ТОЛҒАНЫСҚА ТОЛЫ ТЫҢ ТУЫНДЫЛАР
12.07.2024
83
0

Егемендік айдарын айқындаушы әдебиетке жүктелген міндет күннен күнге күрделеніп барады. «Обломовшылдық» пен «дон кихоттық» үрдіс өз заманының кейіпкерін сомдаудың қажеттілігінен туып, сол заманмен бірге тарих қойнауына кетті демегеннің өзінде, оқырманға керек кейіпкерді басқаша түрде, өтпелі психологиялық кедергілерден өту үстіндегі көзге бірде көрініп, бірде көрінбейтін ішкі көңіл-күй арпалысына бейім күйде суреттеудің басым сипатқа айналғаны ақиқат. 

Нені жазса да осы ақиқаттан аттамай, оқырманын ойландыруды ұстанған қаламгерлердің бірі — Қуаныш Жиенбай. Қ.Жиенбай –көптеген тұшымды шығармалар жариялаған тынымсыз қаламгер. Бірақ, мәселе онда емес, оның шығармаларындағы, қаламгер өз атынан толғана ма, жоқ әлде кейіпкер атынан толғана ма, бәрібір, ой, таным ағысы адами шынайы көңіл күйдің теңіз тереңінде тұншыққан толқындай іштей буырқанған сезімге толы екендігінде. «Міне, кереметті!..» алайық. Тақырыбының өзі ойландырып тастайды. Қаламгерді толғандырған күрделі мәселе әңгіме желісіне жол тартыпты. Кейіпкері қатардағы қарапайым пенделердің бірі емес, одақты дүрілдеткен металлургия комбинатының директоры. Мәртебесін міндет еткен, қолпаштап жатса несі бар, еңбегім елге сіңді ғой деп жоқты-барды бұлдануға икемделіп тұратындардың сыңайында емес. Қарапайымдылықтың, ішкі адами мәдениеттің өнеге тұтарлық үлгісі. Қай ортада – отбасында ма, достары арасында ма, қоғамдық жерлерде ме, жоқ әлде адамдармен қатынастағы кеңдік пен кемдік өлшемдердің тайталасына түскен сын сағаттарда ма, үлгі тұтарлық табиғи ішкі мәдениетінен айнымайды. Оны қалай білеміз? Автордың жетістігі оқығаны мен тоқығаны мол қайраткердің зейнеткерлікке шыққан кездегі тірлік салтына, мұны қаламгердің кейіпкерінің ішкі толғанысына кіре білуі арқылы білеміз. Ел тұтқасына айналған қайраткерді ұлықтау арқылы да өзінің беделін өсіруге болады деп есептейтін Сапарбек сияқты пенделік есепке жүгінетіндер арамызда аз ба? Бірі директорлық мәртебеге ие болып, енді соның қызығын көруге ұмтылатын, екіншісі сол мәртебеден өз еркімен бас тартқан, дүние құндылығына компас тілімен қарайтын екі қайраткердің бір-біріне қарама-қайшы мінездері шығармада мерей мен мерезді көз алдымызға әкеледі. Бірі: «Той өткен бойда үлкен үйдегі Үлкен кісінің қолына Әбекеңнің ризашылық көңілден жазылған үшбу хаты тиюге тиіс…», – деп шалқиды. Мемлекет мүддесі үшін орасан еңбек сіңірген қайраткердің ризашылығына бөлену билікке енді ғана қолы жеткен «жас періге» аз демеу емес. Үлкен кісі мұны білмейді деймісің?! «Жарты бет қағаздың ендігі құдіреті — Әбекеңнің қол қоюы мен қол қоймауына тіреліп тұр. Қол қойса, төрт құбыла түгел. Ал, қол қоймаса … Жетпіске келген “шалың” анау-мынауға шағыла салатын жаңғақ емес. Қыңыр. Өз дегені болмаса шөре-шөре қолпашыңа қыңқ демейді. Не істемек керек?”. «Шөре-шөре қолпаштың» қандай індет екенін білсе де, Сапарбек «бедел алу үшін» сол шөре-шөре қолпаштаудан қашпайды. Өйткені, ондай мінез Сапарбектің табиғатына тән. Адам бойындағы осы табиғи мінезді жазушы дәл таныған да, оқырманды ойландыратын қаламгерлік тәсілді шебер пайдаланған. Антон Чеховтың “Құндақтаулы адамында” да осылай емес пе еді? Театрда сахнаға көз тігіп отырған тыныштықта Чеховтың кейіпкері байқамай түшкіріп қояды. Және оған оның бұл қылығы орасан мәдениетсіздік болып көрінеді. Амалсыздан алдыңғы орындықта отырған адамнан кешірім сұрайды. Бірақ, ол «ештеңе етпейді» дегендей ишарат білдірсе де, оның бұл елеусіз ишараты оған жаңағы адам ашуын бұғып қалғандай көрінеді де, әбден дегбірі қашады. Дегбірі қашқаны «өзіне олжа», оның соңы қайта-қайта кешірім сұрап, алдындағы адамның ашуын шектен тыс асқынтып жібереді. Соңы адам күлетіндей әрекетке ұласады. Былайша, уақ-түйек сияқты көрінгенмен, адам табиғатындағы кеселдің психологиялық салдарын зерделікпен танып, соны оқырманға көркемдеп жеткізу үлкен шеберлік. Сапарбек те осындай аурудан сау емес. Бірақ, Сапарбек ауырды екен деп Әбекең ауырмайды, бойын ондай дерттен аулақ ұстайды. Үйіне қолқалап қонаққа шақырып, иығына оқалап шапан жапқан Сапарбектің түпкі ойын білгенде, Жездінің шаңдағын романтикаға толы сезіммен жаяу аралған жас геолог, кейін өміршең оймен өмірін өткізген мемлекет және қоғам қайраткері парасат биігінен төмендемейді, жалған мақтау, мадақтаудың жайсыз сарыны таңбаланған жарты бет қағазды ортасынан қақ айырады.
Қала әкімінің қолдауымен үлкен опера театрында өткізілмекші мерейтой салтанаты да тұйыққа тіреледі. Өйткені салтанаттың басты қонағы Әбдірәсіл Сейітжапаров салтанатқа қатысудан бас тартады. Ол үшін есеппен жасалған жасанды құрмет адами табиғи құндылықтың қадірін кетіреді. Салтанат өтетін театр директоры тұйыққа тіреледі. Шақыру қағазы таратылған, дайындық дүрілдеп өтті, енді соның қызығын көру ғана қалып еді, құрметті Әбекең енді сол қызықтың күлін көкке ұшырды. «Неге үйттіңіз?» деуге ауыз бармайды. Себебі, жасанды, жағымпаз тірліктен жоғары тұратын мінезді айыптау да қиын. Дәстүрге айналып кетті ғой деп өзімізді қанша жұбатсақ та құндылыққа қиянат істеуге болмайды. Театр директоры басқа жол табады, опера әншілерін дереу жинаттырып, «Біржан-Сараны» сахнада әуелетеді. «Театрдың қарсы бетіндегі атақты қонақүйге жаңа ғана орналасқан «Аzant NEWS»-тің екі тілшісі апыр-топыр халықтың не үшін жиналғанын білу үшін асай-мүсейлерін арқалап төмен түсті. Бұл не дүрлігу? Операға да осынша ел жиналады екен-ау, ә!? Өнер дегенде ішкен астарын жерге қоятын қазақтардың мына тірлігіне қайтып таңғалмассың?! «Міне, керемет!» деп сол маңнан шартарапқа сан түрлі тілде шұғыл тарап жатты. Оның астарынан комедиялық, драмалық, тіпті трагедиялық сарынды байқағандар бар ма, жоқ па, кім біледі?! Қаламгер жауапты оқырманның өзіне қалдырады.
Дұрыс та шығар, жазушының міндеті күрделі сұрақтарға жауап беру емес, шайнап берген ас ас болмайды, дайын жауап оқырманды қызықтырмайды. Егер жазушы өмірді танығысы келген жанға, соның қызық түйіндерінің шетін көрсете алса, сол тиімді, ол түйінді өзі шешуге оқырманның өзі ұмтылады. Қ.Жиенбайдың шығармалары негізінен осындай «сиқырлы таяқшаға» сүйеніп жазылған. Сюреалист Сальвадор Далидің ұстанымы жайлы айтыса ма, натуралист Пикассоның ашық бояуларын сөз қыла ма, жоқ әлде аң-жануарларды айтқанына көндіретін дрессировщиктердің құдыретін мақтан тұта ма, бәрібір, ол айтыс қана, айналып келіп жаңағы айтыс бұрынғы пенделік ұстанымын өзгертіп жіберуі мүмкін, өз жүрегінің қалауына шырмалған Қасқырбайды сүйіктісі: «Мықты болсаңыздар … атыңыз да Қасқырбай, мәселен мына сіз, неге арлан қасқырды циркке әкелмейсіз!?» деген кекесін аралас сұрағымен тап осыған меңзейді. Қасқырбай, шынында да, цирктің маңдайалды дрессировщигі. Маймылды да, арыстанды да табиғатынан тайдырып, жасанды әрекетке тырп еткізбей көндірген өнер адамы. Өнерден асқан құдірет бар ма?! Айтатындар айта берсін, өнер қанша құдіретті болғанмен, өмірдің ештеңеге көнбейтін өз заңдылығы бар. Мысалы, қасқырды айтқаныңа көндіріп көр. Сезім ылығында Қасқырбай ешқандай ұлықсатсыз ернінен шөп еткізіп сүйіп алғанда, бұл әрекетті не әрі, не бері қабылдамаған сүйіктісі: «Көк бөрінің тұқымымыз, қасқырға қанымыз жақын деп бөскенде ғой…» деп қылымсиды. Кім білсін, мына жасанды интеллект дүрілдеп тұрған заманда көк байрағын желбіреткен жас тәуелсіз мемлекеттің қиялшыл жігітін сынағаны ма?! Әлде махаббат сезімімен ойнағасы келді ме екен? Қалай болғанда да, аң-жануарларды дегеніне көндіріп, әдеттеніп алған жігіт бұл жолы сол әдетінен тайқып, қыздың назды еркелігінің қармағына ілінгенін байқамай да қалады. «Қасқыр қолға үйренбейді, Кәмила. Оның үстіне, түз тағысын торға қамағанымыз – өзімізді қорлау. Көк бөрі сайран салып, жорта берсін қазақтың кең жазирасында. Қасқырды бөрі деп кемсітпейік, ежелден түркілердің символы ғой, жарықтық!..» дегенмен махаббат шырмауындағы дрессировщик цирк директорын көндіріп, бір бөлтірікті алдыртып, сонымен екі ай әуре болып, азапқа да түседі, қыз алдында ұятқа да қалады. Бөрінің аты бөрі, дрессировщик екенсің деп көлгірсімейді, табиғатына тартып, Қасқырбайдың қолын оңдыртпай тістеп алады. Әуезовтің көксерегі қайтіп еді, Қасқырбайдың бөлтірігі де соны істейді. Бірақ, Қасқырбай ашуланған жоқ.
« – Ауыра ма? – деді Кәмила аса бір қамқорсыған көңілмен. Нәп-нәзік алақанымен жараның орнын әлсін-әлі сипап, ораулы қолды кеудесіне басты. Қасқырбайдың ойына әлдене түскендей, әнтек жымиды. «Қасқыр махаббат». Осы сөзді авторына қайтарғысы кеп оқталып еді, бірақ Кәмиланың ыстық демі оны ауада жандырып жіберді. Айтпады, айта алмады». Неге?
Неге? Жауабын оқырманның өзі шешуі тиіс осындай сұрақ «Келді де кеттіге де…» тән. «Экономика төңірегіндегі деректер мен цифрларға толы Құрманбектің басы құдды есептегіш мәшине. Шатаспайды. Әрбір саланы өрге бастыру үшін не істеу керегін де роботтай сартылдатады… Қане, құдайшылығыңызды айтыңызшы, кімнің ғылыми мақаласы Германия мен Англияның айтулы журналдарында жарияланып жатыр? Жан-жағыңа қараңызшы, Құрманбек өзінен басқа тірі жанды көре алмайды. Жалғыз. Тіпті аузына құс тістеген академиктерің де Құрманбектің жанында жіп есе алмай қалды, әне! Республиканың күллі экономикалық көрсеткіштерін шемішкеше шағып, оны әлемдік масштабта безбендеп, нарық жағдайындағы ахуалды қолмен ұстатқандай дәлелдеп, аздаған жетістіктерді қоя тұрып, ілгері жылжуымызға кесекөлденең тұрған кемшіліктерді көзінен тізіп және оны жалпақ жұрттың талқысына салған Құрманбектен басқа жаужүрек оқымыстыңды тауып берші, қанеки?! Жоқ қой, жоқ! Бұған келгенде әріптестері екіге жарылады; біреулері «бәрекелді» деп арқасынан қағудың орнына: «байқа, тым батырсынба бауырым, бүгін бе, ертең бе, өз ішімізде, өз күшімізбен орнына қойылатын кемшіліктерімізді ашық айтып, өзгелерден сүйінші сұрауың – бізге жасаған жаулығың!» деп көрер көзге бірнәрселерді көңірсітіп келе жатады да, кілт етіп теріс бұрылады. Құрманбек аң-таң,». Кейіпкері арқылы қаламгер адам бойындағы жақсы қасиеттерді көре-біле тұра оны мойындамайтын, тіпті рух кеңістігінен аластатқысы келетін мінезге күйінеді. Қалам қуатымен содан сақтандырғысы келеді. Сөйтеді де, өмірді жасампаздықпен сүюге құштар кейіпкердің бейнесін сомдауға тырысады. Құрманбектің Ұлы ғалым — Шоқан Уәлиханов мүсінімен балаша сырласуы, дәлірегі күйінуі соның дәлелі. Ғылым қасиеті ешқашан өз биігінен төмендемейді. Тәуелсіз жас мемлекеттің ғылымға көзқарасын зерделеу үшін Нобель сыйлығы лауреатының арнайы келуі соның айғағы. Ғылым қалай өмір сүруге үйретеді. Ғалым оның елшісі. Даусыз ақиқат. Өкінішке орай, медальдің екі жағы болатыны сияқты, ғылымға деген көзқарастың да оң мен терісі бар. Қаламгер сол «медальдің екінші жағының» зардабын ашына түйрейді. Нобель сыйлығының лауреаты Құрманбекті сырттай жақсы біледі. Жақсы білгендіктен онымен кездескісі, ғылымның әлеуеті жайлы ашыла сырласқысы келеді. Ал, Құрманбек – тәуелсіз еліне ғылым нұрын құюға құштар ғалым қамауда. Ұлы ғалым мүсінінің жанына тек Құрманбек қана жиі келмейтін. Қоғамдағы келеңсіз құбылыстарға наразы топ та Шоқанның аруағына сы­йыну үшін осында жиі жиналатын. Талап-тілегін ақтаратын. Несі бар, бәрі де өмірді жақсарту үшін емес пе?! Бірақ, тәртіп сақшыларының тым астамсып кетуінен, ол жаңағы ереуілші топтың арасында полиция бөлмесінен бір-ақ шығады. Олар ғалымның дәлел-дәйегіне пысқырып та қарамайды. «Кәделі сыйлықтың иегері мәселенің анық-қанығына өзім көз жеткізейін деп, қонақ қабылдауға бекітілген әрі неміс тіліне жүйрік комиссия төрағасымен ауызба-ауыз сөйлесті. — Рас … Сол-ай! Лекцияны сонда кімдер үшін оқымақ?!
Түн жарымында жиналып, такси шақыртып, әуежайға тартты. «Келді де кетті. Мұнысы несі?» деп зиялы қауым әлі күнге дейін аң-таң». Иә, жазушының «Келді де кетті» атты әңгімесі өрелі істің өрісін тарылтудың сырын осылай ашыпты.
Жалпы, Қ.Жиенбайдың «У мен уылдырық” атты жинағындағы хикаяттары мен әңгімелерінің қай-қайсысы болсын ойланып оқуды қажет етеді. Бәрі де өз арамызда болып жатқан қыжылды жәйттер. Ой түйіп, санаңды сілкінтуге әсер етеді.
Бір сөзбен айтқанда, биыл Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған, үнемі жанашырлықпен Аралын жырлаудан жаңылмаған Қуаныш Жиенбайдың «У мен уылдырығында» жұрт тұшынып оқитын айтары мол, толғанысқа толы тың туындылар баршылық. Оны қалай тауысарсың, одан да әркімнің оларды өздері оқығаны, сөйтіп шығармаға тиісті бағасын бергендері абзал.

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір