Сағынышқа толы ғұмыр
01.10.2019
1586
0

 

Дүние азап шегушілердің арқасында

алға жылжып келеді.

Л.Н.Толстой

Халықтық болмысымызды сақтау

жолында тап әдебиетіміздей табанды

күрескен басқа құбылыс бізде кемде-кем.

Әбіш Кекілбайұлы

Бәрі  де күні кешегідей сияқты еді. Өзге де замандастарымыз секілді біз, сол уақыттағы өрімдей бір топ әдебиетші жас қауым, сөз өнеріне деген көзсіз сүйіспеншіліктің жетелеуімен арман қуып, әлі ештеңеден пәлендей алданып, тауы шағыла қоймаған жас жүректеріміз лүпілдеп, ақбас тарихтың ұзына бойында мың өліп, мың тірілсе де, Жаратушының шапағатынан ешқашан күдерін үзбеген, сондықтан да ұрпағы үшін өзегін жұлып беруге дайын қазақ деген мейірбан, кеңқолтық халықтың несібесіне бір көңілі түскен кезде Құдай Тағала мырзалықпен бере салған ару Алматыға кең байтақ жұртымыздың түкпір-түкпірінен жиналған едік.

Серік Асылбекұлы

Сеік АСЫЛБЕКҰЛЫ, жазушы, драматург, филология ғылымының докторы

 «ЖАЛЫНДА» ТАНЫСЫП ЕДІК

Ал ол кезде о шетінен бұ шетіне ұшқан құстың қанаты талатын Отанымыз қазіргідей азат болмайтын. Әскери әлеуетімен, саяси сұсымен күллі Еуразияны аузына қаратқан Ресей деп аталатын метрополияның астанасы – Мәскеудің қас-қабағына қарап қалған жартылай отар ел-тін. Алайда жастық шіркіннің желігі ме, әлде қанымыздағы ата-бабамыздан жұққан өмірге, тіршілікке деген өлермен құштарлықтан ба, әйтеуір еліміздің тағдырының біреулерге тәуелділігі кей-кейде қанша жас болсақ та, біздің де жүрегімізді сыздатып, уайым теңізіне батырып-батырып алғанымен, келешекке деген үкілі үмітіміз зор секілді-тін.

Бұл 1980 жыл еді. Қазақстанды дүр сілкіндіріп, ұлтымыздың ұйықтап кеткен сана-сезімін оятқан, сөйтіп, азаттықтың ақ таңы болған атақты Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісіне әлі бақандай алты жыл бар болатын. Иә, нақ сол жылы, осы біз тілге тиек еткелі отырған әдеби эссенің басты кейіпкері, 2008 жылы елу тоғызға қараған шағында өткінші фәниден мәңгілік өмірдің Отаны – бақиға аттанып кете барған, ал, бұл күндері 70 жасқа толғалы отырған белгілі жазушы, айтулы абзал азамат Тұрсынғазы Әлпейісовпен мені тағдыр «Жалын» деп аталатын республикалық көркем әдебиет баспасының қасиетті қарашаңырағының астында табыстырып еді.

Иә, расында да, сол 1980 жыл менің өміріме үлкен өзгеріс әкелген-ді. Өйткені мен сол жылы Қазақстанның бір қиырындағы Қызылорда облысының Қазалы ауданы «Құмжиек» совхозындағы №92 қазақ орта мектебіндегі директордың оқу істері жөніндегі орынбасары деп аталатын педагогикалық қызметіммен біржола қоштасып, сол кездегі еліміздің астанасы  –Алматы қаласындағы республикалық «Жалын» әдеби баспасының проза бөлімінің редакторы болып орналасқанмын. Жасыратыны жоқ, бұл менің көптен күткен арманым еді. Өйткені сол тұстағы барша жас қаламгерлер секілді мен де әдеби ортасыз жазушы жан-жақты дами алмайды, сондықтан «ақындар сахарада туып, Парижде өлуі керек» деп санайтынмын. Алайда сол Парижде өлместен бұрын, сен оған әуелі әбден кірігіп, онымен біте қайнасуың керек болатын. Бұл, әрине, оңай-оспақ нәрсе емес-тін. Ол үшін сенің әлі өмірдің қан базарында алдыңнан талай кездесетін кедергілерді ауыздықтап, талай тар жол, тайғақ кешулерден өтуің керек еді.

Тұрсынғазы Әлпейісов

Әрине, Эрнест Хемингуэйдің тілімен айтқанда, о дүниеге өзіммен бірге ала кететін менің өмірімнің таусылмас мейрамы, менің Парижім – ару Алматы да маған сондай сынақтардың бірталайын дайындап жатқан болатын. Оларды қалай жеңбек керек? Ол үшін алыстағы тып-тыныш жатқан бұйығы шағын ауылдан өмірінің базары тәуліктің жиырма төрт сағаты бойы күні-түні қыж-қыж қайнап жататын республикамыздың ең үлкен мегаполисіне арадағы аудан, облыс орталығы секілді шаһарларды бір-ақ аттап, тағдырдың қалауымен ғайыптан тайып бір-ақ топ ете түскен маған өз бойымдағы осы күнге дейін әбден қалыптасып қалған провинциялық мінез-құлқымды, әдет-ғұрпымды біраз өзгертуім қажет-тін. Өйтпесем, менің астананың өмір көшіне ілесуім қиын болмақ-ты. Мұндай әлеуметтік-психологиялық метаморфозаға мен дайынмын ба? Міне, мәселенің көкесі осында еді.

Алайда «үш күннен соң адам тозаққа да үйренеді» демекші, мен өзімнің басқа да жас замандастарым секілді қала өміріне тез бейімделе бастадым. Және Алматы мен үшін мүлде жат шаһар емес-тін. 1970 жылдардың басында мен осы қаладағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педаго­ги­калық институтының филология факуль­тетінде бақандай төрт жыл оқып кеткенмін. Дегенмен, әрине, ол заманда қатардағы қарапайым студенттердің бірі болған маған астананың әдеби, мәдени ортасымен араласудың сәті түсе қоймаған. Ал, енді, сол атышулы өнер Меккесінің кіл ығай- сығайларымен танысып, танысып қана емес-ау, олармен бір мекеме шаңырағы астында қоян-қолтық бірге қызмет етіп, жақын араласудың реті келіп тұр.

Міне, енді мен бұрын аты-жөнде­рін, кескін-келбеттерін, ең басты­сы, шығар­ма­ларын сол кездегі республика­лық, қала берді, одақтық газет-журналдардың бетте­рінен ғана ұшырататын Тұманбай Мол­дағалиев, Қалдарбек Найманбаев, Бексұлтан Нұржекеұлы, Өтежан Нұрғалиев, Күләш Ахметова, Жұматай Жақыпбаев секілді көркем әдебиет мэтрлерімен баспа редакциялары орналасқан кабинеттерде, дәліздерде, холлдарда күн сайын дерлік көрісіп, амандасып, тілдесіп жүремін. Оның үстіне, республикамыздың сол кездегі үлкенді-кішілі ақындары мен жазушыларының, драматургтері мен әдебиет сыншыларының, ғалымдары мен журналистерінің көпшілігі мен қызметке тұрған «Жалын» баспасының тұрақты авторлары екен. Ал мен болсам, сол мүйіздері қарағайдай шығармашылық тұлғалардың әуелі бізге қолжазба күйінде алып келетін болашақ кітаптарына сараптама жасап, олардың басуға жарайтынын немесе жарамайтынын анықтайтын білдей редактормын. Жазу-сызудың сырына енді-енді қаныға бастаған, әзірше сол кезде республикалық «Жұлдыз»,«Мәдениет және тұрмыс» секілді журналдарда екі-үш-ақ әңгімесі жарық көрген мен секілді күні кешегі провинциялық жас үшін бұл аз олжа емес. Бұның бәрін тәптіштеп отыруымның себебі жоқ емес, өйткені біздің негізгі кейіпкеріміз – жазушы Тұрсын­ғазы Әлпейісовпен мені нақ осы әдеби орта – «Жалын» атты республикалық көркем әдебиет баспасының қарашаңырағы әуелі таныстырып, соңынан замандас дос, сыйлас құрбы ретінде мүлде табыстырып жіберген-ді.

Ұмытпасам, сол 1980 жылдың шілде айы ғой деймін, осыған дейін проза бөлімінде редактор болып жұмыс істеп жүрген мені баспа директоры, қазақтың белгілі жазушысы Қалекең – Қалдарбек Найманбаев – жалақым мен қызметімді сәл өсіріп, аға редактор етіп, Тұрсынғазы қызмет ететін «Жеткіншек» деп аталатын балалар мен жасөспірімдерге арналған көркем әдебиет шығармаларын жарыққа шығаруға мамандандырылған редакцияға ауыстырды. Бұл жағдай енді менің Тұрсекеңмен бұрынғыдан да етене араласуыма себеп болды.

МЕЙІРІМГЕ ШҮП-ШҮП ТОЛҒАН…

Екі жауырыны қақпақтай, білектерінің бұлтиған бұлшық еттері өзі киген кез-келген көйлек пен костюмді тарсынып, сыртқа қарай тепсініп тұратын орта бойлы Тұрсекеңді Жаратушы ерекше бір дарқандықпен сом етіп жаратқан-ды. Ол дала балуандары секілді екі аяғын нық басып, өзіне-өзі тым сенімді жүретін. Баспадағы жігіттер арасында қол күрестіруден жиі-жиі өтіп тұратын жарыстарда оған ешкім төтеп бере алмайтын. Тек бойшаң, қапсағай денелі ақын Серікбай Оспанов қана лайықты қарсылық көрсетуге жарайтын. Алайда осындай зор қайрат, күш иесі бола тұра, ол өзіні отбасына, дос-жарандарына, туыстарына, бүкіл айналасына өте мейірімді-тін, тіпті аздап көңілшек, сентименталдылау болатын. Және бір ғажабы, оның сәл-пәл қысықтау қой көздері әманда адамдарға деген сүйіспеншілікке, мейірімге шүп-шүп толып тұратын.  Ал сол қысықтау қой көздер жадырап бір күлім қаққанда, ондағы шуаққа сезімтал әйел затын былай қойғанда, Жаратушы өздерін о бастан, сонау әлімсақтан, олпы-солпылау етіп жұмбаздай салған еркектердің өздері еріктерінен тыс бір құдіреттің күшімен елжіреп сала беретін. Шынында да, Тұрсынғазының харизмасы оның балуан білектеріндегі сыртқа қарай шапшып тұрған бұлтиған бұлшық еттерінде немесе атақты Роденнің терең ойға батқан «Ойшылындағы» ер жігіттің физиономиясынан аумайтын шойыннан құйғандай қақпақтай жауырындарында емес, нақ осы кіршіксіз тазалығымен, көл-көсір мейірімімен кісіні өзіне еріксіз тәнті қылып қоятын сол бір ғажайып жымиысында еді.

Мен оған кейде тиісіп:

– Мына сенің қысықтау көздеріңдегі жұмбақ жымиыстың не пәлесі бар осы, кісіні еріксіз арбап алатын?! Шыныңды айтшы, бұл өзі өздігінен болатын табиғи құбылыс па, әлде біз секілді аңқау пенделерді тұзағына түсіру үшін ойлап табылған айла ма? – дейтінмін, не дер екен деп.

Ал, ол болса, аспай-саспай:

– Кетші! Сенің қияли басыңа кейде осындай кісінің ойына келмейтін қайдағы бірдеңелер келеді екен. Бір жағынан алсақ, бұл кәдімгі көреалмаушылық қой. Осы сендер, қазақтар, қашан қояр екенсіңдер ,осындай іштеріңе шынашақ айналмайтын қызғаншақтықтарыңды?! – деп, өшін алатын.

Тұрсынның, біз көбінесе оның ныспысын қысқартыңқырап осылай атайтынбыз, – тағы бір қасиеті  – айналасына ерекше қамқорлығы еді. Адамдарға көмектесу – оның екінші бір мамандығы, екінші бір қызметі секілді-тін. Баспадағы құрбылары кейде пойызға немесе ұшаққа билет таба алмай қиналса, аяқастынан қарызға қомақты ақша табу мәселесі туындай қалса, салып ұрып Әлпейісовке жететін. Ал табиғатынан дарқан жаратылған Тұрсекеңнің аузынан мұндайда ешқашан «жоқ» деген сөз шықпайды, «Көрейік!» дейді бар болғаны. Сөйтеді де, өзіне тиісті үкіметтің жұмысын апыл-ғұпыл, апырып-жапырып бітіре салып, бір кездері топылиының өкшелері ішке қарай сәл-пәл қисайыңқырап, маң-маң басып, жоқ іздеуге кетіп бара жатады.

Әр жерде қызмет ететін сыйлас құрбылары, таныстары Алматыда жыртылып-айырылатын көпшіл Тұрсын әлгі жоқтардың барлығын дерлік таппай қоймайды. Мұндай жайға онымен бес жыл бір кабинетте бірге отырған менің өз басым талай рет куә болғанмын.

Ол заман Қазақстанда қазіргідей қалтаңда пұлың болса, құстың сүтіне дейін сатып алуға болатын капитализм емес, бәрі-бәрі саптыаяқтың үстіне қарауыл қойылып бақыланатын, адамдар арасындағы күллі қоғамдық қарым-қатынас өкімет белгілеп берген директивалар мен нормативтерге бағындырылған, әруағыңнан айналайын, жарықтық социализм салтанат құрған кез еді ғой. Сондықтан қазіргі күні қаражаты болса, жұрттың бәрінің оп-оңай қолы жететін заттар мен қызметтерге ие болу ол уақытта оңай-оспақ шаруа емес еді.

ЖЫЛЫ ЖҮРЕК, НҰРЛЫ АҚЫЛ

Бірде маған қыс ортасында өзім отбасыммен жалдап тұрып жатқан үйді шұғыл түрде босатуға тура келді. «Пәтерші» деп аталатын жазған құлда жату бар ма, ал кеп енді жалға беретін баспана іздейін ,Алматының бұрыш-бұрышын шарқ ұрып. (Сол үшін үш-төрт күн жұмыстан да сұранғанмын). Алайда менің ойымдағы пәтер табыла қояр емес, табылғандарының кейбірінің пеші дұрыс жұмыс істемейді, екіншілерінің қабырғалары ыза тартып, көгере бастаған, үшіншілері жұмысқа, балабақшаға қатынауы азап қаланың бір қиян шетінде. Сөйтіп, төртінші күні жұмысыма келгем кешке қарай, еңсем түсіңкіреп.

Бір заматта Тұрсынғазы телефон шалып тұр, қаланың бір шетінен.

– Уа, аса қадірменді Асылбеков мырза, саламат-сау бармысыз?! Егер саламат-сау, бар болсаңыз, «Тастақ» атты шағын ауданнан Сіздің жоғары мәртебеңізге сай келетін екі бөлмелі пәтер табылды, – дейді маңғазданып. – Өзі судай жаңа, іші-сырты тура саңғырлап тұр. Және бірінші қабаттан, сен секілді жалқауға әбден ыңғайлы.

– Шын ба?! – деймін мен аузыма одан басқа жөнді сөз түспей.

– Шын емей, сенің бірдеңеңді алдап алғалы тұр деймісің? Жалдау ақысы – айына 80 сом. Міне, қожайыны қасымда тұр. Келісейін бе? Сені қашан көшіп келеді деп айтайын?

– Ойбай, келіс!.. – деп жатырмын, бұл жақта басыма ойда-жоқта қона кеткен бақытқа толық сенер-сенбесімді білмей қобалжып тұрған мен. – Құдай қаласа, бала-шағамызды жетелеп, бар дүние-мүкәммалымызды арқалап, ертең кештен қалмай жетеміз.

– Онда болды, – дейді Тұрсекең аспай-саспай. – Міне, кепілге он сом беріп, қожайыннан пәтердің кілтін алғалы тұрмын.

Сөйтсем, жұмыстан қалт еткенде менің үш-төрт күннен бері бас сұғатын баспана таба алмай қиналып жүргенімді білетін досым ешкімге білдірмей маған пәтер іздеп жүреді екен, өзіммен қабаттасып. Жаңағы «Тастақтан» сәтімен табыла кеткен екі бөлмелі үй сондай ізденістің жемісі екен. Ол пәтер бізге құтсыз болған жоқ, менің отбасыма кейінірек Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің отбасылық жатақханасынан бір бөлме тигенге дейін біз сонда емін-еркін тұрдық.

Мінезінің осындай дарқандығынан болар, Тұрсекеңді «Жалын» баспасының редакцияларында қызмет ететін жора-жолдастары, құрбыларының бәрі сыйлайтын. Егер осы арада сәл-пәл артығырақ кетсек, бізді Әлпейісовтер отбасының ұйытқысы, Тұрсынғазының Мөлдір, Бақытгүл секілді екі қызы мен Алмат секілді ұлын жақсы азаматтар етіп тәрбиелеп шығарған Тұрсекеңнің Құдай қосқан қосағы Жұпар ханым кешірер. Оны, әсіресе, біздің мекеменің қыз-келіншектері қатты жақсы көретін. Бұл, әрине, түсінікті еді. Өйткені табиғатынан нәзік, көркем жаратылған әйел заты жақсы мен жаманның нарқы мен парқын еркектерден гөрі жақсырақ ажыратады емес пе, әдетте.

ЕҢ ҚЫСҚА ӨМІРБАЯН

Тұрсынғазы талғап, таңдап қана жазатын, сондықтан да шығармалары баспасөзден сирек көрінетін эстет жазушылардың қатарынан-тын. Соның дәлелі ретінде ол өзінің елу тоғыз жылдық өмірінде артына үш кітабын қалдырып кетті. Олар – «Құтты қадам», «Көк шұбардың тұяғы» деп аталатын әңгімелер мен повестер жинақтары және «Жоңғардың соңғы қашқыны» деп аталатын роман. Сонымен қатар өзінің ана тілінен бөлек ұйғыр, орыс тілдерін өте жетік білетін ол бірқатар орыс және ұйғыр жазушыларының көркем туындыларын қазақшаға сәтті тәржімалап, өзін шебер аудармашы ретінде де танытты.

Тұрсекең өзінің атын шығарып, шығармаларын ретін тауып жарнамалауға жоқ еді. Бәлкім, сондықтан да болар, күні бүгінге дейін оның шығармашылық қызметі туралы ауыз толтырып айтарлық соқталы рецензиялар мен сын мақалалар жазыла қоймапты. 2009 жылы жарық көрген Қазақстан Жазушылар одағының анықтамалығындағы ең қысқа жазылған өмірбаяндық деректердің бірі біздің Тұрсынғазыға тиесілі екен. Онда қысқа ғана: «Әлпейісов Тұрсынғазы 1949 жылы Шығыс Түркістанның Қарабақ ауылында туған. 1959 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Еңбек жолын Жаркент қаласында бастайды. КазГУ-дің журналистика факультетін, Мәскеудегі Жоғары комсомол мектебін бітірген. Панфилов аудандық газетінде, комсомол ұйымдарында, «Жалын» баспасында, «Казкинопрокат» мекемесінде, «Жәрдем» және «Шалқар» фирмаларында жауапты қызметтер атқарған, «Тұрмыс» жабық акционерлік қоғамының президенті болған.

«Құтты қадам», «Көк шұбардың тұяғы» атты әңгімелер мен повестер жинағы, «Жоңғардың соңғы қашқыны» романы жарық көрген. Ұйғыр және орыс тіліндегі кітаптарды қазақшалаған», – делініпті. Болды, осыдан басқа артық-ауыс сөз жоқ. Құдай біледі, осы тым қысқа, өте қарапайым өмірбаянды анықтамалықты шығарушылар: «Тұрсеке, бізге өзіңіздің шығармашылығыңыз туралы мәліметтер керек»,– дегенде, Тұрсынғазының өзі жазып апарып берген болуы керек. Иә, біз білетін Әлпейісов осындай өте қарапайым болатын. Мақтаншақтық, ділмәрлық, өзінде бармен көзге ұрушылық оның кесек жаратылған табиғатына мүлде жат еді. Л.Н.Толстойдың «Ұлылық – қарапайымдылықта» деген қанатты сөзі осы Тұрсынғазы типтес адамдарға қарап айтылса керек, сірә.

(Жалғасы бар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір