ҚЫЗЫЛ КІРПІШ (Әңгіме)
23.07.2023
2193
0

Мына жазық даланың қожайыны – Хабес шал. Қорасындағы малы қай жерге дейін жайылады, сол аймақтың барлығы да Хабестікі. Басқалар ортақтаспай ма дерсіз. Иен далада айналдырған екі үй, бірі – иесіз қалған Молдаштың қыстауы, бірі – Хабестікі. Ашу қысқанда «Иесіз қалғыр!» деп қарғайтын кемпірлердің барлық қарғысы осы Молдаштың қыстауына келіп тиген сияқты. Әсіресе, ымырт кезінде батқан күннің қызғылт оты аңғал-саңғал үңірейген терезелеріне түсіп, тұсынан өтер адамның бойын еріксіз үрей билейтіндей. Есіксіз аңырайған кіреберістен уілдеп соққан жел шынылары шағылып, ұшқан құстың бауырын сойып түсердей өткірлене аңырайған терезеден азынай шығып, бүкіл ғаламның азабын айтқандай бір қайғылы әуеннің желісін ұстап алатын осы иесіз там… Жүрген жерінен майысқан шеге, темір-терсектен бастап, отқа жағуға жарайды деп кеспелтек ағашқа дейін жинап, үйіне тасып жүретін Хабес шал осы иесіз тамды әлдеқашан буын-буынымен ұқыптап бұзып, жинап алатын кезі де болды. Бірақ жапандағы жалғыз үйінің жанына ес болсын деді ме, иесіз болса да іргелес тұрсын деді ме, айналасынан бір тас та алмады.
Орталықтан бес-алты шақырым ғана бөлектеніп қалғаны болмаса, жан баспайтын мекен деп айтуға да келмес. Анда-санда мал жоғалтқандар келіп жөн сұрасып, ауданның шуынан қашып шығып жанына сая іздеген еріккендер шатыр тігіп демалып, Хабестің үйінен шыға бере айнадай тып-тымық көлге бала-шаға келіп балық аулап, тіршілігі бүлк-бүлк етіп жататын. Әрине, келушілер де, кетушілер де Хабестің бақылауында. Алдымен Хабеске амандасып, қолын алып, келген шаруасын айтып, содан соң тіршіліктеріне кірісетін. Жөн сұрамай баса-көктеп кіріп келетіндер де табылады кейде, ондай кез­де сығыр көзін ашу кернеп, ежірейіп, қолына ұстаған қамшысы тығыншықтай денесінен алға озып, соларға қарай домаланып шаба жөнелетін. «Әй… Не шаруа сенікі?» – дейтін әй-шәй жоқ шолақ қайыс қамшысы шолтаң-шолтаң етіп. Көлден балық аулайтын кішкентай балаларға дейін мінезіне, болмысына үйреніп алған, жағада сығыр көзіне көкжиекті сыйғызып алып күтіп отыратын Хабеске әрқайсысы бауыры сап-сарысынан, үлкенінен бір-бір балық тастап кететін. Кейде мөшектегі арық-тұрық, бозарған балықтарды көрсе, «Семізінен неге ауламайсыңдар, әй? Мыналар өскенше жүре тұрса болатын еді, өййй, балықты осылай аулай ма, өтінің тұсынан шаншып алып! Өті жарылған балықты аш мысық та жемейді», – дейді ашуға булығып. Лай судың астынан балықтың семіз-арығын айырып, қай жерінен шаншып ұстау керектігін білу үшін қаншалықты шебер болу қажет екенін түсінбеген балалар бастары салбыраған күйі: «Ата, ата, кешіріңіз», – дей береді.
Соңғы күндері ауданның көліктері үйді айналып өтетін құмдақ жолдың шаңын бұрқыратып, олай да бұлай жүйткитін болды. Қамшысы шошаңдап жетіп баруға Хабес тіпті үлгермейді де, бұл жерде үй барын, Хабес дейтін қожайын барын елеп жатқан біреуі жоқ. Жап-жасыл біртұтас даланың қақ ортасын кесіп жатқан қасқа жолдың шетінен бұйраланған шаң көрінісімен Хабес солай қарай домалай жөнелді.
Кей кез­дері жолдан өтер көлік күтіп жүріп, орталықта өлгендердің садақасына қатысып, бет сипап, хәл үстінде жатқандардың көңілін сұрап баруға дайындалатын. Бұл жолғы жүрісі бөлек. Көлік жеткенше жолдың қақ ортасына малдас құрып отырып та үлгерді. Не болса да ауданның ірі адамдарын алып жүретін жаңа көлік қой, тежегіші де мықты жасайды екен, дөңгелегінің өне бойында айналып келе жатқан аппақ шаңды Хабестің үстіне үйіп-төгіп тоқтай қалды. Оның мінезін, жәйін білетін көлік жүргізушісі құлдыраңдап келіп қолын ұсынғанмен, галстугы иен даланың аңызақ желімен желбіреген өзге екеуі асықпай амандасқан болды.
– Ие, не шаруа? – дейді Хабес тікесінен қойып сұрағын.
– Завод саламыз, кірпіш шығарамыз. Бұл жердің сазы да мол, суы да мол екен. Жерді өлшеп жүрміз, – деді біреуі.
– Е-е, паспорт бар ма? – дейді Хабес құжат атаулыдан тек паспорт­ты ғана білетіндіктен.
Аудандыкілер де «Сіз кімсіз?» деп сұрап жатпай-ақ қырсық шалдың ниетін, жалпы мінезін екі-ақ ауыз сөзінен түсіне қалатын сұңғыла адамдар екен, бірден әңгімеге ойыса кет­ті.
– Әбден жерді өлшеп, біліп, сынап алған соң сізбен заводтың болашақ жұмысын ақылдасамыз ба деп ойлап келе жатқанбыз, алдымыздан шыға келгеніңіз жақсы болды, – дейді біреуі жел жүгірген сайын танауына соғылған галстугының ұшын белбеуіне қыстырып жатып.
Жүргізуші де сөзді іліп әкетіп:
– Хабеке, осы жердің қожайыны өзіңіз ғой енді, қалай ойлайсыз, кірпіш шығарса, ақтайтын шығар, иә? – дейді.
Аптаға жуық уақыт­тан бері жөн сұрамастан жүйткіп жүргендерге қайнаған зығырданы, ашуы мына аңызақ желмен әлдеқайда ұшып кетіп, маңдайында тырысқан әжімдері жазылып, ашуланған кез­де шыныдай жылтырайтын сығыр көзі бұл жолы рахат­тана жұмылып-ашылып:
– Жолдың бойында жөн сұрасқан жарамас, шайға жүріңдер, – дейді Хабес бойына біткен аса ширақтықпен көліктің алдыңғы орнына отырып жатып.
Өңешіндегі шоғы шала сөнген самаурынның суы дыз-дыз қайнап, дастарханның шетінен орын теуіп, самаурын суыған сайын әңгіме қыза түсіп, Хабессіз де жасалып қойған жоспар қайтадан ортаға түсті.
Келгендер іңір тарта:
– Ал, жарайды, Хабеке, әзірге біз белгілеп қойған жерлер сізге аманат. Шаруа басталғанша да, басталғаннан кейін де бас-көз болып жүресіз өзіңіз, – деп ауданға ат­танды.
Көлден балық аулаған балалардың ермегі жайына қалды. Жағалай шоқиып малдас құрып күтіп отыратын қырсық шалдан құтылдық па деп қуанған балалар жоқ, әрқайсысы батып бара жатқан күннің шапағына бауыры алтындай шағылысып, құйрығы шоршыған бір-бір сазандарын сымға тізіп, Хабестің сарайына іліп кетіп жүреді. Хабес завод салынады деп белгілеген жерді күнде барып қарайды, тіпті сарайдан күрегін шығарып, басын қайрап, сол аумақтың шөбін шауып, балық аулауға келген балаларды ұстап алып, малдың тезегінен, сүйек-саяқтан тазартып, шаруаға қызу кірісіп кеткені. Түс ауа ауыл шетіндегі қасқа жолдан хабар күтеді. Істелген жұмыстарды іштей саралап, қайталап, завод салатындарға есеп беруге дайындалады. «Әй, осылар айнып қалған жоқ па екен? Алайда суы келіп тұр, сазы мол, жолы міне, ұзыннан жүріп отырып, ауданға ызғытып өзі апарады. Түтін шықса, таза ауаға еркін тарайды», – дейді өзінен-өзі күбірлеп құмдақ жолдың шетінде отырып алып, айқыш-ұйқыш сызуларды сызып, өлшеп.
Көп ұзамай Хабестің көңіліндегі алаңды басып, тіс табандары сары топырақты қопара ауыр жүк көліктері, крандар, тракторлар келе бастады. Айналасы он күннің ішінде тып-тымық жатқан иен даланың бүкіл тамыры бүлкілдей соғып, құрылыс басталды да кет­ті. Қорадағы оншақты малдың жай-күйін кемпіріне мұқият­тап тапсырып, құрылысшылармен бірге біте қайнасқан Хабес шал: «Өй, әкең, суды босқа төкпе, ол жерді қазба, мына жерді қаз. Ана сазыңа қара топырақ араласып кет­ті», – деп әмірін жүргізіп, бір бұйрығы елеусіз қалып, бір тапсырмасы орындалып күндері өтіп жат­ты. Үйі іргеде тиіп тұрса да, таңертең шығарда: «Кемпір, мен әбедке келмеймін, жұмыс жақтан ішемін, кешке бір келемін», – деп, маңғаздана шығып кететін.
Құрылысшылар жататын, тамақтанатын арнайы вагонда солармен бірге жүріп, бірге тұрып жүргенінде, аз күнде ашық аспан астында сегіз қатар алып пеш салынып үлгерді. Саз илейтін станоктар, сазға су сақтайтын алып цистерна мен құбырлар орнатылды, иленген кірпішті пешке таситын ременьдер жасалды. Жаңылыссыз, мүдірмей істейтін станоктардың жұмысына қайран қалған Хабес шал сүйсініп қарап тұрып: «А, айналайын өкімет, жаңа заман өкіметі», – деп басын шайқай беретін.
Күні бойы құрылыс алаңының ана шеті мен мына шетінде жұмысшыларды боқтап, сыбап, бүлінген саз үшін тіпті қамшысымен осып жіберуге дейін оқталып, күйіп-пісіп жүретін шалға ешқайсысы ренжімейді, «Ары барыңыз, кедергі келтірмеңіз», – демейді де. Жұмыс соңында бүкіл ашу-ыза тарқап, тырысқан маңдайы жазылып, ыстық шайға терлеген кеудесін жалаңаштап жіберіп, көл жақтан ескен самал желге тоса:
– Жігіт­тер, бүгін жақсы жұмыс істедік, ертең сегіз жүз тас күйдірсек, тіпті керемет. Әй, тиеп кететін көліктерің қашан келеді? Директірлерің өзі санап тией ме? – дейді күні бойы шаршап, ығыры шыққан жұмысшыларға еркін демалуға мұрша бермей.
«Осынша су кет­ті, осынша тонна саз алынды, осынша кірпіш күйдірілді, пайдасыздары осынша», – деп тіпті төс қалтасындағы темекінің қорабына жазып та жүрді. «Директір келсе, былай айтамын, былай есептесемін. Әлгі Қадырдың арақ ішетін баласын жұмыстан шығарт­тырамын, шала мас күйінде жұмысқа кіріседі де, шылапыт­тап суды кұйып, сазды езіп жібере береді. Аузы былшыраған өңшең. Директір сендерге сеніп отыр емес пе, ой, әкеңнің аузын ұрайын», – дейді жақын жерде қамшысына ілігер ешкімді таппаған соң өз санын өзі ұрып.
Айына бір-екі рет келіп, он-он бес минут қана жүре сөйлесіп, жұмыспен танысып кеткен директорға есебін толық айтып та үлгермеді. Әбден көлігіне мініп, есігін жауып жүріп кеткенше кірпіштің есебін ғана айтып үлгереді тек: «Күніне сегіз жүз кірпіш…»
Түн болса да маза жоқ Хабесте. Фонаригінің жарығын шошаңдатып заводтың айналасын қарап жүргені. Таңмен көкжиектен шығар күнді, соғатын желді бағдарлап, көшкен бұлтқа да қарап болжам жасайды. «Жауын келе жатыр, бұлты қою, бүгін суды сыздықтатып жіберсеңдер де болады екен, жігіт­тер», – дейді.
Тиеліп, жөнелтілген тастардың саны Хабестің төсқалтасында жазулы. Түн ішінде тас тиеуге келетін көліктер де назарынан тыс қалмады, шоқпардай фонаригінен түсетін жұдырықтай жарығы қараңғы даланы тілгілеп, қараңғыда тас тиеп жатқандарға шабады: «Паспорт бар ма?» Қараңғыдағы дауыстар да құмыға шығады: «Директордың сарайын салуға тас керек болып… Таңертең ертемен құрылыс басталады, тасты соған дейін жеткізуіміз керек…».
Жұмыс та баяулады, жұмысшылардың қатары да сиреді. Станоктардың сартылдаған дауысы да бәсеңсуге айналды. Таңы даланы тоңазытып ататын тамыз келісімен Хабесті бір уайым билей бастады: күн суытса – су қатады, су қатса – саз езілмейді, сазсыз кірпіш жасалмайды. «Апырмай, бұлар қайтеді екен? Келер жылғы жазда жалғастырар ма екен? Мына директірі қайда жүр?! Құралдар қыс бойы қардың астында қараусыз қала ма?».
Хабестің ойын оқығандай ақ жейдесі бір шөкім көлеңкесі жоқ маң даладағы күннің ақшаңқаң аңызағына шағылып директор да жет­ті. Директор соңынан жұмысшыларды тиеп әкетер үлкен көліктер де жет­ті. Жұмыс тоқталар сәтін күткендей жұмысшылар сарт-сұрт жиналып, сақадай-сай тұрған солдат­тардай көлікке секіріп-секіріп мініп жат­ты. Хабеске жөнін айтып, қоштасып жатар, уақыт тығыз, бар айтқандары: «Ал, Хабеке, амандықта болайық!».
Уәж айтуды жөн көрмесе де Хабестің жаутаңдаған сұраулы жүзінен ат­тап кетуді ұят санады ма, әйтеуір, көлікке мінер уақыт­та ғана директоры:
– Жоспар ақталмады, жұмыс тоқтады, кірпіштер аз шығарылды… Күніне үш жүз кірпіш тым аз…
– Директір балам-ау, қайдағы үш жүз, үш жүзі несі, ойбай-ау, күніне жеті жүзден кем емес, сегіз жүзге дейін жеткізген болды жігіт­терің, кірпіштер үш күн сайын прицеп-прицеп болып ауданға зау­лап отырды емес пе, қазір, қазір… – дейді Хабес төсқалтасында умаждалған қағаздарын шығарып жатып. Дұрыс есебін берсе, көптен үнсіз қалған мына кірпіш күйдіретін пештердің көмейінен от заулап, станоктарға жан біте тарсылдап, мына даланың төсінде қайтадан жұмыс қызатынын ойлаған сайын жүзіне қан жүгіреді. Жыбыр-жыбыр жазудың қайсысына қарап жатсын директор:
– Ал, Хабеке, амандықта болайық, сізге рақмет! – дейді қоштасарда шалдың қолын асығыс алып жатып.
«Әй, мына құрылыс кімге қалады? Ойбай-ау, қып-қызыл шығын болды сізге, директір бала, апырмай, қайт­тік?!».
Хабес шынымен жыламсырады. Дәл осылай соңғы рет іргесіндегі иесіз тамнан бір кез­де Молдашты балалары көшіріп алып бара жатқанда қобалжыған: «Апырмай, Молдаш-ай, биыл қар көп түсті, шөп те бітік шығады, жалғыз өзім бәрін орып қайтемін?» – дей беріп еді былайғы уақыт­та шөп орар кез­де бір-бірінен орақ тастар жерді қызғанып жиі шекісіп қалатын шақтарын ұмытып:
– Құрылыс үкімет балансында ғой, бізге аса шығын жоқ, Хабеке, уайымдамаңыз, – дейді директор бір аяғы сырт­та, бір қолы көліктің есігінде тұрып.
– Өкімет дегенің сен емессің бе, балам ау? – Кемпірі екеуінде бала болып көрмеген Хабестің біреуге «балам-ау» деп мейірленуі тым сирек, енді біраз қиналса, директорға «Әкем-ау» деуі мүмкін еді… Дүр етіп оталған көлік оны айтқызбады.
«Өкіметің бөлек, директірің бөлек… Айналайын, өкімет-ау…» ашу-ызамен шолтаң-шолтаң ететін шолақ қамшысының басы бұл жолы сылбыр ғана өз санын өзі әлсіз сабалайды.
Аспанға қарай аңырайып тұрған сегіз қатарлы алып пеш те бұдан кейін Молдаштың қыстауындай иесіз қалып, жел соқса, азынайтынын, күн батарда қабырғалары қызыл іңірге боялып от­тай қызарғанда Хабес кімнен ұяларын білмей, үкіметке не айтарын тағы білмей абдырайтыны белгілі еді.
Әне, анау тұрған сол Хабестің моласы. Үйлерінің жыртығын жамап, сылақтыққа бір дорба саз алуға келетіндерге: «Өкімет­тікі, тимеңдер», – деп қамшысы шошаңдап тұра шабатын шал жоқ қазір. Бірақ әйтеуір басына бірдеңе бұйырыпты. Жарықтықтың айқұлақ моласын бір кез­де заводтың құрылысында жасаған жігіт­тер сол қызыл кірпіштен тұрғызыпты. Жыл өте заводтың орны да үйіндіге айналды. «Осы жерде бір кез­де кірпіш өндірілді» дегендей, батар күннің шапағына шағылып, зират­тың қызыл кірпіші ерекше қызара түседі екен.

 

 

 

Бақытгүл СӘРМЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір