Молдахмет Қаназ. Өнер дегеніміз – артық нәрседен құтылу
14.10.2019
890
0

Молдахмет Қаназ

Аға, бұл әңгімеңіздің («Қызыл дамбал») өн бойында юмор мен ирония қатар өріліп, еріксіз езу тартқызады екен. Әңгіме басталған тұстан ситуацияның қалай өрбитіні беймәлім қалпында оқырманды өзімен  жетелеп отыратыны да бар. Сіз қандай да бір шығармаңызды жазар кезде, оның жазылу формасы мен стильдік ерекшелігін әуелі таңдап, болжап аласыз ба, әлде мұндай ерекшеліктер жазу барысында өздігінен туындай ма?

–  Кейіпкер болмаса, шығарма қайдан болсын. Ең алдымен адамдарымды таңдап аламын. Мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, неше тісі кетік, киіп жүргені кімнің бәтенкесі, ұсқыны, ой-өрісі, пейілі қандай дегендей. Адам тауып, оны жоғалтып алу одан да қиын. Ол кісіңізге дөп келетін оқиға, әрекет болмаса, тағы ашылмайды. Бұл әңгімеде емес, өзге бір жайттарда алдымен оқиға барысы белгілі болып, сол оқиғаны әрі өрбітіп, ширықтыратын «кадр» іздейтін жағдайлар да орын алған. Бәрібір адамсыз оқиға өрбімейді.

Абзалы оқиғаны адамның өзі өрбіткені жөн-ау.

Болжауын болжайсың ғой, алайда, негізінен бас кейіпкерге еріп отырамын, әрі жетектейтін кісі сол.

Көріп отырсыз, бұл шығарманың дені суық – шаруа ширыға келе ақыр соңы түрмемен аяқталып тұр. Алайда көңілінде титімдей де арамдығы жоқ, ертеңі түгілі бүгінгісін де байыптамайтын Дүкең – Дүрәлі жүрген соң ол трагедияңыздың өзі комедия болып шықты. Дүкеңнің трагедияда шаруасы шамалы. Анығы – трагокомедия.

Сонан кейінгісі – көлем. Әрекетке кіріскен соң бұлар әңгімеге сия ма, повестке ме… Сенің міндетің көлемге сиғызу. Жазу барысында біреулердің келуі не кетуі мүмкін. Бұлар, әрине, басты кейіпкерлер емес. Кісі көбейген сайын жүк те, міндет те ауырлай бермек. Әу бастан керек кісілерді ғана іріктеп алуға тырысамын.

Стильді де таңдайтын – кейіпкерлер.

Менің түсінігімдегі өнер – артық нәрсенің бәрінен құтылу.

(Оқи отырыңыз!)

АДАМНЫҢ ІШКІ ДҮНИЕСІ – КҮРДЕЛІ де ШЫТЫРМАН ӘЛЕМ

– Кейіпкерлерге жеке-жеке мінездеме беріп, олардың арнайы портретін жасамасаңыз да, іс-әрекеттері мен ішкі ойлары арқылы әрбірінің образы оқырман санасында бірден  сомдалып отырады. Тіпті түр-әлпеттерін де көз алдыға елестете отырып оқыдық. Яғни кейіпкердің ішкі, сыртқы болмысын тұтас қабыстырып, оның тұлғалық бейнесін дәл айшықтау үшін жазушыға қандай қасиеттер керек? Әрі ондай қасиеттерді қалай қалыптастыруға болады?

 – Кейіпкер жасаудың әдебиет теориясында көрсетіліп жүрген амалдары жеткілікті. Алайда «мен мынаны білемін», «ананы меңгергенмін» деп, сол әдістерді көрінген жерге тықпалай берсең, оқырманды жалықтырасың әрі айнытасың. «Шайнап берген ас болмас». Қай жерде қандай әдістер өтімді екендігін шын жазарман өзі тауып алады. Тауып алуға міндетті. Үлгі деген ұшаң-теңіз. Бастысы – қаламгердің өз қабілеті, түйсігі, көрген-білгені, көкейіндегісі.

Алғашқы кезде еліктеуге болатын тәрізді. Алайда бір төбе асқанша ғана. Қай алыпты пір тұтсаң да, оның жетегінде кетуге болмайды. Қалай дегенмен, біздің «олай ету – теріс, бұлай ету – оң» деген бір ауыз сөзімізден жазушы қалыптаса салмайды. Әр қаламгер өз соқпағын өзі таппақ. Артық кетуге болмайды, кем айту тағы қиянат.

 – Шолақ қызыл жалауды сол тұстағы шолақ белсенділердің, кеңестік қызыл қырғынның символдық белгісі етіп алғандайсыз. Бүгінгі заманның кескін-келбетін сипаттап берсеңіз? Бүгінгінің символына нені балар едіңіз?

 – Оллаһи да біллаһи, тап бүгінгі күннің символы маған мүлде түсініксіз. Бір білсе, Қажығали біледі.

 – Шынайқыздың кей тұстағы шайпау мінезі, Дүрәлінің дүрдараздықтан бойын аулақ салуға тырысып, «екі айтқызып көрмеген аяғының солай жылыстап жүре беретіні», енді бірде «шындықтың буына қызып алып өршелене түсетіні», милиция мен өкіл жолдастың өктемдігі, Егем басқарманың елеусіздеу сипатталатын басшы ретіндегі болмысы шынайы суреттелген. Бұл образдар мен әңгіме желісін қайдан алдыңыз?

 – Бұл әңгіменің түп иесі – Сайлау Пернебай ағаңыз. Сіздерден хабар болған соң қолжазбаның алғашқы нұсқасын тауып алып қарасам, әңгіме жоспарланғаннан-ақ жоғарғы жағына «Пернебайдың Сайлауына» деп еншілеп қойған екем.

Ол кезде ағаңның көзі тірі. Жазушылар мен журналистердің ортасында емін-еркін шалқып жүрген ағамыз жасы ұлғайған шағында кәдімгідей жалғызсырап қалды. Оған басты себептер – жасы ұлғайды, тұрмыс та, баспасөз де қожырады, қадірін білетін қатарластырының көбі кетті, бағын жандырып тұрған ақ-қара фотосуреттің орнына түрлі-түсті суреттер шығаратын фотоаппараттардың не сүлейлері шықты, оның үстіне, сусамырға шалдықты ғой. Соңғы демі үзілерде Сәкеңнің жанында болдым. Оған жақындау жүретінімнің себебі – қарапайым, ауылда ол ел әңгімелерінің кеніші еді. Сөзіміз де жарасады. Өзі де әзіржауап. Тауып айтатын. Бір-екі мысал:

Бір әтеберлі жиналыс үстінде қолына түсе бермейтін Н.Назарбаевқа «Құрдас!» деп басталатын бір тілім хат жазады. Құрдастардың әңгімелері белгілі. Оны Елбасы сол президиумда отырған жерінде оқып, күліп жібереді. Сол бір тілім хатпен бес бөлмелі пәтер алған. Хаттың мазмұны жұрт аузында. Сатирик ағаң Үмбетбай екеуі бір үйде, бір кіреберісте – Үмекең өте жоғарыда, Сәкең төртінші қабатта тұрды. Өзара әзілдері жарасады. Үмекең бірде көршісіне телефон шалады:

 – Әй, Сайлау, менің төменге түспегеніме көп болды. Бұқараға жақынсың ғой, елде не болып жатыр өзі? – дейтін көрінеді.

Кідірсе, Сайлау – Сайлау бола ма?

 – Өзің  Құдайға жақынсың ғой, ол жақта не жаңалық? – дейді, Сәкең.

Бір кездескенімде Үмекеңнің өзінен де сұрағам. «Сайлау сөйдеді», – деп күледі. Ол кісі қазақ өнеріне көп еңбек етті. Оның отбасылық фотоқорында біздің тарихымыздың небір жайсаңдары мен жақсыларының, кем дегенде, отыз жылдық суреттері жатыр. Сол қайталанбас бейнелерді ұмытпаған жөн… Жуырда Сәкеңді жария еттіңіздер. Редакторларыңызға рахмет айттым.

1991 жылдың қыркүйегінде Жазушылар одағының берекесіздеу құрылтайы өтті. Жаңа сайланымның құрамын түзу үшін есеп-санаққа бөлінген үзіліс кезінде ашық алаңда делегаттармен шай ішіп отырғанбыз, әңгімеден әңгіме өрбіп, ел ішінде болған бір жайтты айтты сонда. Мейрам құрметіне ұран жазылсын, ту ілінсін деп ауданнан арнайы жіберілген қызыл матадан басқарманың әйелі дамбал тіккізіп киіп алыпты. Жоғарыға дереу хабар түсіп, сол дамбалдың кесірінен екі-үш адам итжеккенге кеткен. Біраз уақыт жүрдім. Әсірелеп айтқанда, «толғатып», кісілерді іріктеп… Ал бұндағы кейіпкерлер дегеніңіз – ел ішінде ырғын. Жазылмай, қағазға түспей қор болып жүргендері қаншама. Яғни, «Қызыл дамбал» Сайлау Пернебайдың ауызша қызықтырып айтқан әңгімесінен кейін жазылды.

– Қаламгер мен әдеби шығарманың негізгі миссиясы неде деп ойлайсыз? –  Өлген иттің қай жерде көмулі жатқа­нын көрсету.

Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір