Ғылымға толы ғибратты ғұмыр иесі
5 наурыз күні Ұлттық кітапханада ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Шора Шамғалиұлы Сарыбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай, «Тілтанымдық мектеп: Академик Шора Шамғалиұлы Сарыбаев» атты ғылыми-практикалык дөңгелек үстел өтті.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымының кандидаты Анар Фазылжан ғылыми шараның шымылдығын ашып, модераторлық етті. Жиынға ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғазиза Нұрғалиева, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, профессор, ҚР ҰҒА академигі Зейнеп Базарбаева, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Кәрімбек Құрманәлиев, Төтенше және өкілетті елші, Азия Кеңесі бас хатшысы Қайрат Сарыбай сынды елге белгілі бірқатар қайраткерлер қатысты.
ҰҒА академигі Зейнеп Базарбаева Шора Сарыбаевтың рухани дүниетанымындағы ғылыми-мәдени құндылықтар туралы сөз қозғады:
– Тіл ғылымы тарихында өшпес із қалдырған белгілі ғалым, академик Шора Сарыбаевтың есімін ерекше атауға болады. Академик Шора Сарыбаевтың шығармашылығы дегенде, қазақ тіл білімінің тарихы, лексикология, лексикография, терминология, этимология, грамматика, диалектология, жалпы түркология сияқты зерттеушілік әрі теориялық әдістанымдық сипаттағы еңбектерді атаймыз.
Шора Сарыбаев – 300-ден астам монографияның, оқулықтың, тіл білімі бойынша ғылыми және публицистикалық мақалалардың авторы. Әр жылдарда жарық көрген «Қазақ тіліндегі қиылысу», «Қазіргі қазақ тілі», «Қазақ аймақтық лексикографиясы», «Қазақ диалектологиясы» сынды бірқатар еңбектері арқылы халық жадында сақталды.
ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы Кәрімбек Құрманәлиев: «Менің шәкірт ретінде айтатыным, Шөкең – көрнекті ғалым. «6 томдық қазақ тіл білімі бойынша әдебиеттің библиографиялық көрсеткіші» атты еңбегі қазақ елінің келешегі қазіргі бүлдіршіндердің қолында. Жастар қазақша сөйлесе, қазақша тәрбиеленсе, келер ғасырда қазақ ғалымы өмір сүреді, ұрпақ жалғастығы үзілмейді», – деп ана тіліміздің маңыздылығына қатысты пайымды баяндама жасады.
Жиын соңында Ақұштап Бақтыгереева, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдер университетінің профессоры Майра Шорақызы Сарыбайдың «Филологтің әлемі: Шора Сарыбаев» атты кітабының тұсауын кесті. Сонымен қатар «Кел, сөз маржанын жинайық» атты республикалық байқаудың жеңімпаздары анықталып, арнайы сертификаттар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Дана САДЫРҚАН