Журналистика факультетінде — жаңа орталық
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде жазушы, баспагер, редактор Зейнолла Сәнік атындағы «Баспагерлік – редакторлық орталық» ашылды. Журналистика факультетіндегі С.Әшімбаев, Т.Амандосов, Т.Қожекеев, Қ.Бекхожин, С.Әбдірайымов, Н.Иманғалиұлы, Е.Шаймерденов, Е.Смайыл, Ә.Ыдырысов, К.Тоқаев, Ш.Мұртаза атындағы аудитория қатары баспа ісіне керекті дүниелермен жабдықталған орталықпен толықты.
Орталықтың ашылу барысында Зейнолла Сәніктің шығармашылық мұрасын зерттеу мен талдауға және баспа ісіндегі өзекті мәселелерді талқылауға арналған «Қазақстандағы баспа ісі және Зейнолла Сәніктің баспагерлік-редакторлық қыры» атты республикалық конференция өтті. Сонымен бірге «Үздік баспасөз жарияланымы», «Үздік ғылыми жұмыс», «Дизайн өнерінің үздік туындысы» аталымы бойынша студенттер арасында ұйымдастырылған байқау қорытындысы жарияланып, Зейнолла Сәнік атындағы арнайы шәкіртақы тағайындалды. Журналистика факультетінің деканы Т.Көпбаев жүргізген іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы М.Құлкенов бастаған қаламгерлер, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары, Мемлекеттік кітап палатасының өкілдері, белгілі баспагерлер, журналистика факультетінің оқытушылары мен студенттері қатысты. Жаңа орталыққа «Атамұра» корпорациясының президенті Р.Абрарұлы 100 кітап сыйға берді.