Келер шақтан үміт күт­тім күнде мың…
23.08.2024
202
0

Олжас Керейхан

КҮНТІЗБЕ

Жаз жамалы келеді сәнін құрап,
Шегіртайда шөп майса, жаным – жұмақ,
Қарақат­тың қауызын маусым желпіп,
Мамыр құлап келеді, таңым жылап.

Күнтізбені таусамыз санап жүріп,
Қанатында құстардың таранды үміт.
Шарғын шақта уақыт тізгін қағып,
Таң шапағын ықтайды қараңғылық.

Самайынан ағызса шілде терін,
Толтырады Арасан гүлге етегін.
Төбемізде туған Ай көлге төніп,
Демі ауыр жарықтық Түн де өтеді…

Керуеннің жолақты іздерінде
Өмір көшер
қайт­қан құс тізбегінде.
Сағат­тардың тілінде уақыт өліп,
(Білінбейді ол шіркін бізге мүлде).

Күрсінгенде бір мезет жасыл аумақ
Төңіректің өртенер басы лаулап.
Маңдайында ғаламның қалың әжім,
Күнтізбеден барады ғасыр аунап…

Сүмбіле туса

Жапырақ төксе сары күз,
Бақтарға сұлба, салып із,
Қара нөсер. Қолшатыр.
Жаурап-ақ тұрар жанымыз.

Сағынып келсе кезбе күз,
Сары көйлекті сен бе, қыз?
Санасын жанның сергітіп,
Сағыныш ойды тербеңіз.

Сарғайған бәрі, қызық күз,
Сабағынан жеміс үзіп біз,
Санаңа салмақ салмасын,
Сағымды, сары сызықты үз.

Сабасы толған саумал күз,
Санамен мұңды сауғанбыз.
Сірге жияр салт­ты аңсап,
Сағынып біз де қалғанбыз.

Сарыбел асып жеткен күз,
Сәулесін ойдың төккенбіз.
Салбуырын сері, салкүрең
Серілік құрсақ, сөкпеңіз.

Сарала моншақ таққан күз,
Сағымды қырда жатқан түз.
Сұғынса бұлт­тар әйнектен,
Саусақпен кері қаққанбыз.

Сүмбіле туса сырғып күз,
Сырына құлақ түрдік біз,
Сезімді желпіп бір самал,
Серпілтер ойды түндіксіз.

Сары әлем еніп мың түрге,
Сиқырлы саз бар кілтінде,
Самсаған жұлдыз көктегі
Сарғаяр, ай да бір түнде.

Санамда сартап, баяғы үн,
Сырымды кімге жаямын.
Сары шапақ күннің жиегін
Сары таспа күзбен боядым.

Түн

Тірлігім жалғасады түнде менің.
Түн болса майда қоңыр зілді емемін.
Сұраған Рахметұлы
Тереземнен ай қарайды үңіліп,
Сәулесінен төгіледі Түн үміт.
Сіңіп кеткен жұлдыздардың ішіне
Жүрегімнің сырын ұқ.

Қалың ойдың кейде қашып мазмұны,
Шым-шытырық қырау болып қалды ізі.
Періште боп түсіме енсе түн елес,
Құшақ ашты Қар қызы…

Көңілімнің көгінде ұйық бақ көшіп,
Өмірімнің төрінде ол қақты есік.
Түңлігімнің мың бояулы бұйдасын
Түн самалы жат­ты есіп.

Санамда құр сартап ойлар шұбырып,
Сүт­ті іңірдің сілеке­йін сіміріп.
Кірпік ілмей күзетемін өзімді
Бар сырымды түн ұғып.

Жұтыламын суық түнге мен неге,
Алакеуім енді сәуле бөлмеме.
Жұлдыздарды таңғы шықпен аластап,
Ай қондырдым кеудеме.

Ертіске кеп құяды
Үлбі өзені

 «…Үлбі ағады баяу ғана үлбіреп,
Жағасында терек біткен тұр жүдеп…»
  Жанат Әскербекқызы

Ертіске кеп құяды Үлбі өзені,
Өзгермес қысы, жазы, күзде өңі.
Өрілген арудың қос бұрымындай,
Өмірде ұқтырғандай бізге нені?
 
Ертіске кеп құяды Үлбі өзені,
Көтерілген көгімде күмбез еді.
Көңілімнің ақ бұлты сөгілердей,
Мені де бір сағыныш күнде езеді…
 
Ертіске кеп құяды Үлбі өзені,
Батар сәт­те шұғыла күн кезеді.
Көміліп ақ толқынға жағалауы,
Төгіліп мың бояулы түрге енеді.
 
Ертіске кеп құяды Үлбі өзені.
Сұлудың меңіндей де түнде реңі.
Жүзігін суға малған сол бір ару,
Күтеді жағасында күнде мені.
 
Ертіске кеп құяды Үлбі өзені.
Толқыны тербетеді жыр кемені.
Жанымды жабырқатып бірде мені,
Қанымды қайнатады бүрме желі!
 
Ертіске кеп құяды Үлбі өзені.
Шағылып күміс сәуле, күнге көзі.
Үлбінің  үлбіреген жағасында,
Өмірдің өтіп жатыр бір кезеңі.

Анам. Тамыз. Хат.

Шипа тілеп салауаты көп күннен,
Сипаты деп дауа-тілек ет­тім мен.
Тобымызбен қол жаямыз Тәңірге,
Тоғыз құрсақ –
өзің бағып жеткізген.

Жүзің жүдеу тартыпты ғой,
Анашым,
Еңселі едің, неге шөгіп барасың?
Ақ күмістей шашың дағы сирепті-ау,
Кім емдейді көңілімнің жарасын?!

Беу, анашым, әжім сызған кескінің,
Тек біз үшін таппадың-ау, еш тыным!
Көсеп қойып өзің жаққан ошақты,
От алдында байыздаймын кешқұрым.

Шаңырақтың шырағданы – жарығым,
Құлағымда қоңыраулап әр үнің.
Сансыратып қояр емес сары мұң,
Қара жолда қамығады қара ұлың!

Арт­та қалған секілді енді жарымым,
Арқан жолда арқар күнім арыды.
Тәңір-анам, аңыраған – Аңырым,
Біздің үйдің шырағданы – жарығым.
Сары таңы сарғайғанда тамыздың,
Тұлымынан иіскеп қалдың жан ізгім…
Өзің көрген мехнат­ты ойласам,
Жанарымнан кермек жасты ағыздым.

Перзент­тік парызымды өтеуге,
Құлшынсам да, қысқа ғұмыр жетер ме?!
Күйзелістің шер-мұңы ма білмедім,
Күрсінісін жиілет­ті әкем де.

Күз түседі, назы қайтып шілденің,
Уайымға салынам ба,
Білмедім…
Өмірімнің көктем, жазы жылжыды-ау,
Келер шақтан үміт күт­тім…
Күнде мың!

Алтай

Оралхан Бөкейге

Сағынамын сары аязды қысымды,
Уыс-уыс күміс бейне мүсінді..
Сауыс-сауыс аппақ шулан пішінді –
(Жаратқанның көз жасы деп түсіндім?)

«Қар қызының» қос көзінен иіп мұң.
Оралхандай асқақ өзі, биік тым.
Сәукелесі ақ ұлпаның кіршіксіз,
Жолдың бойы – жосынды ізі киіктің!

Пәуескелі ханша бұлт та сапарда,
Күнікей күн өзі салған шаһарда.
Қорғалады көңілім де, дариға-ай,
Күздің соңғы доңғалағы – ат арба.

Бұлт бұйығы – бұрқайды арық жалаңаш,
Аршатыда жабырқайды әр ағаш.
Шыңғыстайда ұлпалы қар аралас,
Аш бөрідей ұлиды ұзақ араны аш.

Тұман еміп боз тораңғы, жыңғылы,
Боз шулан нұр орап алған Үлбіні.
Көк күмбезі жылтыр мұзға шағылып,
Көкшіл аяз төгіледі сүңгілі.

Таң шапағы сәріленсе, Шығыста ақ,
Сәукелелі пері аруға түрі ұқсап.
Төбелер мен сайдың беті мың ұшақ,
Төр Алтайдан Ай аунайды жылыстап…

Ертісім

Ертісім – төр Алтайдың бұрымындай.
Толықсып сырғи ағар, тынып ұдай.
Су бетіне түскен сәуле діріл қағып.
Жиектеніп туған айдың тұнығындай.

Арманы балықшының ескегінде,
Қиялын қанат қылып есті бірге.
Ғашықтар қол ұстасып сырласады,
Ертістен ескен самал кештерінде.
Жағасында ақ қанат шағалалар.
Асығып айдынына барады олар.
Ертісім алтын Алтай алқасындай,
Береді бойға қуат, санаға нәр.

Көбікті толқындары жарға ұрады.
Жайқалған жағасында тал құрағы.
Ертіске кеп жамырап табысады
Көктасты жарып шыққан мың бұлағы.

Таң

Басында Көксеркенің ілулі күн,
Бозала таң бошалап көң қорадан.
О, тоба сұлулығым!
Өң бораған…
Нұр тұнып көл бетіне, аунап арман,
Дым бүркіп дала төсі қоңыраулы.
Бүркенген көк мұнарлы тауға барғам,
Көк лебі жамыраулы.

Малынып мың бір түрге көкжиегі,
Шағылып күміс белдеу көкте түсі.
Салбырап түсіп кеткен бұлт иегі,
Тіреп тұр жер кіндігін кексе тісі.
Сіміріп сілбі демін сүйек түннің,
Жұтып жатыр алакеуім таң раңын.
Көлеңкемді көтеріп сүйеп тұрмын.
Күн төбеге ілгенше шаңырағын.

Ашылып, көгілжім қыр сәнденеді
Шашылып, таң нұры төрге енеді.
Басталып бар тіршілік енді әдемі,
Күллі әлем әткеншекте тербеледі.

Алакеуім

Алакеуім.
Сәуір туып, тағы, міне, таңы ат­ты.
Үт құлаған аспаннан дала керім
Түндік түріп, ақ сәуле шашырапты.

Мұзтаудың иығынан күн асылып,
Бура бұлт­тар өркешті бауырында.
Шөгіп жатыр желсіз таң, дала тымық,
Алтайдың малынып тұр тауы нұрға.

Сәуір таңы қылаңдап шөміш сауып,
Шығыстан шыққан күнге сәлем салып.
Қияқты Ай, есінеп ұясынан барады ауып,
Жиекті сай көк аспанға жүзін малып.

Жапырақта қонған тамшы дірілдейді.
Атырапқа шашырап шуақты күн.
Құс қанатын қақса да суылы білінбейді,
Сұқтанатын ақ таңда жұбат­ты кім?!

Алакеуім.
Үркер үркіп, үстірт­те бұлтқа ұрынып,
Жерге бүркіп дымқыл ауа дала көгін,
Тамырына су тартқан жұтқырынып.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір