«Қызыл қырғынның» басы мен аяғы
28.10.2019
2210
2

«Халық жауы» деген атауды 1859 жылы француз журналшысы Жан Поль Марат шығарыпты. Кейін келе: Г.Ибсеннің, В.Лениннің, Л.Троцкийдің, М. Горькийдің… айту-жазуларымен қалыптасып кеткен. Тарихқа үңілсек: ешбір елде ешкім ешқашан өзінің халқына жау болған емес, дұрысы – «биліктің жауы». Рас, халықты мүлде алымсынбаған әулекілер де болды, солардың бірі – Гитлер: «Егер мен құритын болсам, онда неміс халқы да құрысын, ол маған лайық бола алмады!» – деп шабыныпты.

Миллиондаған тағдырды тәлкек еткен зұлымдық туралы айта беру оңай да, оның ұшығын табу қиын. Осыны ойлағанда, мәселен, патшалық Ресейдің құзырындағы ұлттар мен ұлыстарға бостандық алып берген, қаналудан құтқарған В. Лениннің мынау бұйрықтары «тым қызық» (үзінді):

«Тіршілік үшін емес, байлар мен арам­тамақтарды, буржуазияның интелли­гент­терін жою үшін күресу… оларды сәл-пәл қылмыстары үшін де жазалау керек… Бір жерде түрмеге отырғызып… бір жерде дәретхананы тазалатқызып… үшіншісін карцерге отырғызып, одан соң сарғылт билет беріп… төртіншісін ұстаған жерде атып тастау керек… Жазалау сан түрлі болған сайын жалпы тәжірибе молаяды…» (1918 ж., маусым);

«Пенза, губерния атқару комитетіне: …Кулактарға, поптарға және ақгвардия­шыларға қарсы жаппай аяусыз қырғын жүргізілсін; күдіктілер қала сыртындағы концентрациялық лагерьлерге қамалсын» (1919 ж., желтоқсан);

«…Менің күмәнсіз тұжырымым бойынша, біз дәл қазіргі сәтте діни қаражүздіктерге шешуші де аяусыз соққы беріп, қарсылығын жаныштауға тиіспіз, олар оны ондаған жылдар бойы ұмыта алмайтын болсын… Реакцияшыл дін өкілдері мен реакцияшыл буржуазия өкілдерін қаншама көп қырсақ, соншама жақсы болады» (1920 ж., тамыз);

«…Ғажап жоспар! Дзержинский екеуің жеріне жеткізіңдер. «Жасылдар» болып (кейін соларға жаба саламыз), 10-20 шақы­рым ілгерілеп, кулактар мен поптарды, помещик­терді дарға асамыз. Біреуін дарға асқанға 100000 сом сыйлық береміз…» (Республика революциялық әскери кеңесі төрағасының орынбасары Э.Склянскийге.1920 ж., тамыз);

«Луначарский жолдасқа. Театр атаулыны түгелдей жоюды ұсынамын. Халық ағарту комиссарына театрмен емес, сауат ашумен шұғылдану шарт» (1922 ж., наурыз).

Жаппай жазалауда ақ пен қараны айыру қиын болатынын, әділдікті берік ұстану қажеттігін Ленин неге ескермеді? Жас Совет өкіметіне тездетіп жол ашу үшін «қарсы» атаулыны дереу жойып жіберуді дұрыс деп білді ме?

В.Лениннің сол әрекеттерін және Ленинге жасалған қастандықты Л.Троцкий мен Я.Свердлов өз пайдаларына жаратуға шұғыл кіріскен. «Қызыл қырғынды» дереу және «аяусыз бастау – уақыт талабы» деген қағида Л.Троцкийдің «Террор и коммунизм» мақаласында негізделген. Бір «қызық» жәйт: Ленин де, Троцкий де «аяусыз» деген сөзді жиі қолданыпты.

Ленин дінге деген өшпенділігін 1919 жылғы 1 майда «Поптармен және дінмен күрес туралы» жарлық шығарумен көрсетіп, православиелік шіркеулерге қарсы жорық бастапты. Шіркеулердің қымбат бұйымдары «революцияның игілігіне» тәркіленіп, өзі не өртеп жіберілген, не қоймаға айналдырылған. Діндарлар не түрмеге тоғытылған, не жер аударылған. Лениннің ол жарлығы бүкіл Кеңес Одағы шегінде жүзеге асырылып, мысалы, бізде мешіттер жабылып, молдалар қуғындалды.

Жер-жерде діни салада да сан түрлі бұрмалаушылық болып жатқанына көзі жеткен Сталин 1939 жылы қарашаның 11-і күні Ленин жарлығының күшін жою туралы шешім жасаған (П.Дорохиннің «Сталин и религия» кітабынан).

Оқи отырыңыз!

АШАРШЫЛЫҚ: ҚЫЗЫЛ ҚЫРҒЫННЫҢ ҚАСІРЕТІ

«Қызыл қырғын» деген сөзді алғаш эсер (солшылдар партиясы) З.Коноплянникова айтыпты. 1906 жылы сотқа тартылғанында: «Үкіметтің қанды ақ қырғынына біздің партия қызыл қырғынмен жауап беруді ұйғарды», – депті ол. Троцкий 1917 жылы желтоқсанның 17-сі күні кадеттерге үндеу жазып, революция жауларына қарсы қызыл қырғынды аяусыз және еселеп күшейтіп жүргізу керектігін екілене айтыпты. Ал қызыл қырғынды заңдастырған күш иесі Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің (БОАК) төрағасы Я.Свердлов екен. Ол Ленинге жасалған қастандыққа және Петроград Төтенше комиссиясының төрағасы Урицкийдің өлтірілуіне жауап ретінде қызыл қырғын жасау туралы 1918 жылы 2 қыркүйекте қаулы шығарған. Сол қаулыдан бір үзінді:

«…Революцияға қарсыларды ату керек! Аудандарға өз беттерінше ату құқы берілсін! Аудандарда шағын концлагерьлер ашылсын… Атылғандардың сүйектері ешкімге берілмесін. Бүкілодақтық төтенше комитеттің аудандық комитеттеріндегі жауапты жолдастар топтап атуды қадағалап, көріп тұруға тиіс. Аудандық комитеттерге келесі мәжілістерінде өлік мәселесін шешіп отыру міндеттелсін…» (В.Шамбаров, «Оккультные корни Октябрьсой революции»).

Троцкий ол кезде В.Лениннен кейінгі басшы – Революциялық әскери кеңестің төрағасы. Ол, қазірде айтыла бастағандай, Свердлов екеуі астыртын ұйымдастырған қастандық – Лениннен құтылу жоспарлары сәтті болмаған соң, оны керісінше пайдаланып, Ленинге қарсыларды жазалауға кіріскен. Троцкий Курск партия өкілдерінің бірлескен жиналысында 1918 жылы желтоқсанда былай депті:

«…Тәжірибесіздігіміздің орнын немен толтыруға болады? Тек қана қырғынмен, жолдастар, бұл естеріңде болсын! Толассыз және ешбір аяусыз қырғынмен! Босаң, көңілшек болсақ, онымызды тарих ешқашан кешірмейді. Егер біз бұған дейін жүздеп, мыңдап қырған болсақ, енді, қажет болғанда, он мыңдап қыра алатын ұйым, аппарат құратын мезгіл жетті…» (Ю.Емельянов, «Троцкий. Мифы и личности»).

«Донда бүлік шыққанын естіген Троцкий шәкірті, оң қолы – Михаил Тухачевскийді дереу аттандырып: «Дондағы бүлікті тас уатқандай талқандау керек! Бүлікшілерді ғана емес, казак хуторлары мен станцияларының тұрғындарын аяусыз жою керек!» – деп бұйрық берген. Ол зымияндықты БОАК бюросы 1919 жылдың 24 қаңтарындағы шешімімен (Свердлов, оның әйелі Новгородцева және Володарский, Крестинский қол қойған) қуаттады» (А.Шамбаров, «Черный дьявол революции»).

Міне, «қызыл қырғын» осылайша заңдастырылып, троцкийшілдер әуелі жеке Ресейді, одан соң Ресей Федерациясын, КСРО-ның құзырындағы одақтас республикаларды шарпып, 1918-1938 жылдары ой мен қырды аяусыз тазалап тынды деуге болар. НКВД (Ішкі істер халық комиссариаты) құзырында ГУЛАГ-тың (Мемлекеттік лагерьлер басқармасының) жүздеген лагері ашылып, 10-25 жылға сотталған «халық жаулары» лықа толтырылды. Бұл сұрқиялыққа әу баста жол ашқан Лейба Давидович Бронштейн (Лев Давыдович Троцкий) Петроград Кеңесінің төрағасы болып тұрғанында ең сенімді дос-жолдастарының ортасында былайша лепіріпті (үзінді):

 «…Мы должны превратить Россию в пустыню, населенную белыми неграми, которым мы дадим такую тиранию, какая не снилась никогда самым страшным деспотам Востока. Разница лишь в том, что тирания эта будет не справа, а слева, и не белая, а красная. В буквальном смысле этого слова красная; ибо мы прольем такие потоки крови, перед которыми содрогнутся и побледнеют все человеческие потери капиталистических войн. Крупнейшие банкиры из-за океана будут работать в теснейшем контакте с нами. Если мы выиграем революцию, раздавим Россию, то на погребальных обломках ее укрепим власть сионизма и станем такой силой, перед которой весь мир опустится на колени. Мы покажем, что такое настоящая власть…» (В. Хатюшин: «Рабочий скот для европейского подворья». Журнал «Молодая гвардия». Москва. 1991. № 8).

…«Қызыл қырғынды» ұйымдастыруға И.Сталиннің қатыс-ықпалы болғанын, яғни нұсқау-бұйрық бергенін растайтын ресми құжат тіпті оны мейлінше қаралағандардың «зерттеу еңбектерінде» де кездеспейді. «Бары» – троцкий-хрущевшылдардың өсек-өтіріктері.

«Халық жауларын әшкерелеуді» кімдер бастағаны, жер-жерде қалай жүргізілгені жайында толық деректер, мысалы: Е. Прудникованың «Хрущев. Творцы террора», А. Елисеевтің «Правда о 1937 годе. Кто развязал «большой террор?» деген, мұрағаттық құжаттар негізінде жазылған кітаптарында жеткілікті.

Сөз ыңғайына орай, енді ауылымыздың көнекөз қарттарынан естіген жәйттерді баяндайын:

1.Әкемнің ағасы, колхоз ұстасы Құр­ман­бай егін науқанын бақылауға аупарт­комнан келген өкіл жігітті бір іңірде өзде­рімен іргелес үйдегі жесір келіншекті зор­ламақ сәтінде ұстап алып, сабап, қуып жібе­реді (келіншектің алты жастағы қызы Құрекеңнің үйіне еңіреп жылап кіріп, бөтен бір кісінің келіп, тәтесін ұра бастағанын айтқан екен). Екі күннен кейін ауданнан екі милиционер келіп, Құрекеңді алып кетеді. Бертінде іздестіріп білгенімдей: «коммунисті соққыға жығып, партияны мазақ еткен халық жауы» он жылға сотталып, Магаданға айдалыпты. Сүйегі сонда қалды. Құрекеңнің балалары әкелері тұтқындалысымен жұмыстан, мектептен қуылған. Тұңғышы Ізғұтты Семей қаласын паналап, сол жақтан И.Сталинге: «Менің колхозшы әкемді «халық жауы» деп он жылға соттап жіберді. Маған соғысқа баруға рұқсат беріңіз. Мұнда «халық жауының баласысың» деп әскерге алмай қойды. Мен қарапайым колхозшы әкемнің абыройын ақтау үшін соғысамын, әкемнің халық жауы болмағанын, өзімнің халық жауының баласы емес екенімді дәлелдеймін!» – деп жазған хатынан кейін 1942 жылы маусымда майданға алынып (22 жасында), қойын-қолтық ұрыста (рукопашный бой) фашистердің 51 солдат-офицерін жайратып, түнгі барлауда жаудан 22 «тіл» әкеледі. 1944 жылы шілденің 8-і күні Батыс Двина өзенінен өткендегі қиян-кескі ұрыста ерекше ерлік көрсеткені үшін Ізғұтты Құрманбайұлына Совет Одағының Батыры атағы берілген (оған дейін: «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Даңқ» медалінің 3-інші, 2-нші дәрежелілерімен марапатталыпты). Сол жолы ауыр жараланып, госпитальге түскен Ізғұтты ағекем сонда бір аптадан кейін көз жұмыпты. Госпитальге түскен күнінің ертеңінде «Комсомольская правда» газетінің әскери тілшісі барып жолығып, Батыр атағымен құттықтап, әліне қарай әңгімелесіпті. Бір апта өте бере газетте «Здесь сражался комсорг» деп аталған тілші мақаласы шығады. Ізғұтты батальон комсомол ұйымының хатшысы екен.

Ізғұтты ағаның И.Сталинге хат жазып, оны «пошташы орыс дядяның» көмегімен Мәскеуге жөнелткенін Із-ағаның сүйген қызы, бірақ, «жазмыштан озмыш жоқ», аңырап қала берген Жәмила апайдан бертінде, Құрманбай әулетінің қасіреті туралы жазбақ болып жүргенімде, естіп білдім.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

(жалғасы бар)

ПІКІРЛЕР2
Аноним 03.02.2020 | 01:12

Ленинді біржақты жамандауға болмайды. Аштық, соғыс.. бәрі өтті, кетті. Егер революция болмаса қазақ жері Столыпин, Сперанскийлердің жоспарлауы бойынша мұжықтарға беріліп қазақ тұтас орыстандырылатыны сөзсіз еді. Ленин қазаққа жау болды десек те, ол кеткенде қазаққа екі сиырмен өмір сүресің демегені анық..

Аноним 15.08.2020 | 12:42

Тит …. ілгергі, Ленинді жамандама, деген коментке …
Әкәу, орыстандыру науқаны Бөлшепек заманында болды емес бе ? Қалай оны көзге ілмедің? ауба…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір