Молдахмет Қаназ: Қарымды қаламгерлерде қашанда ұлттың хақысы бар
Жазушы Молдахмет Қаназбен сұхбатымыз қаламгердің балалық, бозбалалық шағынан басталып, оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленген шығармалары жайында өрбіді. Әрине, газеттің айқара бетін алса да, біз бұл сұхбатта жазушының шығармашылық
әлеміне бойлай ендік деп айта алмаймыз. Себебі Молдахмет Қаназ – алуан қырлы жазушы. Ол әңгіме, повесттері арқылы туған халқының табиғи мінезі мен болмысын ашып, ғажап образдар мен характерлер жасады. Қаназдың кейіпкерлері – даладай кең, аңқылдаған жақсы адамдар. Қаназдың қазағын сүймеу мүмкін емес. Екеуара әңгімемізде қаламгер: «Жазушы үшін заманалар бойы теперіш көріп келе жатқан өз ұлтының мүддесінен қасиетті не болуы
мүмкін?!» – деп ағынан жарыла әңгіме айтты.
Мен институтты
студент емес, кандидат болып бастағам
– Молдаға, «Қазақ әдебиетінің» оқырманы кейінгі жылдары жасара бастады. Әдеби апталықтың «Жас тұлпар» деген қосымшасында үнемі жас қаламгерлердің шығармалары жарияланып тұрады, білесіз. Солар үшін қызықты болуы мүмкін алғашқы сұрағымыз: әдебиетке сізді кім, қандай жағдай жетелеп әкелді? Кім немесе не нәрсе жазу өнеріне бет бұрып, өмір сүруіңізге әсер етті?
– Жеті сынып балалықтың базарымен кетті. Сегізінші сыныптан жоғары қарай қазақ әдебиеті, тарих, әрине дене шынықтыру пәндеріне пейілді едім. Бестікке бөккен емеспін, ортадан жоғары, жоғарыдан төмен төрттіктің аумағында оқыдым.
1958 жылы он алтыдамын. Ауылдан ұзап шығып көрмеген мен жалғыздан-жалғыз Шымкентке тарттым. Сұрай-сұрай сол кездегі Н.К.Крупская атындағы институтты тауып алдым. Көздеп келген қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына жеке факультет жоқ боп шықты. Орыс тілін неғұрлым тез үйренген сайын коммунизмге соғұрлым тез жетіп келетін өкімет екі мамандықты қосып, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі болып шығатын факультет ашып қойған. Жерге от қоясың ба, құжатты сол факультетке тапсырдым. Орыс тілі жағын көре жатармыз.
Кесте бойынша алдымен талапкерлерді диктант жаздыруға ең үлкен отыз екінші аудиторияға жинады. Адам ығып жүр. Есікке келсем, мені жібермейді. Кіргізбейтіні, өзім бармын да, қолымда құжат тапсырған «ішірткі» жоқ. Ол қағаз қаланың шығыс шеті Сайрам жағындағы Қотыртөбедегі үйде қалған. Маған бұл «заң» туралы ескерткен жан баласы жоқ. Ұзын коридорда жалғыздан-жалғыз өзім қалған соң, солқылдап жылағаннан басқа қолдан не келеді.
Әлдекімдердің нұсқауымен сол бойы институттың директорынан шықтым (Ол кезде ректор емес, директор аталатын). «Жағдай осылай да осылай, қателік бізден». Директор мені тыңдап алып, сол жерде «орыс болып кеткен» тығыршықтай сүп-сүйкімді қазақ мұғалімді шақыртып алды да менен тап қазір емтихан алуды тапсырды. Мұғалім аудиторияға жалғыз өзімді отырғызып қойып, олай-бұлай кезіп оқып жүр, мен мұрынды тартып, көзімді сүртіп, жазып отырмын. Жазып отырған орысша диктантымның абыройсыздау екенін ішім сезердей-ақ сезеді. Өзге амал болмаған соң қайтесің, жазып бердім. Алдын ала айтатыным, бес жылдан есен-аман өтіп, табақтай диплом аларда Алматыдан арнайы келген комиссияның ішінен біреу баяғы құжаттарды бастан-аяқ түгендейтін тәртібі бар екен. Біз жазған сол диктант таптырмай, менен сұрайды. Біздің жауап дайын: «Мен қайдан біліппін?». Құжаттарды реттестіріп отырғандар сол кезде-ақ абыройсыз пәленің көзін құртқан да. Кім де болса есі бар екен. Бақытты болсын.
Ұмытпасам, сол жолы бір орынға төрт-бес абитуриент түсті-ау. Саралай-саралай келгенде өте алмай қалдық, басты айып диктанттан. Салып ұрып тағы да директордан шықтым. Ол кісі: «Бұл факультетке талас көп болып өтпей қалдың, физика-математика факультетіне бұйрық шығарамын, сонда оқы», – деді. Таблицаның үштік көбейтулеріне дейін әрең жетіп, көбейту, бөлу амалдарын меңгере алмаса да табақтай аттестат алып келіп тұрған азамат одан әргі тангенс, котангенс деген қалың орманға қай бетімен кіреді. «Аттың сыры иесіне мәлім», бірден бас тарттым.
– Ағай, математикаға үлгере алмаймын. Болса, тек филология ғана. Болмаса, мені ауылда бір отар қой күтіп тұр.
Директор басын шайқап, креслода олай да бұлай қозғалақтап алды да, бажылдатып түйме басты. Мені әлгі факультеттің студенті емес, кандидаттығына тіркеттірді. «Бара бер».
Ол кезде институтта кандидат деген әрі-сәрі дәреже болатын. Бұл дәрежедегілерге зачетка берілмейді, стипендия, жатақхана дегендердің бұйырмайтыны басы ашық. Тыңдаушы боп лекцияға қатысып, көппен бірге жүре тұрасың. Үлгеріп кетсең, өзге жаққа ауысып кеткендер, әлдеқалай өлген-жіткен, мүлде үлгере алмағандар бар, солардың босаған орнына студент боп ілігіп кетуің мүмкін.
Екінші семестрдегі бірнеше емтиханнан аман-есен өтіп, студенттікке іліктік, стипендияға да қол жетті.
Бұларды шолып отырған себебім, мені әдебиет деп аталатын қораға өз қолымен кіргізген Қазақстанның қорғаныс министрі болған Нұрлан Ермекбаевтың әкесі, институттың сол кездегі директоры Байзақ Ермекбаев болатын. Кеңқолтық, қазақы, ақ китель киіп жүретін етжеңді сары кісі. Әрине, соншалық мейірімді. Пәленбай жылдан кейін жақ жүні үрпиіп жылап-сықтап жүрген бұл бозбаланың қалам ұстайтынын ол қайдан білсін, мен қайдан біліппін. Кеңпейіл азаматтың әкелік қамқорлығы да. Бұл жайттарды орағытып отырғаным, мені әдебиет деп аталатын қораға желкелеп тұрып кіргізіп жіберген топырағы торқа болғыр Байзақ Ермекбаев.
– Тұңғыш жазған қанат қақты әңгімеңіз есіңізде ме? Ол әңгімені қалай жаздыңыз, қанша күнде жаздыңыз? Жазып біткен бойда не істедіңіз, біреуге оқып бердіңіз бе, әлде оңаша отырып алып шылым шектіңіз бе?
– Алмағайып бұйырмыспен қораға – институтқа кірген соң алдымен халық ауыз әдебиеті, қазіргі қазақ әдебиеті, кейін әдебиет теориясынан филология ғылымының докторы Әбіш Байтанаев өзі дәріс оқып, өзі емтихан алды. Пәнін жанын сала түсіндіретін, ауыл баласын тартып тұратын кеңқолтық қазақы адам болып шықты. Атүсті емес, беріліп түсіндіретін дәрістерінің бәрін де ынтыға тыңдадым, емтихандардан сүрінген емеспін. Бізді баласынбай әдебиет үйірмесін өзі жүргізетін. Енді Әбіш аға арқылы әдебиет деп аталатын өлкенің соқпағы басталды. Ғылыми баяндамалар жасатып, үйіне ертіп барып кітап беріп, талай кездесулерге қатыстырып, баласындай баулап жүрді. Кейін институтта қалдырмақшы болып, кандидаттық қорғатамын деп көп әуреленді ағайым. Алайда елдегі қарт ата-анамның жағдайы ол талабын кесіп тастады.
Менің сол бала кездегі бейіміме қарай ұстаздардың талайы өз үйірмелеріне тартқан, алайда әдебиет үйірмесінен өзгелеріне бас бұрмағам. Ептеп өлең жазып, талқыға салып та жүргем. Үшінші курста бұл шаруаны оңдыра алмайтыныма көз жеткен соң оларды түгелдей өртеп жібердім.
Сол жылдары КазГУ-дың студенті, кейін филология ғылымының докторы Керімбек Сыздықов бізге сабақ беріп, үйірме де жүргізді. Тұңғыш жазған «Қызыл көйлек» атты шағын әңгімемді үйірмеде талқыға салып, өзі алып барып, облыстық радиодан оқытқаны бар. Оған гонорар деп аталатын ақша да береді екен, әрине, бөрік қазандай. Сол тұңғыш шығармамның нобайы болмаса, өзі түгелдей ұмытылған. Анығы, көпке шығуға жарамсыз.
Алғашқы повесімді Зейнолла Шүкіровке оқытқаным болмаса, баспаның міндетті рецензиялары өз алдына, өз еркіммен алдын ала бөтен кісіге қолжазбамды оқытып көрген емеспін.
Төрт-бес жастың ол жақ, бұл жағы-ау, үйдің іргесі ну қамыс қопа. Қопа арасындағы жалғызаяқ жолмен ағаларымыздың ізіне еріп, қызылкөпірге барып, астындағы мұздай, терең де тұнық суына шомыламыз. Ол жаққа барған соң алдымыздағы ағаларымыз қораланып отырып алып, не түрлі әңгіме соғады. Ауылдан арнайы алып шыққан газетке есектің кепкен тезегін орап, қолақпандай темекі жасап, танауларын көтеріп қойып, рахаттана шегеді келіп. Маған да тықпалап, тартқызып көрді, удай ащы болады екен, көзімнен жас парлап, қақалып-шашалып қатты қиналдым. Біздің темекі тартуымыздың біріншісі де, соңы да сол.
Ең алғашқы махаббаттың қадірін білген жөн
– Балаларға арналған үздік шығармалардың жабық бәйгесінде «Чика – Дабылдың баласы» жүлде иеленіп, «Чика…»-ның қатары тағы екі-үш повесть, екі ертегімен толығып, балаларға арнап шығарма жазуға ден қойған көрінесіз. Сіздің, сіздің замандастарыңыздың балалар тақырыбында жазған көркем туындыларын үлкен де, кіші де жаппай оқиды. «Өй, мынау балалардың әңгімесі ғой» демейді. Соның сыры не осы?
– Ғайыптан тайып елде жатқан жас талапкердің шағын ғана шығармасы жабық додада сұрыпталып, жұрт көзіне түсе қалды. Ол кезде Алматының астана екендігін білгенім болмаса, бұндағы ақын-жазушы түгілі, танитын бір адамым жоқ.
«Чика…» – жалғыз, титімдей ғана кітапша. Енді бұл шағын шығарма маған жаңа дүниелер жазуды міндеттеді. Содан кейінгі «Ақ тайлағым-ай», «Қияндағы күн нұры» – басымнан өткен, өзіме әбден таныс жайттар. Байқасам, үшеуі де соғыс кезін баяндайтын оқиғалар. Бұл шығармалар жас оқырмандарға ауыр болып шықты да, енді жеңіл оқылуға тиісті «Арғы ауыл мен бергі ауылдың балаларын» жазуға мәжбүр болдым. Кейіпкерлері дайын. Кейін ушығып кеткен экология тақырыбына екі ертегі қосылды.
Сонымен, балаларға арналған жеке кітап өмір сүріп жатыр. Оған енген шығармалар грузин, орыс, өзбек тілдеріне аударылып, жарық көрді.
Үлкендердің де неге оқитынын білмеймін. Біз аяғымызға тұрғаннан бастап тіршілік үшін ата-аналарымыздың жанында жүрдік, солармен бірге егін егіп, қозы-лақ бақтық, отын шаптық, ау тараштадық, күлсе, күліп, жыласа, жылап өстік. Неге оқитынын білмеймін, шамасы, шығармамыздан осы жайттар көрініп тұратын болар.
– Сіздің бір кейіпкеріңіздің аяғында аузы ашылған бәтіңке. «Ашық ауыз» бәтеңке құм асап, асаған құмын езулетіп төгіп келе жатады. Ал бәтеңкенің иесі мектепте жақсы оқитын, әкесі дүкенші әдемі қызбен қапталдасып, қатар келе жатыр. Осы көрініс көз алдымнан кетпейді, оқимын да – күлемін. Бұл, шамасы, сіздердің балалық шақтарыңыздан алынған бір үзік сурет болса керек. Солай ма?
– Сенікі дұрыс емес, күлуге болмайды. Ең алғашқы аса пәк, аса мөлдір жойқын махаббаттың қадірін біле білген, құрметтеген жөн. Сол сезімдер сол күйінде мәңгілік қала берсе, бұл дүниеңіз мәңгілік мамыражай жайнап тұра бермес пе…
– Ауызекі айтылып жүретін бір анекдот бар еді, соңы «Құдай бұйыртса, байыңыз боламыз» деп аяқталатын. Сіздің «Қызыл дамбал» деген «қырғын» әңгімеңізден сол анекдоттың жұқанасын байқадым. Әлгі анекдотқа сіз кешегі сұм заманның бояуын араластырып әлеуметтік-қоғамдық қабаты қалың әңгіме жаздыңыз. «Қызыл дамбал» қалай жазылды, қайтіп жазылды – қысқаша баяндап беріңізші?
– Бұл – әлдеқандай қысыр сөз, анекдот емес, өмірде болған соң, типтеніп кеткен соң өлмейтін сұрқай жылдардың шындығы. Қай азамат болмасын үштікің шешімімен күн, түн демей алып кете беретін заманда өзінің байы өзіне бұйырса ғана бай болады, бұйырмаса, қайдан бай болмақ? Осы тіркесті кейін талантты режиссер Сатыбалды Нарымбетов інімнің бір шығармасынан да кезіктіргем. Шындық – шындық болған соң да шындық, әрі мөр басқандай өміршең.
Сайлау Пернебаев ағаң жазушылардың 20-30 жылдық антологиясын жасаған ақеден азамат болатын. Бұрын қызметтес болмасам да, тоқсаныншы жылдардың берекесіз кезінде оншақты жыл жақын жүрдім. Соңғы демі үзілгенде қасында ем. Ағамыз – айтқыр, ашық мінезді, сөз қадірін жақсы білетін ақмылтық адам. Сол кезде ақ-қара суреттің дәурені өтіп, қадірі кете бастаған. Байқаймын, қатарлары да сиреп, жалғызсырады. Одан да жақын тұтатыным, екеуміз де ел адамымыз. Талай-талай ауыл әңгімелерін құлақ құрышын қандырып айтып отыратын. Сол жылдары бұрынғы айбат-ажарынан айырылған жазушылардың құрылтайында есеп-қисап шаруалары ұзап кетіп, тыста шай ішіп отырған кезімізде бір гәптің ұстынын – ауданның ұран жазуға жіберген қызыл матасына басқарманың әйелі дамбал тіктіріп алған, ақыры дау-дамай, сол жалғыз дамбалдың кесірінен талай адам сотталған, біраз адам айдауға кеткен. Сөз арасында айта салған. Сол жерде біраз кісі – Қалтай ағам мен Тынымбай да отырғаны есімде. Сол сәт маған мына дайын әңгімені Тынымбай жазар-ау деген ой сап ете қалған. Кейіпкерлер Тынымбайдікі. Өзіне айтпасам да, бір-екі жылдай күттім, Тынымбайдан хабар жоқ. Сонан соң қолға алғам. Ондай кейіпкерлер біздің ауылда өріп жүр, бәрі дайын, аса қиналғаным жоқ. «Разнарабош», өзі «прабление мүшесі», көкірегінде титімдей арамдығы жоқ, колхоз өркендесін деп қызылмай боп жүрген, титімдей жазығы жоқ болса да Сібірде оншақты жыл болып келген Дүрәлінің «Бұйырса, байың болармыз» деуінде еш айып жоқ. Өте заңды. Сабаз ол жақтан есен-аман оралған соң да ісіне көңілі толмаған жастарға: «Түрме көрмеген көргенсіз» деп ұрысып отыратын. Дүрәлі – өз дәуірінің адамы. Осы Дүрәлі болмаса, қызыл дамбал оқиғасы қара су баяндаумен жазылып, мүлде қарабайыр болып шығуы әбден мүмкін.
Айттым, шығарма көп уақытымды алған жоқ. Кейіпкерлерім дайын отырғандықтан болар, мерзімінде жазылып біткен. Уақыт оза келе, бәрі ұмытылып, саябыр тапқан соң бірнеше рет дұшпанның көзімен оқып ем, бір-жар сөз болмаса, енді қозғауға болмайды екен.
Кобо Абэңізді есіткен де, көрген де жоқпын
– Сіздің «Құм қойнау» повесін қайталап оқыған сайын жапонның әйгілі жазушысы Кобо Абэнің «Құм қойнауындағы әйел» романын қатар қойып оқығандай боламын. Сіз де, Кобо да кейіпкерлеріңізді құм құрсауынан шығармай қоясыздар. Құм құрсауындағы тағдырлар…бұл идея, яғни тақырып сіздің басыңызға қайдан, қалай келе қалды? Повесть советтік цензураның қайшысына түспей қалай жарық көрді?
– Кобо Абэңізді есіткен де, көрген де жоқпын, шығармасын оқыған да емеспін. Жан баласынан идея сұраған емен. Менің білетінім, көргенім, түйсінгенім – қазақтың кәдімгі қарапайым қарты. Өзі қойшы. Құм ішінен өлсе де кеткісі жоқ. Баласы зорлап алып кетсе де, қаланың ұжмағынан қашып шыққан кейіпкер. Тоғанас дегенің басынан бақайшағына дейін бүтіндей құм адамы, өркениеттің түсінігіндегі «жабайы» кісі.
Идея дегеніңіз шығарманың бірінші сөйлемінен бастап, соңғы нүктесіне дейін тұтаса сұлап жатыр.
Сондағы суайт – өзім талай бөтелкелес болған аудандық партия комитетінің тәйтік бірінші хатшысы. Цензураның аузын шығысқа қаратайын деп, оны аудандық ауылшаруашылығы басқармасына төмендеткенмін. Оның бәрібір коммунизм құрып жатқан партия-совет қызметкері екендігі көрініп тұр. Ілік іздеген кісіге осы да жеткілікті. Қолжазба Шәрбану Құмарова мен Қастек Баянбаевтың жабық рецензиясынан өтті. Сәтін келтіріп, баспа комитеті жабық рецензияға бермеді. Редакторы – Берік Шаханов. «Повестің советтің цензурасының қайшысына түспей қалай жарық көргеніне» «апам да таң, мен де таң».
Партия саласында қызмет атқарған соң, сол кезде «Жалын» баспасында істейтінім тағы бар, шамасы, осы не бүлдіре қояр дейсің деген ой, сенім болған тәрізді. Бәлкім, сыйлағандық та шығар…
Жуырда шығарманы қайта қарап, кезінде сақтық үшін енгізген әлгіней қызыл тұстарды ұшықтап алып тастадым.
«Чиканың» алдында айыптымын
– «Шығыс Қазақстан мен Жетісу өңірлері аласапыранды оқиғаларға бай болғанымен, Қалихан Ысқақ та, Сайын Мұратбеков те сүйекті шығармаларын жаза алған жоқ» депсіз «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісіне берген сұхбатыңызда. Неге олай дедіңіз? Жазушы аласапыранды оқиғаларды емес, жанына жақын тақырып туралы жазғанда ғана еркін тыныстай алатын шығар?
– «Еркін тыныстау» жайына ешқандай дау жоқ, әбден-ақ түсінікті.
М.Әуезов іштен тепсінген шындыққа шыдай алмай «Хан Кенені» жазып, әрең аман қалды. «Қараш-қараш» болса советтікі. Дүлдүл Ілекең – Ілияс Жансүгіров Ресейдің Жетісуды басып алу жайттарын мұрағаттардан қазбалап, мән-жайды толық түсініп отырса да көркем шығармаға бармаған. Бармағанмен түптің-түбі сол өкіметтің қырына ілікті.
Жастайымыздан сүйсініп оқып келе жатқан Қалихан, Сайын ағаларым туралы сол пікірді қазақша тәпсірлеп, «өзге ұлттардың тарихын, демек сол ұлттарды қор тұтқан қыспақ болмағанда осындай қуатты қалам иелерінен «жанына жақын» шығармалардан гөрі тұтас халық қасіретін бейнелейтін, кейіпкерлерге бай, кең көлемді, кең тынысты, бәлкім, роман, бәлкім, эпопея туар еді-ау» деп қайта оқырсың.
Қарымды қаламгерлерде қашанда ұлттың хақысы бар.
– Өзіңіз «шығармаларымның маңдайалдысы» деп қай туындыңызды атар едіңіз?
– «Чика – Дабылдың баласы» маған жол ашып қана қоймай, жазушы атандырып, өмірлік үміт, ғұмырлық бейнет алып келді. Сонысы үшін де осы шығарманы құрмет тұтамын.
Бүгінгі күнге дейін балалар жазушысы болып қала алмаған «Чиканың» алдында айып та бар.
Бағалау өзіме де қатысты болғандықтан қиналып отырмын. Бұл төрелікті талғамы да, тәжірибесі де әрқилы оқырманға тапсыралық.
Жаныққан адамзат өз тарихын өзі жанталасып жасап жатыр
– Жанқожа батыр туралы «Кек» атты киноповесть жазып тастап қарап отырсыз. Киноповесіңізге «құда түскен» кинорежиссерлер болды ма? Жалпы осы күнгі кинорежиссерлердің әдебиеттен аулақ барып қонатыны несі?
– «Жазып тастап, қарап отырғаным» жоқ. Қай нұсқаны оқығаныңды білмедім, өткен жылы шығарма қайта қаралды, өңделді, күмәнді тұстар алынып, бұрын әлдеқандай болар деп енгізілмеген қазақтың қол-аяғын байлап тірідей өртеген эпизод қосылды. Тарихи тұстары барынша нақтыланды, шығармада қиялдың титімдей де көлеңкесі жоқ. Олай болатыны, батырдың басынан көзі тірісінде де, өлген соң да дау арылмаған.
Біздің киноның ішкі жағдайына қанық емен. Жарыққа шыққан мағлұматтарға бақсақ, бұларда Жанқожа батыр тәрізді ерлердің тақыбырына бет бұратын пенде көрінбейді. Онан гөрі жеңіл-желпі тақырыптарға фильм түсірсек, сол өтімді деп ойлайтын тәрізді. Асфальтта өскен көптеген жас режиссерлеріміз қазақ әдебиетінен аулақ, оның есесіне, өз ұлттын кемсітіп, шетелден жүлде алып қайтатындар бар деген пікір айтылып жүр. Сол рас көрінеді.
Білімдіміз, білеміз деп жүргендердің басым көпшілігі (түгелдей деуге халықтан ұят) батырдың атын есіткенімен, батырлық, әулиелік қасиеттерін былай қойғанда, кәдімгі таза адам, ноқтаға басы симаған тұлға Жанқожаны білмейді.
Бұл кісіні ұлттық қасиет тіліне емес, діліне дарыған кейіпкерін өзім, өзім ғана емес, өзімнен әлдеқайда асқақ деп мойындаған, сол үшін отқа да, суға да түсуге дайын, жоғарыдан қажетті қаржыны «тартып» ала алатын Кончаловскийдің өзі болмағанымен, сол мектептен шықққан режиссерлер ғана қолға алуы мүмкін. Ғайыптан тайып, менен сұрай қойса, жібекті жүн етіп жүрген ақша шашқыш тәйтіктерді тарихи тақырыптардың жанына жуытпаған болар ем. Демек әзір бұл тұлға экранға шығады екен-ау деген бізде үміт түгілі қиял да жоқ.
– «Әдебиет – ұзақ жолға шыққан керуен», «Адам бар жерде тақырыптың сарқылуы мүмкін емес». Бұл – сіздің сөзіңіз. Осы екі ауыз сөзіңізді сәл таратып берсеңіз, сонымен бүгінгі сұхбатымызға нүкте қояр ек…
– Жаныққан адамзат өз тарихын өзі жанталасып жасап жатыр. Қай ісі бақ, қай ісі сор екендігі әлі белгісіз.
Жазушы үшін заманалар бойы теперіш көріп келе жатқан өз ұлтының мүддесінен қасиетті не болуы мүмкін.
Сұхбаттасқан
Дәурен ҚУАТ