ТАҒЫЛЫМҒА ТОЛЫ ҮШ САҒАТ
2023 жылдың 17 қарашасында Абай университеті, Филология институтының ұйымдастыруымен «Д.Исабековтің шығармашылық әлемі: жазушы парасаты мен шеберлігі хақында» тақырыбында жазушы-драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабековпен кездесу болды. Шығармалары әлемдік деңгейде танылып, пьесалары отанымызда, шетелдерде сахналанып жүрген, ұлттық дүниетаным, ұлттық характер мәселелерін туындыларына арқау етіп жүрген суреткер жазушымен кездесу кешіне әдебиет сүйер қауым жиналды.
Кездесуді университетіміздің Басқарма Төрағасы-Ректоры Болат Анапияұлы ашып, Дулат Исабеков шығармаларының ұлттық руханиятқа тигізген ықпалына тоқталып, абыз ақсақалдың кеудесіне Абай медалін тақты. Жазушы өзінің өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен әңгімелеп, балалық шағы мен ата-анасын еске алып, тың мағлұматтар айтты, студенттер мен ғалымдар тарапынан берілген сауалдарға жауап берді.
Филология институтының жанынан құрылған «Күлтегін» студенттер бірлестігі бұл кешке үлкен дайындықпен келді. Олар қаламгердің туындыларын терең талдап, атақты «Гауһартас» көркем фильміндегі «Келші, айым» әнін хормен орындады, «Әпке» драмасынан үзінді қойды. Студенттердің талабын көрген жазушы да еркін көсіліп, шығармашылық ізденіс, еңбек жолындағы парасаттылықтың маңызы, жаһандану үдерісіндегі ұлттық әдебиет пен мәдениет туралы келелі сөз қозғады.
Бір сағатқа жоспарланған кешіміз осылайша үш сағатқа созылды.
Осы бір керемет есте қалар кештен түйгеніміз мынау болды. Сұрапыл соғыс кезінде дүниеге келіп, жетімдіктің қасіретін ерте сезінсе де сынбаған, құрыштай шынығып, жетіліп, кейіннен үлкен әдебиетке келіп, өз замандастарының ішкі сезімін, жанайқайын, қоғамның өткір әлеуметтік мәселелерін ерекше суреткерлік стильмен бере білген жазушының шығармалары – оның бойындағы биік парасаттың, қайталанбас қаламгерлік шеберліктің, ұлтына деген үлкен махаббаттың, мөлдір таза сезімнің нәтижесі екені анық.
Алуа Таңжарықова,
Филология институтының
директоры, ф.ғ.д., профессор