Жыр мен сырға толы әдеби кеш
11 ақпан күні Алматы қаласында Мұхтар Әуезов атындағы қазақ Ұлттық драма театрында көрнекті ақын, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспендент- мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары Бауыржан Жақыптың 60 жылдық мерейтойына арналған «Күлімсіреп аспан тұр…» атты әдеби-шығармашылық жыр кеші өтті.
Халық қалың жиналған кеште қаламгердің жырлары оқылып, ақын сөзіне жазылған әндер орындалды. Шығармашылық иесінің тұрғыластары мен әріптестері, қаламдастары, зиялы қауым өкілдері ақын жайлы толғамды ойларын ортаға салып, сүбелі әңгімелерін айтты. Әсерлі де қазыналы сөзге толы әдеби кеш қалам иесінің туындыларынан құрастырылған композициялар мен театрландырылған қойылымдарға ұласты. Сазды ән мен күмбірлеген күйге толы жиыннан үлкен әсер алған көрермен әсем көңіл күймен тарқасты.