АШАРШЫЛЫҚ: ҚЫЗЫЛ ҚЫРҒЫННЫҢ ҚАСІРЕТІ
2019 жылдың 30 мамыры күні М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Алматы қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен М.Әуезов мұражай-үйінің мәжіліс залында 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Нәубет жылдар шежіресі: тарих және көркем шындық» тақырыбында Р.Бердібаев атындағы Халық университетінің кезекті дәрісі өтті.
Іс-шараға жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай, мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, қоғам қайраткері, ф.ғ.д., профессор Асылы Осман, Алматы қаласы әкімінің әдеп жөніндегі уәкілі Мамай Ахетов және т.б зиялы қауым өкілдері, ЖОО студенттері мен жас ғалымдар қатысты.
Дәрістің модераторы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы К.Матыжанов Совет одағы тұсында тыйым салынған ашаршылық тақырыбы Тәуелсіздік жылдары кеңінен зерттеліп жатқандығын айтып өтті. Сонымен қатар, нәубет жылдарындағы шындық пен ақиқатты халыққа жеткізу жолында «жаным – арымның садағасы» деп өз өмірлерін ұлт тағдыры жолында құрбан еткен арыстарды бір сәт еске алды. Ашаршылық тақырыбын арқау еткен Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романының тарихи мәні зор екендігіне тоқталды.
Смағұл Елубай өз сөзінде ең алдымен Халық университетінің аталмыш тақырыпты халыққа кеңінен ұсынып, оқырман қауыммен жүздестіріп отырғаны үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. «Ақ боз үй» романының жазылуына Мұрат Әуезовтің бірден-бір себеп болғандығын ерекше атап өтті. Ең күрделі, тыйым салынған ашаршылық тақырыбын толық баяндайтын романды жазу барысында Ақтөбенің Байғанин ауданынан бастап, Үстірттің үстін басып өтіп, ел аралап, Қарақалпақстан, Түркіменстанға сапар шегіп, ашаршылық кезін көзімен көрген ақсақалдармен жүздесіп, сөйлесіп, бірнеше рет ел аралауға тура келгенін, шығарманы жазуға сол адамдардың аузынан жазылып алынған деректердің негіз болғанын жеткізді. Одан бөлек зерттеу барысында сонау Кеңес заманынан бері жасалған халық санағының статистикалық мәліметтерімен танысқан. Ондағы мәліметтер, ауызекі әңгімелер жазушының санасына сілкініс жасағанын, тіпті, адам баласы нанғысыз қасіреттердің болғанына әлі де күйзелетінін, сондай ширығысты көңіл күйден соң «Ақ боз үй» романын жазуға кіріскенін жеткізді.
«Бұл нәубет қазақ халқына тек демографиялық апат қана емес, сонымен қатар психологиялық апат алып келді. Ол апаттың зардабын әлі де тартып келеміз. Әлемде аз уақытта біздей қырғынға ұшыраған халық жоқ», – деді жазушы.
С.Елубай:
– Ашаршылық тақырыбы – ең қиын, күрделі тақырыптардың бірі. Мектеп кезеңінде оқытылмады, естімедік. Материалдар жабық қорларда сақталды. Ашаршылықты зерттеген ғалымдар қудалауға ұшырады.
1897 жылы Ресей империясының халық санағы бойынша қазақтардың саны – 4 млн. 84 мың адам болған екен. Бұл сол кезеңдегі Орта Азия халықтары санының тең жартысын құрайды. 1911 жылғы статистикалық деректер бойынша қазақтың саны 8 миллионнан асады делінген. Азамат соғысында көп шығынға ұшырадық. 1921-1922 жылдары қазақтың малын тартып алды, содан кейін аштық болды. 1931-1933 жылдар аралығында 2 млн. 300 мың қазақ қырылған деп есептелді. Бұл бар қазақтың 50 пайызы, жартысы қырылды деген сөз. Мұны тарихтағы ең үлкен қылмыс деп атауға болады. 28 мың қазақ атылды. Тіпті, Совет одағы қазақтың саны 17 пайыздан аспау қажет деген тыйым да болды. Ресей империясы сескенетін бірден-бір интеллигенция – қазақ зиялылары болды. Себебі, қазақ зиялылары, Алаш көсемдері қайта-қайта тәуелсіздік, автономия мәселелерін қозғады…
(Толық нұсқасын газеттің №23 (3657) санынан оқи аласыздар)
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.