Өмір деген осы екен толы сынға

Жомарт ИГІМАН
ҮМІТ ШОҒЫ
Қандай ұзақ түн еді…
Жайлы тимей жанға бұл түн өткені.
Қас қақпайтын, атқақтайтын жүрегің,
Баяу соғып шаншығаны неткені?!
Өтпей бұл түн, жетпей қойды оттегі,
Миың мұздап, өт-бауырың сыздады.
Бар өмірің – жаз, күз, қысың, көктемің,
Бір тарының қауызына сыйғаны.
Күні кеше тасқын судай тасқаның,
Күні кеше еркін желдей ескенің,
Ұмытылып, қусырылды аспаның,
Қайықшыдай суға кеткен ескегі.
Өтті ұзақ түн, таң атты,
Ала таңнан өзің үшін қам жаса.
Күн күлімдеп шұғыласын таратты,
Өмір ме бұл, үміт шоғы жанбаса?!
ЖЕЛ КЕУЛЕЙДІ ІРГЕНІ
Желіні ашсаң, жел кеулейді іргені:
Қаймананың жылағаны, күлгені.
Байшікештің ішкені мен жегені,
Әншілердің кигені мен жүргені.
Аярды ақтап, ақ дейді де қараны,
Адал жанды адастырып бағады.
Заманымды бара жатыр тарылтып,
Қоғамымды бөлшектеудің амалы.
Дұшпан-пиғыл қара пиар қуады,
Дау-дамайдан ұятты жұрт ығады.
Бүлік салып даурығады даңғойлар,
Лас ауыздан іріген сөз шығады.
Жау тапқандай жармаса бер жағаға,
Жақсыларды иле, тапта, табала.
Ақ ит кіріп, көк ит шыққан ауызға,
Ақылды сөз қоңсы қона ала ма?
Балағаттап ақтар реніш, өкпеңді,
Беттеместей бездір сені сөккенді…
… Оңға бұру ауыр, солға тартқанды,
Бері тарту қиын кері кеткенді.
КӨҢІЛДІҢ КЕЙБІР КЕЗДЕРІ…
Күн күрсініп үздіксіз тұр селдетіп,
Тоңған үркек теректі жел тербетіп.
Қамады ойын баласын үйлеріне,
Қара суық қуалап бүрсеңдетіп.
Күлкі қашқан, айықпас мұңым қалған,
Ұйқы қашқан, ұры ой тынымды алған.
Сұрқы қашқан көріксіз көңіл мына,
Ит-құс тартқан терідей жырымдалған.
Қара бұлт кеп еңсемді басқанындай,
Ұша алмай жүр шабыт-құс тас бауырлай.
Қабағыма қорғасын байланғандай,
Көңіл күйім желтоқсан аспанындай.
ТҰМАНДЫ КҮН
Жазды қимай, күзді қимай жылап ең,
Өткен түнім жауынды.
Тұманданған күңгірт, сұрғылт бұл әлем,
Көрсетпей тұр тауымды.
Алатауды аппақ тұман жамылған,
Таңнан тұрып таппадым.
Қала мынау қалың ойға малынған,
Қабағын-ай қап-қалың.
Қар аралас суық тамшы тамады,
Сулап бұлттың шалғайын.
Жылу сұрап маған мұңын шағады,
Аянышты тал-қайың.
Тұман, жаңбыр… жүргізбейді жол тіпті,
Аяқ асты жылбысқы.
Көлік өтті белден кешіп көлшікті,
Тұнжыр көше мұң жұтты.
Күн шықты да, көңілсіздік жаңағы,
Жібектей боп шайылды.
…Тауға қарап ашылатын қабағы,
Сен білесің жайымды.
ЖЫЛЖИДЫ АЛҒА
ӨМІР-КӨШІМ
Көңіл көгім түнереді,
Тұнжыраса мұңды аспаным.
Түсіме кеп жиі енеді,
Кеткен ұзап қимастарым.
Ата-анама кеткен ұзап,
Не жақсылық көрсетіп ем.
Бақыт дәмін татты азырақ,
Бейнет кешті белшесінен.
Өкпе-назын көтерді ме,
Ұл-қыздары, келіндері?!
Түнгі ұйқысы өтелді ме,
Ақталды ма сенімдері?!
Әке – төзім тас-темірден,
Ана – пейіл тарылған ба?!
Разылықпен өтті өмірден,
Маңдайына жазылғанға.
Әкем – тұнық бастауым ең,
Анам көңіл төріндесің.
Өздеріңнің соқпағыңмен,
Жылжиды алға өмір-көшім…
ҚАЗАҚ ЖЕРІ КИЕЛІ
Қазақ жері киелі де қымбатты,
Ертегі мен аңыздар көп, көп дерек.
Көл де, бел де, тау да, бау да тіл қатты,
Жер шоқтығы Көкше, Көкше, Көкше деп.
Жер шоқтығын, жер төресін мақтайын,
Күзгі Көкше сымбатымен ұнады.
Жапырағынан айырылғанмен ақ қайың,
Қарағайлар сынын бермей тұр әлі.
Қайсарлықтың көрмесіндей бұл ара,
Өткен күннің жәдігері шырайлы.
…Көлдің беті өрекпіді, сірә да,
Көп күттірмей жел тұратын сыңайлы.
Жер байлығын, ел ризығын бақ сана,
Келешекке қадам басқан мұратты ел.
Қазан ұрып, жауын-шашындатса да,
Қасқайып тұр қарағайлы қырат-бел.
Көтерілер мұнда көңіл хошың да,
Марқаясың көзін көріп көненің.
Хан Абылай орда тіккен осында,
Рухы тірі үңгірінде Кененің.
Келген-кеткен ер рухына тамсанбақ,
Ұлт еңсесі төмендемес білсеңіз.
Абылайдың алаңында алшаңдап,
Кенесары көшесінде жүрсеңіз.
МЕНІҢ ЖАНЫМ – МЫҢ ҚАТПАРЛЫ ЖҰМБАҚТАС
Іздеп, аңсап келгем кербез Көкшені,
Құшақ ашып қарсы алғаны Бурабай.
Қазағымның қазынасы жоқ теңі,
Жан дүниемнің жырласам деп
тұрғаны-ай.
Менің жаным көркемдікпен егіз боп,
Әсер алдым, қуат алдым, жыр алдым.
Өткенді іздеп, көктемді іздеп, ой іздеп,
Қарлы тауға жанарымды суардым.
Менің жаным көркемдікті ұнатты,
Менің жаным сұлулыққа ұмтылмақ.
Көрінгенмен таяқ тастам сияқты,
Жеткізбейді шоқылары шың тұрмақ.
Көкше көлдің маңайынан ел кетпес,
Сағынбаған жанға тау-тас тіл қатпас.
Менің көңілім өзіңе ұқсас, Оқжетпес,
Менің жаным – мың қатпарлы
Жұмбақтас…
ТАЗАЛЫҚ
Өскен ортам – тазалықтың әлемі,
Ұқтым қадір-қасиетін бес күннің.
Әкем менің қолы таза жан еді,
Ала жібін аттамаған ешкімнің.
Ата-анамның тәлімі мен әдебі,
Жан дүниемнің тазалығын құптаған.
Әкем менің көзі таза жан еді,
Қызғаншақтық дерті мүлде жұқпаған.
Жиі айтатын жалғандықтың ылаңын,
– Тар,– деуші еді, – өтіріктің өрісі.
Өсек сөзден таза болды құлағы,
Айналасы ардақтады сол үшін.
Лас, кір, боқтық болмай сөздік қорында,
Бұл дүниеден өтті таза қалпында.
Тілі таза, тазалық бар ойында,
Үнсіздікті балай-тұғын алтынға.
Болмысында бар тектілік, бар асыл,
Жаны таза, тәні таза бұл адам.
Ол кеткенде жоқтау айтқан жанашыр,
Тазалықты жоғалтып ап жылаған.
Көндім тағдыр үкіміне, төселдім,
Өтті өмірден тұнықтың да тұнығы.
Тазалықты құлай сүйген әкемнің,
Бар ма деймін бойымда бір жұғыны…
ҚЫРАН
Саятшы болған бабам сонарға ынтық,
Келгенді көкейіме тұрам ба іркіп.
Ежелден сал-серінің жырына арқау,
Атыңнан айналайын қыран бүркіт.
Бүркітін тау-тас кезіп қосқан аңға,
Алғыр құс азулыдан жасқанар ма.
Жанына қосақ алмас құсбегілер,
Қайырып хас қыранын баптағанда.
Саятқа шыға-тұғын құсын сайлап,
Жүрсе деп тағдыр бастан ұшырмай бақ.
Сорғалап көктен түскен жан алғышқа.
Түлкі де айбаттанар тісін қайрап.
Мұршасын келтірмей-ақ қорғалауға,
Төбеден тегеурінді күш төнген аңға.
Құйрығын көлденеңдеп тартса-дағы,
Екпін мен тепкін қатты, жан қалар ма?
Тауешкі, қасқыр қатты, олжа қалың,
Тілейді ел қыран қапы қалмағанын.
Алғанын жұртқа байлап кете-тұғын,
Бабамның мәрттігіне таңғаламын.
ОЙДЫҢ БӘРІ ӨМІРДІҢ БАСТАУЫНДА
Бес күн жалған…өтеді қас-қағымда,
Ойдың бәрі өмірдің бастауында.
Ортекедей орғыған он жасыңыз,
Ойын-күлкі болды анық жолдасыңыз.
Орныңды іздеп өмірден, таласыңыз,
Отыз деген – ойлы көзқарасыңыз.
Кемелденсең кенеліп ырыс-баққа,
Жастық белес бір басқа, қырық басқа.
Жүйткігенмен жеткізбей көңіл-дөнен,
Естілікке бастайды елу деген.
Немерең бар, басыңда бақытты сәт,
Ә дегенше жетті алпыс ашып құшақ.
Байсалдысың, кетпейсің сағым қуып,
Жетпіс келер өзіне бағындырып.
Өмір деген осы екен толы сынға,
Сексен, тоқсан көрінер көз ұшында.
Маздап жандың, қозданып өртен, кеудем,
Өмір өтіп барады… ертең деумен.
ӨЗЕГІНЕ ҚҰРТ ТҮСКЕН АЛМА СЫНДЫ
Мақтаншақтық қаныңда бар ма, ағайын,
Шындығы сол, несіне арланайын.
Бос мақтанып жарылсаң ісіп-кеуіп,
Алдың – аран, соңың – ор, жар – маңайың.
Дүние озды, адамдық мұрат қалып,
Рухым азды, айналам ыластанып.
Дос-жаранға бай болып көрінсем деп,
Несиеге батқан көп тыраштанып.
Дерт боп жұғып бұл мақтан
жалғанды анық,
Мақтан сөзбен адасар бағдар лағып.
Сыйын айтып, үйі мен күйін айтып,
Аспандайды мына ағам маңғазданып.
Жалған даңққа жұмсайды бар тапқанды,
Түлеп ұшқан ұясы қаусап қалды.
Жан-жағында жандайшап күпілдектер,
Дарқандық деп таниды мал шашқанды.
Мақтандық та, тізгінді тарта алмадық,
Өтірікпен өмірлік арқандалып.
Сұңқармын деп, қарқылдап қарға-құзғын,
Тұлпармын деп, тұғыр жүр тарпаңданып.
Мақтанғанды жек көрген, арлы ағайын,
Таңданбасқа несіне таңғалайын.
Іштен іріп барады-ау құндылығым,
Өзегіне құрт түскен алмадайын.
ПІКІРЛЕР2