АДАМНЫҢ ІШКІ ДҮНИЕСІ – КҮРДЕЛІ де ШЫТЫРМАН ӘЛЕМ
09.10.2019
5083
1

Серік Нұғыман

– Аға, шығармаларыңыздың біршамасына жекелеген адамдарды арқау ете отырып, олардың қоғамнан тыс жеке тұлға ретіндегі болмысына барлау жасап, жан-жақты психологиялық күйі мен ішкі тартысына көп ден қоятыныңызды байқаймыз. Бұл ерекшелік сізде қалай қалыптасты? Кеңсе адамдары мен зиялылылар әлеміне, өнерпаздар өміріне көптеп үңілуіңіздің себебі неде?

– Дәл қашан екені есімде жоқ, жазуға алғаш талаптанып жүрген жылдардың бірінде мен адам тағдырына қоғамды астаң-кестең еткен өте ірі оқиғалар ғана емес, аса қарапайым, керек десеңіз, бір сәттік сезімге бой алдыру секілді, оқиға деп атауға да келмейтін болмашы істердің де әсер ететінін, тіпті мүлде өзгертіп, басқа бір арнаға бұрып жіберетінін білдім. Өзім үшін «аса ұлы» жаңалық болып сезілген осы «байқауым» менің әдебиетке деген көзқарасымды да белгілі бір деңгейде өзгертті. «Алапат ауқымды оқиғаларды ғана емес, кісі баласының бір сәттік халін арқау етіп те шығарма жазуға болады екен ғой» деген тұжырымға келдім. Бірақ бұның үлкен күшке түсетінін кейін, жазу барысында аңдадым. Ол үшін таңдап алған қаһарманыңның «ішінде» үлкен тартыс жүруі керек екен.

Ал тартыстың ұзына барысы, ондағы «ымырасыз» күрес – шығарманың арқауы десек, оны тереңдей қазу, шиеленістіру, кескілестіру үшін жазушыға үлкен дайындық қажет екен.

Шешінген соң, судан тайынбақ бар ма, содан бергі уақытта кейде қол созымға келіп сынай қарап тұратын, кейде шылбыр қашаған құсап тұра қашып, көз ұшынан бұлдырайтын сол «сағымның» соңында келе жатырмыз. Бұл жолда «тапқан-таянғанымыз» толықтай жұрттың алдында.

Менің бір түсінгенім, адам баласы бастан кешкендерінің бәрінен сабақ ала бермейді. Егер олай болғанда, жер беті данышпанға толып кетер еді. Дегенмен қоғам мүшесі ретінде топ арасында болған соң, «тыныш» та жүре алмайды. Өзінің шама-шарқына, шанағына қарай тап болған оқиғалар мен басқа да жайлар туралы үнемі толғаныста болады. Өйткені бұл сонау заманнан адамға тән нәрсе ғой.

Жас кездегі адам тағдыры туралы жасаған әлгі балаң байламым кейін мені кісі өмірінің көрнеу, баршаға белгілі жағына емес, жұрт көзінен таса, көмескі астарларына көбірек үңілуге жетеледі. Бұл, екінші жағынан, менің ішкі дүниеме де  байланысты болу керек. Олай болмағанда, бұл кейінгі шығармашылығымда біршама айқын ерекшелік болып аңғарылмас еді.

Ал адамның қалтарыс жағы деген не? Ол, әрине, адамның оңаша әлемі. Ғылым тілінде психология деп аталады. Өте күрделі, шытырман әлем. Бастан өтіп жатқан нақты өмірмен қатысы бар, әрі жоқ. Біз бұл арада аса терең пәлсапалық мәселеге енбей (оған толық әліміз де келмес), сөз өнерінің шегінде ғана әңгіме өрбітейік.

Көрініс тапқан оқиғаның кейіпкерге ықпалы әдебиетте, көбінесе, сол кейіпкердің хал-жағдайына байланысты болып келеді. Қалай болғанда да, тап болған оқиға адамға аз ба, көп пе, әсер етпей қоймайды. Болмады дегенде, оны ойландырады. Кейіпкер ойланды делік, міне, ішкі әлемнің «қозғалысы» басталып кетті деген сөз. Жүз берген істерді ол санасында сарапқа салады. Бір адамның ішінде жалғыз нәрсеге байланысты көптеген пікірлер оянады. Олар өз қисындарын алып шығып, тартысқа түседі. Құдды бәрі сахнада жүріп жатқандай қиян-кескі күрес басталады. Жазушы үшін бақылауға тұрарлық нәрсе ме? Сөз жоқ, тұрарлық нәрсе. Ал соңғы шешім… одан да қызық. Өйткені  ол –жай ғана ой қорытындысы емес, әлгінде айтқанымыздай, кісі тағдырын өзгертіп жіберетін басалқы байлам ғой. Оңға бастай ма, солға жетелей ме, басқа мәселе, бастысы – бұдан былайғы өмірінің қалай бет аларына кесім айтылады.

Пенденің «қалтарыс жағына» деген қызығушылық кейін адам болмысын, оның тұңғиық жандүниесін тануға деген талпынысқа ұласты. Ол үшін кісі табиғаты жайындағы қазіргі ғылым қол жеткізген біраз жетістіктермен танысуға тура келді. Бар мүмкіндікті пайдаланып, қарап шыққан болдық. Бірақ, бәрібір, ең ұлы қазынаны қасымыздан таптық.

Әлем әдебиетінде жоқ деп айта алмағанымызбен, іздегеніміздің керемет үлгілерін өз туған әдебиетімізден кездестірдік. Мысалға айтсақ, Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесі, Әбіш Кекілбайұлының «Аңыздың ақыры»  романы мен Әбдіжәміл Нұрпейсовтің «Соңғы парыз» романы.

Осыған қосып кейінгі буыннан Тұрсынжан Шапайдың «Көл» әңгімесін де атауға болады. Өзімізде ғана емес, әлемде де теңдесі жоқ туындылар.

Оқи отырыңыз!

Серік Нұғыман. Ақын

 

Басқалары туралы бұрын айтқандықтан, бұл жолы «Қаралы сұлуға» шамалы тоқтала кетейік. Тағдыр жазуымен аяқ астынан жесір қалған сұлу келіншек Қарагөз күйеуіне адалдығымды көрсетем деп, жоқ жерден өзіне «құрсау» салады. Біреулер мұны діннен, енді біреулер салттан көреді. Екеуі де емес. Себебі, «байың өлсе, байға тиме» дейтін дін жоқ қой бізде. Белгілі бір уақытқа дейін күту керек шығар, ал біржола жесір қал деген шәриғат үкімін әлі естігеміз жоқ. Ал, салтыңыз, өзіңіз білесіз,  күйеуі өлген жесірді көп өтпей-ақ әмеңгер қылып, қайнысына, не басқа бір туысына, ол болмаса, алыс ағайынға қосақ қылып қосақтап жібереді. Қайдағы дін мен салттың қыспағы?.. Бұл жердегі қыспақ – «күйеуіме адал боламын» деп, қолдан жасап алған келіншек санасындағы өз қыспағы. Адам табиғатын түсінбей, қолдан келмеске бой ұрғанның салдары. Соңында не болды? Құдай шебер жаратқан пенде табиғаты жеңіп шықты. Келіншек жеңілді. Ең маңыздысы, сол жеңіліске дейін жас әйелдің жанында қиян-кескі күрес жүрді. Бұрын-соңды болмаған теңдесіз драма қойылды. «Жыландар ойнақ салды» оның балғын тәнінде. Басқасы кейінгі кезектегі жайлар. Мұндай қадалып жазу, қазбалап жазу, сеніммен айтамыз, басқа әдебиетте жоқ. Болса да, басқа бір формада өріс алады.    

Осы тарапта көп ойланып, көп ізденгендіктен болу керек, кейін қолыма қалам алсам болды, кейіпкерлерімнің осы жағы алдыма көбірек көлденеңдейтін  болды. Әрине, өткендегілерге өлі еліктеуге болмайды, өйтсең, бағыңды өз қолыңмен байлайсың. Адамның ішкі әлемі кең ғой, өзімізше ізденіп, өзімізше бағдар түзеген болдық. Әлгінде айтқанымыздай, сондағы «бар-жоғымыз» көптің көз алдында.

Ал зиялылардың, өнер аамдарының жан әлеміне неге көп үңілетінімізге келсек, негізі, ой додасына түсетін адамдар жай пенделер емес. Бұл – қарапайым жандар ішкі керісті бастан кешпейді деген сөз емес. Тек, маңызы жағынан, зиялылар мен өнер адамдарының ішкі толғанысы тартымдырақ. Қызық. Өйткені олар жеке бастары үшін ғана емес, кейде ел үшін, жер үшін, тағы басқа маңызды нәрселер үшін «отқа» түседі. Кем дегенде, жұрт үшін жан күйдіріп, үйінде отырып та қам жеп, қайғы жұтады. Екінші жағынан, шығармашылық адамы болғандықтан, жандүниесі таныс, қалтарыс-бұлтарысы – мөлшерлі жобада. Кейіпкер етіп алсаң, қажетке қарай қазып, тереңдетіп әкетуге мүмкіндік бар. Осы себептен болу керек. 

– «Ақын» атты әңгімеңізде Сөз өнерін өмірінің өзегіне айналдырғанымен, жазу арқылы тірлігінің мағынасын таба алмаған ақын болмысы бейнеленеді. Жалпы, жазарман қауымды қандай жағдайлар шынайы қуанышқа бөлеуі мүмкін?

– Көкейдегі арман мен реал өмір арасында үлкен кеңістік бар. Бұл кеңістікте оңбай адасуға мүмкіндік мол. Адаспайтындар да бар, әрине. Олар – ақылдылар. Олар – көкейіндегі арман мен реал жағдай арасын барынша жақындатқандар. Басқаша қылып айтсақ, олар ойлаған деңгейінде жаза алғандар немесе өзінің қай деңгейде жазғанын дөп басып білгендер және жазғандары, бағына қарай, дер кезінде бағаланғандар, игілігін көргендер. Міне, бұл – жазушы үшін шынайы қуаныш. Өз жағдайын, жеткен деңгейін білу деген үлкен көрегендік. Ал бұл қазір қолжетпес арманға айналды.

– «Қаламгер қасіреті» деген ұғым болуы мүмкін бе? Болса, оған қандай жағдайлар әсер етуі мүмкін?

 – Болуы мүмкін. Тіпті, бұл бізде көбірек болды ма деп қорқам. Өйткені  біз секілді отар болған елде түрлі саяси идеологияның ықпалында кетіп, үлкен тарихи тұлғаларға тіл тигізіп қойған жағдайлар көптеп орын алды ғой. Бұл қасірет емей немене!

– Ақын-жазушылар үшін даңқ пен дақпырттың, елеп-ескерудің қаншалықты маңызы бар?

– Қазір мемлекет тарапынан алған сыйлық, атақ (медаль, орден) сияқты нәрселер даңқ болып есептелетін болды ғой. Әйтпесе, баяғыдай дабысы жер жарып, оқырмандар іздеп жүріп оқитын ешкімді көрмедік. Шамасы, бұл – қоғамда Сөз өнерінің құнының құлдырауына байланысты болу керек. Шын даңқ болмаған жерде қайдағы дақпырт?  Негізі, дақпырт –даңқтың көлеңкесі. Енді бір ақын сүрей қыз-жігіттер теледидарда жүргізуші болып, не басқа бір себеппен танымалдығы артып жатса, ол басқа мәселе. Оның даңқпен де, дақпыртпен де қатысы жоқ.

– Бұл туындыңыздағы бір сәттік күйзелістің әсерінен «ылғи да алыстан арбайтын қыздың» жетегінде кеткен ақынды айыптай аламыз ба?

–  Айыптай алмаймыз. Өйткені ол дертті ғой.

– Шығарма мазмұнында қылаң беретіндей, ақын талантын көпшіліктің оған деген құрметімен өлшеуге бола ма, қалай ойлайсыз?

– Психологиялық тұрғыдан алғанда, ақындар, нақтылап айтқанда, бүгінгі шайырлар өте әлсіз топ. Белгілі бір демеуге мұқтаж. Үнемі материалдық жақтан, рухани жақтан ынталандырып отыруды қажет етеді. Ол керек те. Қиын заманға тап келді ғой, өйткені. Жоқшылық қысып барады. Ел-ағайын  озып барады андағайлап. «Бәсеке» деген пәле тағы бар. Соның салдарынан шаршаса, қалжыраса, несі айып. Соған қоса, еңбекті бағалау жоқ қой. Ортада әділетсіздік бар. Жығылғанға – жұдырық. Оның сыртында, шығармашылық азап деген бар жанды жеген. Жеп, жұтып қояды. Сөйте-сөйте бір күні жүйкесі сыр берсе, таңдануға бола ма? Бастысы, біздің ақынның өзіне деген сенімі азайған. Еңбегінің ұйым тарапынан, «партия» тарапынан ұзақ уақыт бойы бағаланбағанын соның бұлжымас дәлелі деп біледі. Трагедия солай туған болу керек. Жұрттың еліктірме қолпашы, жер жарған шапалағы жай әншейін жаңбыры жоқ күркіреген күн ол үшін. Пайдасыз дабыра. Нақты жауабын оқырмандар өздері табуға тиіс.

– «Шығармашылық бақыт» дегенді қалай түсінесіз? Сіз бақытты жазушысыз ба?

– «Шығармашылық бақыт» деген – өзің маңызды деп біліп, ойға алған нәрсені өз деңгейінде жазып шығу және оның өз уағында, тиісті дәрежеде бағалануы. Ал, өзіме келсем, мұның екеуі де болған жоқ. Әрине, егер таныс кісілер өтірік айпаса, белгілі бір кішігірім жетістіктер болған сияқты, бірақ үлкен дүниеге әлі қолым жеткен жоқ. Жазуда ауыз толтырып айтарлықтай қомақты нәрсе болмаған соң, «бағалай қоймадың» деп кімге барып арыз айтасың. Дегенмен «бақытсыз жазушымын» деп айтуға аузым бармай тұр, бұрынғылар «үмітсіз – шайтан» деген емес пе… Алда Алла не әл береді, көреміз.

– Әңгімеңізге рақмет.

 Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 15.10.2019 | 01:01

Керемет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір