Хунну- елдігіміздің бастауы
09.10.2019
1716
4

(Соңы. Басы өткен санда)

Оғыз ханның ұрпаққа ұран болып қалған тағылымды қадамдары осы алғау-далғау кезеңде дұшпандар тарапынан көрсетілген қысымды еңсеру барысында жасалыпты. Қалқа даласының шығысын жайлаған Дунху елінің әккі патшасы таққа отырған жас Оғыз ханның қарымын байқап көру үшін елші жіберіп, құндардың талай еларалық аламандарда топ жарып жүрген атақты ақбоз арғымағын сұратады. Оғыз тумысынан бойына біткен ақыл-парасатымен көршінің түпкі ойы тұлпар ғана емес, соғысқа арандату екенін сезеді. Уәзірлерінің ой-өрісін шамалау мақсатымен Оғыз хан тұлпардың талқысын кеңеске салады. «Бермеңіз, хан ием», – десті уәзірлер бірауыздан. «Жоқ, берейік. Көрші ел патшасының көңілін бір қылқұйрыққа бола қалдыру жарамас», – дейді Оғыз хан ішкі сырын бүгіп. Тұлпар елшінің жетегінде кетеді. Оғыз хан өзінің сыннан өткен әскербасыларын дереу жинап, соғысқа дайындық шараларын құпия түрде, ел сыртында жүргізуді тапсырады. Дайындық барысын өзі қатаң бақылауға алады. Оғыздың өзі күткендей, дунхулық елші арада көп уақыт өтпей тағы оралады. Дунху патшасының аңсары Оғыз ханның жақында ғана үйленген ай мен күндей сұлу қалыңдығына ауыпты. Хан ашуға беріліп, елшіні жазаға тартса, соғыс басталмақ. Оны Оғыз хан анық сезіп отыр. Оғыз хан бұл мәселені де уәзірлер кеңесіне салып көреді. «Бермеңіз. Кәрі дунху албасты қалыңдығыңыздан садаға кетсін»,– деген жауап алады хан кеңесшілерінен. «Жоқ, беремін. Елде сұлу жалғыз бұл емес. Аман болсам, тағы да алармын. Бізге тап қазір тыныштық керек»,– дейді Оғыз хан. Сұлу қалыңдық көрші ел патшасының олжасы ретінде жат жұртқа кетеді. Соғысқа дайындық астыртын қызу жүріп жатады. Оғыз ханның көнгіштігін қорқақтыққа жорыған көрші ел патшасының араны ашыла түседі. Арадан апта өте ме, ай өте ме, сол елдің елшісі тағы оралады. Бұл жолғы елші әкелген мәселе екі елдің арасында жатқан, мал бағуға да, егін салуға да жарамсыз тақыр шөлейт екен. Дунху елінің патшасы соны сұратыпты. Оғыз хан тағы да кеңесшілерін жинайды. Ой таразысына үстірт салып қарағанда, ол жерде елге келіп-кетер ешнәрсе жоқтай. Сондықтан уәзірлер пікірі екіге жарылып, Оғызды босбелбеуге балап қойған бірнеше кеңесшінің пікірі «берейік» дегенге саяды. Бейбіт өмірді бұдан әрмен сақтаудың мүмкіндігі қалмағанын түсінген Оғыз хан қаһарына мінеді. «Жер – аталарымыздан қалған мұра, елді асыраушы Анамыз, мемлекетіміздің негізі. Жер-Ананы шет елге сыйға тарту – сатқындық», – дейді Оғыз хан қаһарланып. «Сатқынның жазасы – өлім» деп, жер беруге келісім білдірген кеңесшілерін дереу тұтқынға алдырып, өлім жазасына кеседі. Жаза қолма-қол орындалады. Сақадай сайланып тұрған әскер Оғыз ханның «Аттан!» деген бұйрығымен Дұнху еліне лап қойып, оның тас-талқанын шығарады. Сөйтіп, астамсыған патшасының ақылсыз әрекеті сол елдің жұртын қырғынға ұшыратып, туған жерін тастап кетуге мәжбүрлейді. Дунхудың қырғыннан аман қалған аз ғана жұрты Ухуань тауына барып тығылып, ол елдің мекені болған Маньчжурияның далалық аймағы құндардың иелігіне өтеді. Оғыздың Жер-Ананы қасиет тұту жөніндегі даналығын ту еткен ұрпақтары Қалқа даласын аталар мұрасы ретінде ғасырлар бойы көздің қарашығындай сақтайды. Біздің дәуірімізге дейінгі 209 жылы Құн елінің билігіне келген Оғыз хан үшін Саян қырғыздары мен Алтайдағы, Жетісудағы қазақ тайпаларын, Еділ, Жайық бойындағы қыпшақтарды қосып алу аса қиындық тудыра қойған жоқ. Оғыз хан билігіндегі Құн елі құрамына 24 туыстас тайпа біріккені қытай дереккөздері және Рашид ад-Дин шежіресі арқылы бізге жетті. Темірдей тәртіп орныққан Оғыз хан әскері жаумен ұрыс барысында тактикалық ұтқыр тәсілдерді шебер пайдалана білетін. Осының нәтижесінде Юэчжу деп аталатын жоңғар қалмақтары мен Тибетті де тез тізе бүктірді. Орта Азия елдері оның қарамағына толығымен өтті. Қытай тарихшысы Сыма Цяннің дерегі бойынша, Оғыз хан әскері қатарындағы сарбаздар саны 300 000 ға жеткен екен. Оғыз хан тұсында Құн елі мен Қытай қарым-қатынасы екі жақ үшін де өте өзекті болған. Цинь әулеті биліктен кетіп, Қытай елінде азаматтық ұрыс етек алған шақтарда Оғыз хан өз мемлекетінің іргесін бекітіп алған еді. Қытайға бет түзеген шақта, яғни біздің дәуірімізге дейінгі 203-202 жылдары аталмыш елдің билігіне олардың Хань әулетінен Гаоцзу патша келген. Оғыз хан әскері ол елдің бірнеше қаласын басып алған кезде ғана Қытайдың 320 000 сарбаздан тұратын армиясы алдан шығады. Орталық, оң қанат және сол қанаттан тұратын Оғыз хан әскерінің орталық бөлігі шегінген түр көрсетіп, соңына түскен қытайлықтардың алдыңғы легін оң қанат, сол қанаттан киліккен құндар оп-оңай қоршауға алады. Азық-түліктен қол үзіп қалған қытай әскері қиын жағдайға ұшыраған кезде сол елдің патшасы Оғыз хан үшін тиімді бітім шартын ұсынуға мәжбүр болады. «Тыныштық және туыстық» деп аталатын бұл келісім-шартқа сәйкес Қытай патша үйі Оғыз ханға қызын жасау-жабдығымен ұзатуға және жылма-жыл алым ретінде 100 000 орам жібек мата жөнелтіп тұруға міндеттеледі. Бұл Қытай тарапы үшін жеңілгенін мойындаудың белгісі іспетті еді.

Қытай патшасы Гаоцзу о дүниеге аттанған шақта оның мұрагер ұлдары жас болғандықтан регентша-патшайым ретінде оның анасы билікке келуімен Оғыз хан тарапынан қысым күшейе түсті. Ол императрица-ана Люй Хоуға «Маған тұрмысқа шық», – деген ұсыныспен елші жібереді. Бұл ұсыныс қабылданған жағдайда бүкіл Қытай елі императрицаның жасауы ретінде Оғыз ханның билігіне өтер еді.

Елші әкелген ұсынысты Люй Хоу патшайым бастапқыда өзіне деген әдепсіздік деп бағалап, ашуға берілгенімен, төңірегіндегі кеңесшілері оны сабырға шақырды. Императрица-ана өзінің жасы ұлғаюына байланысты бұл ұсынысты қабылдау ыңғайсыздық келтіретінін алға тартып, елшіні сый-сыяпат­пен қайтарады. Оғыз хан таққа отырғалы бері Қытай елі оның дегенінен шыққан емес. Қарсылық көрсетудің өздері үшін пайдасыз екенін Қытай билігі мықтап ұққан болатын. Сондықтан көрші Құн елінің Оғыз хан сынды жауынгер билеушісін мадақ түрінде Модэ, яғни батыр деп, қошеметпен атайтын. Біздің тарихшыларымыз бен жазушыларымыздың «Мөде» деп жүргені Қытай елі тарапынан Оғыз ханға берілген қошеметшіл аттың қазақшаланған транскрипциясы ғана, басқа ештеңе емес. «Мөде» деген адам атының шежірелерде кездеспеуі осымен ғана түсіндіріледі. Қазақ хандарының түпкі атасының лауазымдық атына байланысты мәселенің ара жігін біржола ажыратып алғанымыз жөн ғой деп ойлаймыз.

Наурыз – қазақы мереке

Құндардың тілі мен салт-дәстүрі туралы не білеміз? Ғалымдардың басым көпшілігі құндардың тілі туралы «түрки» дегеннен өзге ұсыныс бере алмайды. Ол түсінікті. Егер олардың қолында басқа деректер болса, қазаққа, яғни түркиге жатқыза қоймас еді. Мысалы, қытайлар арқылы бізге жеткен «сағдақ» деген сөздің мағынасын толық ажырата алмай отырған ол ғалымдардан не күтуге болады. «Сағдақ» дегеніміз кәдімгі «садақ» қой. Салт-дәстүріне келсек, олардың қазақтығына ешқандай күмән қалмайды. Бұл елдің құрамында 24 рудың болғаны Қытай тарихи дереккөздері мен Рашид ад-Дин шежіресі арқылы бізге жетіп отыр. Сол рулардың ішіндегі жұрт қалыңдықты тек сырттан таңдауының өзін бүгінгі қазақы дәстүр емес деп кім айта алады. Н.Я.Бичуриннің «Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена» деген кітабының бірінші томында «Вдова старшего брата становилась женой младчего, который обязан был о ней заботиться, как о своей любимой жене», – деген дерек бар. Бұл жерде әңгіме қазақтың есте жоқ ескі заманнан бермен қарай келе жатқан әменгерлік дәстүрі туралы екені сөзсіз. Жаугершілікте қайтыс болған азаматтың жесірі мен жетімдерін қаңғыртпаудан туған амал. Осы таза қазақы дәстүрдің жалғасын кешегі күндері көзімізбен көргенбіз. Аталарымыздың жыл сайын көктемде жиналып, әруақтарға атап ас беретінін жазыпты қытайлық дереккөз. Демек, «Наурыз мерекесін тойлау бізге парсылардан келді» дегеніміз осы дерек арқылы бекерге шығарылып тұр. Бұл дәстүр қазақ тайпалары арасында өте ерте замандарда, бері салғанда бұдан 3500-4000 жыл бұрын қалыптасқан және парсыларға өтіп, солар өзгерткен атау дінисламмен бірге кейінірек елге тараған деп айтуымызға негіз бар. Құн аталарымыздың құс салып, аң аулағаны тарихта бейнеленген. Жазу-сызуы бар екенін растайтын дерек те табылып отыр. Оғыз хан тұсында Қытайды тітіреткен мемлекеттің тарих бетінен кетер кезі де жақындап келе жатты. Бұл қаралы күн тұтқиылдан келген жоқ. Ол үшін Қытайдың арнаулы қызметі жылдар бойы тынымсыз жұмыс істеп жатты. Қытай тарих ілімі өз елінің қитұрқы саясатын ашуға мүдделі болмағандықтан оқиға барысын үстірт баяндаумен ғана шектеледі, себеп-салдарына терең ғылыми талдау жасауға бара қоймайды. Қытай үкіметінің Құн елін құлату үшін ұстанған саясатының басты бағыты – Оғыз хан тұсында бір тудың астына біріккен тайпалар арасына сына қағу болған сыңайлы. Қытай елінің барлау қызметі мемлекет құрамына енген тайпалар көсемдерін ірітушілік сипаттағы астыртын әрекетінде ұтымды пайдаланған сыңайлы. Тарихи деректерге қарасақ, тайпа билері деген лауазым сол дәуірде де болған және мемлекеттік құрылымның беріктігіне теріс ықпалын тигізген. «Вокруг Би собирались поборники родового быта, наиболее консервативные элементы хуннского общества», – деген тарихи дереккөздегі жазудан ыдыраудың түпкі себебі билердің кертартпалығынан болғанын байқаймыз. Сонымен бірге мемлекет ордасы тігілген Қалқа даласының қиыр шетте жатуы да әскерді жедел сапқа қоюды қиындатқаны анық.

Нақты тарихи деректерге ден қойып, Лев Гумилев еңбегінде бейнеленген оқиға барысын сөзбе-сөз келтірейік. «Первый удар нанесли Сяньби. В 87 году они вступили в восточные земли хуннов, и Юлю шаньюй потерпел полное поражение. Он был захвачен врагами, которые содрали с него кожу. Сянби не развивали успеха, расправившись с врагом, они ушли обратно. Но паника, посеянная ими среди хуннов, сразу же принесла плоды. Еше 58 родов, в коих насчитывалось 200 тыс. душ и 8 тыс. строевого войска откочевали на юг и передались Китаю… В следующем году против Хунну ополчилась сама природа. Через Халху прошла саранча, и к бедствиям войны прибавился голод». Қытайлық дереккөздегі «сяньби» дегені кейін татар атын алған тайпа. Қалқаға келген жұт тайпа жұртын ашаршылыққа ұшыратып, ауыртпалықты еселей түскен. Ел басына түскен осы тар кезеңді Қытай билігі өз мүддесі үшін ұтымды пайдаланып кетіпті. Қытайлық дерекке ден қойсақ, Қытай өкіметі құндардың соңғы ханын арам пиғылмен келіссөзге шақырып алып, өлтіреді де, атты әскерін жөнелтіп, иесіз қалған халқын толық қырғынға ұшыратады.  Л.Гумилев былай дейді «Юйчугянь был последним шаньюем из рода Модэ. На основании этого китайские историки считали 93 год концом хуннского государства». Сөйтіп, қалқалықтардан тірі қалған аз ғана отбасы «Ергене қонға» кетті. Олардың ұрпақтары арадан 450 жыл өткенде сол кездері Жужан атанған сәнбилердің сазайын таттырып, Қалқаны қайтарып алады да, оларға керек болса, тағы да сазайын «татар» деген ат берген екен. Тайпаның ерлік жолы осылай жалғасыпты. Құндардың бұл ерлікке толы жолы Қағанат, Шыңғыс хан дәуірлерінде жалғасын тапқанына тарих куә.Хуннудың, Түрік қағанатының, Шыңғыс хан империясының Қазақ елі тарихының құрамдас бөлігі екеніне тарихтан хабары бар жан ешқандай күмән келтірмейді. Оған Л.Н.Гумилевтің мына бір тұжырымы айқын дәлел бола алады. «Шыңғыс хан жақтастары өз ата-бабалары болып табылатын түркілер жөнінде ешнәрсе білмегені сияқты, түркілер де өз ата-бабалары – құндар туралы ешнәрсе білмеген», – дейді ғалым «Көне түріктер» атты монографиясында. Бұл жерде Л.Н.Гумилев атап айтып отырған тарихи үш құрылымның түбі бір екені туралы пікірі толық қолдауға сұранып тұр. Біздің ойымызша, Шыңғыс хан империясының құрылтайшылары болып табылатын алтайлық қазақ тайпалары Құн дәуірі, Қағанат дәуірі туралы деректерді халық аузында сақталған аңыздар мен батырлық жырлары арқылы білген. Оған «Алпамыс батыр» жыры мен ел аузынан жазып алынған Алаша хан туралы аңыз нақты мысал бола алады. Батырлық жырлар, шежірелер, аңыздар арқылы ел жадында сақталған оқиғалар желісін қолдағы тарихи деректермен қабыстыра отырып, халқымыздың қилы замандарда басып өткен жолын толыққанды қалпына келтіре алады екенбіз.

Оңғар НАҚЫП,

Түркістан облысы

ПІКІРЛЕР4
Аноним 31.01.2020 | 18:58

Автор тың деректер ұсынып жүр. Тараихымызға қатысты мәліметтер көп. Бағытыңыз дұрыс.Жазған дүниелеріңізді оқып тұрамын.Ұнайды. Бірақ сізді тани қоймайды екенмін.

Аноним 03.02.2020 | 00:49

Мына мақала ғылыми тұрғыдан да, тарихи тұрғыдан да түкке тұрғысыз, тіпті, тақырыбы ашылмаған құранды шатпақ екен. Хуннуды айтып отырып Оғызханға айналдырып жібереді. Ау, ағасы тарихты жазам деп тыраштанып ұзақ-сонар тарихшы емес жазушы екенің көрініп тұр. Ендеше, тарихты қорламай үйіріңді тап, «халқым, қазағым, қайран бабаларым-ай» деген егіле жылауыңды әдебиетіңе арнап жаз. Ешқандай тарихты білмейтін көрсоқыр, осылай мифтен құрастырып қолдан жалған тарих жасап ұрпақты адастырып, басқа жұртқа күлкі етуді қоймайсыңдар!

Аноним 29.04.2020 | 22:34

Не правильғо😂

Аноним 29.04.2020 | 22:34

Не правильно😂😂😂💞

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір