Тәрбие бастауы еңбек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялады. Бұл мәселенің күн тәртібіне шығарылуы заңдылық деп қабылдағанымыз анық.
Еліміздің ертеңі – жастар дейміз. Жастарымыздың осынау үлкен міндетке сай азамат болып қалыптасуы оларға бүгіннен, яғни бесіктен берілетін тәрбиеге байланысты. Елімізде қазіргі таңда қалыптасқан оқыту мен тәрбие беру жүйелері – мектеп пен балабақшалар болып саналады. Мектеп қазір екі жүйеде жұмыс істейді. Біріншісі – негізгі мектеп. Екіншісі – балаларға болашақ мамандығына сәйкес білім беретін, еңбек дағдыларын қалыптастыратын кәсіби мектептер. Олар алуан түрлі. Солардың бірі – жоғары санатты жұмысшылар даярлайтын қысқа мерзімді курстар. Ондағы оқу мерзімі шамамен бірнеше айдан бір жылға дейін болады. Оқу мерзімін ғылыми негізде мамандар анықтауы керек, ол өмірден алшақ, абстрактілі ойдан шықпауы тиіс. Керісінше, өмір, тәжірибе тұрғысынан қарастырылуы керек. Мысалы, ағаш не темір ұстасы, шаштараз, маникюр, педикюр, етікші, малшы, аула тазалаушы, тәрбиеші, даяшы, сантехник, электрик, токарь, тағы сол сияқты мамандықтардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар ғой. Оқу мерзімі сол ерекшеліктер ескеріле отырып, белгіленуі тиіс. Мұны сол саланың мамандары жақсы түсінеді. Олар педагог, психолог, еңбек физиологиясы сияқты мамандармен ақылдаса отырып, ғылыми негізде шешуі тиіс. Тек осы істе формалдықтан сақтасын дейміз.
Қандай болсын кәсіп мамандарын даярлауда екі нәрсені ерекше ескеру керек. Бірінші – қоғамның белгілі кәсіпке, мамандықтарға зәрулігі, мұқтаждығы, екінші – мамандық алушының ниеті, қызығушылығы, қабілет-қарымы, болашақта алатын мамандықтарының талаптарына сәйкестігі (анатомиялық, физиологиялық, психологиялық, денсаулық, тағы сол сияқты ерекшеліктер). Мұның бәрі ғылыми негізде анықталуы керек.
Қазіргі күні елімізде мұндай мектеп-курстар баршылық. Жап-жақсы жүйе қалыптасқан. Оларда жоғары санатты жұмысшы кадрлар даярланып жатыр. Жұмысшы кадрларын даярлау өндіріспен тығыз байланыста болуы керек. Мысалы, жүргізушілер даярлағанда автокомбинаттың ішінде болғаны, наубайханашыларды даярлағанда нан зауытында болғаны дұрыс. Бұл жөнінде де тәжірибеміз аз емес. Сондықтан бұл сатыдағы жүйенің өміршеңдігін көтеріп, жетілдіру керек.
Кәсіби мектептің келесі сатысы – қазіргі кезде орта білімді кадрлар даярлап жатқан колледждер. Орта арнаулы білім беретін бұл оқу орындарында ойдағыдай жағдай да, тәжірибе де жетерлік. Осы сатыда даярланатын кадрлар қоғамға өте қажет. Мысалы, балабақша тәрбиешілері, әлеуметтік саладағы қызметкерлер, медбике, түрлі өндіріс саласындағы техник-мамандар сан жағынан қоғамға жоғары білімді кадрлардан әлдеқайда көп керек. Бұл оқу орындарында да оқу мерзімі алатын мамандықтардың күрделілігіне тікелей байланысты. Бұл мектептерді бітірген талапкерлерге егер мамандықтары сәйкес келіп жатса, жоғары оқу орындарына түсуге көптеген жеңілдіктер бар.
Қазіргі таңда біздің мектебіміз он бір-он екі жылдық мектеп болып отыр. Мұны қазіргі заманға лайықты емес деп санаймын. Негізгі мектеп балалардың балиғат жасына, яғни шамамен он екі-он үш жасқа дейін болуы керек. Ата-бабаларымыз «Он үш жаста – отау иесі» деп бекер айтпаған. Осы кезде адам организмінде үлкен өзгерістер болады да, балалардың психикасында, зейінінде үлкен алаңдаушылық пайда болады. Сабақта ұзақ отыруға шамасы жетпей қалады. Осы жастағы балаларға қимыл-қозғалыс, дене еңбегі көбірек керек. Сабақ үстінде отырған баланың ойы далада болғандықтан, сабақты аса зейінмен тыңдай алмайды. Оқу-тәрбие процесінде осыны ескеруіміз керек, яғни негізгі мектептің өзі 7-8 сыныптан аспауы тиіс.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, негізгі мектептен кейін кәсіби мектеп болуы тиіс. Оған бізде барлық шарттар бар. Оқытудың екінші кезеңінің жүйесі елімізде жақсы қалыптасқан. Қазір колледждерде барлық қажетті мамандық бойынша білім береді. Сондай-ақ кейбір пәндерді тереңдетіп оқытатын мектептер, лицей, гимназия, спорт мектебі, әскерге қызметкер дайындайтын, өнердің түр-түріне арналған қаншама оқу орындары (музыка, сурет салу, дизайн т.б.), сонымен қатар жұмысшы кадрларын даярлайтын оқу комбинаттары, кәсіби-техникалық мектептер бар. Еңбек министрлігінің жанында жұмысшы кадрларын даярлайтын оқу орталықтары бар. Осылардың барлығы оқытудың екінші кезеңіне жатады. Бұлар негізгі мектептен кейінгі орта білім әрі мамандық алатын оқу орындары болып табылады. Біз осыған үлкен көңіл аударып, осы бағытта жұмыс жасауымыз қажет. Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары кеңес елдері бойынша осы бағытта үлкен жұмыстар жүргізілген. Балаларды кәсіптік бағдар арқылы еңбекке араластыра отырып, үлкен өмірге даярлау қолға алынған болатын. Ғалымдар мектептермен, оқу орындарымен бірігіп жасаған зерттеулер нәтижесінде сол кездегі онжылдық мектептің бағдарламасын сегіз жылда жүзеге асыруға, сапасын да арттыруға болады деген қорытындыға келген болатын. Мұны да ескерген жөн.
Кәсіби мектептерде оқу процесі таңдаған мамандығына қарай өндіріспен тығыз байланыста болса, тиімділігі артады. Өндірістен қол үзбей оқыса және еткен еңбегі үшін ақшалай ақы алатын болса, балада оқуға деген қызығушылық күшті болары анық. Оның үстіне мемлекет стипендия төлейді. Балалар материалдық жағдайы болған соң, экономикалық бостандық алады, ата-анаға масыл болмайды. Қазіргі жағдайда он сегіз-он тоғызға келген баланы мектеп партасына отырғызып қойғанымыз бекер-ақ. Басқаша айтсақ, егер балалар болашақта өздерінің кім болатынын біліп оқитын болса, алған мамандығының қыр-сырын меңгеру деңгейі де жоғары болады. Теориялық білімін практикамен жалғастырса, алған білім сапасы күрт өсетіні тағы айқын.
Қазіргі орта мектептерімізде әр пәннің тереңдетіліп оқылатыны соншалық, олар сол кәсіптің маманы етіп қалыптастыратындай білім беруге тырысамыз. Ал түптің-түбінде бала өміріне бір ғана мамандықты, бір ғана кәсіпті серік етеді. Соған орай бала негізгі таңдаған мамандығынан басқа пәндерден жалпылама білім алса жеткілікті. Мысалы, тіл-әдебиетті таңдаған бала ертең математик немесе физик болмайды. Егер оқушы осы пәннің мамандығын таңдамаса, оның негізгі заңдылықтарын біліп шықса жеткілікті. Бір мезгілде бала барлық кәсіпті өміріне серік етпейді. Осыны ескеруіміз керек.
Қазір техника, технология өте тез өзгеріп жатқан заман. Бала мектеп бітіргенше алған білімі өзгеріске ұшырап, жаңаша сипатқа ие болып кетіп жататыны да жасырын емес. Он-он екі жылдың ішінде белгілі бір пәндердің ішкі мазмұны да өзгеріп кетіп жатады. Сондықтан баланы мектепке ұзақ уақыт қамап, он екі жыл бойы партаға байлап оқыту – өзін ақтамайтын шаруа. Біріншіден, мектеп бағдарламасына сай мемлекеттің қаржысы далаға кетсе, екіншіден, мұғалімнің де, баланың да асыл уақыттары текке кетері анық.
Алған білім мен өндірістегі еңбек ертоқымның екі үзеңгісіндей қатар жүруі керек. Сонда ғана оның тиімділігі артады. Мамандық бойынша алынған білім (диплом алғаннан кейін де) заман талабына сай ауық-ауық арнайы курстардан өтіліп, жетілдіріліп отырылуы тиіс. Әр маман одан тыс өз білімін өзі көтеріп отырғаны қажет. «Он-он бес жыл бұрын алынған дипломым бар» деп, оған мәз болып жүруге болмайды. Өйткені ол білім жылдар тізбегімен өзгеріске ұшырап, өз өміршеңдігін азайтатыны анық.
Мектеп қабырғасында білім алып жатқан оқушылардың алған білім деңгейін жоғарыда айттық. Жасыратыны жоқ, оларға білім беріп жатқан мұғалімдерді де тексерістен өткізер болсақ, көбісінің осыдан он бес-жиырма жыл бұрынғы алған білім қоржынымен жүргенін байқау қиын емес. Инновациялық бағытты қолға алып, жаңаша білім беретіндердің саны көңіл көншітпейді. Осы мәселені тез қолға алып, жағдайды реттеуіміз керек.
Негізгі тақырыбымызға оралсақ, назарда ұстайтын басты нәрсе – балалардың оқыған оқуы тікелей мамандық таңдауға бағытталуы тиіс. Жоғары оқу орнына кәсіби оқу орнынан кейін түссе, оның оқуына да жеңіл болары анық. Жоғары оқу орындарының жанынан қазір даярлық курстары, факультеттер ашылған, кейбірінде арнайы мектеп, колледждері бар. Бұл өте құптарлық жағдай.
Қазіргі кезде жалпы орта мектеп оқушыларды еңбекке баулымайды. Болашақта олардың кім болатынына жол сілтемейді. Мектепте кәсіптік бағдар жұмысы өте төмен. Жоғары саналған 9–10–11-сыныптардағы оқушыларға жоғары оқу орындарына түсесіңдер деп, негізінен, бірыңғай ұлттық тестілеуге даярлайды. Осы себептерден жалпы орта мектепті бітіргендер масылдық психологияға тәрбиеленеді. 15–28 жас арасындағы бұл топтағы жастарды құлықсыз жастар дейді. Мысалы, елімізде он бір жылдық мектепті жылына 200 мыңдай бала бітіреді. Оның 25 мыңдайы жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Бұлардың басым бөлігі құлықсыздар тобына енеді. Олар – оқымайтын, жұмыс істемейтін, өз білімдерін көтермейтін, мамандық алмайтын жастар. Осы ретте айта кетейік, 2024 жылы Атырау қаласында өткен құрылтайда президент Қ.Тоқаев олар наркомания, лудомания, буллинг, агрессия, вандализм сияқты келеңсіздіктерге ұрынатын асоциалды жастардың топтарын құрайтынын атап өткен болатын. Олар қайдан шықты? Олар – өз балаларымыз, кешегі онбіржылдық жалпы орта мектептің түлектері. Бұл проблемадан, тығырықтан құтылатын жол бар ма? Бар. Жоғарыда айтқанымыздай, балалар мектепте 13–14 жасқа, балиғат жасына дейін ғана оқуы керек. Мектептегі оқу мерзімін осы жаспен шектеуіміз қажет. Содан кейінгі оқу өндіріспен байланысты белгілі бір мамандық алып шығатын кәсіби бағыт беруге ауысуы тиіс.
Әрине, мектеп бітіретіндерге өмір тәжірибесі аз болғандықтан болашақ мамандық таңдау оңай емес. Елімізде 30 мыңдай кәсіп түрі бар екен. Оның бәрін толықтай қамтып, оқушыға жеткізу – қиынның қиыны. Мамандық таңдау туралы ақпарат аз. Сондықтан оқушыларға кәсіптің негізгі топтамаларын айтып, түсіндірген жөн. Ол кәсіби топтар: «Адам-Адам», «Адам-Табиғат», «Адам-Техника», «Адам-Өнер», «Адам-Таңбалар жүйесі». Осы кәсіптер жіктеуіне сипаттама беріп, оқушылардың қайсысына қызығатынын анықтау керек. Бұл жұмысты кәсіптік бағдар беретін маман, сол сияқты сынып жетекшісі, пән мұғалімдері ата-аналармен бірлесіп жүргізгені жөн. Мамандық таңдауда соңғы шешімді мектеп түлегінің өзі айтуы тиіс. Оқушы таңдауына үстемдік жасауға болмайды. Біздің ата-аналардың көпшілігінде баласының экономист немесе сот, прокурор секілді лауазымды қызмет істеп, өзіне пайдалы әрі жылы жерде отырса деген пиғыл басым. Елдің бәрі прокурор, болмаса сот бола бермейді ғой. Амал жоқ, осы мамандықты өміріне серік еткендер жұмысқа орналаса алмағандықтан басқа салаға болмаса, базар жағалап кеткені жасырын емес. Кадр дайындау мәселесіне мемлекеттік көзқарас керек. Жоғары оқу орындары заң қызметкерлерін топырлатып шығара бергенмен, сұраныс жоқ болса, кадр дайындау ісінде ақау бар деп түсіну керек. Кадр дайындау мәселесі мемлекеттік тапсырыс негізінде ғана жүргізілуі тиіс. Ол үшін жұмыс орындары нарығы зерттелуі тиіс. Дайындалған кадрлардың жұмысқа орналастыру мүмкіндігінен асып кетуі жұмыссыздыққа алып келетінін ұмытпауымыз керек.
Жолмұхан ТҮРІКПЕНҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры