ӨМІР мен ӨНЕР
02.04.2024
1181
1

Өнері, білімі бар жұртқа айналғанымыз бертінде секілді. Білімді кітап­пен, өнерді техника жетістіктерімен өлшегенде, әрине, солай екені де анық. Әйтсе де білімді – зердемен, өнерді талантпен таразыласақ, бұл мәселені бір ауыз сөзге сыйғызу мүмкін де емес. Осы тұрғыдан қарағанда Нұрпейіс Байғанинді де қазіргі (әрине, келер) ұрпаққа да жеткілікті таныстыра алмай келе жатқанымыз шындық. Жо-жоқ. Ақынның бірнеше томдық кітаптары шықты, түрлі зерт­теу мақалаларына да өзек болып жүр. Әйтсе де, ол туралы жалпы жұртшылықтың назарын аударатын керемет­тей көркем дүние жазылмағанын және мойындауымыз керек.
Нұрпейіс өткен ғасырдың сонау 30-40 жылдары күллі қазаққа мәлім небір ақын-жыршылармен қатар өмір сүрді. Соның ішінде Жамбылмен де жүздескені, оған жыр арнағаны мәлім
(…Сілтеу берді бұл Жәкем: «Сен, Нұрпейіс, жырла!» – деп. Аға – басшы, біз – қосшы, Ағаның тілін аламыз. Жасы үлкеннің хақы көп, Алмасқа бар ма шарамыз?..). Ал сол Жамбылыңыз туралы, естеліктер мен мақалаларды былай қойғанда, повестер де, тіпті роман да жазылды.
Нұрпейіс ақынға келгенде бұлай еркін сөйлей алмаймыз. Нұрпейіс ақын туралы жазылған көркем дүниенің біреуі де, бірегейі де – Тобық Жармағамбетов жазған «Бәйтеректің жас шағы» ат­ты повесть. Прозашылық таланты дау туғызбайтын Тобық жазушының бұл шығармасы жырау өмірінің жас дәуренінің бір тұсын ғана қамтығандықтан, әрине, оқырманның сусыны қанбай қалды. Әт­тең, Т.Жармағамбетовтің бұл хикаят­ты ұлғайтуға ғұмыры жетпеді немесе көңіліне лықсып келіп тұрған басқа дүниелерді жазып тастауға бейілденіп жүргенде бір қолын екі ете алмаған да болуы мүмкін. Қалай болғанда да, ұлы жыраулардың санатына қосылатын Нұрпейіс туралы тамсана оқитын бас-аяғы бүтін көркем еңбек дүниеге келмей қалды. Рас, ақынның соңында қыруар туындылар қалды. Өлең-толғаулары өз алдына ғой, «Ақкенже», «Нарқыз» тәрізді дастандары қандай!?
Дегенмен ақын жөнінде Тобық Жармағамбетов қалдырған көркем дүниені де жұбаныш етеміз. Әйтпесе, Нұрпейіс үлгі алған, дос-жаран болған, бірқатарымен айтысқа да түскен Абыл Тілеу­ұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Нұрым Шыршығұлұлы, Қашаған Күржіманұлы, Ақтан Керейұлы, Марабай Құлжабайұлы, Әбубәкір Кердері, Қазақбай, Сабыр тәрізді сөз зергерлерін алты алаштың назарына ілігерліктей етіп бейнелеген көркем дүниелер бар ма? Ақынның өзі де:
Жаяу жыршы кезімде
Араладым талай жол,
Қазақ­стан даласын,
Еділ, Жайық, Қобда, Елек,
Ойыл мен Сағыз, Ұлы Жем,
Ор, Темірдің арасын,
Көзді бұлақ Балқаштың
Сансыз тарау саласын, – демеуші ме еді.
Ақын атамыздың «Ақкенже» мен «Нарқызға» қандай дайындықпен келіп кіріскені де бізге біршама мәлім. «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Құбығұл», «Төрехан» тәрізді жыр- дастандарды келістіре жырлаған ғой. Соның ішінде Нұрпейіс жырлаған «Қобыланды батыр» жырының басқа жыршылар жеткізген нұсқаларға қарағанда көлемінің молдығын, оқиғасы жағынан мазмұнды екенін ғалымдар баса айт­ты. Сан салалы «Қырымның қырық батырын» қалай жүйелеп мол жырлағаны да бүгінде тамсанып айтуға тұратын үлгі еді.
Осы тұста өкінішпен айтатын жайт­тар да бар. Жоғарыда аталғандар – Нұрпейістің білетіндерінің бір бөлігі ғана. Әйтпесе, ғалымдардың пайымдауынша, ақын әрідегіні былай қойғанда, берідегі Есет пен Бекет, Көтібар, Кенесары мен Жанқожа батырлар туралы жырларды да зердесінде ұстап, тыңдаушының санасын сілкіндіріп отырған ғой. Бірақ бұл жырлар да сол замандағы көптеген себепке байланысты қағазға түспеді, ұлы жыраудың көке­йінде кете барды.
Міне, осындай тамаша да тағдырлы мектептен өткен Нұрпейістің әлгі аталған екі дастанды (екеуін ғана емес) дүниеге әкелу үшін қанша уақыт толғанып, нетүрлі тармақтар мен шумақтарды неше күн құрастырғанын білмейміз, әйтеуір, бас-аяғы бүтін, жұртшылық жалықпай тыңдайтын дүниелерді жарқыратып бере салған ғой. Бір жағынан, бұған сол кез­дегі Қазақ­стан Жазушылары ұйымы басқармасының жауапты хатшысы Дихан Әбілов пен «Халық ақындары» секциясының жетекшісі Қасым Аманжоловтың 1938 жыл­дың 10 шілдесінде Нұрпейіс Бай­ғанинге: «Оқи­ға­лы ірі поэма беру сіздің қолыңыздан келеді деп санаймыз. Ұзақ өлеңдермен қатар ірі шығарма берсеңіз өте жақ­сы болар еді… Жұрт­шылық сіздей ақыннан көп­теген жақсы өлеңді құмарта күтеді. Сіз бұл тілекті ақтайды деп сенеміз», – деген мазмұнда хат жазуы да себеп болған шығар.
Расында да, мектептік білімді игер­меген соң, қазіргі ақындар секілді ақ қағазға түскен жолдарды бір – сызып, бір – толықтырып, түзеп-күзеп отырарлықтай мүмкіндігі болмаған Нұрпейіс тәрізді халық ақындарының, әсіресе осындай күрделі шығармаларды (хат­та жазылғандай, «оқиғалы ірі поэмаларды») төгіп-төгіп салатын қабілетінің құпиясын біз білмей өтетін де шығармыз.
Біз Нұрпейістің мақамы қандай болғанын да білмейміз. Сонау кез­дегі Әміре Қашаубаевтың дауысы табылғанда 1945 жылға де­йін ғұмыр кешкен Нұрпейістің дауысы әлде грампластинкалардың бірінен, не магнитофон жазбаларынан табылып қалуы бек мүмкін ғой. Ал бұл біздің (бізге де­йінгілердің де) өткен мұраларымызға салғырт қарауымыздың салдары екенін өкіне мойындамасқа амал жоқ.
Сол сияқты 1860-1945 жылдар аралығында ғұмыр кешкен Нұрпейістің қай кез­де қандай сезімде болғаны да бізге беймәлім. Сырт­тай мінез-құлқын сөз еткен бірқатар естеліктер жазылды, бірақ ішкі жан дүниесіне дендеп ене қойған кім бар дейсіз. Әр адамның басқалар білмейтін өз жұмбағы бар десек, елге аты кең жайылған бұл ақынның жұмбағы одан да қыртысты болмауы мүмкін бе?! Оның үстіне, тура қырық жыл өмірін ХІХ ғасырда өткізген ақынның бертінде көргендері де қызыққа толып тұрмағаны аян: түріктермен соғысқан патша өкіметінің тылдың қара жұмысына қазақтарды да алуы, қазақ даласын шарпыған көтерілістер, ақпан, қазан қырғындары, Азамат соғысы жылдары, қайталанып соққан үш бірдей ашаршылық, тәркілеу дүрбелеңі, зорлықпен ұжымдастыру, рабайсыз қуғын-сүргін (респрессия), дүниежүзілік соғыс… Әт­тең, осының бәріне куә болған Нұрпейістің бұның бәрін жырлауға мүмкіндігі болмады. Саясат бұларды жырлатпақ түгілі, әңгімелеуге рұқсат берді ме екен?! Ақынның Ғалым деген баласының заң қызметкері болғаны, сол баласы бірқыдыру уақыт әкесіне ел ортасына шығып жыр айтуға рұқсат етпегені жөнінде деректер бар. Оны түсінуге де болады. Екі күннің бірінде екі үйдің бірінен «халық жаулары» ұсталып жатқанда Нұрпейіс ақынның тілінен ке­йін өзіне бәле болып жабысатын әлдеқалай сөздер шығып кетуі де мүмкін ғой.
Айта кетелік, қырқыншы жылдары сонау Алматының етегіндегі Жамбылға Қазақ­стан Жазушылар одағы тарапынан әдеби хатшы тағайындалғаны, сол кез­де хатшы болған Ғали Ормановтың кей сәт­терді қағазға түсіргені мәлім. Нұрпейістің де осындай әдеби хатшылары болды. Бәлкім, әдеби хатшылар таға­йындау арқылы сол замандағы зерделі басшыларымыз ескі әдеби мұраны жоғалтпау, жинақтау, байлығы шексіз қазақ ауыз әдебиетінің жауһарларын сақтап қалуды да көздеген шығар-ақ. Десе де оған қоса елге танымал ақындардың сөзінен ши шығып кетпеуін бақылап отыру, артық сөзді жонып тастау да үнемі назарда болғанына дау жоқ сияқты.
Өзіне әдеби хатшы болған Қуандық Шаңғытбаевқа Нұрпейістің былай деп сыр шашатыны бар. «Өлеңнің кілтін мен Әбубәкір Кердеріден үйрендім, – дейді екен. – Ол оқыған адам еді ғой. Мен болсам, қысқа жіп күрмеуге келмей, оқусыз қалдым. Әт­тең, қолыңа қалам алып, ойыңды ақ қағазға емін-еркін төгіп отырғанға не жетсін! Домбырамен айт­қан ақынға обал-ақ. Басқаны қайдам, өлең айт­қанда өзім көтермешілердің ортасына түскен бәйге аты сияқты болып отырамын. Бір жағынан, домбыра асықтырады, бір жағынан, көңілдегі ойың ұйқасқа сыймай қинайды. Сөйтіп, екі от­тың ортасында отырғаныңда аяғыңды шалыс басып, сөздерің шашырап, кейбір ұйқастарың қайталанып кетеді. Бұрын білмеуші едім, мұны өз өлеңімді қағаздан оқығалы сезіп жүрмін. Сондықтан, балам, сақ болайық. Жазып алғаныңды маған ізін суытпай оқып отыр. Біреу-міреу надан ақын десе, масқара ғой!».
Сол себептен де біз қазір ақынның ірі дастандары мен заман ыңғайына қарап жазған өлең-жырларын ғана тілге тиек ете аламыз. Бірақ тап қазір бұларды талдауды да мақсат етіп отырғанымыз жоқ. Өйткені қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы даму жолына жолшыбай үңіліп өтсеңіз де көзіңіз бірден біраз нәрсеге жетер еді. Осы Нұрпейіс Байғанин туралы жылы ықыласпен жазған қазақтың белгілі әдебиет сыншысы, профессор Есмағамбет Ысмаиловтың 1939 жылғы бір мақаласында: «…Бізде өлең өте көп жазылады, тіпті қисапсыз. Осы көп өлеңнің маңызын салмақтап, нағыз көркем поэзияға тән қасиет­тері жағынан сұрыптай бастасақ, бүгін жұртшылығымыздың тілегіне жауап бере алатын өлеңдердің өте аз екенін көреміз», – делінуі де сол кезеңнің ащы шындығы еді. Осы сұрықсыздықты сейілтуге ке­йін, соғыстан соң, әсіресе Қасым Аманжолов белсене кіріскені, ал қазақ өлеңі жалпы 60-жылдардан бастап жаңа, биік тұғырға көтерілгені мәлім.
Міне, осындай жағдайларға байланысты Нұрпейістің сол дәуірде жазылған, шын мәнінде ілтипатқа бөленген «Қазақ­стан», «Гүлденген заман», «Өңімдегі жұмбақ», «Ғажа­йып көрмеде», «Москва», тағы басқа өлеңдерін, терме мәнерінде жазылған «Ақын шабыты», «Ақынға», «Отарба», «Зор майданға шапшаң бар» тәрізді туындыларын ғылыми-танымдық тұрғыда зерт­тегенімізбен, бүгінге үлгі ете алмайтынымыз анық. Бүгінге үлгі етсек, бұл өлеңдерді емес, ақынның қиямет-қайым жылдардың зәр-заһарын күн сайын сезіне жүрсе де, талантын жоғалтып алмаған, Жаратушының бойына берген қабілетін мүмкіндігі жеткен тұсқа ше­йін пайдаланған абзал қасиетін үлгі етуіміз керек. Әрі-беріден соң Нұрпейіс үйішілік, ауылішілік салмақсыз көріністерді емес, әлдебір жарқын заманға, қой үстіне бозторғай жұмыртқалауға тиіс сәулелі болашаққа ынтызарлықпен ұмтылған қалың елді, қазақ жұртын жырлады ғой. Рас, Ленинді, Сталинді дәріптеді, алайда бұны да қылмысқа жатқызу қиын, себебі қазіргі ақындарымыздың әр тұста қазан құлағын ұстағандарды, айталық, уақытша министрлерді, жалпы жұрт­тың еншісінен жырып қаржы жинаған «жылмаң» бизнесмендерді, рулық-аталастық дерт­тің туын көтерушілерді, т.б. осындай сырғымалы элемент­терді мадақтап жазған «современный одаларын» оқығаныңызда, Нұрекеңдермен жылап көрісетіндейсіз. Қызметін осы қазақтың жоғын жоқтаумен атқарған, айталық, Жұмабек Тәшеновке немесе Ілияс Омаровқа, осындай-осындай басқа да аз-кем ардақтыларға жағымпаздана жазылған жырларды сол кісілердің тақта отырған кезінде шыққан газет-журналдардан таба алар ма едіңіз. Бұл да – әрине, басқа әңгіменің сорабы. Дегенмен Нұрпе­йістің жырларын түгелдей социалистік саясат талаптарына негізделген дүниелер есебінде мүлде атаусыз қалдыруға, тұсынан үнемі үн-түнсіз өте беруге де болмайды. Айталық, тым әріде де емес, тым беріде де емес, күні кеше мектептердің «Қазақ әдебиеті» оқулығына ақынның «Еңбек туралы жыры» енгізіліп келді, радиодан да осы жыр ерекше шабытпен орындалып жүрді. Ол кез, ең алдымен, еңбек (әсіресе қол еңбегі) ерекше бағаланатын заман еді, әйтсе де, еңбек қай заманда да еңбек болуға тиіс емес пе, еңбек қай заманда да қадірленуге тиіс емес пе?! 2005 жылы «Жазушы» баспасынан белгілі журналист ағамыз Идош Асқардың «Шығанақ. Қазақ елінің еңбек паспорты» деп аталатын 40 бет­тік кітапшасы жарық көріп, сонау соғыс жылдары тары өсіруден әлемдік рекорд жасаған Шығанақ Берсиевтің азамат­тық бітімі, еңбекқорлық тұлғасы жаңаша көзқарас тұрғысынан сипат­талып еді. Сол шамада «Егемен Қазақ­стан» газетінде де жарияланған бұл туынды оқырмандарды кәдімгідей ойлантып тастаған.
Тағы бір айта кетер жайт бар. Көрнекті әдебиет сыншысы Есмағамбет Ысмайылов 1939 жылы сыни тұрғыда: «…Көп ақындарымыз Жамбылдан үлгі алады. Жамбыл бүгінгі өміріміздің ең маңызды тақырыбын, озық ой-пікірін мезгілімен жеткізіп, басқа ақындардан бұрын жырлайды. Жамбылдың осы қасиетінен үйренуді бірқатар жас ақындарымыз дұрыс ұғынбай жүр. Олар Жамбылдан үлгі алуды сол Жамбыл бұрын айтып қойған ой-пікірді Жамбылдың ақындық үлгісімен қайталап айтып беру деп түсінеді, қайталап айт­қанда, көркемдігі нашар, пікірі жалаң, жаңа образ, жаңа ақындық, өнері жоқ шығармалар береді», – деп жазған екен. Осы қисынға тереңдеу үңілсек, сол кезеңде Нұрпейіске де еліктегендер аз болды деймісіз. Демек, Нұрпейіс те талай жас буын талапкерлердің ықыласын оятып, ілгері жетелегені күдік туғызбаса керек. Сағи Жиенбаевтың Нұрпейіс Байғанинге арнаған өлеңінде:
Күн шуағын аямай мекенімнен,
Тас төбеге тамылжып көтерілген.
…Сенен қалмай жүгірген елмен бірге
Мен де келіп ұстағам етегіңнен.

Туған далам жыр құйып таңдайыма,
Жазыпты өлең менің де маңдайыма.
Асыл атам, өзіңнен қалмайын деп,
Әлі келем жабысып шалғайыңа! –
деген жолдардың болуы осының дәлелі тәрізді.
Жалпы, Нұрпейіс Байғанин туралы әрідегі ақын-жазушылар, ғалымдар мен берідегі зерт­теушілердің қағазға түсірген дүниелерін таразыласақ, сол замандағы халықтық өнер иелеріне тән екі ерекшелікті түйіндеп айтуға болады. Біріншіден, Нұрпейіс – қазақ даласында пәленбай заманнан қалыптасқан жыршылық өнерді ХХ ғасырдың ортасына де­йін әкелген жыраулардың соңғыларының, әрине, ірілерінің бірі. Екіншіден, ол – ауыз әдебиетінің асыл дәстүрі мен жазба әдебиет­тің жаңалығын бір-біріне жалғастырушылардың қатарындағы беделді өкілдердің бірі.
Әдет­те, түрлі көрікті теңеулермен сөйлеуге құштар қазақ жұрты Нұрпейіс ақынды жапырағын жайған бәйтерекке теңер еді. «Бәйтеректің жас шағы»
дегенде жазушы Тобық Жармағамбетов те осыны ескергені даусыз. Әт­тең, біз сол бәйтеректің жапырақтарын түгел тамашалай алмадық.
Иә, уақыт өтеді. Ал руханият құнды­лықтары, соның ішінде сөз өнері әр ұлт­тың өткен өміріндегі көз тартар өрнек­терін қай кез­де де жарқыратып көрсетіп отырады. Нұрпейіс Байғанин де бізге төл руханиятымыздың көрнекті тұлғасы ретінде қадірлі болып қала бермек.

Ертай АШЫҚБАЕВ,
ақын, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты.

Ақтөбе қаласы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 02.04.2024 | 13:36

«Бәйтеректің жас шағы» — жазушы Тобық Жармағамбетовтің ақын туралы туындысы ғой. Жақсы жазылған шығарма.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір