Жасампаздық пен жаңашылдықтың бастауы
04.11.2024
609
0

Құндылықтар өзгерген қазіргі қоғамда ұлт­тың жаңа сапасын қалыптастыруда еңбек адамы идеологиясы өзекті болып тұр. Соңғы уақыт­та еңбек нарығындағы жағдай қарқынды өзгеруде. Ақыл-ой және қол еңбегін қажет ететін кейбір мамандықтардың маңыздылығы, қажет­тілігі өзгеріп, қоғамда өзектілігі мен мәртебесін жоғалта бастады. Зымыран уақыт тынысына сай алға озған технологиялық прогресс, жаһандану, цифрландыру үдерістері әкелген өзгерістермен қатар, әлеумет­тік-мәдени кеңістікте «өзіңде бармен көзге ұру», тұтыну психологиясы бел алып, әлеумет­тік мәртебе, абырой-бедел дегеніміз – мансап, байлық-барлықпен өлшене бастаған бүгінгі күні дана Абай айт­қан «бес дұшпаннан жиреніп, бес асыл іске асығудың» өзектілігі арта түспесе, кеміген жоқ.

Осыған байланысты қоғамда әр азамат­тың құндылық өлшемінде бірінші орында тұруы тиіс еңбек адамы бейнесін қайта қалыптастыруға, әлеумет­тік-экономикалық мәселелерді шешудің тиімді құралы ретінде еңбек адамы идеологиясын ілгерілетуге сұраныс байқалды. Осы рет­те мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділет­ті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» ат­ты Жолдауында әділет­ті қоғам құру жолындағы халқымыз үшін басты құндылықтың бірі – адал еңбек, еңбекқорлық екені атап көрсетілді. Елімізде еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс, яғни қазақ­стандық қоғамда еңбекқор ұлт идеологиясын дамыту қажет. Осы орайда үкімет қау­лысымен «Қоғамда еңбек құндылығы идеологиясын ілгерілетудің 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітіліп, қолға алынды. Осы тұрғыда жасалған еліміздің жаңа даму тұжырымдамасында әлеумет­тік-рухани жаңғыру мен бәсекеге қабілет­ті ұлт сапасын қалыптастыруда адал, өнімді еңбекке басымдық беріліп, еңбек адамының тұлғасы алдыңғы қатарға шықты. Ал еңбегіміз өнімді болуы үшін білімді ұлт болуымыз керек. «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», – дейді Ахмет Байтұрсынұлы.
Ұлт ұстазының бұл ұстанымы біздің қоғам үшін бүгін де аса өзекті, яғни бар керегімізді еңбек арқылы ғана жасай аламыз. Өйткені оқу да, кәсіп те, бірлік те қоғамның әр мүшесінің, ең алдымен, өз-өзімен жұмыс жасап, жетілдіруі, жан-жақты дамуы, ерінбей еңбек етуінің арқасында мүмкін болмақ. Осы тұрғыда жаңа ғасыр ұрпағынан күтеріміз көп. Мәселе – сол үміт­ті ақтарлық білім-тәрбие бере алуымызда.

Мақпал САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ, журналист , көпбалалы ана:

– Бала – бізге берілген аманат. Сондықтан дені сау, саналы ұрпақ тәрбиелеу әрбір ата-ананың міндеті деп айтар едім. Меніңше, отбасындағы тәрбие ата-ананың іс-әрекетінен, көрсеткен қамқорлығы мен еңбекқорлығынан бастау алады. Өйткені ана мен әке – бала үшін биік тұлға, беделді адам.
Баламыздың болашағына немқұрайлы қарамайтындықтан, тәрбиесіне әкесі екеуміз ерекше көңіл бөлеміз. Әсіресе қоғамда өзіне-өзі сенімді, жайлы сезінетін азамат ретінде қалыптасуына күш саламыз. Сонымен қатар оқуында зе­йінді болуына, ұлт­тың тарихы мен болмысын әріден танып-түсінуіне көмектесеміз. Сабағынан бөлек, тұңғыш қызым сурет үйірмесіне қатысады. Оқушылардың инновациялық-шығармашылық мектебіне екі жыл қатарынан барып жүр. Оқуына да тыңғылықты қатысып, үлгереді. Сабақтан тыс уақытында сурет өнеріне деген қызығушылығын дамыту үшін үйірмеге қуана барады. Бұр бір жағынан баламның еңбекқорлығы және өз уақытын тиімді пайдалауына көп септігін тигізеді. Себебі қазіргі таңда қолына гаджет ұстамайтын бала жоқ. Виртуалды әлемнің қызығына түбегейлі кіріп кетпеу үшін баланы үй шаруа­сына, қосымша үйірмелерге бейімдеу керек. Бізге кішкентай болып көрінгенімен, қызымыз бойжетіп, ұлымыз ержетіп, ертең-ақ үлкен азамат болып өседі. Міне, сондай сәт­те жастайынан еңбекқорлыққа, уақытын тиімді пайдалануға үйренбегендіктен, өмірдің түрлі жағдайларына төтеп бере алмауы мүмкін. Еліміздің келешегі жарқын болуы әр отбасында тәрбиеленген саналы ұрпақтың қолында екенін біз, ата-аналар, ұмытпауымыз керек. Ұрпақ тәрбиесі – баршамыз үшін жауапкершілік жүгі салмақты міндет болмағы да сондықтан.

ОЗЫҚ БІЛІМ, ӨНЕГЕЛІ ТӘРБИЕ, АДАЛ ЕҢБЕК

Жалпы, тәлім-тәрбие бесігі – отбасы десек, ошақ басындағы тірліктің, әулет­тегі береке-бірліктің ұйытқысы аналарымыздың алатын орны бөлек, жауапкершілік жүгі де ерен. Сондықтан ертеңгі ұрпақ тәрбиешілерін оқытып, білім беріп жатқан Қазақ ұлт­тық қыздар педагогикалық университеті, Филология институты, қазақ әдебиеті кафедрасында профессор міндетін атқарушы, филология ғылымының кандидаты Айнұр Көшекованы әңгімеге тартқан едік.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақ­стан: Іс-қимыл кезеңі» ат­ты Жолдауында қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арт­тыру дей келіп, жас ұрпақты ерінбей адал еңбек етуге үйрету керегін атап өтеді, яғни биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұлы ұғымды әр азамат­тың санасына сіңіргеніміз жөн, – деп бастады әңгімесін Айнұр Арғынтайқызы. – Біздің халқымызда еңбекке байланысты айтылған мақал-мәтел өте көп. Мысалы, «Еңбек ер атандырады», «Еңбегі көптің өнбегі көп», «Еңбек – ердің көркі,
ер – елдің көркі», «Еңбек етпей елге өкпелеме, егін екпей жерге өкпелеме», «Еңбек ширатады, өмір үйретеді», «Еңбек түбі – зейнет», «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» дегендей, көптеген мақал-мәтелдер тегін айтылмаса керек. Сондықтан балаларымызды есін біле бастағаннан үйдегі әртүрлі жеңіл-желпі жұмыстарға жұмсаймыз, балабақша, мектепте де еңбекке баулиды, яғни колледжге, жоғары оқу орнына оң-солын танып келеді. Біз – болашақ педагогтерді, ұрпақ тәрбиесі жүктелер мамандарды даярлайтын оқу орнымыз. Бұл – аса жауапты міндет. Мұғалімдік – үздіксіз ізденісті, талмай еңбектенуді қажет ететін мамандық. Ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп, оңай жолмен табысты болғысы келетіндер бұл мамандыққа маңайлай алмайды. Адал еңбегі мен кәсібі арқылы табысқа жеткен белгілі адамдардың ешқайсысы бірден биікке көтерілмеген. Білімді шыңдау, біліктілікті арт­тыру, өз кәсібіңнің нағыз иесі, мықты маман атану үшін аянбай еңбек етіп, маңдай теріміздің жемісін күте білу керегін біздің студент­теріміз жақсы біледі деп ойлаймын. Бұл еңбек үлгісі олардың көз алдында өтіп жатыр. Олар жемісті еңбек ететін шақ – жастық күш-қуатын алға қойған биік мақсат­тары мен ой-армандарын жүзеге асыруға жұмсайды. Жалпы, еңбек ету арқылы әрбір жас өз бойына жағымды мінез-құлық қалыптастырады. Кәсіптік бағыт-бағдар бере отырып, адал еңбек етуге тәрбиелеу білім алушы жастарымыздың адамдық болмысын қалыптастырудың негізі болып табылатынын айт­қым келеді. Сондықтан болашақ ұрпақты өзінің елі мен жері үшін жаны ауыратын адал азамат, еңбекқор тұлға тұрғысында тәрбиелеу – әрбір ұстаздың басты міндеті деп білемін».
Көз арбаған қызыл-жасыл дүние, жүрек мұздатар қатыгездіктер ақпарат желілерінен толассыз ағылған бүгінгі заманда жастардың рухани-мәдени дамуы, саламат­ты өмір салтын ұстануы, құндылықтар деңгейі – жұртшылықты алаңдататын басты мәселенің бірі. Айнұр Арғынтайқызы бұл ата-аналар, ұстаздар қауымын толғандыратын мәселенің бірі екенін айта келіп, осы рет­те жастардың уақыт­тың қадірін білу, бос уақытын тиімді өткізуді ұйымдастыру жайына тоқталды. «Кез келген адамның сүйіп айналысатын ісі, хоббиі болады, сол арқылы ол қоғамдық өмірге белсене араласа бастайды. Өзім қызмет ететін оқу орнында рухани-мәдени, танымдық бағыт­тағы тәрбие бөлімдері бар, әртүрлі ұйымдар жұмыс жасайды. Оларға студент-жастар қызығушылығына байланысты өз таңдаулары бойынша қатысады. Университет­те бірнеше факультет, қырықтан астам мамандық бар. Әр кафедраның жанынан түрлі үйірмелер ашылған. Мысалы, біздің қазақ әдебиеті кафедрасы жанында шығармашылық бағыт­тағы «Назқоңыр» және «Ізденіс» ат­ты ғылыми үйірме, сондай-ақ театр жұмыс істейді. Шығармашылыққа жақын студент­тер өз қабілет­терін шыңдайды, ғылыммен айналысқысы келетіндер ғылыми мақала жазуға машықтанады. Ғылым туралы ой-танымға толы Абай мұрасын зерт­теу, зерделеу арқылы студент­теріміз адамның жетілуі, өзін-өзі дамытуы, қоғамның алға басуында білім, ғылымның орны қаншалық маңызды екенін түйсініп, түсінеді. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» ат­ты өлеңінде ақын ғылымға жас кез­ден ден қоюдың қажет­тігіне назар аударады. Бүгінгі педагогика да мұның өзектілігін атап көрсетеді. «Ғылым таппай мақтанба, …Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деп, ұлы ұстаздың ХІХ ғасырда ұрпақ тәрбиесіне арнаған даналық өсие­ті нақ бүгін аса өзекті. Ғылымға арқа сүйеген мемлекет­тер әлемдік даму көшін бастап тұрғанын көріп отырмыз, яғни көш шаңында қалмау үшін ғылымға дамудың төте жолы ретінде көңіл бөлуіміз керек. Осы рет­те соңғы жылдары біршама жұмыс атқарылды. Бір қуанарлығы, Ұлт­тық ғылым академиясына мемлекет­тік мәртебе берілді. Ендігі жерде ғылымға бөлінер қаражат та көбейе бермек деп ойлаймын.
Қазір ғылыми жобаларға басымдық берілуде, жас зерт­теушілерді қолдау шаралары күшейтілді. Бұл жастарымыздың ғылыми әлеуетін көтеру үшін өте қажет. Өйткені білім-ғылымға құштар көптеген жастарымыз шетелге кетіп қалғаны жасырын емес. Сондықтан ғылымды қаржыландыру, әртүрлі саланың мамандарын, кәсіп иелерін ынталандыру деген мәселе тиісті орындардан әділ түрде шешілген болса, шетел асқан жас ғалымдарымыз елге оралып, отандық ғылымның дамуына, білім-ғылым көкжиегінің кеңейе түсуіне мүмкіндік туар еді», – дейді ол.
Университет қабырғасында оқып, жақсы білім алып шығу үшін еңбектену керек. Еңбек етпей, ізденбей, білікті маман болу мүмкін емес. Осы орайда Айнұр Көшекова болашақ мұғалімдер даярлайтындықтан, университет ректорының шешімімен студент­тер «Өрлеу» біліктілікті арт­тыру ұлт­тық орталығы және НЗМ-нің мықты мамандары өткізетін түрлі курстарға қатысып, біліктілік деңге­йін көтеріп келе жатқанын атап өт­ті.
«Еңбекке баулу дегенде қазір көпшілік­ке жақсы таныс деп ойлаймын, елімізде «Жасыл ел» деген жалпыұлт­тық жоба бар. Бұл – жастарды еңбекке баулитын, туған жерді, табиғат­ты аялап, қамқорлықпен қарауға үндейтін үлкен бір келелі жоба, – дейді Айнұр ұстаз. – Еңбек маусымы басталатын жаз айларында студент­теріміз ата-аналарымен ақылдасып, өз еріктерімен осы жобаға қатысады. Біріншіден, жастар жазғы демалыстарын бостан-бос өткізбейді, «Жасыл елде» жұмыс жасап, қоғамдық пайдалы еңбекке араласады. Елді мекендерді көгалдандыруға, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға деген ынта-ықыластары артады, экологиялық мәдениеті қалыптасады. Екіншіден, мұнда жұмыс ақылы. Жазғы демалыс кезінде қаржы тауып, өздерінің киім-кешегін, сабаққа керек-жарақтарын алады. Осы жағынан да бұл жастарға тиімді жоба. Мысалы, өзім кураторлық ететін тобымнан осы жобаға жылда екі-үш студент­тен қатысып жүр. Мамандықтың әр қайсысынан осылай болғанда, жыл са­йын жүзге тарта студент­теріміз еңбек етеді. Жылдан-жылға олардың қатары көбейіп отырғанын айт­қым келеді. Сонымен қатар біздің студент­теріміз қиындыққа тап болған жандарға көмек қолын созып, қайырымдылық жасауға, жанашырлық, мейірімділік секілді адамдық ізгі қасиет­терге тәрбиелейтін еріктілер қозғалысына да көптеп қатысады».
Осы жерде әлеумет­тік желінің қоғамға әсері туралы ой қозғаған ұстаз қазір жастарымызға ата-ана, отбасы тәрбиесінен гөрі, тик-ток секілді желілердің өтімді болып тұрғанына тоқталды. «Студент­термен қатар өзіміз де бала тәрбиелеп отырмыз. Қазір контент­тер өте көп, олардың ішінде тәрбиелі, пайдалылары да бар. Дегенмен әртүрлі ойындар, былапыт сөздер, бейәдеп көріністер басқа желілерге қарағанда ке­йінірек пайда болған осы тик-ток арқылы өте көп таралады екен. Оны үлкен адамдар емес, кішкентай балалар да қарайды. Қарамайды деп өз-өзімізді алдамайық, барлығында телефон, компьютер бар. Қарап қана қоймайды, теледидардан да, интернет желісінен де көріп-естіп жүрміз, ойынқұмарлыққа ұшырап, түрлі жағдайлардың құрбаны болып кетіп жатқандар көп. Сол себептен осының бәріне біз – үлкендер, ата-ана, ұстаздар, барша қауым өте мұқият болып, балаларымыздың жан дүниесіне үңіліп, дос бола білуіміз, қандай контент­ті қарайтынын қадағалап, бос уақытында кітап оқу, спортпен, ғылыммен айналысуына барынша жағдай жасауымыз керек», – деп түйіндеді ойын ұстаз.

Қарағанды облысы, Қажыкен Смайылов атындағы жалпы білім беретін №43 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Меруерт КҮЗЕМБАЕВА:

– Бүгінгі таңда жастардың оқып-білім алуына, білгенін, естігенін, көргенін көңіліне түйіп, жан-жақты дамуына әлемді жаулап алған әлеумет­тік желінің әсері мол екенін мойындаймыз. Әйтсе де «әт­теген-айлары» да жетерлік. Оған дәлел – сол желілердегі арзан күлкі, орашолақ ойларға толы мессенджерлер. Олардың пайдасынан зияны көп екені айдан анық.
Қазіргі уақыт­та білім алушыны оқуға, өзіндік ізденуге, талаптануға үйретіп, қалыптастыруда мұғалімнің білім беруші әрі тәрбиеші ретіндегі рөлі ерекше. Конфуцийдің «Айтса, ұмытып кетем, көрсетсе, есімде қалады, өзім іске кіріссем, үйренем» деген тағылымды сөзі мұғалімнің оқушыны өзіңдік ізденіске жетелеп, еңбектенуге дағдыландырудың алғышарты деп білемін.
Дана Абай: «адамның бес асыл досының бірі – еңбек» десе, халқымыз «еңбек бәрін жеңбек» деп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін мақалмен бекіткен. Мектепте еңбекке бейімдеу мақсатында орта буын мен жоғары сыныптарда жүретін «Кәсіптік бағдар» вариативті сабағының баланың болашақ мамандық таңдауына септігі тиері сөзсіз. Әр бала өз бейіміне қарай білім алып, соған орай дағды қалыптастыруда да пайдасы бар екенін атап өту қажет.
Әрине, әр бала үшін оқу, іздену – еңбектенудің алғашқы
баспалдағы. Сол рет­те еңбекке қатысты мектепішілік, сыныптан тыс тәрбиелік шаралар, әңгіме сағат­тары, өз мамандығының ұстасы бола білген білікті мамандармен, маңдай тер, адал еңбегімен ел құрметіне бөленген кәсіп иелерімен, ардагерлер қауымымен кез­десулердің мақсат­ты түрде болуы оң нәтижесін берері даусыз. Оған дәлел ретінде 8–10 сынып оқушыларының селолық орман шаруа­шылығы мен өрт сөндіру, аурухана
мекемесінің қызметкерлерімен кез­десуі, ауылда шағын кәсіпкерлікпен айналысатын іскер азамат­тармен жүздесіп, сұхбат­тасулардың да әсері мол болғанын айт кетпекпін. Сонымен бірге ауылымызда қосымша білім беру орталығы мен спорт­тық кешеннің ашылуы да балалардың сабақтан тыс уақытын тиімді пайдалануына үлкен мүмкіндік береді. Жас кезінен өз уақытын тиімді пайдалануға дағдыланған бала болашақта әр күн, әр сағат­тың қадірін біліп, еңбекқорлығы арқылы табысты азамат болары сөзсіз.
Еліміздің ертеңі болар жас ұрпақтың саналы, еңбекқор, көргенді азамат болып шығуы мектептің ғана емес, ата-аналар қауымы мен қоғам болып атсалысар үлкен міндет деп білемін.

МАМАНДЫҚТЫҢ ЖАҚСЫ-ЖАМАНЫ ЖОҚ

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау міндет­телді. Экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арт­тыру мақсатындағы бұл қадам қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік секілді қасиет­тердің жоғары бағалануын, адал еңбегімен табысқа жеткен нағыз мамандардың құрметке бөленуін көздеуімен маңызды. Осы орайда, жоғары техникалық мектеп өкілінің пікірін білмек оймен Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлт­тық техникалық зерт­теу университеті Геология және мұнай-газ ісі институтының аға оқытушысы, Сорбонна университетінің PhD докторы Сая Байтоқаны сөзге тартқан едік.
«Иә, жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім өз орнын тауып, жауапкершілік жүгін сезіне білуі, жұмысын сапалы атқаруы тиіс. Әркімнің адал да сапалы еңбегі түпкі ортақ мақсат – еліміздің өркенді дамуына қызмет етеді, – деп сабақтады сөзін Сая Маратқызы. – Ал осы айтып отырған мәселенің негізі әу баста баланың білім алуы, мамандық таңдауына байланысты. Көптеген ата-аналар баланы жас кезінен бастап өздері қол жеткізе алмаған ой-армандарын жүзеге асыруға бағыт­тайды. Сөйтіп, мамандық таңдауда баланың қалауына емес, «сен сол боласың», мысалы, заңгер, дәрігер, экономист дегендей, үлкендердің айт­қанына жол беріледі. Мұндай жағдайда жақсы маман қайдан шықпақ?! Меніңше, біздің қоғамда баланың неге бейімі бар, қабілет-қарымы, қызығушылығы қандай деген жайт­тарға ерте кез­ден көңіл бөлуге маңыз беріле қоймайды. Мүмкін, балаңыз технарь емес, гуманитарлық салаға, шығармашылыққа жақын болар, соны ертерек байқап, бала жанын түсіне біліп, сол жағына қарай дамуына мүмкіндік берсек, ортаға мықты маман ғана емес, жақсы бір адамды қосарымыз анық».
Осы тұста Еуропа, оның ішінде, өзі оқыған француз елінде жастардың жоғары және орта кәсіби білімге көзқарасы қалай деген сұрақ тілге оралды. Өйткені бізде бала міндет­ті түрде жоғары білім алу керек деген ұғым қалыптасқан. Бәлкім, баламыздың жоғары білімге деген ынта-ықыласы, қызығушылығы жоқ шығар. Оған сағат тетіктерімен жұмыс істеу, машина, түрлі техника жөндеу ұнайтын болар. Осы тұрғыда орта арнаулы білім беру жүйесін дамыту – өзекті мәселе. Бәрі бірдей жоғары білім алуға ұмтылудың өзіндік проблемасы да бар. Мәселен, кейбір мамандықтарға еңбек нарығында сұраныс аз, ал орта арнаулы білімді мамандар жетіспей жатады. Алған жоғары білімі бойынша жұмыс таппаған мамандар жұмыссыздар қатарын көбейтеді. «Шетелдік тәжірибеге сүйенер болсақ, баланың талап-тілегі, қабілеті мен бейіміне қарай мектеп қабырғасынан болашақ мамандығын таңдауына жағдай жасалады, – деп жалғастырды әңгімесін Сая Байтоқа. – Жоғары сыныптардан бастап, оқушылар өздері қалаған пәндер бойынша жоғары оқу орындары докторант­тарымен бірге жобалар жасауға қатысады. Оқушы өзі қызығатын ғылым саласы, айталық, химия, биология, физика, тағы басқалары бойынша сол саланы зерт­теуші докторантпен бірлесіп жұмыс жасайды. Ғылыми қызметкер бір жыл көлемінде аптасына бір рет оқушыға тапсырма беріп, айналысқысы келген саланың қыр-сырын түсіндіреді, қажет­ті ақпаратпен бөлісіп, жылдың соңында есепті жобаны жасауға көмектеседі. Міне, осы кезеңде баланың ғылыммен айналысуға қабілет-қарымы қаншалық екенін оқушының өзі де, докторант та түсінеді. Шетелдік тәжірибе дегенде, Францияны алсақ, жастардың көпшілігі жоғары оқу орнын таңдамайды. Мектеп бітірушілердің басым бөлігі орта арнаулы білім алуға тырысады.
Жалпы, менің ойымша, мамандықтың жақсы-жаманы жоқ, кез келген мамандықтың абыройын асырып, беделін көтеретін – оны атқаратын адам. Мәселен, ол – сантехник, машина жөндеуші немесе кафель салушы маман, өз ісінің шебері болуы мүмкін. Өз жұмысын сүйіспеншілікпен, тиянақты да сапалы істейтін мұндай мамандарға сұраныс, тапсырыс қашанда жоғары болады, яғни еңбегіне сай табысы да жақсы болады.
Меніңше, мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының оқытушылары жастардың бойындағы қабілет-қарымының мықты деген тұстарын байқап, аша білу үшін психологиялық тренингтен өтіп тұрғаны жөн сияқты. Бұл үлгермейтін оқушы, студент­термен жұмыс істеуде де екі тарапқа пайдалы болар еді деп ойлаймын.
Шетелдік тәжірибеден өз салама қатысты айтар болсам, бір геологияның өзінде қаншама бағыт­тар бойынша тар шеңбердегі мамандықтар қамтылған. Солардың әрқайсысы бойынша мамандар дайындалады. Сондықтан біліктілік неғұрлым жоғары. Біз де осыған келеміз, дегенмен әзір емес. Өйткені сапа саннан шығады десек, әзірше біздің геология саласында санымыз сапаға айналарлықтай көп емес. Дегенмен ғылымның дамуына, зерт­теу жұмыстарын жүргізуге көңіл бөліне бастаған қазіргі жағдайға қарағанда, бәсекеге қабілет­тілігі жоғары орта қалыптасар күн алыс болмас дейміз».
Иә, «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген Абайдың даналық өсиеті бүгін де қашандағыдай өзекті.

Рымтай КӨКЕНАЙҚЫЗЫ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір