Артық білім кітапта
27.08.2024
715
0

Кітапхана – мәдени ошақтың төресі, «білімдінің мыңды жықтыруы» үшін жат­тықтыратын рухани майдан. Дегенмен шалғайдағы ауыл кітапханаларына мемлекет тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбейтінін аңғару қиын емес. Бұл мәселе аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл жұртшылығына баса назар аудару керегін айт­қан болатын. Президент Ұлт­тық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек», – деді. Осыған сәйкес, «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» ат­ты акция ұйымдастырылды. Аталмыш акцияның басты мақсаты– шалғайдағы ауыл кітапханаларына жаңадан жарық көрген туындыларды табыстап, жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту.
Абай облысы Мақаншы ауданы Ақшоқы ауылдық кітапханасы да шалғайда орналасқан. Ауыл кітапханашысы Идрышева Гүлнәр Бөкенқызы қазіргі таңда мемлекет тарапынан кітапханаға жақсы көңіл бөлініп жатқанын айт­ты. Мәселен, жыл сайын сұранысқа сәйкес қазақ әдебиеті төңірегінде жаңа кітап топтамалары түсіп тұрады екен. Гүлнәр ханымның айтуына қарағанда, ауыл кітапханасында өлкелік ақын-жазушылардың шығармалары басымырақ. Әрине, елеусіз қалып жатқан мәселелер барын да жоққа шығармады: «Шын мәнінде, кітапханаларға бюджет­тен азын-аулақ қана қаражат бөлінеді. Сондықтан кейде әртүрлі жетіспеушіліктер пайда болады. Кітапханада тұрған мына сөрелерді, көрнекіліктерді өз қаражатымнан жасат­тым. Басшылықтан жыл сайын жүргізіліп отыратын жөндеу жұмыстарына, кітапхана ішіндегі жиһаздар мен техникаларға материалдық тұрғыдан көмек көрсетілуі қажет. Бүгінгі дәуір – ақпарат заманы. Сол себепті, барлық кітапханаларды тиісінше ғаламтормен, компьютермен жабдықтау керек деп ойлаймын. Бізде не интернет желісі, не техника дұрыс қарастырылмаған», – деп мемлекет­тен үлкен қолдау күтетінін жеткізді.
Кітапхана табалдырығын ат­таған әр оқырманның, соның ішінде жасөспірімдердің іздеген сұрағына мардымды жауап табуы тікелей кітапханашыға байланысты. Жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арт­тыру мақсатында «Нағыз оқитын кез», «Әдеби өлкетану», «Парасат жолы», «Жазғы демалыс кітап­пен бірге» ат­ты бағдарламаларды қолға алып, балаларға рухани азық сыйлауға әркез құштарлық танытатын Гүлнәр Бөкенқызының да ерен еңбегін атап өту қажет. «Нағыз оқитын кез» бағдарламасында әр жылдары мерейтойы белгіленген ақын-жазушылардың шығармаларына байланысты іс-шаралар мен дөңгелек үстел өткізілсе, «Парасат жолы» бағдарламасы арқылы оқушылар сыбайлас жемқорлықпен күрес, құқық және мәдениет, заң тақырыптары аясында ой өрбітеді.
Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында: «Кітапханашылардың жалақысын 2022–2025 жылдар аралығында 20 пайызға арт­тыру тапсырылды», –деп атап өт­ті. Бұдан бөлек, министрлік кітапханашы мамандығының беделін арт­тырып, кітапхана қызметкерлерін алға ұмтылдыру мақсатында бірқатар шараларды жүзеге асыруды қолға алған. Ауыл кітапханашысы Гүлнәр Бөкенқызы жалақысының ауылды аймақта тұруға жеткілікті деңгейде екенін және оған өзінің көңілінің толатынын жеткізді.
Кітап оқудың қашан да халық мәдениетінің ахуалын танытатыны белгілі. Мәселен, шетелдердегі метролар мен аялдамалардағы кітаптұрақтар бірден көзге түседі. Шетелдік азамат­тардың білімге құштарлығы сонша, әр минутын құр босқа өткізбес үшін кітаптұрақтардан кітап оқып, ке­йін алған орнына қайта қояды. Ал Қазақ­станда мұндайды мүлде кез­дестірмейміз. Себебін Гүлнәр ханымнан сұрап көрдік: «Халық менталитетіне байланысты, ең алдымен, соған адамды қалыптастыру керек. Ол үшін мемлекет те мықты жұмыс істеуі қажет деп ойлаймын. Біздің Қазақ­станда кітаптұраққа ұқсас «жылжымалы кітапхана» деген бар. Өзіміздің аудандық орталық кітапханада мекеме басшысының жауапкершілігімен ауруханаға түрлі кітап әкелінеді, сол жердегі науқастар кітапты алып, оқып болған соң, алған жеріне қайта қояды. Бұл дегеніміз, сырқатынан айығып келе жатқан науқастардың зерікпеуіне таптырмас құрал ғой. Осы орайда жоспарымда жүрген бір шараны айт­қым келіп тұр. Жүзеге асырғым келіп жүрген шара – жазғы демалыс кезінде ойын алаңдарына кітап апарып, қызық қуып жүрген балаларға көңіл бөліп, білімге деген қызығушылықтарын арт­тыруға бағыт­талған. Ал кітаптұрақ деген нәрсені тәуекелге барып, жасауға болады. Өйткені қазіргі заманда біреудің мүлкін оңай олжалап кету азайып бара жатыр», – деп жағымды пікірін білдірді.
«Оқы да біл, ойна да күл» деген халық нақылындағы пенденің уайымсыз ойнап, күлуі үшін де көп оқып, көп іздену керек емес пе?! XXI ғасырда кітап оқылады. Әйтсе де 5-6 сағат бойы компьютер алдында отыратын жастардың кітап бетін көбіне сабаққа қажет болған жағдайда ғана ашуы, ғаламтордың «мен мұндалап» тұруымен байланысты. Бұл – өз алдына жеке мәселе. Ұлы Абай көрсеткен бойдағы адам мінезінің «ішсем, жесем, ұйықтасам» деген емес, «көрсем, білсем, үйренсем» екен деген түрі басымырақ болса, ғаламат еркіндікке қол жеткізер едік. Өйткені жанды тәнге емес, тәнді жанға бас ұрғызған, оқыған, көкірегіне тоқыған жан ғана өз ісінде суда жүзген балықтай, бауырын кең жаза шапқан арғымақтай болмақ.

Дана САДЫРҚАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір