Балалар әдебиетінің шебері
Қазақстанның қоғам қайраткері, танымал жазушы Нұрдәулет Ақыш 75 жасқа толды. Мерейлі мерейтой аясында Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының бастамасымен өткізілген «Көл қорыған бала» атты облыстық эссе байқауы қорытындыланып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті.

Байқаудың мақсаты – Нұрдәулет Ақыштың еңбектерін өскелең ұрпаққа дәріптеу, жеткіншектердің әдеби шығармаға деген қызығушылығын оята отырып, шығармашылық қабілеттерін шыңдау.
Нұрдәулет Ақыш еңбек жолында жиырмаға жуық көркем және ғылыми кітаптарды дүниеге әкелген. «Қоңыр өгіз», «Жұмбақ іздер», «Күрмеуі қатты түйіндер», «Үндемейтін ұл», «Таң алдындағы дабыл», «Рақымсыз көктем» сынды әңгіме-повестердің авторы. Туындылары орыс, түрік, беларусь және ұйғыр тілдерінде жарық көрген. Қалам тартқан еңбектері жоғары бағаланып, Құрмет орденімен, жастардың «Жігер» фестивалінің, ҚР Мәдениет министрлігі байқауының, халықаралық «Жамбыл» және «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты атанған.
Шығармашылықпен айналысып, әдебиет әлемін сүйсіне оқитын көпшіліктің алды болып алғашқы орын мен 70 мың теңге ақшалай сыйлықты Бегімсұлу Көшкінбай (Еңбекшіқазақ ауданы) иеленсе, Аяжан Тұрапбай (Райымбек ауданы) 2-орын (50 мың теңге), Кәусар Сауытбек (Кеген ауданы) 3-орын (30 мың теңге) алды. Ал Бахарбек Дәулетжан (Кеген ауданы) ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Шараға зиялы қауым өкілдері, оқушы және студент жастар, мектеп мұғалімдері мен оқырмандар қатысты. Бастауыш сыныптан әдебиетке құмар болып өскен жазушы Н.Ақыш: «Кез келген көркем шығарманы жазуға, алдымен, бейімділік пен талант керек. Екіншіден, еңбек және өмірді білу керек. Балалар әдебиетін жазуға ынта білдірушілер бар. Бірақ нақты, сәтті шығатын шығармалар аз кездесіп жатады. Балалар шығармасын жазуда кішкентай оқырмандардың қалай қабылдайтынын назардан тыс қалдырмау керек», – деп кешті қорытындылады. Бейбіт заман ұрпақтарының қарымды қаламгер, сауатты тұлға болуын қалайтын шығармашыл тұлғаға есімінің ел жадында мәңгілік сақталуын, жауһар әдебиетіміздің жеткізер биігі таусылмауын тілейміз!
Гүлайым ЖҰМАШ