ЖЕМІСТІ КЕЗЕҢІМЕ БАСТАҒАН ЖОЛДЫҢ БАСЫ
2006 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке шақырылдым. «Дөйт Принтхаус» баспасын құрылтайшысына өткізіп, Ұлықбек Есдәулетке орынбасар болып келдім. Ұлағаң жайлы бастық екен. Оның үстіне екеуміз бақан тамғалымыз ғой, бірден тіл табысып, жақсы жұмыс істеп кеттік. Маған дейінгі орынбасары, Қазақ радиосына директор боп кеткен Ғалым Жайлыбай «Ұлағаңның қайда жүргенін жардағы радиодан біліп отыратынбыз» деп күлдіріп еді, айтса айтқандай, телевизорды ашып қалсаң Ұлағаң, радионы басып қалсаң Ұлағаң, бір күні кең-байтақ отанымыздың Тайпақ ауданынан сөйлеп тұрса, енді бір күн күншығыс босағамыз Ұлан ауданынан ашыла сайрап отырады. Майлы, дейсің, мешайт қылмаса болғаны.
Ұлағаң редакциядағы бізге ешқашан мешайт етпейді. Алыстан жымыңдап қоятын, алайда онша жылыта қоймайтын қыстың Күні секілді, оншақты күнде бір ошаң етеді. Сонда менен сұрайтыны – «Әнеу бір мақала қайдан шығып кетті, сонау бір өлең неге жарияланбайды?» , «Пәлен материалға Түген ақын өкпелеп жатыр…» шамамен осылай. «Өтежан ақынның ол өлеңі (балладасы, поэмасы) көркемдігі тәуір болғанымен, саясатқа томпақ жерлері бар, ал Ибраһим ақынның өзінің аты аталатын мақалаға өкпелейтіндей реті жоқ. Ол сын материал пәленбайыншы жылы шыққан, біз сыни материал табалмаған соң қайталап бастық, «Жүз сын» деген сияқты» . Ұлағаң көзілдірігі жалтырап тыңдап отырады да, келіседі. Оған дейін де, одан кейін де мұндай жайлы нәшәндік кездестірмедім ғой мен жазған.
Ұлағаң материал оқи бермейді, бірақ поэзияға қатысы бар дүниелерді өзі қарап, қол қойып беретін. Бір күні кәбинетінен қарсыдағы маған жүгіріп кірді. Ақсары кісі, жүзі алашабырланып кеткен. Қолында менің Нұғыман Асқаров деген автордың өлең кітабына жазған рецензиямның қолжазбасы. Соны көрсетіп, «Мынадай мақаланы біз жайында неге жазбайсың?!» дейді. Қанша ашуланса да қатты дауыс көтермейтін ақын ғой. «Бозінген жүрек дүниені» қалалық квартбюроның бастығы Нұғыманнан пәтер кілтін алатын болғасын рақметім түрінде жазып едім» деп қалай айтайын. «Бізде өлең жазатын шенеунік көп емес қой» деген болдым.
Ол кезде «Қазақ әдебиеті» редакциясында Еркін Жаппасұлы, Заря Жұманова, Болат Шарахымбай, марқұм Аягүл Мантаева сияқты қаламгерлер еңбек етті. Редакцияның коррбюросы мықты болатын. Сол азбыншы уақыт ішінде «Мен өйтіп едім, бүйтіп едім» деп қайтейін, бұл жерде Мереке ағамның «Ойпырм-ай, бір адам да газетті өзгерте алады екен ғой!?» деген сөзін келтірсем жеткілікті болар. Басылымды ребрендинг жасайтындай менде мүмкіндік жоқ еді, оның үстіне газет шығару командалық жұмыс, дегенмен қай басылым болсын редактораттың субъективті көзқарасына, ыңғайына қарай шығатынын айту жөн. Сол ыңғайыма қарай, газеттің қара тірлігі басы бүтін қолыма берілгеннен кейін қызметкерлерге айлық жоспар жасатып, оның орындалуын және сапалы орындалуын қадағалау, тақырыпқа қай жағынан келуді үйретіп, жан-жақты пысықтап отыру орынбасардың штабы арқылы өтіп отырғанын айту жөн. Әдеби тыныс-тіршілік, әлеуметтік-проблемалық мәселелер, тарихи тақырыпты дүниелер – біздің тұстағы «Қазақ әдебиеті» табан тіреген «үш кит» еді. Редакторат осы орайда тапсырма-нұсқау беріп қана қоймай, басшылықтың өзі қалам құрғатпай жазып, үлгі-өрнек салып отыру керек деп түсіндік. Көп ақындар қара мақала жаза алмайды ғой, ал Ұлағаң оны, әсіресе жолжазбаны тамылжытып күшті жазатын. Мен де өкірттім. Ғұмар Қараш туралы «Тұрлаусыз тұлға, тауқыметті тағдыр», «Түркістаннан табылған Тора», «Астанасы жүрегімнің немесе Иманғали Тасмағамбетовтің білім мен білік сабағы» қатарлы тарихи, портреттік эсселерім осы тұста жазылып, олар кейін «Кәбиса жыл» кітабыма енді.
Арада жыл өткенде ғой деймін, әйтеуір бір күні «Қазақ газеттері» ЖШС- іне Бас директор болып келген Мереке Құлкенов мені «Ана тілі» газетінің бас редакторлығына шақырды. Одан Астана кеттім, елордалық журналды тотыдай түрлендірдік, ал «Қазақ әдебиеті» мені үшбу жемісті кезеңіме бастаған жолдың басы болды. «Ана тілінен» кетіп бара жатып орныма өзім жақсы көретін мұраттас інім, тағы да бақан тамғалым Дәурен Қуатты ұсындым. Ол жолы реті келмеді, есесіне Дәурен кейін әдеби басылымның бұйдасын ұстады. Ребрендинг жасады, тақырып, мазмұн жағынан байытты. Әрине, әрқандай бас редактор қолға алған басылымының өрісін өзінше көреді. Талантты басшы отырғанда басқаша болуы мүмкін емес. Сондықтан мұндайда әлен-түген деуден сақтанамын, әрі Дәурен журналистика жөнінде өз түсінігі бар және ойға алғанын орындамай қоймайтын, жақсы мағынада бірбеткей басред. Өзі бір күндік, сөзі мың күндік газет осылай ғана шықпақ.
Көрген түстей сағымдай, өмірімде жалт етіп жоқ болған, сөйте тұра мені әдемі естеліктерге бөлеген «Қазақ әдебиеті» бүгін кәделі тоқсанына қадам басып отыр екен. Құтты болсын!
Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ