Ізгіліктің бастауы
26.08.2025
308
0

Елімізде ерекше қамқорлықты қажет ететін жандардың өзге адамдармен тең дәрежеде өмір сүруі үшін қажетті жағдайлар жан-жақты қарастырылып келеді. Бәріне бірдей мүмкіндіктері бар инклюзивті қоғам құру – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларының басты тетігі. Инклюзивті қоғам – мемлекеттің әр мүшесін құқықтық тұрғыда қорғау ғана емес, ізгіліктің бастауы. Осы орайда бірнеше жыл бұрын Сенат жанынан құрылған Инклюзия жөніндегі кеңес мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ахуалын оңтайландыру мақсатында түрлі бастамаларды алға тартуда.
Жуырда Сенатта Инклюзия мәселелері жөніндегі кеңестің «Мүгедектігі бар адамдарға протездік-ортопедиялық көмек көрсетудің өзекті мәселелері» тақырыбындағы отырысы өтті.
Кеңес төрағасы Ляззат Қалтаева кіріспе сөзінде бұл тақырыптың маңыздылығын атап өтіп, протездік-ортопедиялық көмектің мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасы мен қоғамға бейімделуіне тікелей әсер ететінін айтты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев баяндама жасап, елімізде 737 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар екенін, олардың шамамен 13 пайызы протездік-ортопедиялық құралдарға мұқтаж екенін жеткізді. Қазіргі таңда бұл көмекті қамту деңгейі 87%-ға жуық. 2021 жылдан бастап «Aleumet» әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жеткізушіні еркін таңдау механизмі енгізілген. Бүгінде бұл порталға тиісті өнімдерді ұсынатын 313 жеткізуші тіркелген.
Алайда депутаттардың айтуынша, бұл салада бірқатар шешілмеген мәселе бар. Атап айтқанда, білікті мамандардың жетіспеушілігі, ескі стандарттардың қолданылуы және заманауи технологиялық шешімдерді қаржыландырудың жеткіліксіздігі.
Жиын барысында шұғыл назар аударуды қажет ететін негізгі бағыттар аталды. Атап айтқанда, халықаралық талаптарды ескере отырып, протездік-ортопедиялық бұйымдарға арналған ұлттық заманауи стандарттарды әзірлеу және енгізудің маңыздылығы көтерілді. Сондай-ақ көрсетілетін бұйымдардың сапасына ерекше мән берілді, олардың функционалдығы мен эргономикасына қойылатын талаптарды күшейту және оларды тәуел­сіз бағалау жүйесін енгізу ұсынылды.
Отандық заманауи протез өндірісін ынталандыру үшін салықтық жеңілдіктер беру, сертификаттауды жеңілдету және ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау жөнінде ұсыныстар айтылды. Қаржыландыру мәселесі де басты назарда болды. Қатысушылардың пікірінше, қазіргі қаржыландыру тетіктерін қайта қарап, көбірек азаматтарды қамту және озық технологиялы оңалту құралдарына қолжетімділікті арттыру қажет. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір