ЕҢБЕК – БАР ТӘРБИЕНІҢ БАСТАУЫ
Ұлы педагогтар айтқандай, адамның болашағы үшін ең маңызды нәрсе – үйдегі еңбек тәрбиесі. Баланың еңбекке араласуы мүмкіндігінше ертерек басталуы тиіс, өйткені еңбек оның адамгершілік қасиеттерін қалыптастыратын ең қуатты негіз болып табылады.
Баланы еңбекке баулу, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу – қай заманда да педагогиканың басты мақсатының бірі болып келді және солай қала бермек те. Өйткені тарыдай болып мектеп табалдырығын аттап, таудай болып шыққанға дейін оқу ордасы беретін білім мен тәрбиені бойға сіңірудің өзі еңбексүйгіштік қасиетті қажет етеді. Есі кіргеннен еңбекке баулымай, енжарлыққа, жалқаулыққа бой ұрған бала білім алып та жарытпайды. Сондықтан баланың отбасындағы еңбек тәрбиесі – бар тәрбиенің бастауы болып табылады.
Ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға. Баланы еңбекке тәрбиелеу оның отбасындағы қарапайым міндеттерін түсіндіруден басталады. Бала жаңа отырғызған жас шыбық секілді, үйдегі көргені қалай болса, соған қарай бет алып өседі. Оның жан-дүниесіне үңіліп, мінез-құлқын бағамдау, үлкен адамдай санаса отырып, әңгімелесу, жас ерекшелігіне қарай міндеттер жүктеу арқылы еңбекке баули отырып, тәрбиелесек, ол өзінің тәтті жемісін берері анық
Еңбек тәрбиесі – баланың бойында еңбексүйгіштік қасиетті, еңбек етуге деген ынта-ықылас пен осы тұрғыда белгілі бір дағдыларды қалыптастыру жүйесі. Еңбекке баулудың адамгершілік тәрбиедегі орны маңызды. Дана халқымыз баланы жастайынан еңбекке баули отырып, өз ісіне жауап беруге, жақсы нәтижеге жету үшін ізденімпаздыққа, талапшылдыққа, жауапкершілікке, кез келген еңбекті бағалай білуге, айналаңдағы адамдардың жұмысына құрметпен қарауға және еңбекпен тапқан нан қашанда бағалы болатынын біліп өсуге тәрбиелеудің маңызын әу баста-ақ білген. Отбасында ата-анадан осындай тәрбиені көріп, өскен бала ертең әр ортада өзін ұстай білетін, ерік-жігері мықты, бар мен жоқтың мән-маңызын, обал мен сауапты түсінетін, өтірік-өсек айтуға, тәртіп пен құқық бұзушылыққа бармайтын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін қарапайым да адал азамат болып ержетіп, елдің дамуына, қоғамның алға басуына қозғаушы күш болар қауымның қатарынан табылары даусыз.
«Бала тәрбиесі – үлкен жауапкершілік, оның ішінде еңбекке тәрбиелеу ең негізгі міндет болып есептеледі. Еңбекке тәрбиелеу арқылы баланың алдағы өміріне үлкен жол ашамыз деп есептеймін. Жастайынан еңбектеніп үйренген бала қай кезеңде болмасын, жауапкершілігі жоғары, өзіне де, өзгеге де талапшыл, еңбектің қадір-қасиетін бағалай білетін тұлға болып қалыптасады. Қазір бала мектепте ештеңе істемейді, бұл дұрыс деп айта алмаймын, – деді бізбен әңгіме барысында Білім министрінің Құрмет грамотасымен марапатталған Қарағанды облысындағы №43 Егіндібұлақ орта мектебінің үздік мұғалімі Салтанат Қапсаттарова. – Бұл тұрғыда дамыған елдердің алдыңғы қатарындағы жапондықтардың баланы мектеп қабырғасында еңбекке баулу тәрбиесіне назар аударуға болады. Баланы есі кіре бастаған кезінен бастап, өзінің ойыншығын, шамасы келсе төсек-орнын, киімдерін жинауға үйрету керек. Бұл дағды сол кезден қалыптаспаса, кейін бой бермей, тілазар болып өсуі мүмкін. Осы орайда «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай сыйла, 15-ке дейін құлыңдай жұмса, одан әрі досыңдай сырлас» деген қағида есте болу керек».
Қазір бала оқыса болды деген пікір қалыптасқан. Ал шын мәнінде бірінші кезекте еңбекке тәрбиелеу керек. Өйткені білім алу үшін де еңбектену қажет. Өмір деген еш кедергісіз даңғыл жол емес. Кішкентайынан еңбекке үйренген бала үлкен өмірге аяқ басқан кезде алдан шығар түрлі қиындықтардан дұрыс жол таба білетін болады. Өз ойын осылай жалғастырған ұстаз баланы еңбекке тәрбиелеуде бірінші орында ата-ана өзі үлгі көрсету керектігін атап өтті.
«Баланы тәрбиелеме, бірінші өзіңді тәрбиеле. Бала көргенін көңілге құяды. Қазір ауылда да тұрмыс жеңілдеді, үй тіршілігіндегі көп шаруа бұрынғыдай қол еңбегін қажет етпейді. Дегенмен өсіп келе жатқан ұл-қызды еңбекке баулудың жолы көп. Мысалы, қазіргі жаз уақытында қой, сиыр бағымына баруға кісілер іздеп жатады. Бір күн қой немесе сиыр табынын бағып келіп, 8 мың алуыңа болады. Бірақ көпшіліктің бұған құлқы жоқ, жұмыссыздыққа берілетін аздаған жәрдемақыға қарап отырғаны. Құрылыс салатын болса да, тағы сол жағдай, адам таба алмайсыз. Әншейін жәй жүріп, күн өткізу. Қазіргі жаңа технологиялар кезеңінде балалардың электронды құрылғы алдында сағаттап отыруы денсаулығына зиян екенін әрбір ата-ана білсе керек. Міне, балалардың бос уақытын қозғалыссыз телефонмен өткізбеуі үшін ата-ана жоғарыда айтып өткен мүмкіндікті, мал бағып келуді неге пайдаланбасқа? Әке баласын жанына ертіп, ауыл малын өріске шығарып, таза ауада бағып келсе, бұдан кімге зиян? Біріншіден ақшасын алады, екіншіден, ең бастысы, бала туған топырақтың жай-жапсарымен танысады, жауапкершілікті сезініп, белгілі бір еңбек дағдысына үйренеді. Мұның өзі баланың бойында өзіне деген сенімді қалыптастыруға жақсы қадам болмақ. Ертеңгі өз отбасына, ел мен жерге, Отанға деген жауапкершілікті сезінетін азамат осылай қалыптасады», – деп аяқтады өз ойын тәжірибелі ұстаз Салтанат Қапсаттарова.
Иә, адам мен қоғам дамуындағы еңбектің рөлі қаншалық маңызды дегенге келсек, еңбек үдерісі барысында қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыратын материалдық және рухани қазына-құндылықтар жасалуымен қатар, өзінің бойында жаңа әдет, дағдыны қалыптастыра отырып, еңбек етуші әрбір адам ой-санасы мен қабілет-қарымын, білім-білігін жетілдіріп, толықтырады, өзіне және ортақ іске деген жауапкершілікті, қоғамның дамуында еңбегі арқылы өзіндік үлесі барын сезініп, ертеңгі күнге сенімі орнығады. Ең бастысы да осы – ертеңге деген азаматтардың сенімі.
Рымтай КӨКЕНАЙҚЫЗЫ