Басы бұғауға түскен бойжеткен
Нағашы әжесі Галина Максимқызы Прокофеваның кіндік қаны тамған өлкенің бас қаласына табаны тиген сәтте-ақ көңілі көкке өрлеп сала берген Сюзанна Николь өзін алда тек шадыман шаттықтарға толы сәулелі сәттер ғана тосып тұр деп сезінген-ді.
Әсілінде, солай болуы да керек-тін. Өйткені «Адамның айтқаны болмайды, Алланың дегені болады» екен. «Адамның басы – Алланың добы» ғой. Енді, мінеки, жат жерде басына бұғау түсіп отыр.
* * *
«Қожайын» Астанаға аттанғанның ертесіне-ақ Иірбек Тоғышаров басшылық ететін «Оңтүстік» табындағы тісқаққан саналатын наркокурьер «Тарғыл» тосыннан «тұзаққа» түсіп еді. Суық хабар сол сәтте-ақ жетіп, Иірбектің иіні босап, ішкені – ірің, жегені – желім болып, түн ұйқысы да қашқан-ды. «Қожайынға» бұл жаманатты қалай жеткіземін деген ой да мазасын май ішкендей етті. Осылай әрі-сәрі болып отырғанда мәселені табан астында шешетін мүмкіндік туғандай-тын. Облыстық теледидардың жаңалықтар бағдарламасынан өлкеге қыдырып келген қазақшаны суша сіміретін француз қызын көрсетпесі бар ма? Бойжеткен тым ашық-жарқын-ақ. Езуі тіптен жайылып кеткен, сұхбат беріп, мәре-сәре болып тұр. «Күліп қал, күліп қал, мадмуазель Сюзанна», – деп ішінен күбірлеген бұл: «Осы бойжеткенді қолға түсіріп, артынан «Тарғылмен» алмастыру қажет. Халықаралық шу шықпас үшін олар сөзсіз-ақ келіседі» деп әп-сәтте топшылап та үлгерді. Осы ойға бекем бел буған бұл «сұржекейлердің» бірін қыз тоқтаған қонақүйге қызмет көрсететін «таксист» ете қойды. Арада екі тәулік өтпей-ақ «сабақты ине сәтімен» болып та шыға келген еді. Өзі Парижде жүргенде әбден зерттеп-зерделеген «туысқандарының» мына «қонақжайлылығы» мұны айран-асыр етті. Сюзанна айқай-сүреңге басып, дауыс көтермей, әліптің артын баққанды да жөн көрді. Қызық хикаяттар оқып өскен бұл, басына түскен істі романтика есебінде қабылдаған-ды. Асылбекті алдына шақырып алған Иірбек оған:
– Ана мадмуазельге бас-көз бол. Басынан бір тал шашы түспейтін болсын. Қымбат «экспонат» екенін ескертемін. «Бүлдіріп» жүрме. Сұраған асын да тауып беретін бол. Ол түбегейлі сенің «қамқорлығыңда» болады, – деп мұның қолына подвалға орналасқан абақтының кілттерін тапсырды. Ал өзі Ішкі істер департаментінің «сенім сымтетігіне» хабарласып, талабын мәлімдеген-тін. Тұтқаның арғы жағындағылар бір тәулікке мәулет сұрап еді, Иірбек келіскен-ді. «Жаңа қызметін» атқармақ болып төменге түскен Асылбек «тұтқынмен» бетпе-бет тілдесуді жөн көрді.
– Сәләматпысыз, мадмуазель Сюзанна. Ахуалыңыз жақсы ма? Сәл сабыр еткейсіз. Қас қарайғаннан кейін сізді бұл жерден алып шығамын. Сөзіме сенгейсіз. Мен сізге дос кісімін. Кішкене уақыт өтіңкіресін. Не себепті басыңызды саудаға салып жүргеніңізді әңгімелеп бермес пе екенсіз? – деген мұның қолқасына жатжерлік бойжеткен:
–Өзіңіз де саламатпысыз? «Көресіңді көрмей көрге кірмейсің» деген бар ғой. Сол көрешіктерімізді көруге арнайы келген едім. Иә, иә! Арнайы! Сіз әлі түкті де түсінбей отырған боларсыз. Мен нағашы әжем Галина Максимқызы Прокофеваның кіндік қаны тамған осы өлкенің өмірімен танысуға келіп едім. Өйткені әжем елдеріңіз туралы зор сүйіспеншілікпен әңгімелеп беруші еді. О-о, ол әңгімелер хикаяға бергісіз болатын-ды, – деп көсіле жөнелген оның сөзін бөлген бұл:
– Әңгімеңіз ә дегеннен-ақ әсерлі болып барады. Таратыңқырап айтыңызшы! – деп салды.
– Сығырайған жарығы бар сыз жер демесеңіз, сырласуға таптырмайтын-ақ орын екен. Жюлен Сорель бейбақтың өзіне де мұндай орын бұйырмаған болар, сірә? Бәрінен бұрын осындай тосын жағдайға тап болып көрмеген Париждегі бұлғаңдап жүрген бұла бойжеткендерді аяп-ақ отырмын. Күн ұзаққа Елисей алаңында ары-бері сенделу де өмір болып па?! Жә-жә, лепіріп кеттім білем. Әлгінде «таратыңқырап айтыңызшы!» дедіңіз ғой. Болсын айтқаныңыз, жігітім. Айтайын, – деді француз қызы.

Сюзаннаның әңгімесі
– Нағашы әжем Галинаның айтуына қарағанда, оның әкесі Максим Прокофев демократтық көзқарасы үшін бірінші дүниежүзілік соғыс басталған тұста, Петербургтен осы жаққа жер аударылыпты. Мұнда келгеннен соң да бақылауда жүргеніне қарамай, ол кісі алған бағытынан таймапты. Жергілікті халықтың тілін тез меңгеріп, олармен қоян-қолтық араласыпты. Тіпті «өзіміздің Мақсым» атаныпты. Мектеп ашып, сауатсыздықпен де күресіпті. Арада бірер жыл өте Доннан көшіп келген «қарашекпендінің» Матерена деген қызына үйленіпті. Азамат соғысынан кейін, 20-жылдардың басында Ташкентке, одан ары Бакуге, мұнан кейін Тифлиске өтіпті. Әжемнің әкесі қазақ халқының «Шәпибай-ау», «Ақ сиса» тәрізді біраз әндерін үйренумен бірге домбыра тартуды да меңгерген көрінеді. Тіпті осы музыкалық аспапты көзі жұмылғанға дейін өзіне серік етіпті. Оны тартуды әжеме де үйретіпті. Өзі жаттаған әндерді де әжеміздің санасына сіңіруменен болыпты. Әжеміз бұл жақтан көшкен кездерінде бес жасар екен. Тифлисте де тұрақтай алмай, параходпен Стамбулға, одан әрі Парижге өтіпті.
Сонымен не керек, Франция азаматы болып шыға келіпті. Мұнда қоныстанғаннан соң қазақтардан үйренген әндерін домбырамен орындап, француздарды талай рет тәнті еткен де көрінеді. Отызыншы жылдары Әміренің концертінде болып, әйгілі әншімен сұқбаттас та болыпты. Сол басқосудың ішінде Мұстафа Шоқай да жүріпті.
Әжем, 1945 жылы «Нормандия-Неман» авиаполкінде ұшқыш болған Роберт Николь деген француз жігітіне тұрмысқа шықты. Олардың некесінен анам Натали дүниеге келген. Атам Роберт Николь өткенді еске түсіргенде: «Саратовада жаттығуда жүрген кезде-ақ достығымыз жарасып кеткен Қаратай Бекжанов деген қазақ ұлтының жігіті ұшағым өртеніп жау шебіне таяу маңға парашютпен түскен кезімде іле-шала жетіп, өзі басқарған «Як»-ке мінгізіп алып, мені аман сақтап қалған», – дейтін.
Анам Франсуа Мишель атты менің әкеме тұрмысқа шықты. Альберт деген інім, Жозефина есімді сіңлім бар. Әкем шығыстанушы. Мен де сол кісінің жолын қудым. Басқаша болуы мүмкін де емес еді. Өйткені ес білгелі естіп келе жатқаным да Шығыс тақырыбы. Тамырымыз да Шығыспен байланысты. Мінеки, осы жағдайлардың бәрі мені осында ынтықтырып-ақ жүрді, – деп Сюзанна әңгімесін аяқтай берген шақта манадан бері әлдебір нәрсе айтпақ болып Асылбек тықырши берген.
Асылбектің әңгімесі
– Сюзанна, әлгінде атамның Қаратай Бекжанов деген ұшқыш досы болған екен дедің-ау осы. Білесің бе, мен қазір саған не айтқалы отырғанымды? Атаңның сол досы мына менің атам болады. Қаратай атам: «Нормандия-Неман» авиаполкінде ұшқыш болып, француздармен бірге фашистерге қырғидай тигенбіз» деп естелік айтатын. «Марсельезаны» шабыттана шырқайтын-ды. Әрине, түпнұсқада. Генерал де Голльдің өз қолынан 1944 жылдың желтоқсанында «Құрметті Легион» орденін алғанын да мақтанышпен еске алып отыратын.
Енді, мінеки, қарасаңшы, тағдырдың жазуыменен мынандай жағдайда сол майдангер-ұшқыш достардың немерелері – мына екеуміз кездейсоқ кездесіп отырмыз. Мүмкін, бұл кездейсоқтық та емес болар. Аталар рухының ұйғарымы шығар, бәлкім? Кім білген оны, кім білген?.. – деп тебіреніп кеткен Асылбек сөзін кілт үзіп үнсіз қалды. Осы сәт орындығынан ыршып тұрған Сюзанна кірпіктері шыланып, мұны достық пейілмен құшақтай кетті. Бірер сәттен кейін табысқан құшақтар қайта жазылып, бастапқы қалыптарына келген-ді.
– Ол кісі бар ма? – деп сұрады біраз сәттен соң Сюзанна өз-өзіне келіп.
– Қайтқан, – деді бұл жабырқау күйде.
Ескі жараның аузын тырнағанын кеш аңдаған бойжеткен ыңғайсызданып-ақ қалды.
– Әкем Ерасыл да әскери ұшқыш болатын. 1981 жылы 35 жасында ауған жерінде интернационалдық борышын өтеп жүріп опат болды. Ұзамай бұл қаза ауыр тиіп атам мен әжем бірінен кейін бірі дүниеден озды. Анам қарындасым екеумізді құшақтап, аңырап қалды. Өстіп жүріп өзі де дертке шалдықты. Таяуда қарындасым, іле-шала анам да қаскөйлердің құрбаны болды. Бүгінде бір әулеттен қалған мен ғанамын. Бүгінгі күнгі менің басымдағы жағдай осындай, – деп мұңая отырып тағдыр-талайынан хабардар еткен сәтте, Сюзанна оның оң қолын қос алақанымен қысып, қайғысына үнсіз ғана ортақтасты.
Жігіт болар-болмас езу тартты.
– Қас қарайып кетті білем. Бұл жерден тезірек кетелік. Көп ұзамай ордалы жыландар ұясының күлі көкке ұшады. Айғақ-дәлеледер жеткілікті-ақ. Мұнда енді алаңдайтын да ештеңе жоқ, – деп Асылбек Сюзаннаға қолын ұсынды. Бір-бірінің қолын мықтап ұстаған екі жас қараңғы қапастан сыртқа қарай ұмтылды. Ойда-жоқта ұшырасып, қас-қағым сәтте-ақ бір-бірінің жүрек лүпілін үнсіз ұғынған бұл жұптың мына қадамдары өмір бойы бірге болуға жасаған алғашқы талпыныстары болатын.
Бекен ЕЛУБАЙҰЛЫ