БАҚ ӨКІЛДЕРІНІҢ БАҚЫТТАН БАСЫ АЙНАЛҒАН КҮН
03.07.2023
159
0

Иә, тап осылай деуге әбден болатын шығар. Өйткені көп игіліктен шетқақпай қала беретін журналистер мен журналистика саласындағы мамандардың ел қатарлы баспаналы болуы – олар үшін «бақыттан бас айналған» күн болды.

26 маусымда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай, Қазақстан Республикасы Президентінің атынан журналистерге, осы салада қажырлы қызмет етіп жүрген өзге де қызметкерлерге баспана кілті табыс етілді. Кәсіби мереке қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты шараға Президент әкімшілігінің өкілдері, Ақпарат және қоғамдық даму министрі, БАҚ басшылары мен «Дара» президенттік бастамалар қоры мен «Халық» қайырымдылық қорының өкілдері, сондай-ақ  БАҚ қызметкерлері қатысты.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі: «Журналистер күні тамаша бір тартумен басталып жатыр. Ең әуелі сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен, баспаналы болуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысының, министрліктің атынан үлкен алғыс білдіремін. Міржақып Дулатұлы атамыздың жақсы бір сөзі бар: «Кімнің баспасөзі мықты болса, сол ел мықты» деген, қазіргі заманның тілімен айтқанда, кімнің журналисі мықты болса, сол озар. Енді құдайы көрші болдыңыздар!» – деп барша қуаныш иелерін құттықтаса, сыйға берілген тұрғын үйдің құрылысына атсалысқан «Халық» қайырымдылық қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықов: «Әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды әрі қоғам алдында тұрған өткір мәселелерді көтеріп, алғашқы болып дабыл қағатын да, оның оң шешімін  табуға ықпал ететін де – БАҚ өкілдері. Сіздердің бүгінгі қуаныштарыңызға ортақпыз, бұл – біздің де қуанышымыз. Оқырман мен көрерменге жауапкершілікпен қарайтын журналистер қашанда құрмет пен қолдауға лайықты. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!» – деді жүрекжарды тілегін білдіріп.
Ешқандай әлеуметтік статусқа енбейтін, тек қаламы мен қағазына, ақиқатты ту еткен сөзіне ғана сүйенетін журналистердің баспаналы болғаны өздерін ғана емес, өзге сала мамандарын да, жалпы көпшілікті зор қуанышқа бөледі.
«Бүгінгі күн мен үшін ең бақытты күн десем болады. Өзім екі баланың анасымын. Және бұл менің алып отырған алғашқы пәтерім. Осындай бастама көтерген Президентке, сол игі іске қолдау танытқан Қорға және телеарна басшылығына зор алғысымды айтқым келеді. Осыдан бірер күн бұрын кадр бөлімі бізден бір-екі құжат сұратқан еді, оны әлдебір байқауға  тапсырып жатқан шығармыз деп жорамалдадық. Тап сол сәтте осындай үлкен қуанышқа кенелемін, маған пәтер бұйырады деп тіпті де ойламаппын. Міне, қазір ғана баспаналы болғанымды біліп, шыны керек, мұндай үлкен тосынсыйға жүрегім жарылардай қуанып тұрмын», – деп ағынан жарылды ұлттық телеарнада 35 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан Рахима Балтабаева.  «Керемет көңіл күйдемін. Баспана деген көптеген замандастарымыздың проблемасы ғой. Алғашқы жарнасын жинайсың, әрі тартасың, бері тартасың – бәрібір жеткізе алмайсың. Ал бүгін күтпеген жерден пәтер кілтін тапсырғанда, қандай күйде болғанымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Барлығына зор алғыс! Әсіресе «Дара» және «Халық» қорларына мың мәрте рақмет! Бұл – енді сыйлықтың төресі болды!» – деп қуанышымен бөліскен Jibek joly телеарнасының тележүргізушісі Ән­уар Қарбозов сүйінші хабарды ең алдымен анасына жеткізген екен.
Осы игілікті шараның басты қолдау­шыларының бірі – «Дара» президенттік бастамалар қорының директоры Әсел Шілдебаева: «Бүгін 65 отбасы үлкен қуа­нышқа кенелді. Баспаналарыңыз құтты болсын! Әрқашан армандарыңыз орындала берсін!» – деген ақ тілегін айтты. Біз де барша әріптестерімізді мерейлі сәттерімен құттықтап, шаңырақтары шаттық пен қуанышқа толы, қаламдары қашанда жүйрік болсын деп тілейміз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір