Шәкен Күмісбай. Алматының Қозы мен Баяны
29.10.2019
296
0

Сынаптай сырғыған өмір-ай… Калинин ауылынан Алматыға оқуға түсеміз деп асығып жеткенде, Көкбазардың ойдақ-сойдақ көшесіндегі бір неміс кемпірінің ескі қауқиған үйшігін мекен еттім. Қорғап-қолпаштар періштем жоқ болған соң ба, алғашқы емтиханнан-ақ, алма бет, бұйра шашты, бәкене бойлы әйел мұрнын маңғаздана тартты да, саусақтары ербиген қолымен екілікті қонжитты. Ауыл баласының металлург болғанын қаламаған шығар, қаламды қыса ұстап, құдды жүрек шайды жауына кектенгендей кейіп танытты. Екі қолға – бір күрек, Құдайдың қалауы солай шығар, жұмыс іздедім. Тойған қозыдай томпиып, ауылға қайтып бару – ұят.

Шәкен КҮМІСБАЙ

Адам өзіне қозғау салса, сәттілік қолға қонады екен. Неміс кемпірінің халі мүшкіл еді. Күйеуі ертеректе көз жұмып, тағдырдың теперішін көп көріп, иірімге батып бара жатқан шарасыз жанның кейпі. Не істеу керек? Базардан нән қой сатып әкеліп, үй қожасымен тіл табыстым. Жатын орнымның ақшасын төледім. Береген қол – алаған. Бұрыштағы сандығынан алған бір бумаға менің құжатымды қосты да, Грета кемпір мені қалалық тіркеуге отырғызды. – Гут, гут, – дейді қуанған неміс кемпірі. Сөйтіп, бір үйдің адамдарындай, жарасып күн кештік.

Ол кезде Алматының ауыр машина зауытының атағы аспандаған шағы. Екі айдай шәкірт атанып, үйреніп, токарьлық мамандықты иелендім.

Шыбын шөлдейтін шілде. Сағыздай созылған уақыт. Жас адам қара үйде қамалып отыра ма? Демалыс күндері «ТЮЗ» деп аталатын театрдың маңайына өңшең жастар жиналамыз. «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» деген. Ол кезде бұл түкпірді Брод деп атайтын. Қыздармен танысамыз, театрға шақырамыз, бойдақ жігіттің тізгінді бос қоя беретін шағы ғой…

Әкем сақалын тарамдап, мұрнын сипап, сәл уақыт үнсіз қалды да:

– Балам-ау, әңгіменің қай жеріне келіп ек? – деп сұрады. – Иә, Бродвейде серуендеп жүр едік қой, – деп жымиды сонан соң.

– Бұл маңайдағы Абай атындағы опера және балет театры, Балалар мен жастар театры, бұрынғы Үкімет үйі (қазіргі Өнер академиясы), Құрманғазы атындағы консерватория, қонақ үй, айналасын гүл көмкерген аллеядағы ғасыр пайғамбарларының ескерткіш бейнелері – бәрі де өткенді еске түсіреді… Осы бір сәтте:

– Мужчины, шайға келіңдер, – деген әмірлі үн естілді. Әкем ас үйге енгенше әңгімесін тәмамдап үлгерді.

– ТЮЗ-ді кейінде бір малғұн қызғаныштан өртеп жіберіпті. «Менің атым Әбдірас, әлде өтірік, әлде рас». Елден естіген мақалым, – дейді ол орындығына жайғаса беріп. Шешемнің қабағы қатыңқы.

– Е, Орекең, өткенді қайталаудан чемпиондардың чемпионы, – деді ол ескі «әніне» басып, мырс етіп. Әкем ондай «соққыны» әзілмен тойтарды.

–Ау, бәйбіше, шалыңды білмейтін адамдайсың. Өзіңмен Бродтың кинотеатрында танысқан жоқ па едім. Ұмыттың ба? Ол кезде сен талшыбықтай, көз сүрінетін қыз едің. Қалғыған жүрегімді оятқан жоқсың ба? Мен әлі саған ғашықпын. Иә, солай, – деді жымиып күліп. Әйел табиғаты нәзік. Демін тереңнен тартып, жанарындағы отын күн сәулесіндей жарқыратып, әкеме сұғып алды да, жадырай салды.

– Шалым-ау, пысықтығыңды бұрыннан білемін. Мына жаныңдағы отырған соқтандай ұлға көмектесіп жібермейсің бе? Мен сияқты бір сұлуды жетектеп әкелсін, мына Қозың… Келесі «оқ» маған бағытталды.

– «Бір аяғымыз көрде, бір аяғымыз жерде» дейді ғой, қазақтар. Так что, уйма қыздардың біреуін балаңа алып бер! (Шешемнің орысшалатып жіберетін әдеті бар. Қаланың қызы емес пе?!)

– Той жасаймыз. Дед пен бабушкаға внук керек. Коттедж мынау. Продолжение предков…

Кезек әкеме жетті.

– Әй, балам! Мына шешеңнің маған күн көрсетер түрі жоқ. Сол внукты мен бағып берейін. Құрдастарымның немерелерін жетектеп жүргенін көргенде қатты қызғанамын. Еркексің ғой, Қозым, – деді ол, шешеме көмектесіп. Мұндайға қайтып шыдарсың. Үлкендердің сүйегіне сіңген әдеті. Олардың жүзіне ұрлана көз тастап, жаным ашиды. Бір түтіннің жалғызымын. Жасым отыздың екеуінде. Кәрі бойдақпын. Қарттардың мақалы: «Ең алдымен – денсаулық, одан кейін – ақжаулық» (әкем мен шешемнің жаттанды сөйлемдері).

* * *

Мен де қара жаяу емеспін. Бір сұлуға ғашықпын. Бұрын «Мен қызға ғашықпын» дегенді естіп, қарқылдап күлетінмін (Күлме досқа, келер басқа…). Менің ойымша, қыз ауылдан келген абитуриентке, студентке ұқсамайды. Қаланың жұлқынып тұрған бойжеткендеріндей емес, сыпайы. Тойған қозыдай сүйкімді. Ойлы жанарларынан мейірім төгіліп, жүрегімді мазалайды десем, мен сияқты құрдастарым да сенбес еді. Тұсалды деген осы…

Таң бозынан оянып, терезенің алдына жайғасамын. Әдетте сұлу дүниенің де, екі аяқты сұлу пенденің де мінезі бірде жайдары, бірде қияпас. Бұл менің сүйікті қалам, алманың атасы – Алматыға да тән. Суретшінің көзінің көрмейтіні жоқ шығар. Міне, қиыр беттен көрінген ақ шапақ сиыртаңдайлана иіліп кеп, аумақталып Алатауға жеткенде, әлгінде ғана лағыл тастардай жымыңдаған жұлдыздар көзін жұмып, табан астында тайып кетеді. Таудың арғы жағынан «Мен келе жатырмын, ұйқыңды аш, түге» деп таң хабар бере бастайды. Аспан асты дақтан дін аман. Табиғаттың пенде білмес жұмбағы көп қой. Сонан соң аппақ нұр қанатын жайып, сүттей ұйыған тыныштық бұзылады. Алатаудың бүйрегіндей бұлтиған Көктөбе маңы көгерең тарта, Медеу мен Кеңсайдың қалаға ирелеңдей сүңгіген жылан жолының бойына тіршілік еніп, қоңыз машиналар жарысқа түседі. Күн сәулесі қылт етіп, кірпігін қалаға сұғып-сұғып алады. Осы бір тақырыпқа сурет салсам деп зерттеп жатқаным ғой. Алматының күні жазда қиырға бекініп, күз бастала құбылаға қарай аяңдайды. Бұл – табиғаттың бұзылмас заңы.

Қабырғадағы сағат өлеңдетіп қоя берді. Он жеті минутсыз сегіз. Есік пен төрге жүгірдім. Ас үйдегі аяқтағы айранды аузыма төңкеріп ап, тез-тез киіндім. Қайткенде ғашығымнан бұрын аялдамаға жетуім керек. Құйрық басып, тамақ ішіп, аяқ суытуға уақыт жоқ. Кездесетін жер – Қабанбай батыр даңғылы. Пау, қапшығым қайда кеткен? Ту, шыға берістегі есіктің жанында тұр ғой. Туфлиді шөткімен бір сүйкеп, айнаға үңілдім. Дорбамды иығыма ілдім де, сыртқа атылдым.

Ғашығым менен бұрын келіп қойыпты. Жүзі жарқ етіп маған қарады да, сәл жымиды. «Сенен бұрын келдім, ұйқышы жігіт» дейтіндей.

Сәлем, – дедім батылданып.

– Сәлемет болыңыз. Қыз жанға жайлы үнімен сыңғыр етті. Ішімнен: «Жүрегімнің соғысын тыңдашы, жаным! Құдай мені жасық етіп жаратыпты. Әттең, қалта телефоныңның нөмірін білмеймін. Әке-шешемнен естіген сөзім – атан түйеге жүк» деп тұрғандаймын.

Сонымен «шабуылды» бастадым.

– Бүгін ерекше сұлусыз, – дедім қапелімде.

– Рахмет, – деді қыз, маған таңдана қарап.

– Сізбен танысқым келеді. «Мыңның жүзін білгенше, бірдің атын біл» деген. Есіміңіз кім болады? – дедім (Өз даусым сияқты? Мен нағыз батыл жігітпін, ә!). Бойжеткен жүзін бұрып, жымың етті.

– Баян, – деді ол бірден. (Мына қыз менен де батыл ғой. Қаланың қыздары осындай).

– Қозы, – дедім оң қолымды созып. Жұп-жұмсақ алақан. Қыз сыңқылдай күліп жіберді.

– Сіз әзілдеп тұрған жоқсыз ба?

– Е, жоқ, әке-шешемнің қойған есімі.

– Солай дейсіз бе? Сіз – Қозысыз, мен – Баянмын. Жиырма бірінші ғасырдың лиро-эпосының кейіпкерлері… Жарыса күлдік. Аялдамада автобус күтуші жұрт бізге жалт қарады. Кенет Баян күлуін қалт тоқтатты да, кәдімгі таныс адамдай:

– Қозы, бар ғой. Сіз отыз сегізге мінесіз бе? – деп сұрады. Басымды изедім. – Ал сіз ше? Ол да басын изеді.

Автобустамыз, қатар жайғастық. Қарап отырмай еркінсіп: – Түс көріп отырмын ба? – дедім.

– Баян мен Қозы бір көлікке мініп келе жатыр, – деді ол сыбырлап. Сөйтті де, дауыстай күліп жіберді. Жолаушылар жақтырмай қалды. Қабағын кіржиткендері де, көзімен ішіп-жегендері де баршылық. Денесі шап-шағын, қағылез, әңгіме-әзілге ұста қыз, құдды бұрынғы танысымен сөйлескендей ашық-жарқын.

– Қыздар естісе, мені мазақтап жүрер. «Ғашықтар бір автобусқа отырыпты. Жақсылыққа жазсын» деуі де мүмкін-ау… ых, ых, ых… «Мына Баяның нағыз ерке тотайдың өзі ғой. Қалай-қалай қисындатады өзі. Маған ғашық болып қалған ба? Ылғи да осы аялдамада кездесеміз. Бәрін айт та, бірін айт, мені «сілейтіп» салды ғой. «Іздегенің алдыңнан сұрамай-ақ табылар…» Бірақ сақтық керек. Түйеден түскендей оғаш сөйлеп, Баян тулап жүрмесін…»

–Жарасып отырмыз, ә? Үкілі тақия, оқалы бешпет, оюлы күміс белбеу, желбірлі көйлек, имек бас мәсі қажет маған. Қозы тауып берсін. Ғашық жандардай жарасып отырмыз.

Баян әзілін қояр емес.

– Іші күйсін, көрген елдің. Мұндай сенсацияларды басылымдар таласып жазады.

Баян қалтасын қарманып қол телефонын алды (Жұмысқа кешігіп келетінін мекемесіне хабарлайтын шығар).

– Бері қара! – деді Баян қол телефонының объектив нүктесін екеуміздің жүзімізге бағыттап. Ал керек болса…(Өтебайдан Шөтебай өте шықты).

– Міне, көр! Бұл фотоның атын «Автобуста қатар отырған Қозы мен Баян деп атаймын», – деді. Мен де «сенге» көштім.

– Онда фотоны маған сыйла. Мен саған мәңгі ұмытылмайтын бір сюрприз жасаймын. Келістік пе?

– Үлкейтесің бе? – деді Баян жанары жалт етіп. (Қыздың қулығы қырық есекке жүк болған. Сұлудың сақтануын…)

– Мен кәсіби суретшімін ғой, Баян.

– Солай де. Ұятын қайтесің, – деді ол.

– Онда тұрған не бар? Ел тандансын. Тілшілер бізді іздеп әуре болсын. Өзің айтпақшы, жиырма бірінші ғасырдың лиро-эпосының кейіпкеріміз. Қажет десең, сенсациядан сенсация жасаймыз. Мен бойдақпын, ал сен ше?

– Оны қайдан біліп қойдың, – деді Баян таңырқап.

– Күнде сағат сегізге он бес минут қалғанда біздің үйдің терезесінің алдынан өтесің.

– Мынау да бір сенсация екен. Баян күліп жіберді.

Сәлден соң ол күлімсіреп қош айтысып, есікке беттеді де, қайтып оралды. – Әлі кездесеміз, фрайер, – деп сыбырлады да, менің тұсымнан өте берді. – Баян, – дедім де терезенің ашығынан дауыстап қол бұлғадым. Ол бұрылды да: – Қозы, – деп менің әрекетімді қайталады.

* * *

Алматының жан сүйсінер бір сәті – қарттардың ерте тұрып, таза ауа жұтып, серуендеуі. Өткенді әңгімелейді. Әсіресе, қаладағы медициналық көмектің жақсы-жаманын сөз етеді. Қала берді, көшенің тазалығына ден қояды.

 – Әнебір оңбағандар Қабанбай батыр көшесіндегі НКВД-нің тұрақты орны, кейіннен мұражай атанған үйді сатып алыпты, – деді, ойда-жоқта қабағын түйген Жаңыл шешем ашуға мініп.

– Онда тұрған не бар? Қазір нарық заманы, – деді әкем.

– Не бар дейді. Сен сияқты ауылскийлер қайдан білсін? – деп шүйілді шешем.

– Ол жер киелі. Жаңа ғана теледидардан көрдім. Ол жерде война болып жатыр.

– Түсінбедім, – деді әкем.

– Олар тарихты жасырғанымен, ұрпақ бәрін естиді. Елі, Отаны, халқы үшін жанын қиғандарды мәңгілік ұмытпайды, есте сақтайды. Шешем төңірегіне қатулана қарап, адымдай алға жүрді. Ашу мен ызаны тас түйілген жұдырығына жинапты. Бір уыс бетін көмген әжімдері құрт құсап жыбырлайды. – «Құдай емеспін, Құдайдан былай емеспін» дей ме сол бизнесмендер…

– Сөзге жеңсік берсеңші, Жаңыл Артыққызы. Сен бүйтіп қатты кетпеуші ең ғой, – деп әкем жік-жапар.

– Ты понимаешь. Ол жерде Сәкенді, Ілиясты, Бейімбетті, Темірбекті – бір күнде жиырма алты адамды, менің әкемнің інісі Оразбекті атып, түнде анау Жаңалыққа апарып, көмбей айдалаға тастап кеткен. Қарға-құзғынға азық керек. Тарихтың қанды үйшігі бұл үй. Ол жерге ресторан, гостиница салуға жол жоқ.

Шешемнің жанарында – жас. Езуіне көбік ілінді. Иегі дір-дір етеді. – Теледидардан Ілиястың баласы сөз сөйледі. Қарсылық білдірді. Менің де сол жерде болуым керек, – деді ол.

– Үкімет бар. Қалалық әкімшілік білетін шығар. Сап, сап… Билік – халықтың қолында.

– Сол бизнесмен Жаңалыққа барып ескерткішке бір қарады ма екен? Ақша қуалаған чертям, бұл түк емес, – деді шешем күрсініп, көзінің жасын сүртіп. Қатты ашулы.

– Мен сол жаққа кеттім. Сендер қыдырыңдар, – деді де, бұрылып алып, жеделдете басып кете барды.

 ***

Айдың-күннің аманында Баян сұлу көзімді алақандай етті. Кездесуге келмеді. Қу жаным қуырдақ боп шыжғырылды. Ауырып қалды ма екен? Өзі шөжедей ғана. Қырсық қылғанда, қалтателефонымда үн жоқ. Ішіме от түскендей. Көрші үйдің ауласын неше бір айналдым кеп… Терезеден көрсе… Апыр-ау, жұмбағы мол, тылсым дүние. Енді не істедім? Есім шығып…, қай-қайдағыны ойлап…

Сөйткенше, жұмсақ алақан көзімді басты.

– Сәлем, Баян қыз. Сағындырдың ғой, жаным.

Көзіне көзім түйісті. Бота көздерінің кірпігі қайқайып тұр. Құшағыма алдым. (Шешем көріп қоймаса екен). Көгершін төс, қыпша бел, бәдені бұзылмаған ару кеудеме басын төседі. Жүрегінің дүрсілін сездім. Шашынан сипадым.

Саған ұнап тұрмын ба, Қозы? – деді ол сыбырлап.

– Әлбетте, әлгінде кинофильмдегідей: «Тауда да – Баян, таста да – Баян. Қозың іздеп келді» деп дауыстағым келді. Елден ұялдым… Мінеки, оллаһи, биллаһи…

– Қозыдан аумайсың. Баян құшағымнан шығып еркелей күлді.

– Қыз – қылығымен, жігіт – сымбатымен… Көне көздер текке сөйлемейді. Сен бүгінгі жиырма бірінші ғасырдың Қозысысың… Міне, костюмің өзіңе қонып тұр. Ана бір жапырайған қалпағыңды тастапсың. Осы суретшілер неге басқалардан бөлекше киінеді? Сақал өсіреді…

– Суретшілер сұлу қыздарды бірден таниды, – дедім әзілдеп.

Туу, қойшы, Қозым, әсірелемей. Мен Баяндай өте сұлу емес шығармын.

Сұлу – сұлу емес, сүйген – сұлу…

Солай ма, сақалды суретшім.

Ия, мен суретшімін. Паноға сенің суретіңді салуды бастадым.

– Пай-пай, мына Қозы мақтанды. Мен де уәдеде тұрып, сенің қасыңда жүрмін ғой. Бүгін күн жексенбі, – деді Баян қолтығымнан алып.

Суретімді дұрыс салмасаң, таяқ жейсің…

* * *

Баян маған ерекше бір жылылықпен қарайтынды шығарды. Алғашқы кездескенде қол телефонымен түсірген екеуміздің фото-суретімізді ескерткішке берген. Түсімнен де шықпады. Ақыры, мен ғашығымның күнделікті көз алдымда жүргенін қаладым. Нанбасаңыз, бөлмемнің қабырғасында ілінген полотнома қараңыз. Ғажап аруды көресіз. Қыр мұрынды, қарашығы үлкен, қарақат көзді, талдырмаш бойлы, ғашығым – Баян. Оллахи, биллахи! Өте әдемі шықты. Талантты суретшінің еңбегі дерсіз. Өзім де мұндай суретті дүниеге келтіргеніме дән ризамын. Аумайды ғой, аумайды. Бүлдіргендей томпайған ерні, сүйкімді жүзі, тереңнен от шашқан жанары, қос ұртының ойығы…

Бойында ізгілік, әдемілік, сабырлық тұнып тұр. Пау, мына суретті мен салғанмын ба? Жұрт сенбеуі де мүмкін-ау…

Полотноны алып келген күні, шешем мені өкшелей бөлмеме енген. Баянның суретінде қолына қызыл қос алма ұстатқанмын.

Алматының апорты ма? – деп сұрады ол.

– Көзбен көрмесек те, суреттен көретін күн бар екен ғой. (Шешемнің түсінбегені апорт па, Баян ба?…)

– Әдемі екен. Бір-біріне жарасып тұр. Шешем күрсінді де, менің төсегіме орнықты. Баянды бұрын көрмеген сыңайлы. («Сабыр түбі – сары алтын», Жаңыл шешем шығар биігіне асықпайды).

– Сенің нағашың тәжірибелі бағбан еді. Өзің де бет-жүзін көрдің емес пе? Ол кезде сен аяғың апыл-тапыл басқан бала едің. Шешемнің бауырының үйі сонау Таулы қыраттағы сайдың беткейіндегі қалың ағаштың ішінде еді. Көк өсіруге өте құмар адам. Бір жақтан алманың шыбығын әкеп бағына отырғызып, күтіп-баптапты. Жылдар өте бұтақтары жайыла өскен алма ағашы гүлдеп, алғашқы өнімін береді. Қып-қызыл алманың бірін үзіп алып, ауызға салып, қаршылдата шайнасаң, балдай тәтті табиғаттың өсімі сілекейіңді шұбыртады. Бұрқыраған иісін айтсаңшы. Нағашым өте балажан еді. Мені құшақтап сүйіп, аспанға лақтырып, қағып алып, еркелететін. Сонан соң үйге қайтарда: – Әй, жиен бала. Қырық серкешіңнің бір-екеуін ала кет, – деп апорттың кәрлен кеседей қып-қызыл екеуін мойныма қоржын етіп байлайтын. Мен ауыр жүк арқалаған жүкшідей, ары-бері теңселіп, соқпақ жолдың арғы-бергі жағына шығып кетіп, терлеп-тепшіп, «қырық серкешімді» үйге жеткізсем керек. Қызықтаған түрі ғой, нағашымның… Сол бір кездің, қаланың атын алған қасиетті жемісі неге азайып кетті? Оқта-текте ұшырасып иісін иіскеп р-ахаттанасың.

Мені үнсіз бақылаған Жаңыл шешем: – Мына қыз өңді екен. Әртіс кажется? – деді түк білмегенсіп. Сұрағын қазақша бастап, аяғын орысшаға тіреді.

– Қазақтың бір бейтаныс қызы ғой, – дедім.

– Осы қаланыкі ме? – деді шешем тағы. Қыздың кім екенін «білгісі» кеп, мені бүйірлеп, суретке көзін көлегейлей үңіле қарады.

– Осындай әдемі қыздың біреуі, біздің босағадан аттаса ғой, шіркін…

Кейінгі кезде әкем мен шешемнің, бір-біріне маған көрсетпей көздерін қысқаны жиілеп кеткен. «Ұлдың аты ұл ғой шіркін» – әкемнің арманы. «Қыз туса да жөн. Осы күні ұлдан қызың тәуір. Ұлың келіннен шыға алмайды. Жақсылықты қыздан көресің» – шешемнің сөзі.

Адамның қиялына не жорық? Әп-сәтте көз алдымда ұлан асыр той басталды. Көдедей көп ағайын-туған, көрші-көлең айналамды қоршап алыпты. Кішкентай балалар шашылған шашудың конфет, құртын таласа-тармаса теріп әлек. Асаба домбырасын күмбірлете тартып, «Жар-жарын» шырқауда. Баян әлсін-әлсін басын иіп жұртқа сәлемін беруде. Сонымен қалыңдықтың беті ашылып, екеуміз төрге беттейміз. Бата берілді. Тілекшілер кезекпен сөйледі.

Сөйткенше, Жаңыл шешем қиялымды бұзып жіберді.

– Әй, ұл. Мен кісі танысам, суреттегі бойжеткен Құдайдың құтты күні менің жанымнан сәлемдесіп өтетін қыз. Анық сол. Соқыр емеспін, – деді ол. (Қызықты қараңыз. Баянды менен басқа да біреу бақылап жүреді екен-ау…) Енді мойындамасқа не шара?

– Сол болса, сол шығар, – дедім.

– Маған келінге жарайды.

– Қалай ойлайсыз? Біздің үйдің босағасын аттағаны жөн бе?

– О, не дегенің? Келісімің бар екен, перет. Жас емессің. Әке-шешесі келіспесе, ал да қаш. Кімнің шікірасы екен, сонша? Главное любовь… (Баян машинаның қорабына сала салатын дорба ма екен?)

– Мен ол қыздың есімін де білмеймін, – дедім.

– Подажди, – деді орнынан атып тұрған ол.

– Сен менің миымды шатастырма! Суретті саласың еще! Жаңыл шешем ренжіген күйі бөлмені ары-бері кезе бастады. Сонан соң төсегіме қайта қонжиды.

– Жаным, қозым-ау! Мен саған жамандық ойлайды дейсің бе? Байқайсың ба, балам, Алматыда кейінгі кезде мынандай бір жаман әдет модаға айналды. Көріп жүрсің ғой, Бек досыңның ғашығы үйленгеннен соң, «пәтерлерің ескі, ауылский вариант» деп, енесімен жүз шайысып, айырылды. Шешем сөзін күрсіне сәл үзді. – Ана Асқардың Жаннушкасы ше? Несие алып, дүркіретіп той жасатты. Жас келін: «Мне старуха не нравится», – деп тайып тұрды. Сондайлардан сақ бол, балам, – деді шешем күрсініп. – Бұл күнде Алматыда кәрі бойдақ пен кәрі қыздар жыртып айырылады. Шешемді аяп кеттім. – Оның аты – Баян. Бұл қыз туралы әзірге ешкімге тіс жарып айтпаңыз. Әліптің артын бағайық, – дедім. – Құлдық, – деді шешем балаша қуанып.

– Атаң білгендей, өзі бір текті отбасының баласы сияқты. Сәлемін ұмытпайды. Маған ұнап жүр. Шешем полотнодағы суретке сәл қарап тұрды да, жымың етті. Не ойлағанын кім білсін?

* * *

Сол күннен бір апта өтпей жатып, шешемнің туған сіңлісі Ақшолпан апай дәрігерге қараламын деп Алматыға келді. Анамның сол сәттегі қуанғанын көрсеңіз. Құшақтасып, сүйісіп естері шықты. Ауыл мен қаланың от аналары.

– Сендер көк шөп жеп, ашығып жатыр ма деп, мол етіп қазы-қарта әкелдім. Жездем ішетін мынауский қымыз да жоқ емес. «Ұл үйленсе» деп, қос көрпе тігіп қойдым. Менің жаным ғой, бұл. Осы ұлды әкеме ұқсатамын. Атасынан аумайды, – деді қонақ желпіне сөйлеп.

Жаңыл шешем жан-жағына намыстана көз тастады. – Құдайға шүкір, біз де жаман емеспіз. Тұқыртып барасың ғой, бізді. Жездең екеуміздің зейнетақымыз бәріне молынан жетеді. Қозымыздың табысы тағы бар, – деді шешем тек тұрмай дауласып.

– Ту, өзің ақшаны көп айтып кеттің ғой, әпке. Біздің Әуес – бір ЖШС-ның бастығы. (Ауыл жұртының мақтанатын жаттанды сөзі ғой). Алдында – малы. Туған-туыстың балалары – жұмысшылары. Ішкеніміз – айран мен сүт, жегеніміз – ет, жемісіміз де баршылық. Қап-қап бидай тарттырып, елге ұн сатамыз. Тәубе, – деді, тәтем де сөзге жеңсік бермей.

– Әңгімеші қауым, кешкі тамаққа дайындық жасайық. Мен де бір сенсация жасайын, сендерге, – деп шешем жымың етті. Қонақ та, әкем де шешеме жалт қарадық (Бұл қандай жұмбақ сыр?)

– Айтсаңшы енді, жүйкемізді жұқарт­пай, – деді, Ақшолпан шешемнің шаужайынан алып.

– Он минуттан соң біздің үйге бір қыз келеді.

– Ол кім? – дедім мен. Әкемнің жүзіне ұрлана көз тастадым (Осылар әлдекімнің қызын атастырып жүрмесін. Әкем де аң-таң. Ақшолпан да қозғалақтап есі шықты. Бір тұрып, бір отырды). Қалтама қолымды салдым. Жататын бөлмеге қалта телефонымды тастап кетіппін. Жүре беріп ем, шешем: – Асықпа, Қозым, – деді.

 – Түкке түсінсем, бұйырмасын, – дедім қапелімде.

– Түсінесің. Жаңа айттым емес пе, қуанасың, – деді Жаңыл шешем.

Бәріміз қабырға сағатқа қараппыз. Жетіге бес минут қалыпты. Шешем бөлмедегі заттарды реттеп, өз орнына қоя бастады. Есік жаққа құлағымызды тіктік. – Әй, айналайындар, әрірек жиналып отырыңдар, – деп әмір берді, ол онысымен қоймай. Бір-бірімізге жіпсіз байланып, келесі сәтті күтуліміз.

Есіктің қоңырауы сыңғыр етті. Бәріміз бір-бірімізге қарап, үнсіз бас изесіп, келер бейтаныс жанды көргенше асықтық.

Жаңыл Артыққызы жас келіншектей тық-тық басып есікке жетті. Бұрынғыдай «бұл кім?» деп сұрауды да ұмытты. Сағат тілі жетіні соқты.

– Айналайын! Тура уақытында келдің, жаным, – деген шешемнің үні шықты да, әлдебір көтеріп алған затымен, менің Баяным есіктен кіріп келді. Ғашығым маған жалт етіп қарады да, табалдырықтан аттай беріп, отырған жұртқа басын иіп сәлем берді. Сөйткенше, шешемнің: – Әй, батыр! Кеудеңде жаның бар ма? Айналайынның қолындағысын алып, тоңазытқышқа тоғыт, – деген бұйрығы естілді.

– Мына тұрған жердегі «Спутникке» зорға жетемін. «Старость не радость» дейді ғой, орекеңдер. Қонақ келген соң, жұмсап ем, қонағымды. Жалғыз ұлдың сурет салудан қолы тимейді. Рахмет, айналайын, – деді ол «шақырусыз» қонақтың асты-үстіне түсіп. (Шешемнің «операциясының» түрін. «Спутникке» он барып, он келетінін ұмытуын қарашы. Баян не істер екен?)

Баянның көтеріп әкелгені – қаланың сүт пен айраны (Сіңілісі әкелген қолдың сүті мен айранын ұмытып кеткен-ау, сірә). Тоңазытқыш тұрған асүйден оралсам, шешем Баянды орындыққа қондырып та үлгеріпті. Моп-момақан менің ғашығым үнсіз. («Операция» ары қарай жалғасады, – дедім).

– Мына төрдегі отырған – осы үйдің отағасы. Есімі – Ораз. Жанындағы қараторы келіншек, менің туған сіңілім. Аты – Ақшолпан. Сонау ауылдан қонаққа келді. Мына тұрған құлыным – Қозым. Суретші, – деп таныстырып үлгерді шешем. Баян сәл жымиды. Әзірге сыр берер емес. Шешем біздің таныс екенімізді білсе де, білмегенсігеніне не жорық?

– Ұмытпасам, есімің Баян емес пе… Баян басын изеді. Менің шешем құдды сахнадағы актриса. Қалай-қалай құйқылжиды. Қулығына құрық бойламайды. Кезек Ақшолпан апайға тиді.

– Ауылдың дәмінен ауыз ти, қарағым. Орнынан тұрып түйілген әлдебір түйіншектерді реттеп, үстел үстіне қоя бастады.

– Жүзің жылы бала екенсің. Қарттарға көмектессең, батасын аласың. Маған ұнап қалдың, қызым. Ауылдың сарқыты. Үйіңде үлкен кісі бар шығар. Қуанып қалсын. Мынау – ірімшік, майлы құрт, сықпа, ежігей, қаймақ, тары, жарма… Өзің қаланың бойжеткенісің-ау, сірә. Ұялма! Мынаны үйіңе ала кет, – деді жата жармасып.

– Сөйткенше, Жаңыл шешем қатар тұрған екеумізге ым қақты да, менің жататын бөлмеме бастады. Мына «актриса» не ойлады екен? Жұмбақ тірлік жалғаса түсті. Баян менің қатарымда жүріп келеді. «Апа қиын екен. Мені қапысын тауып қолға түсірді, Қозым» деп ішінен ойлаған шығар. «Әйелдің қулығы қырық есекке жүк». Бұл «операцияға» Ақшолпан мен әкемнің қатысы бар ма екен?

Қабырғада Баянның суреті. Қолында екі апорт алмасы. Қуанышында шек жоқ. Құдды сәби сияқты.

– Екеуің қатар тұрыңдаршы, – деді мені икемдеп. Баян қарсылық жасар деген ой шешемнің қаперіне кірер емес. Жүзі жылы, жанарында – аналық мейірім.

– Айналайын, Баян жаным, Қозы құлы­ным, екеуің бір-біріңе жарасып кеттіңдер. Баласы үшін ана отқа да, суға да түседі. Менің бүгінгі қуанышымда шек жоқ. Сендердің жүректеріңнің бірге соғып тұраты­нын сездім, – деді Жаңыл шешем даусы дірілдеп, көздері жасқа толып. Сонан соң сонадайға шегінді де, – Бақытты болыңдар, – деп сыбырлап бөлмеден шыға жөнелді.

* * *

Әкем айтпақшы, сынаптай сырғыған өмір. Біз ата-анамның тілеуіне қарсы келмедік. Үйлендік. Баян отбасындағы жалғыз қыз екен. Анасы да, әкесі де зейнеткер. Алматылықтар. Әкесі ұзақ уақыт теміржол саласында, анасы дәрігер боп қызмет істепті. Көктен іздеген құдаларын жерден тапқан біздің үйдің қуанышы көл-көсір. Құдағилар мен құдалардың да жастары құралпас. Ал әкем мен қайын атам соншама жыл Алматы қаласында көрші тұрып, бірін-бірі танымағанына өкінеді. Артынша Алматының күннен-күнге әсем қалаға айналып келе жатқанына қуанады.

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір