенінің
ғылыми қызметкері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір