«Үйрену» дегеніміз – «иелену» емес қой…
21.10.2022
2885
0

Фейсбук желісінен ақын Абзал Бөкеннің «Ұрынбаса ұйқысы қашатын Серік Ақсұңқарұлына сәлемдеме» атты мақаласын оқып, әңгіменің түп төркінін іздестіре бастадым. Өйткені осы сарындас ащы бір мақаланы бұрынырақ марқұм Сәбит Бексейітов­тен де оқығанмын. Айтарын айтып өліп еді, жарықтық…

Абзал Бөкеннің аталмыш жазбасы Серік Ақсұңқарұлының «Мен – Алтайда туған албөрі» атты мақаласына байланысты жазылыпты. Әлеуметтік желіге кіргелі бері өзі бірнеше рет ұсыныс жасаса да, белгілі бір себептермен Серік Ақсұңқарұлын достығыма қосқан емеспін. Тек оның ара-тұра парақшама кіріп отыратынын аңғарамын. Мен де бүгін оның парақшасын іздеп тауып, «Мен – Алтайда туған албөрі» атты мақаласымен таныстым. Бұл мақала «Қазақ әдебиеті» газетінде де жарық көріпті. Автор ақын Дәулеткерей Кәпұлының адресіне жылы лебіз арнағысы келген. Дұрыс! «Ақынды ақын сүйемесе, болмайды, Ақынды ақын күйелесе, ол – қайғы» (Мұқағали Мақатаев). Бірақ аты-жөнін атамай бірнеше ақынға қолындағы бат­тасқан қара күйесін жағып, беті-аузын аймандай етіп кеткісі келеді. Біреудің аузына қақпақ боласың ба, дегенмен бірдеңе айтқым келіп әлденеше рет оқталдым… Ақыры…
Мақала авторы бірде Тыныш­тықбекке, бірде Есенғалиға «табына» отырып, «Осындағы кейбір ақынсымақтардың «ақ өлеңі» Құрманғазы мен Тәттімбеттің күйлерін балалайкамен тартып жатқандай бірдеңе», – деп аты-жөнін атамай, («Шіркінде ес болсайшы сезед деген» – Абай) біз білетін ақын Бауыржан Қарағызұлының өлеңдерін «сынайды». Сынының сиқы мынадай: «Мынасы не шатпақ? Әлде, біз біліңкіремейтін «ақ өлең» деген осы ма?! Бұлар өздерін «постмодернистік» ағымның өкілдеріміз деп ойлайды! Кеу­делері аяқ қаптай! Аты-жөндерін атап та керегі жоқ, қара өлеңнің есігінен кіре алмай, тесігінен сығалап жүрген біреулер, сөйтіп жүріп өздерін «өте-мөте талантты буын…» сезінеді! Көзі тұманданып кеткен, екі көзінің алдындағысын ғана көреді, Тәңірі бұларға үшінші көз бермеген, ең аяныштысы – осы! Санасының саңылауынан құдайдың нұры түспегендердің қолына қалам алуға моралдық хақысы жоғын сезбейді бұлар! Сөйтіп жүріп бұ шіркіндердің маңайына адырая, одырая қарайтынын қайтерсің?!» (Мәтіндегі корректуралық қателерді жөндеп отырмын). Япыр-ау, осындай да сын бола ма? Бұл сонау ХХ ғасырдың 60-жылдары қазақ өлеңіне жаңа түр іздеп келген талантты буынның шығармаларын «Жаңалық па, жаңа былық па?» деп сынайтын Мұхамед­жан Қаратаевтың 30-жылдардағы инерциямен жазылған атышулы мақаласын еске түсіретін аянышты сарын емес пе?

Оның ойынша, өзі «біліңкіремейтін» (Серік Ақсұңқарұлы) ақ өлең қазақ топырағына батыстан келіп, бүлік салып жатқан сыңайлы. «Модернизм деген – біреудің қаңсығын көшіріп алып, көйіте беру емес, өз топырағыңдағы таңсықты түрлендіріп, ұлттық айналымға түсіру, пісіру деген сөз!» – деген ойларынан соны аңғардық.
Ақ өлең көне түркі жазбаларынан бастау алатыны, әдебиетіміздің алыптары Жүсіпбек Аймауытовтың «Күйлі сөзі», Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов драмаларындағы ырғақ пен ішкі ұйқасқа құрылған мәтіндер, Мұхаң «жыл келгендей жаңалық сез­ген» 60-жылдардағы ақындар шығармашылығы, ақынның өз буынындағы менің, Ұлықбектің, Есенғалидың, Тыныштықбектің өлеңдерінде біршама орын алып, қазіргі жас ақындар түрлі ізденістермен байытып отырған ақ өлең қаперіне кіріп-шықпайды. Сірә, «көмейіне келген өлеңді тежей алмай, біраз жыл адасып айтыста да жүрген» Дәулеткерей Кәпұлы (өзі солай жазыпты – Б.Қ.-Н.) өлеңдерін қара өлең формасында жазыпты дегенді айтқысы келсе керек. Оның үстіне қара өлең «осы Дәулеткерейлермен ғасырдан ғасырларды көктей өтіп, атой салып, жөней береді!» екен. Бұл да мақтау ма? Ау, қай қазақ ақыны қара өлеңді жатсыныпты? Қара өлеңмен жыр жазбаған бір қазақ ақынын атап бере аласыздар ма? Қазақтың қара өлеңін де сан түрлі ізденістермен қырық құбылтып, қалам тербеген ақындарымыз бар ғой, шүкір! Дәстүрлі поэзияны қалай құрмет тұтсақ, қазақ өлеңінде жаңалық іздеген, көнені жаңартқан эксперименттерді де қабылдап үйренгеніміз абзал емес пе? Әлде біреуді мақтау үшін келесі біреуді міндетті түрде тұқырту керек пе?
Қара өлең туралы айта келіп, «дүниеде қазақтың он бір буынды қара өлеңіне түк те жетпейтінін» Қуан ағаның аузына салыпты. Бірде Серік Ақсұңқарұлын Қуандық аға Шаңғытбаев мақтапты-мыш: «Өлеңің силлаботоникалық өлең екен! – деді сонда қазақ жырының мэтрі Қуан ағам, – бірақ дүниеде қазақтың он бір буынды қара өлеңіне түк те жетпейді! Дүниежүзінде өлеңнің ең жетілген түрі – осы!» Ойпырмай, осылай да мақтауға болады екен ғой! Әдебиет теориясы бойынша дүниежүзінде өлеңнің өзіне тән ерекшеліктері бар метрикалық, тоникалық, силлабикалық, силлаботоникалық дейтін жүйелері бар. Қазақ өлеңі осылардың силлабикалық өлең жүйесіне жататынын білеміз. Силлабикалық өлеңде ырғақ пен шумақ, тармақ пен бунақ – бәрі буынға негізделеді. Орыс поэзиясы ХVІ ғасырда силлаботоникалық жүйеге көше бастады. Сонда Серік Ақсұңқарұлының өлеңі қазақша емес пе?!. Түсінсем бұйырмасын!
Тағы да бірдеңелер есіме түседі…
Әсілі, көңіл көңілден су ішеді. Ақын да ақыннан үйренеді. Кеңшілік Мырзабеков айтқандай, біз де «біреуден қалай жазу керек екенін, біреуден қалай жазбау керек екенін» үйренгенбіз. Бірақ үйрену дегеніміз өзіңнен бұрын біреудің айтқанын өңін айналдырып өзгертіп қайталау, өлеңге әкелген жаңалығын өзімдікі деп «иелену» емес қой…
Ақиқатында, поэзияны жұрттың бәрі бірдей оқи бермейді. Оқыса да, бір ақыннан екінші бір ақынның ерекшелігін айыра алмайтын оқырман өте көп. Сондықтан кейде ежіктеп кетуге де тура келеді. Өтежан Нұрғалиев бірде маған: «Қай сөзімнің кімде жүргенін өзім жақсы танимын. Оны танитын өзгелер де бар. Бірақ олардың айтқысы келмейді. Менің де кілең жаманатты бола бергім жоқ», – деп еді. Өтағаңның бұл сөзін біз де айта аламыз. Бірақ әңгіме ұзап кетпесін деп, қысқа қайы­рып көрелік.
Серік – өзгелерді көп қайталайтын ақын. Оны бір кезде өзі де мойындаған. Мен ә деп бастағаннан-ақ бес буынды ұйқаспен өлеңдер жаза бастадым. Қазақ өлеңіне неше алуан форма әкелдім. Мерзімді баспасөздерде жарияланған өлеңдерімді айтпағанда алғашқы кітабым 1977 жылы жарық көрді. Серік менің өлеңдегі сол ізденістерімнің бәрін қайталады. Тіпті бір інілері менің жетістіктерімді «Серіктің поэзиядағы жаңалығы» деп жар салды. Мен эксперимент ретінде өлеңдерімдегі кей сөздерге, кей жолдарға салмақ салып, тұтас бас әріппен жаздым. Ол менен кейін тұтас кітабын солай жазып, жариялады.
2005 жылы оның «Өмір деген – Күнді айналу» деген кітабын редакциялап, шығарып бердім. Кітаптың аты да менің «Әлемнің кіндігі» атты цикл өлеңдерімдегі:
«Қуанышпенен арбасып
көңілімде мұң,
Сапардың дәмін бұл күні
сезінгем мүлде.
Саяхаттардан тұрады өмірім менің,
Айналып шығам Күнді де
өзіңмен бірге!», –
деген жолдарымнан алынғанына шүбә келтірмеймін.
Сол кезде ол менен әлдеқандай «қауіп күтіп» Қарағандыдан Алматыға ұшып келді. Баспадағы кабинетіміздің есігін ашып кірген бетте: «Байбота, сен гениальный ақынсың! Мен өлеңде қандай жетістікке жетсем де, бәрін сенен үйренгенмін!» – деді ентігін баса алмай. Ақыл-есі орнында болса, өзі ұмытпаған шығар. Ал менің куәгерлерімнің бірі– тірі, бірі – о дүниелік болып кетті…
Осындай нәрсе «Мен – Алтайда туған албөрі» атты мақаласынан да аңғарылды. «Ана тілі» газетінің 1995 жылғы маусымның 22-сі күнгі №22 санында жарияланған бір мақаламда: «Жиырмасыншы ғасырдың басында Абайдың өкшесiн басып шыққан көптеген талантты ақындарды сиқыршыдай арбап, баурап алған атақты «Сегiз аяқ» Төлеген шығармашылығында жарасымды жалғасын тауып, қайта құлпырып, өлеңнiң өзге түрiн туғызды.
Салыстырып көрелiк:
Абай:
«Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған,
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағыны жетiп қайырған
Толғауы тоқсан қызыл тiл,
Сөйлеймiн десең, өзiң бiл».
Төлеген:
«Көркiңдi жүрген қуаныш қылып мендей ме екен бар ағаң,
Шын iнiм болсаң, бас бұрма,
жаным, өсек-ғайбатқа бораған.
Қажет жерiнде қатыгездiк пен
қаталдық керек десек те,
Адамның заңғар ұлылығын
сен сағынышымен есепте».
Өлең пiшiнiнiң бар айырмашылығы мынада: Төлеген Абай «Сегiз аяғының» алғашқы үш тармағын бiр жолға, келесi үш тармағын екiншi жолға қалауынша созып, жетiншi және сегiзiншi тармақтарды қажет санамайды. «Сегiз аяқтағы» iшкi қысқа қайырым ұйқастарды елеусiз қалдырып, еркiнше кең көсiлгендi қалайды. «Қазақтың жырын Абайсыз» елестете алмайтын қыршын ақын ұлы ұстазының үрдiске айналған үлгiсiн өз бойына осылайша өлшеп-пiшкен. Ырғақтың бұл түрi оның iзбасарларында бұдан ары қарай байытылып келедi», – деп жазғанмын.
Ал Серік Ақсұңқарұлының әлеуметтік желіде дауға түсіп жатқан «Мен – Алтайда туған албөрі» атты мақаласында осы ойым: «Абайдың «Сегіз аяғына» бір сәт ой жүгіртіп қараңыз: «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын. Таласып босқа, Жау болып досқа, Қор болып, құрып барасың»… Төлеген Айбергеновтің өткен ғасырдың 70-жылдары ел аузынан түспей, қазақ жырына қазақ поэзиясына олжа салған атақты «Сағыныш» жыры Абайдың осы «Сегіз аяғынан» бастау алады», – деп мысалдарын өзгертіп қайталанады. Бұдан ары қарай Серіктің сөзі Төлеген Айбергеновтің «Сағыныш» атты өлеңінен келтірген сала-құлаш үзіндімен жалғасады… Өзің тұстас өзге ақынның соңынан бұлай салпақтау жасы 70-тен асқан Серік Ақсұңқарұлына жараса бере ме? Осы тақылеттес мысалдардың (тек қана маған қатысты емес) басқа да біразын келтірер едім, оқырман қауымның уақытын ұрлағандай болып отырмын…
Биліктен сыйлық алып, сый-сияпат көрмесе де, қазақ поэзиясында өзіндік үлкен орны бар, таланты да, дарыны да артық болмаса бірде-бір кем емес дара ақынды дәлелсіз «екінші Қадыр Мырза Әлі» деп кекеп-мұқағанда өз басындағы осындай жайттарды еске алды ма екен ол!?.

Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір