Тең мүмкіндіктер –қоғамының бастауы
«Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады» деп жариялаған Ата заңымыздың алғашқы бабы «оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп басталуы бекер емес.
Демек, жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орынды алып жатқан кең байтақ елімізде атқарылар бар тірлік мемлекеттің басты құндылығы саналатын адам игілігіне арналады. Баршаға бірдей тең мүмкіндіктер қоғамын құруды мақсат еткен еліміздің конституциясы сол игіліктерді қолдап, қорғайды. Солардың қатарында мүмкіндігі шектеулі жандардың құқын қорғау еліміз қол қойған БҰҰ-ның арнайы конвенциясымен, Ата Заңымызбен және Әлеуметтік кодекспен реттеледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, бүгінгі күні елімізде 732 мыңнан астам әр түрлі топтағы мүмкіндігі шектеулі адам бар. Олардың құқығын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған ұлттық жоспар іске асырылуда. Елімізде мүгедектігі бар адамдардың құқығы мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі жұмыс істейді. Атап айтқанда, әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер түріндегі мемлекеттік көмек пен қолдау, тұрмыс-тіршіліктегі кедергілерді еңсеру үшін жағдай жасау, әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруге, әлеуметтік-тұрмыстық және қоршаған ортаға бейімделуіне бағытталған шаралар кешенін ұсыну, әлеуметтік оңалту.
Салалық ведомство жанынан мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесі жұмыс істейді. Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, салалық департаменттер басшылары қатысатын кеңес отырыстарында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру, медициналық көмек, білім берудің қолжетімділігі, жұмыспен, тұрғын үймен қамтамасыз ету және т.б. өзекті мәселелер талқыланды. Айта кетерлігі, үйлестіру кеңесіне қатысушылардың ұсыныстары негізінде мүгедектігі бар адамдардың құқығын сақтау және қорғау саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру шаралары қарастырылып, тиісті шешімдер қабылдануда, яғни үйлестіру кеңесі мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған шешімдер мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен жинақталған түрде қабылданып, көздеген нәтижеге қол жеткізер тиімді алаңға айналып отыр.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында биыл медициналық-әлеуметтік сараптаманы сырттай өткізудің проактивті форматтағы қанатқақты жобасы іске асырылуда. Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқын қорғау мақсатында жүйені реформалаудың келесі кезеңі – 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап тәжірибелі дәрігерлер қатарынан тәуелсіз сарапшылар институтын енгізу болады.
Мүгедектігі бар азаматтардың құқын қорғауға бағытталған шаралардың енді бірі – Әлеуметтік кодекс күшіне енген былтырғы 1 шілдеден бастап мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары институтының іске кірісуі. Биыл жыл басынан бері еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік инспекторлар мүгедектігі бар, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау мақсатында 2,1 мыңнан астам тексеру жүргізген. Оның 528-і алдын ала бақылау, 511-і жоспардан тыс, 1087-сі прокуратура талаптары аясында жүргізілген. Мәселен, салалық министрліктің еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті Алматы қалалық департаменті мүгедектігі бар азаматтың өтініші бойынша азық-түлік дүкеніне қолжетімділіктің болмауына қатысты жүргізген жоспардан тыс тексеру нәтижесінде кәсіпкерлік субъектісіне айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы кезеңде әкімдіктер, жергілікті атқарушы органдардың бөлімдері мен басқармалары, мемлекеттік мекемелер, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және оңалту орталықтары, ауруханалар мен емханалар, шипажайлар, балабақша, мектеп, колледж, лицейлер, дүкен, сауда үйлері, банктер, «Қазпошта» АҚ филиалдары, полиция бөлімшелері, мәдениет үйлері, мұрағаттар, мұражайлар, қоғамдық тамақтандыру орындары, қонақ үйлер, нотариустар, автобус парктері, авто және теміржол вокзалдары, әуежайлар, кітапханалар, спорт мектептері және басқалар мемлекеттік бақылаумен қамтылған.
Өңірлердегі әлеуметтік инспекторлардың айтуынша, қазіргі күні мүгедектігі бар адамдардың заңды құқығын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу, кедергісіз орта қалыптастыру бағытында оң өзгерістер баршылық. Мүмкіндігі шектеулі оралдық азамат Ерген Бекарыстанов қалада ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру жағдайын жақсарту шараларын іске асыруда ілгерілеу барын атап өтті. «Қаламызда осы тұрғыдағы жақсы істерді күн сайын байқауға болады. Киров саябағында жаяулар жолының бойында көру қабілеті нашар адамдарға арналған тактильді бағыттағыштар орнатылды, қала бойынша банктерге, әлеуметтік маңызы бар нысандарға тиісті инфрақұрылым қамтамасыз етілді. Мүгедектігі бар адамдарға арналған тұрақ орындары, пандустар мен кіру топтары талаптарға сай жасалған. Жалпы қала бойынша инфрақұрылым нысандарын қолжетімділік өлшемдеріне сәйкестендіру жұмыстарының қолға алынғанына қуаныштымын», – деп өз ойымен бөлісті ол.
Дәрия БЕКЕТҚЫЗЫ