Жетістіктің бастауы – еңбекте

Жуырда Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда «Еңбек жолы», «Парыз» байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамдарына, еңбекқорлыққа ерекше мән беріп, биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп атауға пәрмен берді. Президенттің бір сөзінде: «Осы орайда, мен халқымыз үшін маңызы жоғары қасиеттер мен құндылықтарға қысқаша тоқталайын.
Бірінші маңызды мәселе, біз еңбекқор болуымыз қажет. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету. Түрлі қаржы пирамидасына, құмар ойындарға әуес адамдар ақшаның оңай жолмен келмейтінін түсінуі керек. Маңдай терімен табыс тапқан адам оны мақсатсыз шашып, ысырап қылмайды. Үнемшіл, қанағатшыл әрі ұқыпты болады.
Мен академик Асқар Жұмаділдаев айтқан пайыммен толық келісемін. Халқымыз осындай күрделі заманда ең алдымен, әлемге прагматикалық көзбен қарауы керек. Жастарымыздың санасы сергек, еті тірі, ширақ болуы қажет. Көрші мемлекеттердегі жас азаматтар шетелге барып, кәсіпорындар, дүкендер ашып, жақсы өмір сүру үшін жаңа дағдыларды игеріп жатыр. Олар, шын мәнінде, бәсекеге қабілетті еңбекқор адамдар», – деп айтқаны да барлық жетістіктің бастауы еңбекте екенін айшықтайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы қоғамда еңбектің және кәсібиліктің құндылығын арттыра түсті. Еңбек күніне арналған салтанатты жиында ел өмірінің негізін құрайтын, өз ісіне адал мамандар құрметке бөленді. Салтанатты шараның кіріспе сөзін алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан және қалалық мәслихат төрайымы Табиғат Зейнұлқабден
еңбек ардагерлерін, өндіріс озаттарын, тәжірибелі ұстаздар мен жас мамандарды
құттықтады.

«Біздің қоғам мен мемлекет үшін ең жоғары құндылық – еңбек адамы. Министрлік жұмысшылардың қауіпсіздігін, әлеуметтік кепілдіктері мен құқықтарын қорғау бағытында көптеген бастаманы қолға алып келеді. Қазір елордада жеті жүз мыңнан астам маман, жүз елу мыңнан астам еңбек ардагері бар. Бұл – өзге өңірлерге үлгі», – деді өз сөзінде министр С.Жақыпова.
Сонымен, «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша теміржол саласында жалпы еңбек өтілі 178 жылдан асатын Бурлиновтар әулеті жеңімпаз атанды. Әулет мүшелері бірнеше ұрпақ бойы еліміздің теміржол саласында адал еңбек етіп, кәсіби шеберлік пен еңбекқорлықтың нағыз үлгісін көрсетіп келеді.
«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясында «Астана су арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының «Сумен жабдықтау қызметінің бастығы» Дүйсембай Шайкенов жеңіске жетті. Ол жылдар бойы жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, кәсіби біліктілігін арттыруда аянбай еңбек етіп келеді.
«Өндірістің үздік жас қызметкері» аталымы бойынша, «Ауыл шаруашылығы дақылдарын сорттық сынау жөніндегі мемлекеттік комиссия» республикалық мемлекеттік мекемесінің бас агрономы әрі кәсіподақ төрайымы Гүлзия Шарипова жеңісті сәтке ие болды. Ол аграрлық саладағы табанды еңбегі мен қоғамдық жұмыстардағы белсенділігімен көзге түсіп, жас мамандарға үлгі бола білді.
Ал елордадағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қолдауға бағытталған «Парыз» байқауының жеңімпаздары «Dar rail» компаниясы мен Ақмола вагон жөндеу зауыты болды. Сонымен қатар түрлі салада еңбегімен ерекшеленген бірқатар азамат Алғыс хаттармен марапатталды.
Айта кету керек, байқауда бірінші орын иеленген жеңімпаздардың барлығы — кәсіподақ мүшелері.
Мерекелік жиын әсерлі концерттік бағдарламамен аяқталып, қатысушыларға серпінділік сыйлады.