Төрт түлік өнімі төрткүл дүниеде…
05.07.2024
56
0

«Болашаққа инвестиция салғың келсе ­­­– балаларыңды оқыт» ­ дейді екен жойыт жұрты. Ұрпағының болашақта үлкен азамат болуын ойлаған елімізге танымал ұстаз Зұлпыхар Әбдірәсілов ұлы ­ Бақытжанды Түркиядағы мектепке оқуға жібергенде алдымен оның болашағын ойлағаны ақиқат. Сол жақта орта мектепті тәмамдап, Стамбұл университетінде халықаралық құқық мамандығын меңгергеннен кейін отаншыл жас ата жұртына оралады. Бұл кездері отбасын құрып үлгерген ол алғашқы еңбек жолын Сыртқы істер министрлігінде мемлекеттік қызметтен бастаған екен.

Бойындағы жастық жігері мен жүрегіндегі жалынын елінің өркендеуіне арнасам деп келген жігіттің асқақ мұратын мұндағы экономикалық және әлеуметтік ахуал саябырлатқандай болған. Сондықтан отбасы мен бала-шағасын асырау үшін кәсіпкерлік саласында өзін сынап көрмекке бекінеді. Алдымен шет елдерден құрылыс материалдарын тасымалдап көрген Бақытжан Зұлпыхарұлы ақыры отандық өнімнің өрісін кеңейту үшін ет өндіруге біржола бағыт түзейді.
Бір кездері Қазақстанда аты одаққа ғана емес, әлемге әйгілі ет комбинаттары болғанын аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі. Семей мен Үштөбеде орналасқан алып комбинаттардың өнімдерін шет елге шығарып, достас мемлекеттерге қолдау көрсеткені әлі есімізде. Алайда, КСРО-ның құлауымен аталған стратегиялық кәсіпорындар да өз жұмысын тоқтатқан болатын.
Содан кейін елімізде шағын мал соятын орындар болмаса, әлемдік деңгейде жұмыс жасап, қазақстандық сапалы ет өнімдерін шет елдерге экспорттайтын комбинаттар қалмағандай еді. Бақытжан осы бизнесті дамыту үшін алдымен саланы зерттеп, есеп-қисабын зерделеп көрген. Құрылысы 2008 жылы басталып, бір жылдың ішінде алғашқы өнімдерін бере бастаған «Meat Pro assilg and Service» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі ет комбинаты осы олқылықтың орнын толтырғандай.
– Біздің комбинат негізінен Алматы қаласындағы көптеген тойхана, дәмханаларды, сонымен қатар балабақша, мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандарды сапалы әрі балғын етпен қамтамасыз етіп келеді, – дейді кәсіпорынның негізін қалаушы Бақытжан Әбдірасилов. – Мұның сыртында еліміз бойынша «Асыл ет» деген дүкендер желісі жұмыс істейді.
Жоғарыда айтқанымыздай, бұл комбинаттың тағы бір ерекшелігі – тә­уелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш болып шет мемлекеттерге ет шығара бастаған екен. Атап айтқанда, мал етінің сапасына аса қатты көңіл бөліп, төрт түліктің күтіміне ғана емес, оның немен қоректеніп, қалай сойылатынына дейін қадағалайтын Иран Ислам республикасына, Біріккен Араб әмірліктеріне, Катарға, Оман мен Бахрейнге, Кувейт пен Сауд Арабиясына және кедендік одаққа кіретін елдерге ет өнімдерін өткізуге акредитация алған бірден-бір мекеме осы болып отыр. Бұл елдер өздерінде мал өсіруге табиғи жағдайлары мүмкіндік бермейтіндіктен оны шет елдерден сатып алуға мүдделі. Ақшалары мол болғандықтан олар сапасы жоғары әрі дәмдік қасиеттері ерекше өнімдерді тұтынатыны бесенеден белгілі. Осы орайда Қазақстан әлемдегі мал өсірумен айналысатын мемлекеттердің ішінде етінің сапасы және табиғи дәмімен алдыңғы қатарлы елдердің сапына кіретіні қуантады.
Сонымен қатар, біз сияқты жылқы етін тағамға дәстүрлі түрде пайдаланатын Жапон еліне қамбар ата түлігінің етін жөнелтуді бастаған да аталған компания екен. 2019 жылы шекара қатынасы біршама жеңілдеген кезде көршілес Қытай еліне ет шығаруды қолға алып, бүгіндері Қазақстаннан баратын еттің 70 пайызын қамтамасыз етіп отырған комбинат осы әріптестік аясында нәтижелі жұмыс жасап келеді.
Мұндай жетістіктерге қол жеткізу оңай еместігін сала мамандары жақсы біледі. Мысалы, 2022 жылы елімізде аусыл ауруының шығуына байланысты шет мемлекеттер қазақстандық етті өз территорияларына кіргізуге тыйым салған болатын.Былтырдан бері карантин уақыты бітіп, Қытай кедендік бас басқармасы біздің шығыс өңірлерді «таза аймақ» деп танығаннан кейін жұмыс қайта жандана түскен.
– Бүгін біз біраз уақыт демалыстан кейін тұңғыш рет Қытайға 20 тонна ет жөнелтпекшіміз, – дейді Бақытжан Зұлпыхарұлы сөзін сабақтап,– жалпы келісім-шарт бойынша 12 мың тонна ет шығаруға акредитация алған болатынбыз. Егер бұл ет экспорты жүйелі түрде жүргізілетін болса қазақстандық фермерлер мен ауылшаруашылығы кәсіпорындары өз өндірістерін өркендетуге мүмкіндік алатын болады. Өсірген малымыздың етін жоғары бағаға әрі тұрақты тұтынушыға өткізіп отыру біз үшін өте тиімді. Бұл еліміздің мал шаруа­шылығын дамытуға үлкен септігін тигізеді.
Бүгіндері кәсіпорын бір күнде 2 000 қой мен 500 ірі қара сойып, етін әлемдік талаптарға сай қаптай алады. Оған қажетті малды негізінен осы төңіректегі мал өсірумен айналысатын ұжымдармен және жекеменшіктен келісім-шарт бойынша алып отыратын көрінеді. Өйткені мемлекеттік акредитациясы бар комбинатқа малдарын өткізгендер талап бо­йынша субсидия алуға құқылы. Мұның сыртында серіктестікте 3 000 бас мал бордақылайтын алаң жұмыс жасайды. Мұнда ірі қараның жас төлдерін алып, 7 айдан 18 айға дейін семіртуге жағдай жасалынған. Осылайша тірі салмағы 500 келіден 1 тоннаға дейін жеткізілген мал союға жіберіледі.
Жалпы, елімізде мал басы қаншама көп дегенімізбен, осы саланы дамытуға кедергі келтіріп отырған жайлар да жетерлік екен.
– Солардың қатарында сыртқы нарыққа ет шығару мәселесінде кедергілер көп болғандықтан, фермерлер өнімдерін тиімді бағаға өткізе алмай, шаруашылығы шатқаяқтап тұрған жайы бар, – дейді Бақытжан Зұлпыхарұлы бізге берген сұхбатында. – Қазақстанда адам санының аздығына байланысты өсірген малды өткізу қиындықтар туғызады. Сонымен қатар кедендік одақтың мүшелері – Ресей мен Белоруссиядан арзан бағаға келетін ет өнімдері де қолбайлау жасауда. Өзіндік құны төмен, кедендік салық төлемейтін бұл мемлекеттер біздегі саланы дамытуға айтарлықтай кері әсер етіп отыр деп айта аламыз.
Зауыт құрылысы басталған кезден мұнда ең сапалы, заман талаптарына жауап беретін қондырғылар орнатуға көңіл бөлінген. Комбинатта негізінен Германия мен Швейцарияның құрылғылары жұмыс жасап тұр. Әлемдік деңгейде мойындалған Малазияның, Иранның және әлемдік өзге де мекемелердің халал сертификаттары бар.
Бүгінде толық қуатымен жұмыс жасап тұрған комбинатта 57 адам еңбек етуде. Алдағы уақытта еттен жасалынатын бұқтырылған консервілер, түрлі шұжықтар, тартылған ет және қуырдақ пен кәуапқа қажетті дайын өнімдер шығаруды жоспарлап отыр екен. Серіктестікке тиесілі 22 гектар жер өндірісті ұлғайтуға мол мүмкіндік береді. Осы орайда кәсіпорын мемлекет тарапынан жасалынып жатқан көмекке де арқа сүйеп келеді. Ендеше, ел ырыздығын еселейтін ет экспортын жолға қойған «Meat Pro assilg and Service» ЖШС алдағы уақытта да қызметін арттыра береді деп сенеміз.

Қуат Қайранбаев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір