Хунну – елдігіміздің бастауы
01.10.2019
2087
2

Тарихшылар алдында тұрған ең елеулі сұрақтардың бірі Хуннудың Қазақ елі тарихына қатыстылығы туралы екенін білеміз. Қолдағы деректерге зер салсақ, «хун» дегеніміздің қазақшасы «құн» екені, елдігіміздің тал бесігіндей ғасырлар бойы тербелген қасиетті Қалқа даласына ең алғаш табан тіреп, мемлекеттіктің негізін қалаған халық – құндар екені, ол ел дүниеден көшкенде құндардың ұрпақтары – Түрік қағанатының ұландары Қалқа даласын жау қолынан қайтару үшін соғысқаны мәлім. Қайтару үшін соғысса, бір кездері сол даланы жоғалтқан болады емес пе? Қалай жоғалтты? Кім тартып алды? Кімнен қайтарып алды? Міне, осы сұрақтар төңірегінде ой қозғасақ, біраз жайттың беті ашылар деген үміттеміз. Осы деректердің негізінде қасиетті Қалқа даласында дүниеге келген Шыңғыс ханның шыққан тегіне қатысты өріп жүрген негізсіз өсек-аяңдарға да нүкте қоя алады екенбіз.

ТАЛБЕСІКТЕЙ ТЕРБЕЛГЕН ҚАЛҚА ЖЕРІ

Қалқа даласына қатысты тарихи деректерді сараптай келе, бұл өңірге алғаш табан тіреп, тарихқа енген хундардың сырттан келгенін байқау қиын емес. Л.Н.Гумилев 2003 жылы Мәскеуде басылған «Хунну» атты зерттеу еңбегінде былай дейді: «Когда прахунны пересекли песчаные пустыни, на равнинах Халхи возникли исторические хунны» (21 бет) Құндар Алтайдың етегіндегі, бүгіндері Моңғолия атын еншілеп отырған қалмақ тұқымдас елдің қиыр шығысындағы бұл далаға не үшін келді деген сұрақ туады. Ғалым олардың коныс аудару себебін былай деп түсіндіреді: «По-видимому, хунское кочевое скотоводство развилось уже настолько, что хунны в поисках пастбищ двинулись на север» (35 бет). Құндардың Қалқаға оңтүстік өңірден көшіп келгенін анық айтып отыр.

«Ғалым бұл болжамын қандай дерекке сүйеніп жасады екен…» деген оймен ізденіп көргенде, сайрап жатқан көштің ізін байсындық «Алпомиш» жырынан таптық. «Ун олти ұрұқ Құнғирот элидан ун минг үйли экин экмоқни билмайдиган элибойлар айрилиб, Бойсарига қушилди. Булар хаммаси бой, қойли, туяли… йилқисининг сонини хечким билмас эди. Хаммаси бирдан қаққайиб, он минг уйли эл Бойсин-Құнғирот элини ташлаб, Кашал элига қараб жунай берди. Айолларига хам яхши отларни олиб келиб тортди». Тайпаның екіге бөлінуі, бір бөлігінің көшіп кетуі жырдың қазақша нұсқасында да бар. Байсындық ңұсқасында бұл оқиға, өзіміз көріп отырғандай, егжей-тегжейлі, анықтап айтылады екен. Байсын мен Қалқа даласының ара қашықтығы да, қалмақтар жасайтын мекен екені де жыраулар назарынан тыс қалмаған. Қазіргі монғолдардың түп негізі қалмақ екенін кім білмейді.

«Олтойчилик иолдир қалмоқ ораси,

Мусафир буп қалмоқ кетиб боради,

Он минг үйли Бойсин-Құнғирот тораси».

Осы жырдағы оқиға мен тарихи деректер қосарлана келе Байсынның шаруа баққан құндары Қалқаға барып, қоныстанғанына ешқандай күмән қалдырмайды. Қазіргі Моңғолия деп аталатын елдің қиыр шығысындағы Қалқа даласына жету үшін Гоби шөлін кесіп өту оңай болмаған. «…хунны были первым народом, победившим пустыни. А для этого надо было обладать мужеством и упорством», – дейді ғалым жоғарыда аталған еңбегінде. Жартастарға қашалған сол заман суреттеріне үңілсек, өгіз жегілген арбаның үстіндегі қосты байқауға болады. Ересектер еркек демей, әйел демей ат үстінде болғаны жырдың байсындық нұсқасында айтылды. Ал буыны беки қоймаған балалар мен кәрі кемпір-шалдар үшін арба үстіне тігілген қос керек болған. Киіз үйдің керек-жарағы мен тұрмыстық заттар да аз жүк емес. Көш көліктер ін сайлау және жүргізу, көшті жол бойында жатжерліктер тарапынан мүмкін болатын шабуылдардан қорғау көріністерінен-ақ құндардың тұрмысы мен өмір сүру деңгейі сол дәуір атырабындағы жергілікті аборигендерден едәуір жоғары екені байқалып тұр.

«Құндар Қалқа даласына қашан қоныс аударған»? деген сұраққа келсек, оның кезең-кезеңмен жүзеге асқанын байқау қиын емес. Аталмыш тайпа туралы алғашқы дерек Қытай тарихында біздің дәуірімізге дейінгі 1764 жылы көрініпті. Бұдан кейін құндар жайында қытайлық тарихшылар үстіміздегі жыл санауға дейінгі 822 және 304 жылдары ғана жазыпты. Осы деректерге қарағанда тайпа Қалқа даласын өте ертеден-ақ игере бастаған. Сыма Цянь, Дегинь, Кордье сынды тарихшылардың зерттеуіне сүйенсек, біздің дәуірімізге дейінгі 1200 жылды Құн мемлекетінің дүниеге келген жылы деп санауға болады екен. Осы мерзімді Құн елінің Қалқа даласында Ордасы тігілген кез деп алсақ, он үш ғасырға созылған аталмыш патшалықтың өз тарихында көкке өрлеуі де, күйреуі де түркі дүниесінің қиыр шетіндегі осы Қалқа жерінде орын алғанын көріп отырмыз. Тағдыр-талайы Қалқа жеріне байланған тайпаның Шыңғыс хан тарихқа енген кездері де сол өңірде тіршілік кешкеніне тарих куә. Лувсанданзан Шыңғыс хан өміріне арнаған «Алтын шежіресінде» қазір Монғолияның қиыр шығысы болып аталатын аймағы жөнінде: «Қалқа өзенінің Бұйра көліне құятын сағасында көп малды Қоңырат деген ел бар», – делінген. Шыңғыс ханның сол Қалқа даласынан шыққаны әлем мойындаған шындық.

«Жер-Ананы шет елге сыйға тарту – сатқындық»

Парсы тілін жетік меңгерген Шәкә­рім қажы Рашид ад- Дин шежіресін түпнұсқадан оқуы нәтижесінде Оғыз ханды қоңыраттардың түпкі атасы ретінде танып, ол қорытындысын өз шығармасына енгізгенін білеміз. Құндар елінің көсемі Оғыз ханның тарихта қалдырған ізіне, ұрпақтары үшін өмірлік азық болған тарихи сабақтарына тоқталудың жөні енді келіп тұрғандай.

…Оғыздың әкесі Қара хан ақылсыз адам емес еді. Қытай елінің патша сарайында тәрбиеленген қызды екінші әйел етіп алған Қара хан оңтүстігіндегі бұл үлкен елмен сауда-саттықты дұрыс жолға қоя білді. Әйткенмен, нақ сол кездері құндар үшін сырттан төнген қауіп жоқ емес еді. Әсіресе, қытайлар Юэчжу деп атайтын қалмақ жұртымен қарым-қатынасында түйткілді мәселелер орын алып, ара-тұра қылыш сермесетін. Шығысында Дунху атты елмен екі арадағы қатынас, Қара хан қанша ұстамдылық көрсетсе де, күрделі күйінде қала берді. Қалқа даласының қыстауы мен жайлауы құндардың мыңғырған түліктері үшін тарлық қыла қойған жоқ еді. Оны қорғауға жарау аттарын тізгіндеген тайпа ұландары әр дайым дайын тұратын.Қытай патша үйі сыйға тартқан жас ханшадан туған ханзада бозбала шаққа жете бере Қара ханның әрекетіндегі оғаштықтардың астарын Оғыздың анасы ішкі түйсігімен сезді. Оғызды әскери өнерге баулып жүрген аталықты кіші ұлын тәрбиелеуге бұйырғанын білген бәйбіше хандық дәстүрге сәйкес тақ мұрагері болуы тиіс баласының амандығын тілеп, Тәңіріне күні-түні жалбарынатын. «Айналайын балам, сақ болғайсың. Сені әкең жамандыққа итере қоймас, дегенмен кіші шешеңнің қолынан сұрқиялықтар жасалуы мүмкін екенін есіңде сақтағайсың», деп ескертіп отырушы еді. Қытайлық қылымсыған жас тоқалының ықпалынан шыға алмаған хан-әке кешікпей-ақ бәйбішесі мен үлкен ұлы күте қоймаған жарлық шығарды. Соған сәйкес Оғыз көрші елдің қолына аманат ретінде кете барды. Ол қалмақ тұқымдас қатыгез елдің аты Қытай дер еккөздерінде Юэчжи деп аталатынын жоғарыда айттық.

Анасының ескертпесін жадында тұтқан Оғыз бөтен елде сақтықты естен шығармады. Күтілген қысастық сағаты да кешікпей соқты. Құн әскері келе жатқаны туралы дабыл соғылған түнде Оғыз қадада байлаулы тұрған орда күзетшілері бірінің жарау атына мініп үлгерді. Қою қараңғылыққа сүңгіп кеткен оны қайтару енді мүмкін емес еді. Құндар әскерінің қатарында ұлы Оғыздың жылдам да батыл қимылымен дұшпан сарбаздарын жер жастандырып жүргенін көрген Қара ханның таңырқауында шек болған жоқ. Ажал аузынан аман қалған Оғыз әкесі мен кіші шешесі тарапынан жасалған кысастықтың бұнымен шектелмейтінін түсінді.

Кенеттен тұтанған пайдасыз соғыстан соң әкесі Қара хан Оғыздың алдындағы кінәсін жуып-шаюды көздеп, оның қарамағына бір түмен әскерді бекітіп берген еді. Сол қадамы өзінің түбіне ажал болып жетерін болжай алмады. Әке мен бала арасында қытайлық тоқалы өршіткен астыртын өшпенділік уақыт өте келе ашық айқасқа ұласып, Қара ханның бақилық болуымен аяқталды. Хан ажалымен бірге оның «сүйікті» әйелі мен кіші ұлына да соңғы сағат соқты. Шежіреде де ұзын-ырғасы баяндалатын бұл оқиға Қытай тарихында кеңінен көрініс тапқанын дереккөздерден көріп отырмыз. Бұнда тек адам аттары қытайша нұсқада берілгеніне таңырқаудың қажеті болмас. Қара ханды – Тумань шаньюй, ал Оғыз ханды шаньюй Модэ деп атайды. Бұнда тілдік айырмашылықпен қатар қытайлықтардың Құн еліне деген көзқарасының ықпалы аз болмағаны байқалады. Оған алда тоқталмақпыз. Әзірше Оғызға байланысты әңгімені жалғастыра тұрайық.

(Жалғасы бар)

Оңғар НАҚЫП,

Түркістан облысы

ПІКІРЛЕР2
Аноним 17.02.2020 | 15:21

Далбаса

Аноним 22.04.2020 | 13:17

👍

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір