Молдахмет ҚАНАЗ. Қызыл дамбал
14.10.2019
2471
0

(Сайлау Пернебаевтың рухына)

«Сойылдың жуан басы сорлыға тиеді»

Халық мәтелі

Молдахмет Қаназ

Дүрәлі Қосаралдан қабағынан қар жауып оралды. Жол шаршатты ма, әлде барған шаруасы тиянақты бітпеді ме, оның түйіні, әрине, өз ішінде. Отыздың тоғызына келгенше сүр жүрген бұған екі бай өлтіріп, үш баласымен тиген Шынайқыз күйеуінің қас-қабағынан секем алғандықтан бір елі ауызға екі елі қақпақ тастап, тікесінен тік қызмет жасап жүр. Ықшам адамға қолпылдап тұратын, қала базарынан жарты қап қызыл тыранға былтырғы күзде алмастырып алған жез түймелі, етегі етігінің басын қағатын көлдей кең қара шинельді иығынан алып, екі бүктеп жүктің үстіне қойды. Сұр шинельдің өзі зауқайым бір көрініп қалатын бұл колхозда қара киім Дүрәліге айтарлықтай-ақ сұс беретін. Иығына ауылда жоқ шинель тигелі өзіне де біршама айбат енген. Қосаралдағы «Шығыс шұғыласы» колхозының жеті бірдей тайыншасы екі колхоздың шекарасындағы күделеріне қайта-қайта түсіп қоймай осы бір аса жауапты істі тындырып қайтуды басқарма басқаға емес, өзіне сеніп арнайы тапсырған соң басымен кеткен шығысшұғылалықтарға басымен кеткен малдарын алдына салып айдап апарып тұрып, басқа да емес, шұлғауы сүйретілген басқарманың тап өзінің көзіне шұқып сатсиалды заңдылықты бұзып, бредительстбомен айналысып отырғандығын көзіне шұқып айтып, айтарлықтай шаруа тындырып қайтқан беті бұл. Ашуы құрымағыр оңайлықпен басылар түрі жоқ. Жылы үйге келген соң ғана арғы жағы жіби бастаған. Мұрнын тартып тастап, «атаңа нағылет сенің»,– деді нығарлап, Шынайқыз болса күйеуінің қалың шұлғанғандықтан аяғының басын қысатын алдыңғы жылы басқарма берген керзі етікті, әлде мойны қамыттан әбден қажалып аяғын санап басатын көлігі кер өгізді, не ана колхоздың сиыршысын, бәлкім, өз колхозының қыстай да, жаздай да бітіп болмайтын жұмысын боқтап отырғанын айыра алмады. Ал, шындығында, күйеуі оншақты малына ие бола алмай отырған – құлаған соң биіктен құлағанға не жетсін – басқарманы, сондай адамды басқармалыққа отырғызған әне…еу жақтағы әкімдерді де сол басқармаға қоса құшырланып отырып тағы бір сыбап алған. Қазаққа пәлендей ауырлығы жоқ, бақшырайтып қарсы алдында қасқиып тұрып айта салатын-ақ балағат, бірақ Құдай қылса қайтерсің, Дүрәлі тек Шынайқыздың алдында ғана күжірейіп кететін. Күнұзақ булыққан қыжылдың қорытындысы болу керек, сыбағанда да құшырлана рахаттанып сыбады. Күні бойы құрысып жүрген көн терісі сонан кейін ғана    жіби бастаған.

Шынайқыз алашаның етегінде түтігіп пышылдап отырған күйеуінің етігін өзі сыпырып алды. Дүрәлі біріне-бірі жабысып әлі қан жүгірмей бозарып тұрған башпайларын уқалап отырып:

– Колхоз аман ба? – деді. – Мені басқарма іздеп қалған жоқ па?

– Аманшылық. Несін іздейді? Өзі емес пе жұмсап отырған.

– Төтен шаруа шығып қалмаса дегенім да…

Жолдан шаршап келген ерінің қолына жылы су құйып, жуындырып алған соң дастарқанға үш-төрт жапырақ қатырма нан тастап, сүт қатқан қою шай берді. Ерінің мұздап қалған тұла бойы жібіп, өңі кіре бастаған. Әйелінде әңгіме бар екен.

 – Түсте Даржан келіп кетті…

 – Басқарма да маған жіберген…

 – Өй, жоқ. Қызыл дамбал тігіп киген екен. Соны көрсеткенше жарылып жер-көкке симай жүргені да.

 – Қайдағы дамбал?

– Несі бар.. Басқарманың кеңсесінде машина бассақ, біз де киер ек қызыл дамбалды. Әшиінде от ала келгендей тызақтап құйрығы жер иіскемейтін қатын отырып алды осы арада жалпиып. Көпіріп әрнемені бір айтады. Шай ішті… Аяғын созып тастап, етегін де түріп тастағанға бұ не десем. Сорлы пұшайман болып түз киімін көрсете алмай отыр екен. Туырлықтай қып-қызыл сәтен. «Бұрынғымның сілімтірі шығып қалып еді, бойым жеңілдеп адам болып қалғаным», – деп жұтынады келіп. Тегін дүниенің буы да алып бара жатқан.

– Қайдағы тегін?

– Оны басқармаға жақын жүрген сен білмесең, мен қайдан білейін.

– Не оттап отырсың өзің? Контор колхоздың қатындарына дамбал тарататын… Сондай-ақ… – Біразға дейін аузына сөз түспей тұтығып қалды. – Алған да дүкеннен.

– Дүкенде болса біздің қолымызды біреу байлап отыр ма екен? Даржанның бұтында тұрған дамбал біздің бұтымыздан сыпырылып қалатын ба еді? Конторда отырғасын да жалғыз өзі киіп, жер-көкке симай жүргені.

Дүрәлі іштей ерегісіп:

– Сен де отыр кеңседе, машина бас. Киесің сосын, – деді. Іштей «басқарманың есігін бағып отырған соң қолы ұзын да» деп ойлап қойды.

Құлынтастағандағы жаңа киім киген жалғыз Даржан ба еді, бәтір-ау, бұл әңгіме сол айтылған жерінде ошақ басындағы көп сөздің бірі болып қалған сияқты еді…

Дүйсенбіде басқарма әдеттегідей жиналған жұмыскер жұртпен құлқынсәрілік мәжілісін өткізді. Әркім өз шаруасына – балықшылар теңізіне, малшылар малына кетті де, бұл сиыр қораның жыртық-тесігін жамауға тапсырма алған соң иығына айырын салып солай қарай кетіп бара жатқан бетінде қаладан құлайтын қасқа жолмен аттылы екеу келе жатқанын көзі шалды. Алдымен асығыс жолаушылардың кімдер екендігін біліп, мәгәрәкім колхозға қатысы бар кісілер болса, дереу басқармаға хабарлау ниетімен жол жиегінде күтіп тұрғанда әлгілер де жақындай түсті. «Құлқынсәріден жетіп келгеніне қарағанда, бұлар бір суыт кісілер болды ғой. Не гәп?» Жақындаған соң білді, қашықтан қорбиып көрінгенмен екеудің  бірі – сарауыз балаң жігіт. Ойбай-ау, өзі млитса. Маңдайында бірдеңе жарқырайды, қара тонның ашық өңірінен іштегі бешпетінің қызылы мен жез түймесі жылтырап көрініп тұр. Екіншісі – жез мұртты, түксиген қалың қабақты тоқтасқан адам екен. Дүрәлі бұлардың қалай да қызмет кісілері екендіктерін сезе қойды да, иықтағы айырды қолға алып, қос тізені тартып тіктеліп тұрды. Сәлем де, сауқат та жоқ:

 – Осы ауылдансың ба? – деді үлкені.

 – Дәл солай!

 – Кім деп білеміз?

– «Қызыл балықшы» колхозының басқарма мүшесі, төтенше тапсырмалар жөніндегі разнарабош – Дүрәлі Егенсартов, – деді де, әбден сенімді болу үшін:

– Басқарманың туған нағашысы боламын. Егембергеннің әкесі Жұмаберген біздің апаларымыз Бибігүлден туады,– дегенді тағы қосты.

Жолаушылар біріне-бірі қарады.

 – Кеңсені білесің бе?

– О не дегеніңіз. Білгенде қандай. Прабление мүшесі болады, өзі кеңсені білмейді. Ол сонда қандай прабление мүшесі?

– Сілтеп жібер.

– Жоқ. Өзім алып барамын. Дәл осы тұрғанда басқарма кеңсесінде, жұртты жұмыстарына таратып отыр, – деді де жауап күтпестен алға түсіп жол бастай жөнелді. Ұзын қара шинелінің етегі етіктің басын қағып жеделдетіп келеді.

…Үлкен жолаушының атының шылбырын қағып алып, есік аузындағы темір қазыққа байлай салды да, кішісі өзі түсіп жатқанда кеңсеге екпінмен кірді. Жарты дастарқандай үлкен дәптерге шұқшиып бірдеңе көшіріп отырған Даржан жаңа ғана тапсырмасын алып кеткен бұрынғы қайнағасының қайта келгеніне таңырқай қарады.

– Басқармада кім бар?

– Шөмей бригад.

– Соның-ақ айналшық жегендей айналшықтап шаруасы бітіп болмайды екен. Әліге дейін сүйретіліп неғып жүр өзі, – деді де, сол екпінмен есікті шалқалай ашып жіберіп, кіріп келді.

– Басеке, ауданнан екі бірдей өкіл келді. Басқарманы таба алмай жүр екен, соларды өзім алып келіп тұрмын.

Бастық орнынан таңырқанып көтеріліп, терезеге еңкейді.

– Мен сиыр қораға кеттім.

Дүрәлі ауданнан арнайы адам келген маңызды хабарды басқармаға Даржан келінінен бұрын жеткізгеніне едәуір әрлі еді. Бастықтан мына қатынға қыр көрсете қоқырайып шықты. Босағаға сүйеп кеткен айырын алып, сыртқы есікті қаусыра бергенде үстерін қаққылаған әлгі кісілер де ішке кіріп келе жатқан. Бұл тұтқаны ұстап, есік ашып тұрды.

Басқарманы күзетіп отыратын қара­торы­ның сұлуы Даржан деген сылаңдаған жас қатынның әу бастағы «келін» атауы қалмайтын себебі – алғаш бұралып түскен жері Дүрәлінің ауылы болатын. Бұны бірінші алған жиырма үш жасында аттан құлап өлетін Жамағат – Дүрәлінің немере інісі. Осы қатын түсетін тойда ағасының да көзі тірі еді, тойға шашуға босағасына марқа лағын ерткен жағал ешкісін байлаған-ды. Бірақ бұ Құдайың ол қызықтың ғұмырын ұзақ қылмай бала анадай кепке ұшырады. Сонан қалған бір шикі өкпе, өзі ер бала. Қазір Қосаралдағы нағашыларының қолында, мектепке барып жүр. Соны ойлағанда жатжұрттық болып осы кеткені кеткен-ау деп, Дүрәлінің ет бауыры кәдімгідей елжірей жөнеледі. Көріп тұрады. Інісінің аузынан түсе қалғандай сүп-сүйкімді өзі де. Сонан кейін де бұл сабазың қала жақта бір байға тиіп қайтты. Бүтін бір жылдай ма, әлде бір қыс пен бір көктем бе, әйтеуір бұл жолы баласыз сопа басы қайтып келді.  Қазір үйі – кеңсеге жақын сауыншы қатынның есігі бөлек бір бөлмесінде. Қаладан келген аты бар, сауатты деп бастық бұны кеңсеге отырғызып қойды. Жұмысының ыңғайы солай ма, әлде ана жақтың тәпсісі ұрып жел бітіп қайтқаны ма, бұрынғысындай емес, шолақтау киінетін болды.

Кеңседе жалаңбас отыратынды да шығарды. Дар­жанның жүріс-тұрысы ауыл қатындарының мысқыл­дауларына да біраз себеп болып еді, оның үстіне, енді бұны басқармамен әмпәй екен деген де сөз тарап жүр. Кім біліпті, шіркіннің тайтаңдауы жаман, солай болса – солай да шығар…

Дүрәлі есік-есік қораға біраз болжай қарап тұрып, сиыр деген кесір малдың заузатынан бері бір ылғалдап алған соң барып жұмысына бойы жазылып кірісіп кетті. Оншақты бау қамыс, бес-алты сырық пен шеңгел сүйреп алып келді. Қамысты буып, тығатын жеріне тығып, сырықпен белдеулеп, оның сыртына сүйкенбесін деп шеңгел қадады. «Бұл итің, ең құрыса, аптаға шыдаса болар еді-ау» деп арпалысып жұмысымен болып жүргенде қаладан келген әлгі кісілер мүлде есінен де шығып кеткен екен. Мырзалының шолақ ақ тон киген жалпақ бет, бұ жатыр дегенді қой, ұрыс дегенде ауылдың қатындарына дес беріп көрмеген шешесінің аузынан түсе қалғандай таңқы танау, жайын ауыз қара баласы екпіндей келіп:

– Көке, сені млитса шақырып жатыр, – дегенде жалт қарап, сасып қалғаны ғой, осы ауыл млитсаға бөгіп қалғандай:

– Қай млитса? – деді жұлып алғандай. Тәмпіштің де сөзі тастай:

– Қаладан келген млитса.

Бірінші сап ете қалғаны жердің түбіндегі «Екпіндіге» жұмсамаса болар еді-ау бұл әкімің, деген ой. Жолдан қиыс жатқан осы колхоздан талай өкіл өздері барғанды ауырсынып, ауданның қағаз нұсқауын беріп жіберіп, кері қайтатындары бар-ды. Ол қағазды бұл алып бармағанда кім алып барушы еді. Кер өгізбен «Екпіндіге» барып қайту да о дүниеге жаяу барып қайтумен бірдей болса ашуланбай қайтсін. Едірейіп тұрған балаға қол сілтеді.

– Бара бер. Есіттік! Басқарманы таба алмайды дейсің бе мені?

– «Тез жетсін», – деп жатыр!

– Бар дедім ғой. Бар! Өй, аузыңды… сенің. Менің жаналғышым сен бе ең? Дікектеуін көрмейсің бе? Басқарма болмаса, млитсаның шаруасы не менде…

Кеңсеге келсе, әлгінің арасында бұл жоқ кезде біраз оқиға болып қалғанға ұқсайды. Есіктің алды адамға толы. Бірсыпырасы кеңсенің күнгей бетін ықтасындап тұр. Балықшыларды қайтарып, малшыларды шақыртып алған. «Жиналыс өткізетін болды ғой бұл әкімдерің» деп ойлап қойды жақындағанда. Арнайы шақырған соң шұғыл тапсырма болды да деп әрі млитсаға бұрыннан таныстығын сәлеттеп, топты қақ жарып, тікелей бастыққа тартып бара жатқан. Есіктің аузында тұрған бағанағы қызыл жағалы сарауыз балаң жігіт алдын кес-кестей кеткені.

– Қайда барасың өңмеңдеп?! Кімсің сондай, а?!

Жаңа ғана осы жерге өзі әкеліп тастаған мына найсабы арада мезгіл өтпей көзі алашапыраштанып танымай қалғанына таң. Қолында жазып алған қағазы бар екен, соған қарап қойды.

– Кімі несі? Разнорабош, басқарма мүшесі Дүрәлі Егенсартып боламын да. Басқарманың арнайы шақыруымен келіп тұрмын.

– Егенсартов болсаңыз, былай… кішкене кідіре тұрыңыз, азамат. Жауапқа керек кезінде шақырамыз.

«Жауабы несі? Не деп көкиді-әй мынауың?» Тас төбесінен түскен зілдей мұз тұла бойын түгел жайлап сырғып барып бақайшағының ұшынан бір-ақ шыға қойғаны. Лезде пыш болып екпіні әп-сәтте қайта қойды. Іші қылп ете қалған күйі жайменен жылыстап барып шоғырдың қасына еніп еді, колхозшылардың да назарлары төмен, ұнжырғалары түсіңкі. Мәселенің нешік екендігінен ешқайсысы маңдытып хабар айта алмайды. Білетіндері біреу-ақ – басқарманы кассирдің темір торлы бөлмесіне қамаған да,басқарманың бөлмесінде үлкен уәкіл Даржаннан жауап алып жатыр, әлде басқарманы басқарманың өз бөлмесіне қамап, үлкен уәкіл кассирдің темір торлы бөлмесінде Даржаннан жауап алып жатқан болуы да мүмкін… Шамасы, осы жұрттың бәрін дүмелтіп жауап алуға шақырған. Бұл не жауап? Тексерушілер не нәрсе сұрайды, ауылдан халық жауы табылды ма, араларында Жапонның шпионы жүр ме, әлде біреу колхоз мүлкіне қол салды ма, ол жағы әзір қараңғы. Өткен қыста екі бұзауды арам өлтіріп, «Жаңа өмір» колхозының басқармасы мойнына төрт жыл, бақташы алты жыл алған, жазда Сталин колхозының пісіп тұрған егініне өрт тиіп, дығалдай он екі мүшесі ит жеккенге тартқан… Соларды ойлағанда Дүрәлінің іші шикі май ішкендей қылпылдай жөнеледі. «Әзірге колхозда мал жоғалған жоқ, тұқымдық азғантай астық қоймада, балық болса, аулағаны аулағандай үкіметке тапсырылып тұр… Сонда бұл не тексеріс? Айтпақшы, аралатпай асымдық балық алатындары бар бұлардың. Балық жейтіні болмаса, басқа шаруаның басында Дүрәлі жоқ. Балық колхозынан балық жемейтін колхозшыны қалай табарсың. Бұны неге шықырады? Айтпақшы, осы бықпыртты Шынайқыз біле ме? Ау, мұнда қанша халық топырлап тұрса, білмей не бопты? Әй, нағашысы оңбаған неме еді, білмейтін шығар. Отырған да басын тыр-тыр қасып қойып…. аузынан су ағып. Байын млитса шақырып жатқанын білсе, келіп бұнда не болып, не қойып жатқанынан хабар алар еді ғой нәлет… Айтпақшы, әнебір күні «жылымымыз майланып еді» деп, Шөмей бригад үйге тыраны аралас бір қап сары сазан беріп жіберген екен. Бұның жегені рас, ал колхоздың сол мүлкін алып жүрген майжамбас қатыны Шынайқыз. Оны түу ауданға жеткізіп жүрген қай сұмырай болды? Бұ жұрт колхоз жұмысына күні-түні жегіліп жүргеніңді көрмей, әлдеқандай бірдеңені көре қалатынын айтсайшы. Қазір халық жауы бола қалсам үйіме алып барып талтаңдатып қоя ма, кеңсенің басынан алып кете береді да. Соны білмей күйдіреді ғой бұл итің».

Көзі алақ-жұлақ етіп жылыстап алдымен топтың шетіне шығып алды. Онан бұрышты айналып күншуақта бүрсеңдеп тұрған үш-төрт адамға араласты. Үйге көзін салып еді, түтіні будақтап тұр. «Түсте байым тұмсығын жылытып, қарынын тойдырып кетеді» деп қара көжені тас-талқанын шығарып қайнатып жатқан ғой. Келер атаңның басын. Мыналар болса халық жауларын жинап жатыр. Сен болсаң – жайбарақатсың. Будақтат. Жетесіз қатын дегенді қойсайшы». Тісін қайрамай қайтеді енді.

Есік баққан млитса көрінбей қалды. Қара шинелін қымтанып, жан-жағына ұрлана көз салып тұрды да,күзде басқармаға ақ тақтайдан салынған әжетханаға бет алған болып сызып берсін. Оны сырт айналып, бытықы да шытықы аласа там, қоралардың ара-арасымен үйіне келсе, тап ойлағанындай Шынайқыздың қағанағы қарық, сағанағы сарық, ештеңеден хабары жоқ, бау қамысты ошақтың көмейіне ысырып қойып, шашы бұрқырап қызылшырайланып жетісіп отыр. Жайбарақат-ау, жайбарақат.

 – Әй, сен білесің бе колхозда не болып жатқанын?

– Не болып жатыр екен? – деп өзінен сұрайды сабазың. Жайбарақат-ау, со…ондай жайбарақат.

– Ажал саған! Ажал! Азаматтарды жинап, жауап алып жатыр! Ауданнан бір бастық, бір млитса келгенін көрдің бе? Басқарманы темір тордың арғы жағына қамап қойғанын білдің бе? Ал Даржанды басқармаға қамап… Мені де шақырып, сонда тұрмын. Кім ішеді сенің көжеңді? Айттым алма деп. Қоғам мүлкіне қол салма деп. «Бұл неғылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық». Транда, сазанда басы қалғыр! Же транды енді! Байың кетеді итжеккенге. Сен транға шашалып жат сонан соң. Әй, нағашысы оңбаған жетесіз! Ие бол ана балдарға! – деді де, санасына енді-енді ғана бірдеңе барып, үрпиіп орнынан көтеріліп келе жатқан әйеліне қайырылмастан есікті атып ұрып жүре берді.

Бүрсеңдеп шинелін қаусырынып жаңағы орнына келсе, әлі іштен шыға қойған адам жоқ. Кеңсенің шуақ жағын оңтай көрді. Бір кезде есік сарт ашылды да алдымен бешпентшең күйі Егенберген, онан кейін ауданнан келген аға өкіл шықты. Әлде үлкен өкіл басқарманы алдына салып шықты ма… Жұрт тартылыңқырап, бойларын тіктеді, шашырап тұрған топтың арғы етегі бері жиналып, есік жаққа құлықсыз ығысты. «Басқарма бір жаққа жұмсай салғандай бола ма» деген дәмемен Дүрәлі оның көзіне ілініп тұрмаққа бері жақындады. Алайда бастықта кісі жұмсарлық шама жоқ тәрізді. Мойнына су кеткендей, жүні жығылып болдырып қалған. Бағана көңіл аудармады ма, әлде жылы үйде біраз отырған соң әрленіп кетті ме, көз тоқтатып қарап еді,өкілдің сұсы жаман екен. Мұртының екі ұшы біздей, бірі салбырап төмен түсіп тұрса, екіншісі едірейіп көкке шаншылған. Көзі де зәрлі, ойнақшып орнында тұрмайды, аспанға бір, жұртқа бір, басқармаға бір жеп қоярдай тесіле қарайды екен.

– Жолдастар! – деп шаңқ ете қалды. Сұқ саусағы аспанда. – Бері. Бері таман жақындаңыздар.

Жұрт етек-жеңін жинап тағы да ілгері ысырыла түсті.

– «Қызыл балықшы» колхозының сәтсиалды мамләкәт орнатып жатқан қызыл сирақ пралетариат еңбекші халқына жалғыз-ақ сауалым бар. Сауал аса маңызды…. Маңызды болар себеп… жаңа жапырақ жайып келе жатқан кеңес өкіметінің «Қызыл балықшы» колхозында бар екендігін… не жоқ екендігін айғақтайтын саяси маңызды сауал… Сондықтан да жауапты тексерушілерді түлкібұлаңға салмау үшін саяси тұрғыдан аса сақ болып, жан-жақтарыңызға көздеріңізді ашып дұрыстап қарауларыңызды сұраймын, – деп бір тоқтап, қолын түсірді. Жұрттың бәрі олай-бұлай, бір-біріне, кейбірі үсті-бастарына дейін сезіктене қарады.

– Кеңсенің, сәбет кеңсесінің маңдайында р…р…ербалутсияшылдардың қанына боялған қызыл жалау бар ма, жоқ па? Міне! Маған осыны айтыңдар!

Өкіл бойшаң адам еңкейіп кіретін жыпырайған тоқал тамның маңдайшасына қолын қайта шошайтты. Маңдайша жалаңаш болатын. «Жо-жоқ-жо-жоқ» деген үздік-создық гуіл естілді.

– Еңбекші жолдастар! Анығын есітетін болайық. Дауыстарыңызды көтеріп айтыңыздар! Бар ма? Жоқ па?

 – Жоқ!

 – Жалау жоқ!

 – Көріп тұрмыз ғой бәріміз де.

– Жоқ нәрсені қалай бар дейміз.

– Өктәбір р…р…еболутсиасының даңқты жиырма жылдығын айғақтайтын ұран бар ма?

Әлгі жауап үздік-создық тағы да қай­талан­ды. Со кезде ауданнан келген біз мұртты Егем ағаны тап бала құрлы көрмей жеңінен шымшып қана ұстап жұрттан бес-алты қадам оңаша алып шықты-ау, ойбай-ай. Дүрәлі одан бетер шөге түсті. Басқарма болса – оқушы баладай тұқшырайып емпеңдей қалыпты.

 – Былай қара!

Ұнжырғасы әбден түсіп болдырған ол саусақ мегзеп тұрған төбеге еріксіз қарады да, көзін түсіре салды.

– Р…реболутсиашыл қырандардың қанына боялған қызыл жалау мен ұран бар ма?

Басқарма басын шайқады.

– Дұрыстап есіттіріп айт!

– Жоқ…

– Есіттіңіздер ғой. Ух, сабаташник! Кір ішке!

Айтатын несі бар, басқарманы бұндай кейіпте өмірі көрмеген Дүрәлі буын-буыны босап, мүлде қожырап кетті. «Ойбай-ай, осыншама қалың жұрттың таудай көріп арқа сүйеп жүрген басқармасының судан шыққан тышқандай сүмірейіп, әлдебіреудің алдына түсіп емпеңдей жөнелгені-ай».

– Бір де – бір адам кетіп қалушы болмасын. Түгелдей жауап бересіздер!

Басқарманы дедектетіп алдына салып ішке енді де кетті. «Тағы не дейді?»

Жиналған топ есік аузын күзетіп тұрған млитсадан аулақтау барып дауыстарын көтермей өзара күбірлесе бастады.

…Қазан төңкерісі мейрамының алдында ауданнан арнайы, біреу айтса он, енді біреу айтса, елу метр қызыл сәтен жіберілген бе, Құдай-ау. Сол сәтен ұшты-күйлі жоқ. Матаның түбіне жеткен адам болса, әрине ол – басқарманың қатыны мен Даржан. Ондай жаңа затқа осылардан басқа кімнің қолы бата қойсын? Өзгедей суық қол сұғылатын саңылау жоқ. Дүрәліге жіптің ұшы енді-енді ғана көріне бастағандай, алайда қатындардың сөздеріне құлақ түріп, дым білмегенсіп, әліптің артын бағып тілін тістеп тұр. Аралатпай көтеретін қазаны мен әнебір жолы артықтау келетін бір қап балықтан әлі де сезік алып, бәле сол балықтан келмесе қайтті деп, шикі май ішкендей мазасызданып тұрған. Әңгіменің жүзі әрі ауған соң аздап болса да тыншиын деді. Алайда мына жиенге құрық дұрыстап түскен сыңайлы. Осыдан екі жыл бұрынғы бұл сайланатын жалпы жиналыста арғы беттің Тоғамыс бастаған тобы арқилы сылтау айтып, мынауың басқарма бола алса нетті деп өңештеп-ақ еді. Суық із сол жақтан тартпаса игі…

Бұлар сөйтіп әрі-сәрі күйде тұрғанда ойқастап Даржанның шыға келгені. Жұрт хабар білгілері келіп солай лоблыды. «Не дейді? Не сұрайды? Өздері не тексеріп жатыр?» Жүзі алаулап тұлан тұтқан келіншек жүре қаусырынған күйі ләм-мим деместен тура үйіне тартты.

– Егенсартов Дүрәлі!..

Қолындағы тізімге қарап тұрған млитсаның дауысы пәлендей зәрлі болмағанмен Дүрәлі селк ете қалды. «Менен бұрын күтіп тұрғандар бар емес пе еді?» деп ойлауға ғана шамасы келген. Екі айтқызып көрмеген аяқ солай қарай жылыстап жүре берді.

– Мындамын…

– Жауапқа кіріңіз!

Мұрнын тартып жіберіп, іштей: «Бисмиллә, иә, әруақтар, өздерің жар бола көріңдер» деп тілін жолай кәлимаға келтіріп, табалдырықты оң аяғымен аттады. Дәлізге кірген соң да қаңғалақтап кетіпті. Сартылдап күнде кіріп-шығып жүрген ішкі есікті қалбалақтап таба алмай қалғаны. Тауып еді, құрымағырдың тұтқасы біразға дейін қолға ілінбей…

– Саурық Күлкеніп жолдасқа кіріңіз. Ол жақта емес. Былай! Сол жағына!

«Ә… мында екен ғой». Босағадан ене бере: «Ас…салау…мағалейкүм…» деп аузын толтырып сәлем берді де, мұрнын тартып тастады. Бағана ғана адасып жүрген жерінен осы жерге әкеліп салған екі адамының бірі бұны да мүлде танымайды-әй. Шақшиып қарағанда көзі өңменнен өтіп кетеді. Сәлем алумен де шаруасы жоқ.

 – Егенсартовсың ба?

 – Егенсартоппын, ағай. Колхозда разнарабош. Бағана сіздер… жол білмей тұрғанда… Канторға бастап әкелген колхоз мүшесі.

– Егенсартов болсаң, оның үстіне прабление мүшесі болсаң, сәбеттің мекемесін сыйлау керек. Сендерге ондай үгіт айтылмай ма өзі, немене? Ал, басыңдағыны!

Бұл ескірген соң ауыр тартып, тықырланып қалған құндыз құлақшынын жұлып алды да,тартылыңқырап тұрды.

– Сен приемныйда күтесің. Мына кісімен куәсіз сөйлесуім керек.

Сонда барып көрді, бұрыштағы ұзын ағаш орындықта екі бүктетіліп отырған басқарма сылбыр көтеріліп, үн-түнсіз шығып кетті. Дүрәлінің іші езіліп аяп кетті. «Пақыр-ай десейші. Сорлы неме, сорладың-ау».

– Бері жақында.

Құлақшынын умаждаған күйі ептеп қана екі қадам ілгері басты.

– Егенсартов боламын де…

– Иә. «Қызыл балықшы» колхозының басқарма мүшесі оперативный белсенді разнарабош Дүрәлі Егесартып боламын. Колхоздың алғашқы мүшелерінің бірі. Басқарманың нағашылары болып келеміз.

– Та…к. Та…к. Колхоз тер…р…итор…риасында былтырдан бері ілінген қызыл жалау, қызыл ұран бар ма?

– Қызыл жалау да жоқ, қызыл ұран да жоқ.

Құлағы бұнда. Өзі қаламсабын сияға батырып алып, басын қисайтып тастап қағазды сықырлатып сүйкектетіп отыр. Сұрайды. Жазады. Сұрайды. Жазады. Жазып-жазып отырды да,тағы бір сұрақ тастады:

– Колхозда кейінгі кезде қызыл дамбал киген адам бар ма?

Сол кезде басын көтеріп бұған шапыраш көздерін атыстыра-шабыстыра мұртының бір шалғысы көк, екінші шалғысы жер тіреп тіп-тік қадалғаны. «Ойбай-ау, мына итің… бәрін біліп отыр ғой». «Іштей сыбағанын естіп қалмады ма екен» деп қыпылдап қояды.

 – Бар!

– Ол кім?

– Ол басқарманың хатшысы, біздің бұрынғы келін, інімді ат теуіп өлтірген соң қаладағы тиген байы халық жауы болған Даржан.

– Пәмилесі?

– Пәмилесі – Жамаладеноба. Қаражалдағы ауылсовет Ертуғанның туған бөлесі, мына Қосаралдағы кекіреуік Жамаладеннің ортаншы қызы…

– Әлгі киімді өз көзіңмен көрдің бе?

Дүрәлі ыршып түсті.

– Жо…о…оқ, Құдай сақтасын… Келіннің іш киімі ғой. Оны қалай көресің.

– Көрмеген екенсің, ол азаматшаның жаңа дамбал кигенін, ол дамбалдың қызыл екенін қайдан білдің?

«Ойбай-ау, тағы сондайы бар ма еді?»

– Аял айтып отырған. Бұлар бірін-бірі біледі.

– Шантаж емес пе?

– Жоқ, шанташ дамбал емес. Қызыл дамбал.

– Пәмиласы кім дедің?

– Өз пәмиласы ғой.. Жа… мала…деноба.

Мұрнының астынан: «Бұны да анықтаймыз, – деп қойып, әрі қарай сүйкей берді. – Анықтаймыз». Қағаз біршама жазылып болды-ау дегенде басын көтерді.

– Осыдан он-он бес күн бұрын колхоз мүшелерінің жалпы жиналысы болды ма?

– Жиналыс дегенің Құдайдың құтты күні ғой. Ауа-райының құбылып тұрғаны мынау. Балықшылар «теңізге шықпаймыз»,– дейді. Қора тесік, мал болса арық, сүт дұрыс сауылмай жатса, жиналыста қарамай қайтуші еді. Кеңсайдағы екі мая шөп әлі де жеткізілмей мал жеп ол жатыр. Күн сайын түн жарымына дейін колхоз шаруашылығын талқылап отырамыз. Әйтеуір бара төсекке құлаймыз ғой.

– Мен ұлы кеңес сотсиалды төңкерісінің жиырма жылдығының құрметіне өткен жиналысты сұрап отырмын. Өтті ме?

– Өтті. Айтып тұрмын ғой. Бізде күнде жиналыс.

– Қайталаймын. Сотсиалды төңкеріс құрметіне өтті ме?

– Төңкеріс құрметіне де өтті.

– Баяндама жасаған кім?

– Бізде жиналыстағы баяндаманың бәрін де басқарманың өзі жасайды. Бригадтардан сұрайды. Ұрысатынына ұрысады. Керісетініне керіседі.

 – Не айтты сонда?

– «Сотсиалды құрылыс саламыз. Құрылыс мықты болады»,– дейді. Біз «дұрыс» деп қол шапалақтадық.

– Шығып сөйлеушілер болды ма?

– Бізде шығып сөйлейтін адам жеткілікті ғой. «Колхозға трактор сатып алу керек. Аудан мына алақол дүкеншісін алып кетсін. Кеңсайдағы екі маяны қалай да жеткізіп алу керек»,– деп талай сөйледік. Сонан кейін осы біздің колхозға шана жетпейді. Хамыт, ер-тұрман… Жермай да таусылып тұр.

– Еңбекшілерге сыйлық берілді ме?

– Не қылған сыйлық?

– Мейрамның құрметіне…

– Не мейрам?

– Сотсиалды төңкеріс құрметінің жиырма жылдығына.

– Көргенім жоқ.

Дүрәлі басын шайқады. Өкіл енді екінші жағына қисайып тағы жазды.

– …Сонымен кеңсенің маңдайында қызыл жалау бар дедің бе?

– Жоқ! Олай дегенім жоқ!

– Қызыл матаға жазылған ұран ше?

– Жоқ. Болған емес.

– Осы айтқандарыңды куәландырасың ғой. Қағазға солай деп жазамын.

– Куәландырамын. Тап солай жаз, өкіл жолдас. Колхозға кемінде екі шана керек, ер-тұрман, жермай… Қызыл ұран жоқ, қызыл жалау да жоқ.

Жазып болғаннан кейін «Бермен жақында»,– деді. Амал кәні, үркектей жақындады.

– Мына жерге қол қой.

Дүрәлі онсыз колхоздан еңбекақы ала алмайтын болған соң баланың үлкенінен алдыңғы жылы қол қоюды әрең үйренген-тұғын. Онан бері бар болғаны екі-үш-ақ рет қол қойған. Басқарманың жуан ағаш қаламсабын бар күшін сала бүре ұстап, ысылдап-пысылдап терлеп-тепшіп саусағымен нұқып отырған алаңға хамыт тәрізді етіп «Д» әрпін, онан кейін еңгезердей етіп «Е» әрпін салды-ау. Шаруа тәмамдалған кезде жауап алып отырған кісіге бұл бейнеттен құтылғанына риза пейілмен ыржия қарады.

– Боссың.

– Қора жөндеп жатыр едім. Жұмысыма бара берем бе?

–  Бар бер.

– Басқармаға айтам ба?

Өкілдің көзі шақырайып кетті.

– Нөл сенің басқармаң! Нағыз көзбояушы. Білдің бе? Ал сен ауылдан ұзап шықпайтын бол. Іздеген кезде табылмай жүрме. Бізге керексің.

Дүрәлі селк ете қалды. «Мына итің шындайын деді-ау».

– Құп. Күндіз сиыр қорада, кешке үйде боламын. Басқарманың өзі біледі.

Сыртта дүмеліп тұрған жұрт жамырай сауалдың ортасына ала кетті. «Не дейді? Не болды? Не сұрайды?» Бұл да Даржанға ұқсап ләм-мим тіл қатпастан босағаға сүйеп кеткен айырын іліп алып, топты қақ жарып кеудесін асқақ ұстаған күйі бірден сиыр қораға тартты. Олай ететін себебі – үн-түнсіз жүрген адам маңыздырақ болады.

…Жұмысын тап-тұйнақтай бітіріп, қараңғы әбден қоюланған кезде үйіне келсе, Шынайқыз манағыдай емес, жай-жапсардан хабарланып тіріліп қалыпты, тұлан тұтып үйге сыймай бұрқ-сарқ қайнап жүр. Бұны көрген бойда тиегі ағытылып басын бермей кетті дейсің.

– Бұл жеті жұртты құртқан сайқалды қой. Сайқал! Беті кесілгір сайқалдың нақ өзі. Өл де маған кел. Бір байға тиді, оны құртты атқа тепкізіп. Екі байға тиді, халық жауы етіп бұның да көзін жойды. Енді міне, елге қайта келіп, тұп-тұнық отырған халықтың лайын шайқап… Басқарма қайнағаның түбіне жетті де тынды, әне. Ә, беті кесілгір! Жүзіқара бетпақ. Бұндай жүзіқара көрсем бар-ау, екі дүнияда оңбай кетейін. Қарабақ! Жүрген жері от қой! От! От емес, бір өрт! Қайнағаның алдында бөксесін олай бір тастап, былай бір тастап бұралқы иттей бұлаңдауы жаман еді. Сөйтсе, бұның түбіне жетейін деп жүр екен ғой арам сайқал. Әнекей, жетті де тынды. Бұл бар-ау, адамды жүзіқара етіп жаратқасын қой.

Тұлан тұтып езуі көпіріп кеткен. Шарықтап-шарықтап бәсеңсіді-ау деген кезде:

– Не ол? – деді.

– Ойбай! Не несі бар? Қайнағаны қамап тастады ғой.

– Не дейді?!

– Осы әнекей! Осы! Түбіне жеткен деген осы!.. Бұдан артық не керек енді.

– Қайда қамады? Бізде түрме бар ма еді?

Дүрәлі түсінбей қалды. Қамай қойса, қалаға алып кетіп қамауға тиіс еді. Бұл ауылдан оны қамай қоятын түрме қайдан табыла кеткен?

– Қоймаға. Кілтін млитса қалтасына салып алып, аузында тұр.

Енді ғана шешініп жатып:

– Неге? – деді көзі ұясынан шығып.

– Негесі несі! Сәбеттің қызыл жалауынан ойнасына дамбал тігіп кигізсе, қамамай қайтеді?

– Шоқ тіліңе! Шоқ! Оңбаған найсап! Нағашысы жаман найсап! Жатыры жаман найсап! Оның сәбеттікі екенін қайдан білдің?! Ие бол тіліңе.

– Қызыл сәтенді аудан сәбетке жібермей Даржанға дамбал тігіп киюге жібере ме? Не ойлайсың өзің?

Дүрәлінің көзі атыздай болып шешіне алмай қалды. Мына қатынның сөзінің жаны бар тәрізді. «Сонда ана… тігіп киетін қызыл матаны шынымен аудан жібергені ме?»

– Оны кім айтып жүр саған?!

– Үкіметтің білмейтіні жеті қат жердің астында. Қалай білгісі келсе, солай білген. Білмесең, білмейтін сен. Ал аудан бәрін де біліп отыр. Таудай болған қайран қайнағаны тышқандай млитса тапа-тал түсте жұрттың көзінше айдап барып, қамады да тастады. Ал, не істейсің! Сөйтіп атам балалары тірек етіп отырған жалғыз азаматтың түбіне жетті де тынды қара қаншық. Салдақыға жаңа дамбал киіп, ауынан жел ескен есік-есік бұты бүтінделсе болды да. Ол қаншыққа керегі сол. Өл де маған кел.

 – Жап аузыңды жатыры жаман найсап! – деп қыдаңдады Дүрәлі.

– Жабайын, жаппайын, болары болды. Іс тынды. Қайнаға кетті енді құрдымға. Төрт бала қалды шулап.

…Берекелері кетіп, кешкі астары бойларына сіңбей қойды. Әлдеқалай тықыр естілсе, есікке бір, терезеге бір қарайды. Тіпті болмаған соң Шынайқыз шырпы сылтауратып екі-үш көршіні жағалап қайтқандағы жеткізген жаңа хабары млитса бағанағысындай абақтыда жатқан басқарманы күзетіп тұр да, майшамның сөнбегеніне қарағанда өкілдің үлкені кеңседе кісілердің әлі жауап алып отыр. Жауапты нақты кімнен алып отырғаны белгісіз, өйткені бұл кеңсе жаққа жақындай алмай сыртынан айналып өткен. Адам қарасы бар сияқты.

– Құрсын. Жатайықшы, – деді шыдамы таусылған Дүрәлі.

Онсыз да үрейленіп отырған Шынайқыз бұған келісе кетті.

– Сөйтейікші өзі. Жаман күнді жатып тыңда деген. Ө… беті кесілгір сайқал. Тып-тыныш отырған жұртты бүлдіріп қойғанын көрмейсің бе?..

Жеделдетіңкіреп төсек салып, жатуға ыңғайлана бастаған кезде ит шабалаңдады. Тықырлап есіктің алдына біреу келді, қақты. Бұлар біріне-бірі үнсіз қарап, демдерін ала алмай тым-тырыс құлақ түріп отыр. Іштен хабар болмаған соң әлгі жалаңқабат терезеге келді.

– Кім бар? Егенсартовтың үйі осы ма?

Ауылдағы жалғыз Дүрәлінің үйін білмей жүргеніне қарағанда сырт адамы тәрізді. Шынайқыз амалсыз орнынан тұрып, шамды қайта жағуға мәжбүр болды. Дүрәлі қолы қалтырап жаңа ғана шешкен шалбарын әрең тауып киіп, тәнтіректеп барып ілмешекті ағытты. Ашса,есіктің аузында бағанағы млитса тұр. Басында қызыл шәпкі, жағасы қызыл, хром етікті, өзі сұсты.

– Кімнің үйі деймін?

Дүрәлі жауап қата алмай тұтығып қалды. «Мына ит түсте көрген адамын кешке ұмытып қалатын бәңгі ме немене өзі?»

 – Мен сенен сұрап тұрмын. Бұл кімнің үйі?

 – Бұл ма,бұл… «Қызыл балықшының»

басқарма мүшесі, разнарабош…басқарманың…Егенсартып Дүрәлі деген колхозшысының үйі.

Млитса ішке кірді.

– Егенсартов сен боласың ғой?

– Мен ғой. Мен. Соның өзі.

– Киін! Кеттік!

Үрпиіп тұрған Шынайқыз кемсеңдеп қоя берді.

– Ойбай-ай, мына қатынның зарын-ай, құртты-ау ақыры. Түгел құртайын деді-ау. Қараңдап жүрген қарағым едің, сен де халық жауы болып кете бергенің бе. Ойбай-ай! Не бетімді айтайын, қай бетімді жыртайын.

– Қой-ай, айал. Қой. Шошытпа жұртты…, – деген болды Дүрәлі бар қайратын жинап. Алайда дауысы құрымағыр тарғылданып осалдау шықты. Өзі мұрнын қорс-қорс тартып қойып, күйбеңдеп киіне бастады. Басу айтқанмен,іші Шынайқыздың қаттырақ дауыстағанын жақсы көретін тәрізді. Млитса шақ ете қалды.

– Қай жақтағы халық жауы! Азаматша, панимаеш… Сен өзің не деп оттап тұрсың! Бұл кісіге колхоздың белсенді мүшесі ретінде халық жауын күзету сеніп тапсырылған! Сен өйтіп колхозшылардың арасында үрей туғызба! Панимаеш… Соншама боздағаны несі-ай.

– Ә, бәсе. Солай шығар. Контордағы Даржан деген сайқалдың не бүлдіргенін далада жүрген бұл қайдан білсін. Бәсе… Басқарманы күзете ме? Ойбуй, бетім-ай. Қайнаға қашып қайда барушы еді. Күзетсе күзетсін.

– Тоқтат, азаматша! Сенен ақыл сұрайтын ешкім жоқ.

Млитса бұл кезде қара шинелін иығына сұға сап, басына зілдей құлақшынын тастап жіберіп көзі аларып, құты қашып, Сібір болса да жүріп кетуге дайын тұрған Дүрәліні алдына салып айдады да кетті. Сол бетімен жеделдете басып отырып бұрнағы жылдың жазында қам кірпіштен өздері салған қоймаға алып келді. Қойманың төрінде колхоздың тұқымдыққа сақтап қойған болмашы арпасы мен сұлысы, әзір талғажу етіп отырған бидайы, оның бергі жағында жылым, құрал-сайман тәрізді көр-жер бықырсып жататын. Млитса мойнын созып терезеге қарады, құлыпты аударыстырып көрді де, қалтасынан кілт алып, есік ашты. Тас қараңғы қойманың ішіне басын сұғып дауыстады:

 – Тұтқын, Жұмабергенов!

– Иә… – деген солғын үн арғы жақтан созылыңқы естілді. «Ойбай-ай, мынау Егем-ағаның дауысы ғой. Қойдан қоңыр болып қалыпты-ау…» Дүрәлі ештеңе көрмесе де ілгері ұмтылды.

– Аға, жағдайың қалай? Бұл мен ғой, Дүрәлі. Өзім күзететін болдым, аға-ау. Қорықпа.

Млитса ішке қарай емініп тұрған бұның қарынан шап беріп кері қарай жұлқып қалды:

– Тоқтат сөзді! Тұтқынмен сөйлесуге кім ұлықсат етті! Панимаеш…

– А… а… Солай ма? Жағдайын білмеймін бе енді…

Млитса қаусырма есікті жауып, қара құлыпты салдыратып қайта салды. Кілтін салмақтап тұрып қалтасына сүңгітіп жіберді де, бұған бұрылды.

– Мен жауынгерлік шұғыл тапсырмамен кетіп барамын. Бұл жұмыс осы мәменттен бастап саған тапсырылады, Егенсартов жолдас. Тұтқын қашып кетсе, әлдекіммен сөйлесетін болса, мына басыңмен жауап бересің. Абай бол, – деді де, жедел басып қойманы айналып кетті.

Бұл үн-түнсіз күйі тас қараңғыда шошайып жалғыз қалды. Иығына асқан мылтық жоқ. Ең болмаса,қолда айыр болсайшы. «Біреу-міреу келіп, тұтқынды – Егем-ағаны  босатып алып кетпекші болса, не істейді?»

Ел орынға түгел отырған. Айнала тым-тырыс. Адам аяғы әлдеқашан басылған. Үйлердің көбінің шамдары сөнулі. Түн болса – қас қылғандай көзге түртсе көргісіз. Арқадан бірсыдырғы жел сылқып соғып тұр. Ет қызумен білмепті, шамалыдан кейін тұла бойы тоңазиын деді. Қара шинелінің жағасын көтеріп, жеңіне қолын сұғып жіберіп, бүрсеңдеп бұрыш айналып ықтасынға барып тұрды. Бұл жерден тұтқынның әлдеқандай шығып кетуі мүмкін темір торлы терезе де, бұрыштан мойынды созсаң есік те емін-еркін көрінеді. Біраздан кейін жаман тонын киіп шықпағанына өкінді. Ескі де болса,тонның аты тон еді. «Өйтуге мұрса болды ма? Ойбай-ау, итжеккенге тікелей айдай жөнеле ме деп шыбын жаны бақайшағына кеткен жоқ па? Жүгіріп барып киіп келе қойса қайтер еді? Қашып қайда барады? Үйелмені, ағайын-туғанының бәрі осында. Өзінен сұрайыншы». Дірдектеп тұрып бұрыштан басын шығарып есікке қарап қойды. Сонан кейін демін ішіне тартып, терезе жаққа құлақ тосты. Құлақ тосатын себебі – жуан темір торлы терезенің бір көзінде әйнек жоқ, бала-шаға болмаса ересек адам симайды, мысықтың емін-еркін кіріп-шығып жүргенін талай көрген. Іш жақтан ешқандай дыбыс естілмейді. «Бейнеті бес елі болған сорлы-ай, сорлап қалды-ау. Отыр ма екен, әлде қаптың үстінде шынтақтап жатыр ма? Өзінен сұрап кетпесем, қайтемін енді».

Сөйтіп бір жағына құлағын түріп, екінші жағына көзін салып екіұдай болып тұрғанда біреу өзінің атын атағандай. Селк етті. Жарға жабыса қалып құлақ түрсе, дауыс терезе жақтан келетін тәрізді. Тағы да баяу қайталанғанда барып білді – Егем-ағаның кәдімгі қоңыр дауысы. Жан-жағына жалтақтай қарап, аяғыңын ұшымен басып, терезеге барса, Егем-аға білектей темірге жабысып телміріп тұр екен. Аяп кетті.

 – Жайша ма, аға?

 – Жай… жай… Әлгіңнен хабар жоқ па?

– Кеңсеге кетті ғой, содан келмей жатыр. Шұғыл тапсырмам бар дейді. Басеке, тонымды киіп келейінші. Шыдайтын түрім жоқ. Мына суық сай сүйегімнен өтіп барады. Жаңағы ит таң атқанша келмесе өлем ғой. Есікте құлып… екібастан шыға алмайсың. Кілтті өзі алып кетті. Жүгіріп барамын да қайтамын.

– Бар, тез киініп қайт. Сонан кейін… мынадай маңызды шаруа бар. Тыңда. Міндетті түрде соны бітіре кел. Құлағыңды бермен алып кел. – Дүрәлі құлағын дереу тесікке тоса қойды. – Құстай ұшып алдымен Даржанға бар. Менің атымнан былай де: таң атқанша қызыл жалау қалай да кеңсенің маңдайында тұрсын. Не дедім?

– Қызыл жалау кеңсенің маңдайында тұрсын. Таң атқанша, – деп сыбырлады бұл.

– Осыны өзіне айт та, жедел қайт. Сорлы неме, сен де шатылып қалып жүрерсің. Баруыңнан қайтуың шапшаң болсын.

– Құп болады, Егем-аға. Барамын да қайтамын. Өзің ешкіммен сөйлесіп жүрме.

Даржанның үйі деген не мына тұрған жер, бес-алты тамнан кейін, кеңсенің арғы ылдиында. Алдымен басқарманың шаруасын бітірмек болып жан-жағына ұрлана қарап, үй-үйдің арасымен емпелеңдей жөнелді. Келсе шамы сөнбеген екен, бұндай қуанбас. Кендір жіппен ілулі тұратын ергенекті ағытып тастап, терезеге барып, саусағының ұшымен жайменен ғана тысырлатып шертті. Перде сәл қимылдағандай болды да, сәлден кейін есіктің темір ілмешегі сылдырады. Жалғыз өзі тұратын Даржаннан өзге кім болушы еді, есік аузына жетіп барды да ашылар-ашылмастан асығыс-үсігіс:

– Даржан, – деді,– а, Даржан! Басқарма жіберді, «таңертең қалайда қызыл жалау кеңсенің маңдайында тұрсын»,– дейді. Жарай ма? Қызыл жалау қалай да кеңсенің маңдайында тұрсын. Есіттің бе? Ал мен кеттім. Егем-ағамды қарауылдап тұр едім, тонымды киіп алмасам ұшып барамын.

 – Тоқта! Кім бұл?!

Есіктің арғы жағынан еркек дауыстың гүр ете қалғаны. Дүрәлінің төбесінен жай түскендей, көзі алақандай болып қайырылып қараса, әлгіге – Даржан емес, бөгде бір еркек кісіге – шамның себезгілеген сәулесі түседі. Шашы бұрқырап тұр. Өзі – көйлекшең. Біртүрлі таныс дауысқа ұқсайды. Тағы аңғарғаны, ашқарын адамға аңғарылмасын ба, шыжғырған майдың иісі бұрқ ете қалды. Бұл сол күйі көткеншектеп барып бұрыштан қайырылып жорта жөнелгенде анадай жердегі белуардан ғана келетін әжетханадан жіңішкелеу біреу ышқырын жолай көтеріп асығыстау шығып келе жатыр екен. «Немене бұл? Мына қатын әкесіне құран оқытып жатыр ма? Еркек қаптап кетіпті ғой». Енді үйіне бұрылуға мұрсасы келместен апалақтап тікелей қоймаға тартты. Күзет орнына есен-аман жеткен соң да атқақтаған жүрегін баса алмай біраз тұрды. Енді-енді ақылға салып көрсе, іштен шыққан жуан дауыс өкілдің үлкеніне келіңкірейді. «Өйтіп өкіреңдей жөнелетін кім бар еді бұл ауылда? Бағана жауап алғанда шашы бұрқырап отыр еді-ау. Мұрты шаншылып… Анаусы қынама бел, сыпсың. Ой, атаңа ғана нағылет млитса бала болды ғой. Жауапты тағы Даржаннан алып жатқаны. Өзіне де сол керек. Тап бүгін, оның үстіне, түн ортасында әкесіне құран оқытып жатыр деймісің…» Солай ойлағанда көзінің алды қарауытып сала берді. Ой үстінде тұрған тұрған Дүрәліні басқарма шақырмағанда терезеге жақындауға да жоқ еді. Құлақ түріп отырған ол бұның ентелей жеткен дүрсілін есітіп отырған болуы керек, іштен:

– Дүрәлі! Ау, Дүрәлі, – деген дауыс екі-үш рет қайталанды. Сонда барып жан-жағына жалтақтай қарап аяғының ұшымен басып терезеге жақындаған.

 – Айттың ба?

– Айттым… – деп тесікке басын сұғып жіберіп сыбырлады. – Үйінде кісі бар екен…

– Қайдағы кісі?..

– Ауданнан келген үлкен өкіл… Оборныйдан млитса бала шығып келеді, нәлет жауғыр… шамасы, ол қатынның әкесін танытып екеулеп жауап алып жатыр.

Ә…ә… Жарайды.. Құлағына тисе, бір амалын жасар…

Сонымен әрі кетті де қойманың бұрышына сүйеніп тұрып қызметіне қайта кірісті, алайда ой құрымағыр тызақтатып маза бермейді. Бірі былай тартса, енді бірі былай тартады. «Бұлар өзі демалмай түн ортасында да тексере бере ме қалай сонда?.. Ауданнан арнайы келген жұмысы сол… Өзі заң орны… Млитса… Тудың түбіне жеткен Даржанның нақ өзі болса, сөйтпей қайтеді енді? Ананы… Сыпырып алып, тығып тастамаса… О қатыннан шығады бәрі…»

Шай қайнатым уақыт өтті ме, өтпеді ме, кеңсе жақтан қараңдаған біреудің сүлдесі көрінді. Екпіні қатты. Млитсаның өзі екен. Келе тиісті дейсің.

– Айыпкер Жамалидиновадан жауап алынып жатқанда сырттан аңдып жүрген сен бе?

Бұл үндеген жоқ. Мойнына су кетіп кең шинелінің ішіне сүңги түсті. Ит неменің жасы кіші болса да, сөзі өңменінен өтіп барады. Жатыры оңбаған болды-ау, шамасы.

– Сен бе деп сұрап тұрмын?

– Иә.

– Неге барасың?

– Басқарма жұмсап…

– Енді басқарма емес, ол тұтқын! Панимаеш.

– Тұтқын жұмсап…

– Не деп тапсырма берді?

– Қызыл жалауды ілсін дейді.

– Ух, авантюрист! Қарай гөр бұларды! Арганизованный йашейка әкәзібайтса. Ух, зладей. Бізді алдап соққысы келеді, ә? Алдатармыз саған. Жатып алып істеп жатқанын қарашы, әй! Осы авантюраға жауап беретініңді білесің бе өзің? Жауынгерлік тапсырмаға жауапсыз қарағаныңа мына басыңмен жауап беретініңді білесің бе деймін?

Абырой болғанда оң жамбасында құмандай болып тұрған тапаншасын суырып алып сонымен түртпей, жасы үлкен болған соң сыйлаған шығар, сұқ саусағымен ғана шекесінен нұқып жіберді.

– Тұтқын бар ма өзі? Босатып жіберген жоқсың ба? Кілең контра ұйымдасып…

Жалма-жан қара құлыпты сылдырата бастады. Есікті сәл ашты да, ауылды басына көтеріп айқай салды.

– Тұтқын Жұмабергено….ов, Жұ… ма.. бергено…ов деймін!

Арғы жақтан «иә» деген дыбыс баяу естілді. Көңілі бірленген млитса есікті қайта қаусырып, құлыптай бастады.

– Сендерге ешқандай істі сеніп тапсыруға болмайды. Колхозды жайлаған ылғи контр… арганизованный иашейка. Панимаеш. Ертеңгілік сегізде нөл-нөлде кеңседе боласың… Саурық Күлкеніш жолдастың тапсырмасы солай. Ұқтың ба?

– Ұқтым, жолдас млитса.

– Ұқсаң бар!

Өзі үркектеп, әрі дірдектеп тұрған Дүрәлі «Жарайды!» – деді де, құтылғанына Құдайға жеті күлше айтып үйіне қарай емпелеңдей жөнелді. «Онсыз да күнде жиналып жүрген кеңсеміз емес пе… Несін айтады оның…»

…Ертеңгілік желкесінен біреу түйгіштеп келе жатқандай кежегесі кері тартып, аяғын сылбыр басып, өзінен бұрын жиналған төрт-бес адамның шетін ала тұрды. Мына есіктен енді қандай үрейлі хабар шығып, тағы кімнің қамалуы мүмкін екендігінен бейхабар жұрт кешегіден де тұнжыраңқы. Кеңсенің маңдайшасында бір құлаштай ағаш сапта қол басындай қызыл жалауша шолақ етегін бұлғап қояды.

Топ қарасы молайды-ау деген кезде іштен Саурық Құлкеніш өкіл, милитсия, таңқаларлығы сол, түнде ғана тұтқындалып қоймада қамаулы жатқан Егемберген аға шықты. Қол-аяғында кісен жоқ, көзі үңірейіп, түсі жүдеулеу көрінгенмен, кәдімгі күндегі қалпы. Мұны көрген жұрт қобыр ете түсті. Дүрәлі өз көзіне өзі сенбей екі езуі екі жаққа кеткен күйі топты кимелей жарып келіп:

– Егем-аға, ассалаумағалейкүм! Өз жұртыңызға қосылдыңыз ба әйтеуір? Құдайым құтты қыла гөр. Адамның зәресін алды ғой… – деп үлгерді. «Мына атаңа ғана нағылеттер…» дегенді әрең тістеп қалған.

Басқарма үндемеді. Өкілдің үлкені қабағын түйіп бұны әрі қақпайлайды.

– Қысқарт! Бар әрі!

Табалдырықта жұрттан биік тұрған ол солай деді де, жиналысты бірден бастап кетті.

– Жолдастар! Өздеріңіз білесіздер, езілген пролетариатқа бақыт алып келген октәбірдің ұлы төңкерісінің жиырма жылдығын бүкіл сәбет халқы, тек сәбет халқы емес-ау, бүкіл дүниежүзінің ақ тілекті еңбекшілері, зор қуанышпен тойлағанына санаулы-ақ күндер өтті. Жер жиһанның езілген халқы аса зор саяси өрлеу үстінде тойлап жатқан осы мереке «Қызыл балықшы» колхозында да шаттықпен тойланды. Еңбекші бұқараның мәртебелі жиналысы өтті, стақановшылар бәйге алды. Ұлы октәбір риболутсиясы еңбекші бұқараның қанымен келген бізге! Соны ешқашан да ұмытушы болмайық, жолдастар! Оны ұмыту саяси сауатсыздық, атам заманнан бері бүкіл жиһан пролетариатының қанын сорып келе жатқан ымпариализмнің итаршысы болу деген сөз. Сәбет өкіметінің мызғымас белгісі – еңбекші халықтың қанына боялған мынау қызыл ту бұқарасының жүрегін жылытып мәңгі желбіреп тұрсын! Өрә! Жолдастар! Өрә!

Қол созып тұрып сұқ саусағымен жалаушаны көрсетті. Жұрт бытырлатып үзік-үзік қол соққан болды. Өкіл қолтығындағы папкасының ішінен қол басындай қағаз алды да, оны бұрышынан іліп жоғары көтерді.

– Кейбір жергілікті белсенді жолдастар саяси қырағылық көрсетіп, еңбекші бұқараның қанына боялған сол қызыл тудың нақ мерзімінде ілінбегенін ауданға жедел хабарлады. Онысына мың да бір рақмет! Нағыз саяси белсенділік, пролетарлық көрегендік деген, міне, осы. Соның арқасында ауданнан арнайы жіберілген қызыл ту көз алдарыңызда желбіреп тұр. Мынау не, ту ма, ту емес пе?

Жұрт мұрындарының астынан «Ту ғой», «Тұр ғой», «Тұр», «Тудың өзі» деп баяу қобырласып басылды.

– Ту болатын болса, әңгіме қысқа. Қысыр сөзді қойып, еңбекке жаппай жұмылайық! Ауткомның төрағасы Өтегелді Бейсенбаевтың тікелей өз нұсқауымен құрылған комиссия мәселенің анық-қанығына түптей жетті. Ешқандай да сәбет заңын бұзып, арнайы жіберілген қызыл туды өзге игіліктерге, мүлде басқа мақсаттарға пайдалану пәктісі анықталған жоқ. Соның айдай анық айғағы, мінекей, көз алдарыңызда тұр, жолдастар! Сөзді қоялық, бұқара. Алдымызда алтын заң – Стәліндік көнституция күні келе жатыр. Соны лайықты қарсы алалық! Мал қыстату науқанын үлгілі өткізіп, мұз астынан балық аулау жоспарын асыра орындалық! Өрә!

Дағды алып қалған жұрт «Өрәдан» кейін дымқыл жүгері қуырғандай бытырлатыңқырап қол соқты.

– Сонда.. – деді кібіртіктеп, тамағын қырнап қойып колхоздың бір мүшесі. – Сонда… Жазықты ешкім жоқ па, әйтеуір?

– Жазықты ешкім де жоқ…

– Басқарманың басы бос па өзі? – деді Дүрәлі өңешін созып.

– Басқармаларың бос. Міне алдарыңда тұр.

–Кеше қамап тастағанға қорқып кетіп едік… Былай… – деді тағы біреу. – Азаматтар аман ба?

– Бәсе…

– Ақыры қайыр болса, бопты әйтеуір.

– Ойпырмой, соны айтсайшы…

– Қызыл туымыз шолақтау ғой… Ауданнан неше кез мата жіберіліп еді өзі? Өкіметіміздің жалауы болған соң былай.. былтырғы ту сияқты қашықтан көз тартып жайқалып тұрмай ма…

 – Сонысы болмаса…

Лоблыған жұрт тағы су сепкендей болды. Қатар тұрған екі өкіл бастарын түйістіріп өзара күбірлесіп алды.

– Мән үлкен-кішілігінде емес, колхозшы жолдастар! Мән оның түсінде, ұғып алыңыздар, прәлетариаттың қанына боялған түсінде, қайталап айтамын, мерзімінде ілінгендігінде, өз орнында тұрғандығында! Бар ма шығып сөйлеушілер?

Көзі шапыраштанып жұртты жағалай шолды. Бірден суырылып шыға қойған ешкім бола қоймады, топ кібіртіктеп тұр.

– Айтыңдар пікірлеріңді! Көңілде түйткіл қалмасын. Белсенділік керек, жолдастар! Белсенділік!

Алайғырда жалғыз үй отырған жерінен алдыңғы жылы көшіп келіп, колхозға мүше болған Ертұрған бақташы қамшысын көтерді.

– Сөйлейсің бе? Кел былай!

Ертұрған жұртты иығымен қаға-маға төрдегілердің жанына барып тұрды.

– Колхозшы халайық! Пікір айту керек болса, менің айтайын дегенім – бұл дұрыс болды. Бастықтардың келгенін айтам… Аудан көңіл бөліп, ауық-ауық «халқым не болып жатыр өзі» деп тексеріп тұрмаса, біз, қалай дегенмен, қазақпыз. Қазақтың қашанда қазақшылығы қалмайды, ағайыншылыққа салынады. Қазақтың аты – қазақ. Сөйтіп бәлшебектік сара жолдан таяды былай. Бұл дұрыс емес. Мысалға мына «Шығыс шұғыласы» колхозын алайық. Бұл неғылған бассыз адамдар екенін ыжғандай да түсінбеймін. Малын біздің күдеге айдап салып қарайды да отырады-ай. Біреудің жеріне асып, шөбін жеп жатырмын деп түк ойламайды-ай. Өкіл жолдас пен млитса жолдасқа айтатыным – аналар «Қызыл балықшыға» кесіп берілген жерді пайдалануын қойсын. Жетеді енді. Ақыры келіп тұрсыздар ғой, оларға да барып, қорқытып, жауапты адамдарын қамап қою керек. Басқармасы анадай болған соң бақташысы қалай оңсын. Менің айтатыным осы. Болды, – деп биіктен түсіп орнына кетті.

Бұдан соң әу бастан колхоз құрылғаннан бері келе жатқан екі бірдей мүше жарыссөзге шығып, қолдарын оңға да, солға да сермеп тұрып, ең алдымен аудан әкімінің жасап отырған қамқорлығына рақмет айта келіп, сонан кейін барып колхоздың көкейкесті мәселелеріне ойысты. Шешендердің сөздеріне бақса, көлік, құрал-сайман, жермай, ұн жетпейді. Өткен жылғы қазан төңкерісіне даярлықтай емес, биылғы даярлықтың не себептен екені беймағлұм, әйтеуір сылбыр. Алайда кемшілік дер кезінде жөнделді. Ұран жазылмай қалды демесең, ту, міне, орнына келді. «Әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер». Енді көп сөзді қойып, алтын заң мерекесін табыспен қарсы алу жұмысына жаппай жұмылмақ керек.

Сәл кідірістен соң Іззет қолын көтерді. Өңірін қымтап жоғары көтерілді. Дүрәлі бір түрлі секем алып, бұл сұм не айтар екен деп мойнын созды. «Ана жылы ғой арғы беттегі Егем-ағаны сайламаймыз деушілердің жуан ортасында болған еді».

– Жолдастар! Мәгәрәки кеңес өкіметін қолдап, бәлшебек жолын ілгері апарарымыз рас болса, соны мына – саусағымен жүрегін көрсетті – шынайы жүрегімізбен мақұлдайтынымыз шын болса, ең алдымен көзбояушылықты қоялық. Біздің түбімізге жетіп келе жатқан тажалдың бірі – көзбояушылық, екіжүзділік. Мәркіс, Ыңғылыс, Лен көсемдердің ісін ілгері алып барушы нағыз леншіл Сталин жолдастың нұсқап отырған сара жолынан олай-былай ауытқымауымыз керек, жолдастар. Мәгәрәки сіздер біле-білсеңіздер, әлі бұғанасы бекіп болмаған жас сәбет үкіметін айнала қоршаған қансорғыш капиталистер әрбір ағат басқан қадамымызды аңдып, сәті түскен мәментте тұншықтыра салуға дайын отыр. Білесіздер, Азамат соғысының жарасы әлі жазылып болған жоқ. Көре-тұра соған мән бермеушілікті көрсоқырлық демеске үддем жоқ. Сондықтан да қырағылық керек, ағайын. Қырағылық. Тағы да қырағылық. Біздің шамшырақ не? Біздің шамшырақ – бүкіл дүниежүзі езілген халқының жарқын болашағы коммунизм! Сол жолдан адаспау үшін не керек? Туралық әм бәлшебектік таза жүрек керек, жолдастар! Тағы айтамын, осы кезге дейін жіберілген кемшілікке саяси мән беріп, Стәлін жолдастың, көсеміміздің сілтеп отырған сара жолынан ауытқымалық. Қазан төңкерісінің жиырма жылдығы «Қызыл балықшыда» биыл ешқандай да елеусіз өткені шындық па? Шындық! Мына жолдастар ол шындықты кеше ғана көзбе-көз анықтаған болатын. Ал бүгін не болды? Бір түннің ішінде не болды өзі? «Той өткен соң –даңғыра» демекші, жалаудың он екі күн өткен түнде ғана ілініп тұрғаны шындық па? Шындық. Оған не сәбеп? Сәбеп – саяси соқырлық, сәбеп – өз қарабасының мүддесін бүкіл дүниежүзінің езілген еңбекшілерінің мүддесінен жоғары қою. Бұны не дейміз? Анығын айтсақ, педализмнің сарқыншағы, ескілікті көксеу, күні өткен зар заманды аңсау, мелобуржуйлық сасық пейіл дейміз, жолдас колхозшылар! Ал соны көрінеу көзге жасырып, еңбекші бұқараны адастырып бұлталаққа салып отырған адамдарды кім дейміз? Оларды нағыз смулурующий смулянт демеске амал жоқ. Бізде халық жауы бар екендігін осы пәктінің өзі-ақ көрсетіп отыр. Жегі құрттай әлі де бұқараны жей беретіндігі айқындауды талап етпейтін айдай ашық пәкті. Бұл пәкті мәгәрәки іздеуші адам болса, бүгін жасырғанмен ертең ашылады. Өйткені жоғарыда да өкімет бар. Жауыр жаба тоқылмасын! Жау дер кезінде әшкереленсін! Колхоз мүшесі, жалаңаяқ байырғы бәлшебек есебінде менің айтатыным – қашанда жауды аяған жаралы, – деді де, түсіп жүре берді.

Жұрт демдерін тартып, сілтідей тынды. Өкілдің көзі бұрынғыдан да шатырланып, мұртының екі шалғысы қайшыланып көпшіліктің ортасынан шатынап біреуді іздеді. Бұл кезде берірек келіп тұрған бұған тоқтады да:

– Егенсартып! Сен неге прабление мүшесі ретінде өз пікіріңді білдірмей жасырынып тұрсың? – деді. Сөйлеу ойында жоқ, бейқам Дүрәлі солай қарай қалай жылыстай бергенін өзі де білмейді.

– Бермен, былай шық.

Амал жоқ, бас жібінен біреу жетелегендей болып көтеріліп, өкілдердің қатарына барып тұрды. Дүрәлі сөзге құмар емес, егер сөйлей қойса, арғы жағында қылтанақтай да пікір тастамай сарқыла сөйлейтін ит мінезі бар-ды.

– Менің айтайын дегенім… сәбеттің бұл туы бүйтіп шолтаңдап тұрмас еді… Біз бүйтіп қайран Егем-ағаны қолма-қол ұстап беріп, қоймаға қаматып көзін жәудіретіп қоймас едік. Онда жалғыз гәп бар, колхозшы жолдастар. Біз – пролетариат халқы, туа-бітті бәлшебек, әу бастан шындықты ғана бетке айтып дағды алғанбыз. Егерде осы қызыл матаны Даржан бұтына дамбал етіп киіп алмағанда бар-ау… бұл ту шолтаңдамай төгіліп тұрар еді да… Түу ауданнан екі бірдей өкіл жолдас сабылмас еді да… Мерзімінде… жиырма жылдықта жайнап тұрар еді да… Қайран Жұмабергеноп айдың-күннің аманында қамбаға қамалмас еді да… Бұл жердегі кілтипан біреу-ақ болып тұр ғой, ағайын. Колхозшылар көріп-біліп отырған нәрсені енді қалай жасырсын.

Жиналып тұрған топ қобырлап кетті.

Үлкен өкілдің түсі қайта бұзылып, мұртының шалғысы тағы да қайшыланып сала берді.

– Сізге ондай пәктіні берген кім? Неге сүйеніп айтып тұрсыз? – деді бұған шорт бұрылып.

Шындықтың буына қызып алған Дүрәлі өршелене түсті.

– Басқарманың хатшысы Даржанның бұдан он күн бұрын қызыл дамбал тігіп кигенін осы ауылдың қатындары түгел біледі, жолдас өкіл. Оны мен сізге айттым да. Сіз жазып та алдыңыз. Ол – жасырып қалатын пәкті емес, ашық пәкті. Түнде өзіңіз түні бойы тексердіңіз. Даржанның үйінде жауап алғанда жаңа дамбалын көрген жоқсыз ба? Оның үстіне, ол қызыл дамбал болса… Көрдіңіз, әрине… Сол матаны түгел ту қылып тіккенде бұл төгіліп-ақ тұратын ту. Менен бұрын сөйлеген жолдас дұрыс айтады, еңбекші бұқараның туы болған соң былтырғыдай, одан алдыңғы жылдағыдай кәдімгі ту боп төгіліп тұруы керек, әрине. Не мынау? Пралетариатты мазақтау ма? Пралетариатты қорлау ма?

 – Мал…шайт! – деп қолын сермеді өкілдің үлкені.

– Жоқ! Малшаймаймын! – деп қасарыса кетті Дүрәлі. – Осы кемшілікті көріп-біліп тұрып мен қалай малшаямын? Қалай бәлшебек боламын? Малшаймаймын, жолдас өкіл. Бәлшебек тек шындықты ғана айтады. Сөйтіп қана бәлшебек болады. Менің айтайын дегенім – бұл пәктіні аяқсыз қалдыруға болмайды. Даржан Жамалденоба халық жауы ма, сөзсіз халық жауы. Бір бұтының мүддесін бүкіл колхозшылардың мүддесінен жоғары қойса, жау болмағанда қайтеді енді, халқым-ау.

 – Хуатит! – деді өкіл.

– Менің айтатыным осы, – деп сөзін доғарды сонда барып Дүрәлі. Құлағына дейін қызарып, көзі жайнап кеткен.

Тобыр бұрынғыдан да қобырлай түсті. Біреу күлді. Енді біреу «Дұрыс. Дұрыс айтады», «Ойбай-ау, Даржанды да тексерген бе» десіп жатты.

– Жиналыс осымен бітті! Тараңдар! Жұмыстарыңа барыңдар! Халық жауы қашықта емес. Сәбеттік шекіске жау табу бұйым емес. Табылады! – деп саңқ ете қалды үлкен өкіл. Сөйтіп мәжіліс кілт жабылды.

Жұрт «бұның ақыры не болар екен» деген көңілмен өзді-өзі күбірлесіп жайменен тарай бастады.

 

* * *

Ел аузында бұл оқиғаның қалай тәмамдалғаны жайлы мынадай әңгіме бар. Ауданнан келген өкілдер тексерісті түгел бітіріп, жиналысты аяқтаған соң аттарына мінеді де тура ауданға тартып отырады. Басқарма да, Даржан да өз орындарында, шолақ қызыл жалау болса кеңсенің маңдайында шоқтай болып желбіреп тұр. Колхозшылардың үстінен ауыр жүк түскендей. Сөйтіп, бәрі де әйтеуір ақыры қайыр боп жайбарақатшылықпен біткен соң жұрт шаруасына кірісіп, баяғы батпанаяқ мамыражай қалпына қайта енеді. Солардың бірі – бәле-жәледен аман құтылған Дүрәлі кешқұрым жатар алдында алақанын ысқылап отырып:

– Атаңа нәлеттер, кетті ме, кетпеді ме? Адамның екі аяғын бір етікке тығып, құтын алып болды ғой. Сал төсекті. Көрейін бір… – депті.

Сонда аузына сөзді, әрине, Құдай салған Шынайқыз:

– Қожайын, абайла! «Бұйыртса» деп айт, – депті.

Сонда:

– Не бұйыртсасы бар. Менің қатыным екенің өтірік пе? Сал төсекті. Көресің сосын! – демей ме күшке мініп отырған кісі ақиып.

Дәп сол сәтте терезе қағылыпты дейді айтушылар. Есікті ашса, алдыңғы күні түсте ғана кетіп қалған жақ жүні үрпиген млитсаның нақ өзі екен. Қолында санкция деген қамауға ұлықсат қағазы бар. Көзі тағы да алақандай болып кеткен азаматты шала-шарпы киіндіріп, түн ортасында алдына салып жаяудан жаяу айдайды да кетеді. Шынайқыз, әрине, дауыс салады. Ауыл қайта дүрлігеді. Сол кеткеннен мол кетеді. Воркутасы, Новосібірі бар, итжеккен жақтың талай дәмін татып, талай кен қазып, талай ағаш құлатып, пәленбай жылдан соң сағыныштан сарғайып қайтып келіп есігін қақпай ма? Кешқұрым болса керек-ті. Сонда әйел іштен:

 – Бұл кім? – демей ме. Бұл кезде ақсақал Дүрекең:

– Бұйырса, байыңыз болармыз, – деп тартқан сымдай сызылып тұр екен деседі жұрт. Тұзы жеңіл адамға сөз үйір, айтқыш қазақта құрбы-құрдас, нағашы-жиен таусыла ма, десе деген де болар. Дүрекеңнен ондай шығады.

Бұл оқиғаның басы-қасында біз жоқпыз, әрине. Ал қарияның әлдебіреудің әлдеқандай ісінен қанағат таба алмаса, көзі шатынап: «Өй, түрме көрмеген көргенсіз» деп, кіжініп отырғанын өз көзімізбен көріп, құлағымызбен талай есіттік. Бұл алпысыншы жылдар болатын. Онан бері қанша су ақты. Заман да, заң да өзгерді. Қайтеміз, жер айтып барса да мейлі, топырағың торқа болғыр, аузын ашса, жүрегі көрінетін аңқылдаған кісі еді. Өзгерген жұрт өзгерген шығар, ол мүлде өзгерген жоқ. Сонысымен кетті де.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір