МАҢЫЗДЫ ОҚИҒАҒА ТОЛЫ МАУСЫМ
02.09.2024
67
0

Халқымыздың өзгелерге көрсетіп, мақтанарлықтай дүниесі көп қой. Соның бірі – ұлт­тық спортымыз. Ғұмырын ат­тың жалында, түйенің қомында өткізген көшпенді бабаларымыздың өзіне сай сан түрлі ұлт­тық ойындары болған. Бұл ойындардың қай түрін алсақ та, ептілік пен күш қуат­ты арт­тырып, ақыл ойға оң әсерін байқаймыз. Дана халқымыз дені сау ұрпақ тәрбиелеп, оларға ұлт­тық құндылықтарды сіңіре білген.
Халқымыздың бай мәдениеті мен тарихын ұлт­тық спортсыз елестету мүмкін емес. Есімі елге тарап, бүгінге де­йін аңыз болып жеткен балуандар мен өрен жүйріктер де өткенін білеміз. Тіпті бар әлем көз тігіп, жанкүйер болатын дүниежүзілік олимпиада да өз бастауын сан ғасырлар бұрынғы дала ойындарынан алады деген пайым бар. Қазақтың қай той жиыны болсын ат бәйгесі мен күрессіз өтпеген. Жақында осындай ұлт­тық спорт­тың тойы да Айыртау ауданында болып өт­ті. Үш күнге созылған «Қызылжар-2024» ат­ты ұлт­тық спорт түрлерінен облыстық фестиваль 600-ден астам спортшының басын қосты. Олар бәйге, аударыспақ, теңге ілу, көкпар, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, жекпе-жек, бес асық, асық ату, қолкүрес сияқты 11 спорт түрінен күш пен ептілік сынасты. Фестиваль нәтижесі бойынша топтық есепте Шал ақын ауданының командасы үздік атанды. Қызылжар ауданы екінші орынға тұрақтаса, үштікті уәлихановтықтар түйіндеді. Келер жылы аталған спорт фестивалі Тайынша ауданында өтетін болады.
Өңірде осындай ұлт­тық спорт фестивальдерінің өтуі қызылжарлық қыз-жігіт­тердің республикалық сайыс­тарда топ жаруына жағдай жасайды. Елордадағы дүниежүзілік көшпенділер ойындарында да ел намысын қорғайтын солтүстік қазақ­стандық шабандоздар аз емес. Мысалы, ат спортынан спорт шебері Евгений Чибисов өзінің тоғыз жастағы француз желісті атын әлемдік аламанға дайын­дап жатыр. Шабандоз Аквамарин тұлпарының сайыста сүрінбейтініне сенеді. Жергілікті кәсіпкер Біржан Шаймерденовтің Қамысқұлақ лақап атымен белгілі екі жасар аты да көшпенділер ойындарының көркін кіргізеді. Жат­тықтырушы Қуаныш Шахамбаевтың сөзінше асау мінезді жануар бұған де­йін бірнеше аламанда мәреге бірінші жеткен.
Жаз – Қызылжардағы спорт­тық додалардың қызған маусымы. Күн күлімдеген бірнеше айда мұнда фестивальдер мен спартакиадалар бірінен соң бірі өтіп жатады. Ұлт­тық спорт фестивалінен ке­йін жарыс алауы Айыртауға көршілес Есіл ауданында жағылды. Мұнда дәстүрлі «Ақбидай» спартакиадасы өт­ті. 13 ауданнан сайдың тасындай іріктеліп келген қатысушыларды доданың ашылуымен өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құт­тықтады. Облыс әкімінің сөзінше алдағы уақыт­та облыс орталығынан ең алыс аудан орталығы Кішкенекөл ауылында бассейн ашылып, Пресновка, Покровка, Саумалкөл, Бескөл ауылдарында жабық хоккей корт­тарының құрылысы аяқталады.
«Ақбидай-2024» спартакиадасы­ның бас төрешісі Бақыт Арықбаевтың айтуынша спартакиада қатысушылары 13 спорт түрінен бақ сынаған. Оның ішінде дойбы, шахмат, баскетбол, волейбол, зілтемір, гір көтеру, футбол, жеңіл атлетика, еркін күрес, жазғы президент­тік көпсайыс, ату және велоспорт бар.
Жазғы спорт мерекесінің қорытындысы бойынша, бірінші орынды Есіл ауданының командасы иеленді. Екінші орынды Қызылжар, ал үшінші орынды Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның спортшылары еншіледі. Жүлдегер командаларға ақшалай сыйлықтар берілді.
«Ақбидай» спортакиадасының жалауы жолданған Уәлиханов ауданының алаңы биыл да қызып жатыр. Мұнда облыстық «Жастар-2024» спартакиадасы өт­ті. Оған 18 бет 23 жас аралығындағы қыз-жігіт­тер қатысты. Нәтижесінде Қызылжар ауданының жастары жеңіс тұғырынан көрініп, ақжарлықтар екінші, Ғабит Мүсірепов атындағы аудан спортшылары үшінші орынның жүлдесін қанжығаға байлады.
Осылайша, жазы қысқа Қызылжарда аталған маусымның негізгі спорт­тық бәсекелері мәресіне жет­ті. Енді, бірнеше айдан ке­йін солтүстікқазақ­стандықтар қысқы спорт түрлері бойынша сайыстарға көзайым болады.

Диас АЯҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір