Сағынышқа толы ғұмыр
09.10.2019
1425
0

Тұрсынғазы Әлпейісов

(Соңы. Басы өткен санда)

Меніңше, Тұрсынғазы Әлпейісов деп аталатын жазушының ең басты шығармасы, аққу әні – оның «Жоңғардың соңғы қашқыны» романы. Шығарманың эпиграфында автор: «Жаныма Адалдық пен Ізгіліктің асыл ұрығын сепкен әзіз анам Нұрлыайымның қасиетті рухы мен бала жастан елі мен жұртынан, бауыр мен туыстан адасып, алыста жүріп азап шексе де, тағдырдың тауқыметіне аза бойындағы қайратын тосқауыл ете білген әкем Камалдың азапты күндеріне бас иемін»,– дейді. Осы жолдардан-ақ біз бұл кітаптың терең автобиографиялық сипаты бар екеніне қаныққандай боламыз.

«ЖОҢҒАРДЫҢ СОҢҒЫ ҚАШҚЫНЫ»

Осы арада оқырманға түсінікті болу үшін сәл шегініс жасауға тура келеді. Жоғарыда келтірілген сараң өмірбаяндық мәліметтерден білгеніміздей,1949 жылы Қытай Халық Республикасының Шығыс Түркістан аумағында дүниеге келген Тұрсынғазы Камалұлы он жасында, яғни 1959 жылы өзінің тарихи Отаны – Қазақстанға, оның ішінде ата-бабасының кіндік қаны тамған Жаркент өңіріне анасымен бірге қоныс аударады. Алайда Тұрсекеңнің әкесі – Қытай армиясының офицері Камал қызмет бабына байланысты бұл көшке қосыла алмайды. Арадағы хабаршылардан зайыбы Нұрлыайымға: «Ұлы көштен қалмай, ағайын-жекжатпен бірге туған жерге жетіп алыңдар, мен де көп ұзамай бір амалын тауып, соңдарыңнан жетермін», – деп, сәлем айтады. Бірақ адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады емес пе, сөйткен Камал ақсақал туған еліне өзі жоспарлағандай көп ұзамай емес, араға бақандай қырық жыл салып, 1990 жылдары әзер оралады. Онда да түпкілікті емес, уақытша. Өйткені бұл кезде Кәмекеңнің Шығыс Түркістанда екінші отбасы, сол отбасыдан өрбіген бала-шағасы бар болатын.

Тұрсынғазының аталған романында, міне, бір кездері тағдыр тәлкегімен Қытай мен Советтер Одағы деп аталатын екі алып империяның арасындағы шекараның екі жағында бөлініп қалған қазақтардың ауыр тұрмысы, жан төзгісіз мехнаты, ұлы сағыныштары мен өкініштері, туған жерге, оның айбынды ұлдары мен ай маңдай аруларына деген махаббаттары бейнеленеді.

Оқи отырыңыз

Сағынышқа толы ғұмыр

Бәріміз жақсы білетін бір айдай ақиқат бар ғой, жазушыны жазушы ететін ең алдымен о баста Алла Тағала оның маңдайына жазып қойған тағдыры деген. Жазушының өмірбаянында тар жол, тайғақ кешулер мол болған сайын оның өмірі де соншалықты күрделі, мазмұнды бола түседі, ал солар кейін өз кезегінде идеялық, көркемдік сипаттары терең, кемел шығармалардың жолбасшысына, мызғымас іргетасына, фундаментіне айналады. Құдай бойына ана сүтімен дарытқан талант, өмірлік бай рухани тәжірибе, терең білім, міне, осы үш нәрсе қарапайым жұмыр басты, екі аяқты пендені пенделік деңгейден суреткерлік деңгейге көтеріп алып шығады. «Жоңғардың соңғы қашқыны» романында Тұрсынғазы Әлпейісов өзінің осындай кемел биікке – суреткерлік деңгейде көтерілгенін анық байқатады. Бақытына орай, Тұрсекең осы романды жазған жылдары қатал бизнес әлемінде бәсекелестерімен алысып, арпалысып жүргеніне қарамастан,өзінің өмірдегі ең басты миссиясы – жазушылық миссиясын абыроймен атқарып шыға алыпты.

БӨТЕН ЕЛДЕГІ ӨГЕЙ ӨМІР

Тұрсынғазының 204 беттен тұратын 17 баспа табақтық аталмыш романының басты қаһарманы – Қажыбектің бұл өмірден көрмегені жоқ. Қызыл большевиктерге жаны қас Мұқа болыстың соңына ерген бір топ елмен бірге ол өрімдей жас шағында Жаркент өңіріндегі ата қонысымен, сүйген қызы Бикенмен, ағайын-туысымен қоштасып, жаумен қаша ұрыс сала жағаласып жүріп, Қытай асады. Бөтен ел алғашында шекара асып көшіп келген елді жайбарақат қарсы алған сияқты болғанымен, кейінірек Қытай үкіметі бұларды жан-жақтан қыспаққа ала бастайды. Сөйтіп, олардың бөтен елдің белсенді атқамінерлерінен көрген қорлығы өз жұртындағы коммунистерден көрген құқайларынан да асып түседі. Мұндайда енді қайтпек керек?! Қажыбек осы бір сұрақтың жауабын таба алмай дал.

Былай барсаң – өгіз өледі, былай барсаң – арба сынадының кері: ата қонысқа қайта оралмаққа тәуекел етейін десе, ол жақта Қажыбектің ата жауы – большевиктер күтіп тұр,шекарада мылтықтарын кезеніп, мұнда қала берейін десе, қысық көз көршілерінің қорлығы өтіп бара жатыр күннен-күнге. Осылайша,аталған романның басты кейіпкерінің ғазиз басы мәңгілік сергелдеңге түседі.

Қажыбектің өмірі казус емес, ол сол бір аласапыран заманда тағдыр тауқыметін арқалап, шетел асқан ондаған, жүздеген мың отандастарымыздың бәріне ортақ тағдыр, типтік саяси-әлеуметтік жағдай болатын. Осы ұлы босқын кезінде қаншама мың қандастарымыз жолшыбай жау оғынан мерт болып, ашаршылықтан қырылып, сүйектері жат жұртта көмусіз қалды десеңізші. Осыларды ойлағанда арада ғасырға жуық мезгіл өтсе де, әлі күнге дейін еріксіз төбе құйқаңыз шымырлайды. Сол мезетте басыңа «Осының бәрінің қанды күнәһары кім немесе не?» деген қазақ халқы үшін өзінің актуалдығын күні бүгінге дейін жоймаған күрмеуі қиын сұрақ еріксіз оралып, тынышыңды кетіреді.

Бәсе, мұндай ұлттық трагедия қандай саяси-әлеуметтік жағдайдың салдары еді, ел болып, халық болып осыншама алапаттың алдын алуға болмады ма, оған соншалықты қандай құдірет кедергі болды? Міне, тап осы сұрақты, тап осы мәселені Т.Әлпейісовтің біз талдап отырған романының ең басты проблематикасы, ең негізгі сауалы деуімізге болады.

Әрине, аталмыш шығарманың авторы табиғатынан суреткер болып жаралған­дықтан,бұл сауалдың жауабын бізге публицистика тәсілімен тікелей түсіндіріп беруге тырыспайды, көркем әдебиеттің басты миссиясы саяси-әлеуметтік сұрақтарға жауап беру емес, оларды дер кезінде көркемдікпен күн тәртібіне қоя білуі екендігін анық білетін ол әлгі күрмеуі қиын мәселелердің шешімін табуды өзіміздің, яғни оқырмандардың еншісіне қалдырады, сөйтіп бізді автормен бірге шығармашылық толғанысқа, ізденіске бастайды.

Шынында да, әсіресе осы ХІХ, ХХ ғасырлардың еншісіндегі екі жүз жылдай мезгілде қазақтың басынан бір арылмай қой­ған саяси-әлеуметтік катаклизмдерге, қайғы-қасіретке ең басты кінәлі не немесе кім осы?! Пікірлер – әрқилы. Ұлты­мыздың зиялыларының бір тобы оған Ресей империясының арғы-бергі замандардағы билеушілерінің бойындағы ашкөздіктері мен шовинизмін кінәласа, енді бір тобы күнәһар ретінде шығысымызда жатқан тағы бір көршіміз – Қытайдың «Жұмсақ жаулап алу» деп аталатын жымысқы эконо­микалық басқыншы саясатын атайды, яғни, айналып келгенде, бар пәле еліміздің территориясының екі алып басқыншы мемлекеттің қыспағында жатқан қолайсыз географиялық жағдайынан болып отыр деп есептейді.

Біз де, әрине, олардың бұл уәждерімен келісеміз, оған сөзсіз қол қоямыз. Бірақ, бірақ… – иә, бар пәле осы «бірақ» дегеннен шығады ғой, – бірақ, біздің ойымызша, қазақ тақсіретіне ең басты кінәлі бұл емес сияқты. «Неге?» дейсіз ғой, айтайық. Бізге, бар кінәрат біздің өзімізде, өзіміздің ру-руға, жүз-жүзге бөліне кетуге дайын тұратын алауыздығымызда, ел басшылары деп арқа сүйеп жүрген азаматтарымыздың жұрт мүддесінен гөрі өздерінің қарын қамын жоғары қоятын саяздығында, олардың өз мемлекетінің стратегиялық мақсаттары үшін бастарын бәйгеге тігуге жүрегінің дауасы бармайтын жалтақтығында, ал қалғандарымыздың Отанымыз үшін басын құрбандыққа шалуға даяр бірен-саран батырларымызды ел болып, ұлт болып қорғап қалудың орнына ұрлықпен, қулықпен мал тауып төрге шыққан жылпос байлар мен байшыкештердің алдында құрдай жорғалайтын жағымпаздығымызда, принципсіздігімізде жатқандай көрінеді. Егер бар жаманшылық біздің көршілерімізде болса, неге біздің көпті көрген данышпан ата-бабаларымыз ұрпағына «Қоңсыңды ұры тұтпа, өзіңе-өзің берік бол» деген өсиет қалдырған. Әйтпесе, неге Алаштың ай маңдай ардақтысы Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Жақсылық көрсем – өзімнен, жамандық көрсем – өзімнен» деп, ағынан жарылып, басқалармен теңдікке жету үшін халқын жаппай оқу-білім алуға, кәсіп игеруге шақырған.

ЖАМАНДЫҚ КӨРСЕМ – ӨЗІМНЕН…

Т.Әлпейісовтің романының соңғы беттерін жапқаннан кейін осы тектес сауалдар көпке дейін есімізден кетпей қойды. Иә, расында да, адамның тағдырына ең алдымен оны жаратқан ұлы Құдай, сонан соң оның өзінің ойы мен пиғылы, қылған іс-әрекеті жауапты емес пе? Тіпті, әрі-беріден соң, Құдай да оған пәлендей жауапты болмауы мүмкін, өйткені ол пенденің бойына дірілдеген қан, лүпілдеген жан бітірді, ақыл мен сезім, парасат берді, яғни оған керектінің бәрін өзіне тән шексіз жомарттықпен сыйға тартты. Ендеше, қалған харекетті енді сол сана мен сезім иесі – әлгі жұмыр бастының өзі жасауы керек емес пе?! Жаратушы қашанғы оған берген үстіне бере бермек, болдырған үстіне болдырта бермек? Олай етсе, пенде шіркін бейсана бір мақұлыққа айналмай ма?

Демек, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сөзінде салмақты рационалдық дән, мағына бар, өзімізді ақтау үшін әртүрлі сылтау айта бермей, біз, қазақтар, өмірден қандай жақсылық көрсек те, жамандық көрсек те, баршасын өзімізден көруіміз керек екен. Шындығы сол ғой енді, орыс пен қытай секілді күні-түні ізденіп, білім мен кәсіп қусақ, қала салып, зауыттар мен фабрикалар тұрғызсақ, өндірісті өрге бастыратын әртүрлі машиналар мен өзімізді сыртқы жаулардан қорғайтын жетілген заманауи соғыс құрал-жабдықтарын ойлап тапсақ, алтыбақан алауыз болмай, бір ұлы мақсатты мұрат тұтқан ұлттық мемлекет құрсақ, басқа өркениетті халықтар секілді бойымыздағы жемқорлық, алаяқтық, жалтақтық, жағымпаздық секілді мерездерден аянбай арылсақ, біреу бізге қой деп пе?!

Т.Әлпейісовтің аталмыш романы осындай үлкен саяси-әлеуметтік мәселелерді қозғауымен қатар, адамдар арасындағы сағыныш, махаббат, қызғаныш секілді интимдік қарым-қатынастарды шынайы жазушыға тән білгірлікпен суреттеп беруімен де құнды. Шығармадағы есте қалатын айшықты образдардың  бірі – Қажыбектің бір кездегі ғашығы, кейінірек тағдыр қалауымен басқа еркекке жар болуға мәжбүр болған дала аруы, бүткіл Суан Мырзагелді елінің көз қуанышы болған Бикен ару. Шет жұртта пәленбай ондаған жыл жапа шеккен Қажыбектің жатса да, тұрса да есінен кетпейтін екі нәрсе бар, оның бірі – Жоңғар қашқынының шекараның ар жағында қалған туған жері мен елі, екіншісі – өмір бойы қолы жетпей кеткен сүйіктісі осы – Бикен.

Бикен М.Әуезовтің «Қарал сұлуын­дағы» Қарагөз де, М.Шолоховтың «Тынық Донындағы» Аксинья да, немесе Л.Н.Толс­тойдың бұ дүниеден ерекше ынты­зар­лықпен күткен адал махаббатын таба алмағандықтан өзін-өзі мерт ететін аяулы Анна Каренинасы да емес. Патриархалды қазақ қоғамының салт-дәстүрі аясында тәрбиеленген көшпенділердің төл ұрпағы ол Қажыбекті қанша қимаса да, ата салтымен атастырылған сүймеген адамының етегінен ұстаудан бәрібір бас тарта алмайды. Сөйтіп, айтқанына қайтпайтын асау өмір оны өзінің осы бір тәуменді тағдырына бірте-бірте көндіктіреді. Алайда өткенді қанша ұмытуға тырысқанымен, Қажыбек енді оның ешкімге сыр қылып ашуға болмайтын мәңгілік құпия сағынышына айналады.

Осы арада еске еріксіз Альбер Камюдың: «Вкратце психология Адама и Евы: он создан для созерцания, она для мягкости и соблазнительной грации; он только для Бога, она для Бога в нем», – деген пайымы оралады. Иә, шынында да, ерлік пен парасат-пайым иесі Қажыбек бір Құдай үшін дүниеге келсе, ал әйелдік болмысы жібектей жұмсақтық пен назға толы Бикен өзінің жатса да, тұрса да есінен кетпейтін Қажыбектің ішіндегі Тәңірі үшін жаратылмағанда қайтеді енді. Ендеше, оның ешқашан Қажыбегін ұмытуы мүмкін емес, өйткені саналы тіршілік иесі болып табылатын адам Жаратушысын есінен шығара алмайды, керісінше, ол ғазиз басы ағаш бесіктен жер бесікке жеткенше кейде оны өзі де айқын сезбестен әрдайым өз Құдайын іздеумен өтеді. Олай болатын себебі, Құдай дегеніміз – ең алдымен ар, иман, махаббат, шындық, ақиқат, ал жұмыр басты пенде бұларды ешқашан айналып кете алмайды, өйткені ол – бейсана мақұлық емес, Жаратушысы сәл-пәл болса да өзіне ұқсатып жаратқан ұлы Тәңірінің сүйіктісі, таңдаулысы.

Қартайған шағында түрмеден қашып, әбден арып-ашып, тірі аруаққа айналған Қажыбектің ендігі жалғыз арманы – туған жеріне барып өлу, сөйтіп, ең болмаса, сүйегін туған елдің қасиетті топырағына тапсыру. Ал ол үшін екі жағын да қарулы әскер күзеткен Совет Одағы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы алынбас қамалдан – шекарадан өту керек. Бұл дегініңіз – тозақ пен жұмақтың арасын бөліп тұрған қылкөпірден өтумен бірдей тірлік.

Автор осы бір сын сағатты романда былайша бейнелейді: «Қажыбек таң бозарып атып келе жатқан шақта екі иығынан дем алған күйі тау өзенінің жарлауыт жағасына келіп тұрып қалды. Өне бойы қара терге малшынған. Орнынан қозғалса болды, құлап түсердей буын-буыны дір-дір етеді. Басы айналып, жүрегі лоблиды.

Шашы өсіп, сақал-мұрты жүзін жапқан, бойында абақтының қара киімінен басқа лыпасы жоқ шүңірек көз шал дәл қазір тірі аруаққа ұқсайтын. Сүйегінің ірілігі болмаса, сіңірі шодырайған қу қаңқа дерсің.

Ол толқындары енді айқын көріне баста­ған Қорғасқа сүзіле қарады. Сөйтті де, көп бөгелмей:

– Иә, Алла!.. – деді жүрегі көмейіне тығылып. – Иә, Тәңір, ата-бабамның киелі топырағын бұйырта көр! Иә, Құдай!..

Басы анадай жерден сопаң етіп көрінген шал бар күшімен осылай деп айқай салды. Бірақ ол өз дауысын өзі әзер естіді…»

Бұл – осы бір кесек эпикалық шығарма­ның финалы. Бұдан кейін міскін қарт Қорғастың арғы бетіне өтті ме, сүйегін туған елінің қасиетті топырағына тапсыра алды ма, оқырман үшін ол аса маңызды емес, оқырман үшін маңыздысы – ондаған жылдар бойы жүрегін туған елге, бір кездегі сүйген жары Бикенге деген ұлы сағыныш кернеген, бүткіл ғұмырын адам болып қалу жолындағы күреске арнаған Қажыбектің өз арманына бір табан болса да жақындағаны, әзиз басын туған жерге, туған елге қарай ақи-тақи бұрғаны.

ЖОҚ, ҰМЫТУҒА БОЛМАЙДЫ…

Сонау бір жылдары Тұрсекең осы жолдардың авторын өзінің туған жеріне апарып, 2-3 күн аралатқан. Сол сапарда біз жаңағы жазушы қаламына іліккен тау өзені – Қорғасты да, Бикен арудың кіндік қаны тамған жер – қасиетті Әулиеағашты да, алыстан мұнартып жатқан Жоңғар Алатауының алып шыңдары мен терең құз-шатқалдарын да көргенбіз. Т.Әлпейісовтің «Жоңғардың соңғы қашқыны» атты осы эпикалық туындыны оқу барысында тап сол суреттер тап сол қаз-қалпында көрініс берді енді. Осы арада тағы да романның мәтініне жүгінуге тура келеді.

«Жаркент өңірінің батысын доғадай иілген Матай мен Алтынемелдің қарабұжыр жоталары қоршап, сол күйі түстіктегі Жоң­ғардың көкке телмірген қарлы шыңдарымен ұштасқан бойы шығысқа қарай өркештеніп созыла береді. Өркеш-өркеш болып жөңкіліп жатқан сол алып жоталар Ойжайлауға жеткенде күрт төмен құлдилап, сайдың терең қойнауында асауша бұлқынып жатқан енсіз де болса долы сулы Қорғастың табанына бас игендей кертіліп, пұшықтанауланып қалады. Бірақ Қорғастың арғы жағалауындағы құзар жартастар қайтадан көкке шапшып, садақ оғындай тіке аспанға атылады да, шоқысын қаймақ мұзар қапқан шыңдардың басын құрап, Шығыс елінің қойнауына қарай сұғына береді. Әлдеқайда асығыс сапар шеккен алып құбыжық айдаһарды көз алдыңа елестететін сол жоталар Құлжа қаласын тұмшалай орап, Мұздауаның ұшар басындағы көксоқтаны емешектеп жатады. Жоңғар жоталары Мұздауаға теріскейден қосылса, оның күнгей қапталына Еренқабырғаның тәкаппар шыңдары итіне жанасып алған».

Тұрсын екеуміздің Жаркент өңіріне жасаған сол сапарымызда Қорғас өзенінің бойын­дағы шекара заставасының бер жағын­дағы биік бір дөңге атпен шыққаны­мызда, біздің алдымыздан дәл осы бір көрініс көлбеңдеп шыға келіп еді. Романдағы жоғарыда үзінді келтірген мәтінде суреттелгендей, сонда көз ұшынан әлдеқайда сапар шеккен алып құбыжық айдаһардай құбылып, Құлжа қаласын тұмшалай орап Мұздауаға теріскейден қосылған Жоңғар жоталары да, оның күнгей қапталына итіне жанасқан Еренқабырғаның тәкаппар шыңдары да осылайша мұнартып тұрған. Сол бір сәтте Тұрсекең мейірімді қой көздерін шекараның ар жағында қалған екінші бір атажұртының асқаралы биік тауларына қадаған күйі:

– Секе, білесің бе, маған өмір бойы анау таулардың ар жағында қалып қойған әкеме деген бір ұлы сағыныш маза берген емес. Мүмкін ата-анасының қасында өскен өзің секілді жігіттердің бойында дәл мұндай сағыныштың болмауы заңды да шығар, алайда сол бір асыл жаннан мен секілді он жасында тірідей айырылған жетімдер әкені ешқашан ұмыта алмайды екен, – деген-ді даусына сәл-пәл діріл араласып.

Меніңше, оның, Тұрсынғазы Камалұлы Әлпейісовтің, өзінің ең басты шығармасы «Жоңғардың соңғы қашқынын» жазуға негізгі себепші болған да осы роман авторының бойынан ғұмыр бойы арылмай қойған сол бір сағыныш болса керек. Осы орайда ойыңа еріксіз қазақ поэзиясының шашасына шаң жұқпас дүлдүлі Төлеген Айбергеновтің – досы, қазіргі күндері халқымыздың даусыз сүйікті перзенттерінің біріне айналған ақын Мұхтар Шахановқа арнаған мына бір жыр жолдары оралады:

– Қажет жерінде қатыгездік пен қаталдық керек десек те,

Адамның заңғар ұлылығын, сен,  сағынышымен есепте.

Онсыз сен тұлпар да болсаң, қосыла   алмайсың қатарға,

Әуелі әбден сағынып алмай, шығушы   болма сапарға.

Сағынбай барсаң, теңіз де сенің  тебіренбес жастық шағыңдай,

Бұлбұлдың даусын есіте алмайсың,  бауларға кірсең сағынбай.

Сағынбай барсаң, таулар да шықпас, сенің  алдыңнан асқақтап,

Ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап.

Адамзаттың ең бір аяулы сезімдерінің бірі – сағыныш туралы бұдан асырып не айтуға болады?.. Иә, поэзия падишаларына рақмет, негізі, солар ғана осылай тіл жетпесті жеткізіп, ойға оралмасты осылай Хиуадан шапқызып, қисынын тапқызып оралтып, кең дүниенің тылсым сырларын Сізге періштелермен ғана теңдесетін ғажайып образдарға бөлеп, сөйтіп жан-дүниеңізді жұмақтың төрінен шалқып шыққандай саумал лебізімен иіте отырып, осылайша өнер деп аталатын өткірдің жүзімен көркем кестелеп бере алмақ қой.

Неге олай десеңіз, аварларша айтсақ, олар әлем пайда болмастан жүз жыл бұрын жаралғанға ұқсайды, ал Шиллерге жүгінсек, мына күнәһар тіршіліктегі бірден-бір нағыз адамдар да солар ғана екен.

Ендеше, осы арада «Жоңғардың соңғы қашқыны» секілді тағдырлы романды жаратқан Тұрсынғазы Әлпейісовтей талантты жазушылардың да белгілі бір дәрежеде ақын екендігін айта кетуіміз керек шығар, сірә, өйткені туабітті болмысы мөлдір, сұлу емес жаннан мұндай көркем дүниенің туа қоймасы бұрыннан да бесенеден белгілі емес пе, жалпақ жамағатқа.

 Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ,
жазушы, драматург,

филология ғылымдарының  докторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір