АЛ ҚЫЗЫЛ ГҮЛДЕР
Қараңғылық қоюлана бастаған, түннің баспалдақпен көтеріліп келе жатқан сәті. Қоңыр салқын күзді жақтырмай ұясына ерте қонақтаған күн ал қызыл шапағын әлі жинап үлгермеген. Абыр-сабыр жүргіншілер де саябырсыған. Бәрінің де жұмыстан келіп, тамақтанып жатқан мезгілі. Аула сыпырушының рөліне енген тентек жел ғана ысқыра ұйытқып, сары теңгелердей шашылған жапырақтарды асфальт жолдың біресе ана, біресе мына жағына лақтырады. Жолдың оң жағында орналасқан, жарығы жарқыраған «Гүлдер» атты дүңгіршектің жанындағы автобус аялдамасында бүрісіп бір адам отыр. Тарақ дегенді көрмей ұйысқан шашынан, иегін жапқан қауға сақалынан, үстіндегі тозығы жеткен, алқа-салқа жеңіл күртесі мен ескі аяқкиімінен, күбідей іскен бет әлпетінен өзін күтпейтін жандардан екені байқалып тұр. Үйсіз-күйсіз қаңғыбас екені анық. Дүкеннен бір жігіт шығып, аялдамаға қарай беттеді. Бір қолына жақсылап оралған ал қызыл раушан гүл шоғын ұстаған. Екінші қолындағы ұялы телефонмен әлдекіммен сөйлесіп келеді. Оны көрген аялдамада отырған қаңғыбас орнынан қозғалақтап қойды. Жігіт жақындай бере, қолындағы гүлін жерге тастай салды.
– Таңдағаның сол болса, енді мені көрмейсің! – осылай деп дауыстаған ол телефонын өшіріп, қалтасынан темекісін алып тұтатты.
Бірдеңе айтпақ болып оқталған аялдамадағы адам жігіттің зілді дауысын естіп, сұсты жүзін көргеннен кейін онысынан айнып қалды. Орнынан тұрып, дүкен жаққа көз салды. Сол кезде қарсы бағыттан жарығы қараңғылықты тіліп, қатты келе жатқан жеңіл көлікті байқады. Кенет жаңағы жігіт жол бойына жүгіріп шықты. Жеңіл көлік шиқылдатып тежегішін басып, шыр айналғанымен жігітті қағып үлгерді. Содан кейін сәл тоқтап, артқа шегінді де, бағытын жол бойына туралап алып, қараңғылыққа сүңгіп ғайып болды. Осының бәрі қас-қағым сәтте өтті. Абдырап қалған қаңғыбас әлгі жігіт тастаған гүлді алып, көзден тасаланды. «Гүлдер» дүңгіршегінің дүкеншісі аялдамаға жүгіріп келіп, жігітті қозғап қарап, дереу ұялы телефонын алып, қоңырау шалып жатты.
* * *
– Жігіт тірі қалғанымен, әлі өзіне-өзі келе қойған жоқ, – деді аға лейтенант Сарым Сырбазов. – Өкінішке қарай, ол жерде бейнебақылау камерасы орнатылмаған. «Гүлдер» дүңгіршегінің дүкеншісі жігітті қансырап жатқан күйінде көріп, жедел жәрдем шақырған. Айтуынша, ол маңайдан өзге ешкімді байқамаған. Адам нөпірі бәсеңситін сәт қой. Біз қазір көлік жөндеу және жуу орталықтарына сұрау салып жатырмыз.
– Ал қағылған жігіт Бәкес туралы мынадан басқа қосымша мәліметтер бар ма? – деп полиция бастығы инспекторға қолындағы қағазды көрсетті.
– Әзірге ештеңе жоқ. Адам қаққан көліктің маркасы мен нөмірін анықтау жұмыстары жалғасуда. «Гүлдердің» дүкеншісі, жігіттің соның алдында ғана қымбат тұратын ал қызыл раушан гүл шоғын саудалағанын айтты. 15 минуттан кейін жігітті көлікке қағылып жатқан жерінен көрген. Алайда қасында гүл болмаған. Аялдамада қоқыс тастайтын жәшік жоқ. Дүкенші полицияға қоңырау шалғанда, оған сол жерден кетпеу тапсырылған. Сол себепті гүлді қайта сату үшін дүкенге апарып тастауы мүмкін емес.
– Айтуың орынды, гүлді қайта сатқысы келсе, ол жайлы сөз қозғамас еді. Себебі өзінен басқа ешкім білмейді ғой. Сен сол дүкеншімен тағы бір сөйлесіп көр. Ол жерде тағы бір адам болған шығар? Камера жоқ, оны көре алмаймыз. Жігітті кім қаққанын сол білуі тиіс. Алайда гүл оған неге керек? Әлде әйел адам ба екен? Есі дұрыс адам болса, қағылған жігіттің қасындағы гүлді алып не істемек? Неге бізге келіп хабарласпайды? Жұмбақ куәгерге қалай шығамыз? Әңгіме сонда ғой! Бізде қазір одан өзге жол оқиғасына куәгер жоқ. Көлік жөндеу және жуу орталықтарына да осы уақытқа дейін күдікті ешкім хабарласпаған. Жігіт әзірге ештеңе айта алмайды, уақыт болса өтіп жатыр. Қылмыскер құтылып кетуі де мүмкін. Демек, бұл жұмбақтың шешуі жоғалып кеткен ал қызыл раушан гүлдерге жасырылған болар?
– Жолдас полковник, біз жігіттің гүлді кімге алғанын анықтау мақсатында ағайын-туыстарымен, бірге араласып жүрген жолдастарымен сөйлесіп, кездесіп жүрген қызын таптық. Есімі – Таңгүл. Қыз сол күні «Гүлдер» дүңгіршегінің арғы жағында орналасқан барда, бірге оқыған курстастарымен тамақтанып отырған. Оның ішінде, мектеп кезінде бірге жүрген жігіті де болған. Айтуынша, қазір араларында ешқандай байланыс жоқ. Бірақ Бәкес айтқанына сенбей, одан қызғанады екен. Олардың барда отырғандарын біреу жеткізсе керек. Барға іздеп барып, Таңгүлге орынсыз тиіскеніне шыдамаған қасындағы жігіттер күштеп сыртқа шығарып жіберген. Ілесе кетпек болған қызды үгіттеп алып қалған. Әңгімелескенде Таңгүл тынбастан жылап отырды. Соған қарағанда жігітті шексіз сүйетін сияқты.
– Алайда ол жерге барғанда қолында гүл болған жоқ емес пе? Дүкенге келіп, неге алды? Кері барып, кешірім сұрамақ па? Әлде біреуге апара жатты ма? Соған асығып, көлікке қағылды ма екен? Жолдың арғы бетіне неге өтпек болды? Сол жерде досы, туысы бар ма? Оған ештеңе айта алмайсыз. Қатты келіп қағуына қарағанда, көліктің жылдамдығы да жоғары. Қаққаннан кейін алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырмастан ізін жасырған. Ол жерде жаяу жүргіншілер өткелі жоқ, жылдамдықты шектейтін белгі де қойылмаған. Аялдама да жақында салынды ғой. Жалпы бағытыңыз дұрыс. Әзірге осылай жұмысты жалғастыра беріңіз. Сонымен қатар ол көшеде камера болмағанымен басқа жерлерде тұр. Оны да мұқият қараңдар. Дәл сол уақытта қай көлік жол оқиғасы болған көшеге бұрылды? Осыны анықтаңдар, – деді полиция бастығы.
* * *
Аурухана алдына тоқтаған таксиден ұзын бойлы, жұқалтаң келген ақ сары қыз түсіп, алдына төгілген жібектей қара шашын артына қарай бір сілкіп тастады. Сөмкесінен кішкентай айнасын алып, жағасын түзеп, ішке енді. Алдынан шыққан кезекші медбикеден:
– Кеше көлік қағып кеткен жігіт осында түсті ме? Емдеуші дәрігеріне жолығуға бола ма? – деп сұрады. Медбике бағыт сілтегеннен кейін сол бөлмеге беттеді. Жаймен есік ашып, көзілдірікті дәрігердің қасына келіп отырды. Ол амандасқаннан кейін дәрігер жауап қайтарып, шаруаңызды айта беріңіз деген кейіп танытты.
– Менің есімім Перизат! – деді қыз – Көлік қағып, ауыр жағдайда осында түскен жігіттің халін білейін деп келдім. Керек дәрілерін алып берейін.
– Сіз оның кімі боласыз?
– Туысымын.
– Ота сәтті шыққанымен жігіттің жағдайы ауыр. Біз қолымыздан келген емді жасаймыз. Жансақтау бөлмесінен палатаға көшірдік. Әзірге онда жалғыз жатыр. Жаңа әкесі мен анасы келіп кетті.
– Ол аман қала ма?
– Аман қалады, бірақ өмірі мүгедектер арбасына таңылумен өтеді. Қыз жүзі тұнжырап, басын төмен салды. Сәлден кейін бойында әлдебір үміт оянғандай дәрігерге қарап:
– Айтыңызшы, шетелге апарып емдетсе нәтижесі бола ма? – деп сұрады.
– Қарсы емеспін, апарыңыздар. Бірақ жұлынына зақым келген, бірдеңе шығады деп айта алмаймын.
Біраз әңгімелескеннен кейін Перизат дәрігер берген дәрілер тізімін алып, жігіт жатқан палатаға енді. Қасында бір қыз отыр екен. Қыздың айтуынша, тыныштандыратын дәрі берген соң науқас қалың ұйқыға кетіпті. Көпке дейін оянбайды. Сол сәт қыздың қалтасындағы ұялы телефоны шырылдады. Дәлізге шығып сөйлескенімен оның дауысы Перизатқа анық естіліп тұрды.
– Білмеймін, – деді қыз әлдекімге, – басым қатып кетті. Көлік қатты қаққан. Енді ол мүгедек арбасына таңылады екен. Қанша сүйгеніммен де қасында күтуші болып өмірімді өткізе алмайтын сияқтымын. Менің алға қойған мақсатым, жоспарым бар. Бастысы, аман қалды ғой, соны медет тұтып өмір сүремін. Қазір оның қасынан кетсем де, бірге жүрсем де оған қиын тиері анық. Қанша кінәласа да, кешірмесе де онымен арадағы байланысты үземін. Бұл ол үшін де, мен үшін де тиімді болады деп ойлаймын. Бір күндері бәрін түсінеді. Рақмет, жарайды, кешке сол жерден күтемін…
Перизат жігітке сәл қарап тұрды да, телефонмен сөйлесіп тұрған қызға жақтырмай көз тастап жанынан өте шықты. Бірден дәріханаға тартты.
– Оу, Перизат! – деген дауысты естіп жалт қараса, көптен көрінбей кеткен құрбысы екен – Ең сұлу бизнес леди! Мұнда не қылып жүрсің? Көлігің қайда? Неге жаяусың? Тағы да қайырымдылық жасауға келдің бе?
– Нәзипа! Сен қайдан жүрсің?
Қос құрбы құшақтасып, бір-бірінің бетінен сүйіп, мәз болды.
– Жүр, дәрі алып ауруханаға жеткізіп тастайық. Содан кейін екеуіміз асықпай отырып сөйлесейік. Бала күннен бірге өскен, сырға берік құрбымсың ғой. Қазір маған дәл сенің ақылың артық етпейді.
– Түсің қашып кетті ғой, Перизат, – деді құрбысы алаңдаушылық білдіріп, – не болып қалды?
– Бұл жерде айтатын әңгіме емес, дәрілерді алған соң осы маңдағы кафеде бірге тамақтанайық. Сонда айтамын.
Екеуі дәріханаға беттеді.
* * *
– Сізге өткенде айтқаныма алып-қосарым жоқ, – деді дүкенші, – нені есіме түсіруім керек? Ол жерде тек мен болдым.
– Ендеше, басқа сұрағым жоқ, – деді инспектор Сарым Сырбазов кетпекке жиналып.
– Тоқтай тұрыңызшы,– деген дүкенші орнынан тұрып терезеден сыртқа қарады да, – осы жерде Мантас деген маскүнем жүреді. Көбіне анау аялдамада отыратын. Үйі қай жерде екенін білмеймін. Әйтеуір жақын маңда тұратын сияқты. Жол оқиғасы болған күні сол маған келіп, қарызға ақша сұрады. Оған дейін де бір-екі рет алып қайтармаған. Ұрыстым. «Мен саған айттым ғой. Бұл арақ-сыра сататын жер емес. Мұнда гүл сатылады», – деп айқайлап қуып жібердім. Бірақ соңғы екі күннен бері көзіме түскен жоқ. Бір көшеден кейін азық-түлік дүкені бар. Сондағы дүкеншілерден сұрап көріңізші. Арақ алуға барады ғой.
Сарым рақметін айтып, көлігіне отырды. Айтылған жерге келсе, үлкен дүкен екен. Келгендерге екі бірдей дүкенші қызмет көрсетіп тұр. Тәжірибелі инспектордың көзі бірден су құйылған ыдысқа салынған ал қызыл раушан гүлдерге түсті. Дүкенші алдындағы кісісін жіберіп алсын деп сәл күтті. «Гүлді таптық,– деп ойлады Сарым. – Оны мұнда әкелген адамды да анықтармыз. Бірақ жігітті қаққан көлікті көрген-көрмегені бізге беймәлім. Маскүнем болса осында әкеліп, бір шөлмек араққа сатып кеткен шығар». Әңгіме барысында дүкеншілер, Мантас деген адамның үнемі өздерінен арақ алатынын, соған ризашылығын білдіріп, гүл сыйлап кеткенін жеткізді. Кейде алғанына есеп етіп, жеңіл-желпі жұмыстарын да жасап тастайтынын жасырмады. Алайда күнде келетін «тұтынушыларын» бір-екі күннен бері көрмеген.
Сарым Сырбазов Мантас жайлы сұрастырмас бұрын полиция бөліміне соғып, бейнекамералардың көрсетілімдерімен танысып шыққанды жөн санады. Жігітті қағатын күні, сол уақытта камерасы жоқ көшеге үш көлік кірген екен. Оның екеуінің көше бойымен өтіп шыққаны анық көрініп тұр. Біреуі – сол көше бойында қалған. Демек, сол жердегі үйлерде тұратын болар. Қалған екі көліктің біреуі – қонақүйге барып, кері қайтқан. Екіншісі – бір үйдің ауласына кірген.
– Көлік иелерін анықтадыңдар ма, Байбек? – деп сұрады Сарым.
– Бірінші көліктің иесі – мектеп мұғалімі. Екіншісі мен үшіншісі – жеке кәсіпкерлер. Бәрінің аты-жөні, қайда тұратыны, сол көшеге қай уақытта кіргені мына қағазда жазылған.
– Жол-көлік оқиғасы болған камерасыз көшеде қалған көлік басқа жерден шығып кеткен жоқ па? Карта қайда? Әкелші бермен! Міне, мына көше ше? Екеуі жалғасып жатыр ғой.
– Ол көшенің шығар жерінде камера жоқ.
– Үшінші көлік сол күні басқа көшелерден көрінбеген бе? Барлық камераларды қарап, соны анықтаңдар! Үшінші шағынауданның учаскелік инспекторын маған шақырыңдар. Мантас деген кім екенін білуім керек. Камерадан мына көліктердің ол көшеге нешеде кіргені көрінгенімен, жігітті қайсысы қаққаны бізге белгісіз. Оқиға «Гүлдер» дүңгіршегінің дүкеншісі шыққаннан неше минут бұрын болғанын қайдан білеміз? Үш көлік те техникалық қызмет көрсету мен көлік жуу орындарына бармаған. Бірақ біреуі – қылмыскер.
Учаскелік инспектормен бірге келген Сарым Сырбазов Мантасты үйінен таппады. Көршілері, онымен араласатын бөтелкелестері кешеден бері көрмепті. Енді оның ойы соған ауды. Ол қайда кетуі мүмкін? Жігіттен тиын-тебен сұрап, екеуі керісіп қалған шығар? Содан кейін Мантас оны келе жатқан көліктің жолына итеріп жіберіп, бой тасалады ма? Әйтпесе гүл оның қолында қайдан жүр? Жоқ, итеріп жіберсе, көлік жүргізушісі оны ұстап немесе өзі кінәлі болмас үшін полицияға хабарлайтыны анық.
* * *
– Перизат! – деді Нәзипа бардағы үстелге тамақтануға жайғасқаннан кейін – Сен аршыған жұмыртқадай аппақ, қара көз, оймақ ерін, қыпша бел, сүмбі талдай майысқан, дауысы әдемі, күлкісі де әсем хас сұлудың өзісің. Нәп-нәзік болып, білдей бір фирманы басқарып отырсың. Көлікті де керемет жүргізесің. Былтыр сұлулар байқауында Гран-при алғаныңды естіп қуандым. Модель болып байып кетеді екен десем, фирмада қалыпсың. Қалай өзгермей, фигураңды сақтайсың? Соны маған да үйретші! Қазір мынадай доп-домалақпын, ертең күйеуге шыққанда қандай болатынымды көз алдыма елестетсем, жылағым келіп кетеді. Ерлер мен әйелдердің отбасы құрғаннан кейін толысып кететін әдеті емес пе? Екеуіміз құрдас болғанымызбен, қатар жүрсек, сен 18 жастағы қыз мен мамаң сияқты көрінемін. Содан болар, маған ешкім қарамайтыны.
Мұны естіп, Перизат шын ниетімен мәз бола күлді.
– Сен де әдемісің ғой, Нәзипа! Әр әйел – өзінше сұлу. Қараторының өңдісісің. Мен соңғы кезде шығып жатқан жылдам дайындалатын, ішінде қоспасы көп тамақтарды жемеймін. Тамақты дәмді етіп өзім дайындаймын. Мүмкін, содан шығар. Әйтпесе фигурама қарап жатқаным жоқ. Жұмысбасты болып жүремін. Қарауымда адамдар бар, олардың да жайын ойлауым қажет. Таңертең кетемін, содан іңірде шаршап үйге жетемін. Үйленетін адам сенің фигураңа қарамайды ғой. Отызға жақындасам да, мен де бойдақ жүрмін.
– Перизат, сенің артыңнан жүгірушілер көп. Өзің ғой назар аудармайтын. Менің тек бет әлпетім ғана әдемі, ал денем мынау. Бізбен бірге оқыған Бисенді білесің ғой. Сол өткенде кездесіп қалғанда: «М-ә-ә, – деді маңырай күліп, – керемет болып кетіпсің! Жоғарыдан қарағанда точка, төменнен қарағанда бочка сияқтысың», – деп тұр. Ашуланып кеттім де: «Отызға дейін еркекке ақыл кірмесе – қасіреті, отызға дейін әйел көркін жоймаса – қасиеті» деген бар. Сен байғұс осылай ақымақ болып қала бересің ғой», – дедім.
– Бисен бұрыннан жұртты сыртынан кекетіп күліп, кербезсініп жүретін дарақы жігіт қой. Ол өзінен басқаны адамға санамайды. Мектепте жүргенде де, бәріміз бірігіп самса алғанда да ол бізге қосылмайтын. Өзі бөлек тамақтанатын. Әлі солай шығар. Оны бала кезінен солай тәрбиелеген болар. Кейде баласына қарап, ата-анасы қандай адам екенін ойлайсың. «Алма теректен алысқа түспейді». Бисеннің ақшасы болса да соңғы тиынымызды жинап, самсаны оған біз алып беретін едік.
– Құрбым, біраз әңгіме айттық. Енді сені не мазалап жүргенін жасырмай айт. Қанша жасырғаныңмен түріңнен байқадым ғой. Адамның бет әлпеті де ұстап береді. – Нәзипа күлді.
– Сен менің көңілімді біраз серпілтіп тастадың, Нәзипа! Бұрыннан осылай көңілді жүретін жансың. Өзіңнен жасырып қайтейін, жақында жол-көлік оқиғасына ұшырап қалдым…
– Не дейсің? Өзің амансың ба?
– Алаңдама, өзім аманмын! Әйтпесе алдыңда отырамын ба? Қатты келе жатып, бір жігітті қағып кеттім. Тәніме зақым келмегенімен, психологиялық соққы алдым. Содан бері ұйқым қашты.
– Қаққан адамың аман ба?
– Жаңа ауруханаға барып шықтым, аман! Дәрігер мүгедек болып қалатынын, арбаға таңылатынын айтты. Бұл да маған ауыр соққы болып тұр. Біреудің әп-әсем баласын мүгедек еттім. Енді оны емдетуді, аяғына тұрғызуды өз мойыныма аламын. Сүйген қызы да одан бас тартқанын естідім. Қағып қор қылғаннан кейін, тірідей өлтіргім келмейді.
– Шын сүйсе, бірге болады ғой ол шүйкебас! Емдетіп, аяғынан тұрғызамын деп қайтесің! Отбасына сұраған ақшасын бер де құтыл. Жол апаты қалай болғанын айтшы!
– Оны қиын жағдайда қалдыра алмаймын. Сөйтер болсам, қалай жер басып жүремін. Сол күні жұмыстан шығып, жоғары жылдамдықпен келе жаттым. Ол көше сырт жақта жатқандықтан жылдамдықты шектеу белгісі жоқ. Әрі кешкі жеті-сегіздер шамасында көп адамдар да жүрмейді ғой. Көшедегі аялдама көрінгенде мамам телефон соғып, неге кешігіп жатқанымды сұрады. Оған жауап беріп жатқанымда, алдыма біреу жүгіріп шықты. Байқаған бойда тежегішті бар күшіммен басып, рөлді бұрып кеп жібердім. Қорыққаннан не істеп, не қойғанымды білмей қалдым. Көлігім кілт тежеліп, шыр айналып, жігітті қағып, жолдың шетіне ұшырып жіберіп, бір жақ қырына аударыла жаздап түзелді. Тарс етіп жерге түсті. Жігітке не болғанына қарауға қорқып, жылаған күйі көлігімді жолға бағыттап алдым да жүре бердім.
– Неге сол жерде тоқтап, полицияға, жедел жәрдемге хабарламадың? Ол адамның өліп қалуы да мүмкін еді. Кісі қаққаныңды біреу көрді ме?
– Айтып отырмын ғой, қорқып кеттім деп. Аялдамада бір қаңғыбас тұрды. Оны сол жерден өткен сайын талай рет көретінмін. Ол мас шығар, одан басқа мені ұстап беретін уақыты болды. Көлігімнің түсін, маркасын, нөмірін байқамаған ғой.
– Перизат, әлі де кеш емес. Кінәлі екеніңді айтып полицияға бар. Әдейі қаққан жоқсың, рөлде де саусың. Сенің арақ ішпейтініңді ел біледі. Полицияда отырғандар ақымақ емес. Олардың криминалистері дұрыстап кіріссе, куә жоқ болса да табады. Бір ілік болса жарап жатыр, ерте ме, кеш пе саған шығады. Бақылауға алады да, өміріңде сәл өзгеріс болса, бірден шақыртып, мойындатады. Қай жерде қағып жүрсің?
– «Гүлдер» дүңгіршегінің жанында. Соның арғы жағында азық-түлік дүкені, сосын, кафе-бар бар ғой. Есіңде ме? Бір рет қыздар болып сонда бардық.
– Иә, әлгі бар-жоғы төрт-бес жарығы бар ұзын көшенің арты ғой.
– Әлі солай, жартылай жарық болып тұрады. Өздігімнен полицияға бармаймын, Нәзипа! Шақыртып жатса көрермін. Менің түсінбей отырғаным, мен рөлді бұрып жібергенде, ол жігіттің көшенің келесі бетіне жүгіріп өтуіне мүмкіндік болды ғой. Неге олай етпеді? Сонда апатқа мен ұшырайтын едім, – Перизат жылап жіберді. Нәзипа ұшып тұрып, құрбысын құшақтап қоса жылады.
– Жігіт қорыққаннан тұрып қалған болар. Ондайда адам не істерін білмейді ғой, құрбым, – деді дауысы булыға шығып.
Барда тамақтанып отырғандар бір шеттегі бұлардың әңгімесін естімеген соң, сағыныса көрісіп жатқан құрбылар екен деп ойлаған шығар ду қол соқты. Екеуі бірден естерін жиып, орындарынан тұрды.
* * *
– Сонымен, Мантас мырза! Екі күннен бері сені іздеп, таба алмай сабылып, темір етігіміз теңгедей, темір асамыз тебендей болып шапқылап жүрміз. Үйіңде, еш жерде жоқсың. Ал бүгін аяқ астынан аялдамада қорылдап жатсың, – деді Байбек төрде отырған Сарымға жымия қарап. Инспектор қарсы алдына жайғасқан, ол ішке кірген бойда үстінен шыққан сасық иіс қара күзде терезенің желдеткішін еріксіз ашқыздырған адам кейпіндегі пендеге сынай қарағандай көз тастап қалыпты.
– Мені де іздейтіндер бар екен-ау! – деді Мантас. – Менттерге не керегім болды екен?
– Біз де саған ұқсап, қыздарға ал қызыл раушан гүлдер шоғын сыйлағымыз келген. Тек қымбат гүлді қайдан, қалай тегін алуға болатынын білмей, сенен сұрайық деп іздедік.
– Қумаңдаршы! Қайдағы гүл? Араққа ақшаны әрең тауып жүрген жоқпын ба?
– Жарайды, екі күн бойы қайда болдың?– деді аға лейтенант Сарым Сырбазов.
– Оның сендерге керегі қанша? Мен қылмыс жасадым ба? Аялдамада ұйықтауға болмайды деп қай жерде жазылған? Көрсетіңдерші! Шаршап отырған соң қалғып кеткен шығармын, – Мантас шамданып, дауысы қатқыл шықты.
– Сен өйтіп дауыс көтерме! Шаңыраққа қара! Қылмыс жасаған жоқсың, ол рас! Бірақ бізге керегің болмаса, сен аға лейтенанттың алдында отырмайсың ғой. – деді Байбек сөзге араласып. – Сұрақ қойылды ма, дұрыс жауап бер! Біз мұнда ойнап отырмыз ба?
– Не гүл-мүл дейсіңдер? Айықтырғышқа салып тастаңдаршы, демалып алайын. Екі күн емес, бір күн ғана мұнда болған жоқпын. Бір байшыкеш алдап әкетіп, малын тегін баққызғысы келді. Алайда онысы іске аспай кетіп қалдым.
– Дүкеншілерге берген ал қызыл раушан гүлдерді қайдан алғаның бізді қызықтырады. Сол себепті саған шығып отырмыз,– деді Сарым.
– Тауып алдым!
– Бір данасы мың теңге тұратын гүл аяқ астында жата ма? Не жасырып отырсың? Гүлдердің қылмысқа, жол-көлік апатына қатысы бар. Сол себепті сені іздедік.
– Жарайды, нәшәндік! Сен жеңдің! Қылмысты жасырып қалдың деп айыптайын деп отырсың ғой. Қағылған жігіт жүретін қызына: «Таңдағаның сол болса, енді мені көрмейсің!» деп ашуланып, қолындағы гүлін жерге тастай салды. Тиын-тебен сұрайын дегем өрт сөндіргендей түрін көріп, бата алмадым. Содан кейін жолда қатты келе жатқан шетелдік ақ көлік көрінді. Жаңағы жігіт соны көрген бойда жолына жүгіріп шықты. Рөлдегі қыз тежегішті басқанымен, жігітке жетіп қалған соң көлігін бұрып жіберді. Ақ көлік сырғанақ тепкендей шыр айналып, жігітті қағып жолдың бергі шетіне ұшырып жіберді. Байқағаным, рөлде қыз бала екен. Көзін жұмып алыпты. Көлік бір жағына аударыла жаздап барып түзелді. Жүргізуші көлігін артқа беріп, бағытын туралап алды да кетіп қалды. Рөлдегі қыз ішінен түсіп, жігітті қараған жоқ.
– Жігіт сонда жолға өзі ұмтылды ма? Әлде екеуің керісіп қалып, сен оны келе жатқан көліктің жолына итеріп жібердің бе? – деді Байбек.
– Танымайтын жігітте не шаруам бар әрі алпасымдай жігіттің бір соққысынан қалмаймын ғой. Тіпті итеріп жіберсем де көлік оны айналып өтеді. Менің таңғалғаным, қыз рөлді бұрып, көлік шыр айналғанда, жігіттің жолдың екінші жағына жүгіріп өтуіне болатын еді. Өйтпеді. Ашуланып, өзін-өзі өлтіргісі келген сияқты. Қыз көп емес пе? Соған бола өмірін қия ма? Ақымақ екен!
Ол жерде хабарлайтын менде телефон жоқ. Сосын, гүлді алдым да арғы көшедегі дүкенге кеттім. Жігітке ол керек емес қой.
– Сүю, сезім дегенді сен білмейтін боларсың. Түсінікті, гүлді қалай алғаның белгілі болды. Боссың! Көліктің кімге тиесілі екенін біз білеміз. Байбек, енді ауруханаға барып, жігітпен сөйлесіп көрейік.
Инспекторлар орындарынан тұрып, сыртқа беттеді.
* * *
Сарым мен Байбек палатаға кіргенде, Бәкес ояу жатқан еді. Олардың қойған сұрақтарына жүзінде еш өзгеріс байқалмастан сабырлылықпен жауап қатты. Көңілді екені байқалды.
– Иә, ашу үстінде өзімді өлтірмекке бекінгенім рас. Ақымақтық жасадым. Бастапқыда гүлді алып барып, кешірім сұрағым келген. Телефонмен сөйлескенде сүйген қызым Таңгүлдің ашу шақырғаны, қызғаныштан онсыз да жұқарып жүрген жүйкемді одан сайын тоздырды. Содан болар, келе жатқан көліктің жолына жүгіріп шыққаным. Қаным басыма шауып, көзім ештеңе көрмей кетті. Себебі оны шексіз сүйемін! Қазір ойласам, жаным түршігеді. Қатты келе жатқан көлік тежегішін баспағанда, үстімнен өтіп кетуі де мүмкін еді. Перизаттың, жүргізуші қыздың алдында өміріммен қарыздармын. Ол жерде ештеңе ойламай, тек өлуге ғана бекіндім ғой. Қыз көлікті бұрып жіберіп, мені тірі қалдыру үшін өз өмірін қия жаздады. Басын қатерге тікті. Қатты келе жатып тежегішті басып, рөлді бірден бұрып жіберіп, қараңызшы! Аударылып өлетіні анық. Сол жерде ол өзін емес, менің өмірімді сақтап қалуды ғана ойлады.
– Өзіңді кім қаққанын қашан және қайдан білдің? – деді Сарым.
– Перизат есімді жиғаннан кейін палатаға келіп, менімен сөйлесті. Қымбат дәрілерді әкеліпті. Кешірім сұрады. Менің оған қояр талабым жоқ.
– Сол жерде сені «өлмесең өмірем қап» дегендей қалдырып, жедел жәрдемге де хабарламастан, алғашқы көмек көрсетпестен кетіп қалса да ма?
– Ол жерде оның өзіне көмек керек болған шығар деген ойдамын. Қыз бала ғой. Қатты келе жатқанда алдына біреу шығып тұра қалғанын және оны қағып түсіргенін көргенде не істерін білмей, психикалық соққы алған шығар. Сіздер мені кім қаққанын қайдан білдіңіздер?
– Табамыз ғой! Білгің келіп отырса, сатып алған ал қызыл гүлдерің арқылы бір адамға шықтық. Қыздың кінәсі жоғын, сенің өміріңді сақтап қалуға тырысқанын естідік.
– Иә, ол гүлдерді тастай салып едім.
– Одан бұрын, камераларды қарап, картамен салыстырып, сол күні ол көшеге қандай көліктер кіргенін, уақытын анықтадық. Жеке кәсіпкер Перизат Албан – жақсы танымал тұлға, халыққа сыйлы жастардың бірі. Оның көлігін тастап жаяу жүргені де біздің назарымыздан тыс қалмады, – деді Байбек сөзге араласып.
– Менің сіздерден өтінішім, Перизатты жайына қалдырыңыздар! Бар кінәні өз мойыныма аламын. Қыз қашан аяғымнан тұрып кеткенше қамқорлығына алып, емдетемін деп отыр. Кінә менен екенін айтып бас тартып едім, көнбеді. Ол оған міндетті емес қой. Жақсы, білікті дәрігерлермен сөйлесіп те қойыпты. Бойыма ертеңіме деген сенім ұялатты. Бәрінен бұрын ол, Таңгүлмен сөйлесіп, оны шексіз сүйетінімді түсіндіріпті. Не айтқанын білмеймін, бірақ сүйгенім хабарласып, қателескені үшін кешірім сұрады.
Қос инспектор Бәкеспен біраз әңгімелесіп, ақыл-кеңесін айтып, қоштасты.
Бір жылдан соң жігіт таяқпен жүретін болып, тағы екі-үш айдан соң аяғына тұрды. Кешікпей Таңгүлмен қосылып, шаңырақ көтерді. Осының бәрін ұйымдастырып, олардың басы-қасында жігіттің ең жақын досына айналған Перизат жүрді. Бұл кезде оның өзі де өмірлік жартысын тапқан еді.
Қанат ҒҰМАРОВ