ЕСЕНҒАЛИ ЕЛЕГІСІ КЕЛМЕГЕН ЕКІ ТҰЛҒА ЖАЙЫНДА
21.10.2016
3308
0

Біріңді қазақ бірің дос,
Көрмесең істің бәрі бос.

Абай.

Есенғали Раушанов інім! Са­ған бұл хатты осыдан төрт жыл бұ­рын жазуым керек еді. Ке­шік­тіріп алғаныма қатты өкінемін. Бұл хат жасы үлкен ағаның өзі сый­ласып жүрген інісіне деген өк­пе-наласы деп білгейсің.

Өз басым атақты ақын, Еліміз Әнұранының авторы Жұмекен Нә­жімеденовтің отбасымен ара­ла­сып, қарым-қатынас жасап тұ­ратындықтан оның жерлес іні­сі ретінде өзіңмен дастархандас, дәмдес-тұздас болып жүрген­дік­тен сәлеміміз түзу, сыйлас жан­дар­­мыз. Жазғандарыңды сүйсіне оқып отырамын.

Бір өкінетін жерім – сенің «Жас Алаш» газетінде 2012 жылы жа­рияланған «Дулат пен Төлен» ат­ты мақалаңды кезінде оқуға қол тимей, кейін бір реті келер деп сақтап қойған едім. Қос талант Дулат Исабеков пен Төлен Әб­діктің есімдері оқырмандарға жақсы таныс қой. Олар жайында жиі жазылады.

Сөйтіп жүргенде «Қазақ» га­зе­тінің биылғы көктемдегі бір са­нында «Марқұм болған жазу­шы­лардың жазығы не? Немесе ашық күнде адасу сыры» деген ма­қала шықты. Авторы – жазушы Панзабеков Көпбосын. Ма­қа­ланың бас жағында берілген есім­дері елге белгілі қаламгерлер Ке­мел Тоқаевтың, Балғабек Қы­дыр­бекұлының және ғалым Немат Келімбетовтің суреттері бір­ден назарымды аударды. Үшеуі­нің де көзін көргендіктен, оның үстіне Немат Келімбетов «Қазақстан» баспасында қа­ра­ма­ғымда қызмет істегендіктен бұл мақаланы бірден оқып шықтым. Мақала сенің баяғы «Дулат пен Төлен» атты мақалаңа қарсы жа­зы­лыпты. Содан мәселенің мән-жайына қанығу үшін архивімді ақтарып, сол мақалаңды тауып алдым. Оқып шыққан соң мұны төрт жылға кешіктіргеніме қатты өкіндім. Өйткені, өз көзіме өзім сене алмадым, сенгім де келмеді. Сон­дықтан кеш болса да қолыма қа­лам алып саған хат жазуға бел бу­ған жайым бар.

 

***

Сен мақалаңның тақырыбын «Дулат пен Төлен» деп қой­ға­ның­мен, көздеген нысанаң басқа болып шыққан. Әу дегенде Дулат пен Төлен жайында айта келіп, олар­ға «жанашырлық» танытқан сыңайың байқалады. Темірхан Ме­детбектің Дулат пен Төлен ту­ра­лы (өз сөзің) екі өлеңіне біраз тоқ­талыпсың. Арасында бір ше­неунікпен телефон арқылы сөй­лескеніңді, әлгі пақырдың кейбір ақын-жазушылардың аты-жөнін анық білмейтінін сынға алыпсың (иә, ондайлардың бар екені жасы­рын емес). Бірақ… аяғында келіп: «Біз­дің үкіметтікі қашан да дұ­рыс!». Ал кесіп ал!

Дулат пен Төленді аяйсың. Зия­лыларды дегенім ғой» депсің. Бі­рақ та бұдан кейін бірді айтып бір­ге кетіпсің.

***

Есенғали інім, сен сол екпін­мен барып Мемлекеттік хатшы Мұх­тар Құл-Мұхаммедті бір сүзіп өтіпсің. Сен былай дейсің:

«…Мұхтар бір күні Президент әкім­шілігінің алпысқа келген бір қызметкері туралы етектей ма­қа­ла жазып таңқалдырды. Ол өзі қа­заққа не еңбегі сіңген адам, не­сі­мен елге қадірлі, несімен ерек­ше – мұның бәрін сол маңда нә­пақа тауып жүрген жігіттерден бас­қа кім біледі. Республикалық га­­зеттер жапа-тармағай жазатын­дай ол кім, мемлекет қайраткері ме, жазушы ма, ақын ба? Бар бол­ғаны Ақордада жұмыс істеп ал­пыс­қа толды. Қа­зақ­стан Респуб­ли­касының Мем­ле­кеттік хат­­­­шысына арнайы мақала жазу үшін осы жеткілікті болғаны ма сонда? Жоқ, басқа істейтін іс, өзге жазатын мәселе құрып қал­ды ма?» деп жазғырасың келіп. Ал ке­рек болса!

Сонда қалай, екі рет министр бол­­ған, облыс әкімінің қызметін атқарған, Президент Аппаратын бас­қарған, Мемлекеттік хатшы лауа­зымына ие болған адам кім ту­ралы, не жайында жазуды бі­реу­ден сұрауы керек пе екен, әл­де осы жайында жазайын ба, жаз­­байын ба деп ақылдасып алуы керек пе екен?

Есенғали інім, сен өзің әлгі «Ду­лат пен Төлен» деген мақа­ла­ны жазғанда біреумен ақылдасып па едің, әлде кеңесіп пе едің? Бұл арада сенің «қарауылыңа» ілік­кен кісі Махмұт Қасымбеков бо­­лып тұр. Ал ол кісінің кім еке­нін шынында білмейтін болсаң, кезінде Президент Аппаратында бірнеше жыл қызметтес болған мен айтайын. Тыңда.

 

portret-kasymbekov-m-b-200x300МАХМҰТ ҚАСЫМБЕКОВ –
ҒЫЛЫМ ДОКТОРЫ,
ӘРІ ҚОҒАМ ҚАЙ­РАТКЕРІ

Махмұт Базарқұлұлы Қа­сым­беков – Абай атындағы Қазақ пе­дагогикалық институтының (қа­зіргі Абай атындағы ұлттық пе­дагогикалық университет) фи­зика-математика факультетін, Алматы халық шаруашылығы инс­титутын (қазіргі Тұрар Рыс­құлов  атындағы Экономика уни­верситеті), Алматы жоғары партия мектебін бітірген.

Еңбек жолын орта мектепте пио­нер ұйымының жетекшісі бо­лып бастаған. Сонан соң рес­публиканың комсомол және пар­тия ұйымдарында жауапты қыз­меттер атқарды. Қазақ мем­лекеттік университеті комсомол комитетінің, Алматы қалалық комсомол комитетінің хатшысы, Қа­зақстан Лениншіл комму­нис­тік жастар одағы орталық ко­ми­тетінің бөлім меңгерушісі, Алматы облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Қазақстан Компар­тиясы Орталық Комитетінде сек­тор меңгерушісі болды. Ал 1990 жылдан бастап осы уақытқа дейін табан аудармай Қазақстан Республикасы Президентінің ап­паратында қызмет атқарып ке­леді.

Сол 1990 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің Аппараты құрыл­ған бо­латын. Аппаратқа екі тілді ер­кін меңгерген, құжаттарды екі тіл­де әзірлей алатын қызмет­кер­лер шақырыла бастады. Мен ол кезде Қазақ телеграф агенттігінің одақтық редакциясында бөлім мең­­герушісі болып қызмет ат­қара­­тынмын. Міне, біз Махмұт Ба­­зарқұлұлымен осы Президент ап­паратына шақырылған кезде та­ныстық.

Махмұт Базарқұлұлы жаңа ап­параттың Жалпы бөлімін бас­қаратын. Содан жеті жылдай, яғ­ни астанамыз Арқаға қоныс аударғанша қызметтес болдық. Сол кезде бізден әлдеқайда жас болса да оның біліктілігіне, бас­шы­ға тән салмақтылығы мен са­быр­лылығына тәнті болатынбыз. Өзі екі тілге бірдей, маман­ды­ғы математик бола тұра журналистиканы бітірген біздерден қаламы жүйрік болатын.

Махмұт Базарқұлұлы бірнеше ғы­лыми еңбектер жариялады. Пре­­зиденттік институттың дү­ние­жүзілік тәжірибесін салыс­тыр­малы түрде зерттеуге, Қа­зақ­станда президенттік институттың қалыптасуы мен эволюциялық даму ерекшеліктерін сараптауға ден қойды. Ол салалық ғылыми-тер­минологиялық сөздіктер, қо­ғамдық-саяси терминдер мен атау­лар жөніндегі сөздіктер мен анық­тамалықтар жасауға қа­тыс­ты. Қазақ тілін және Қазақстан Республикасындағы басқа да ұлт тілдерін дамытудың 2000 жылға дейінгі кезеңге арналған мем­ле­кеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесінің мүшесі ре­тін­де «Қоғамдық-саяси терминдер мен атаулардың, қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізудің және құ­жаттарды дұрыс толтырудың анықтама сөздігін» құрастыруға басшылық жасады (1992 жыл). Іс қағаздарын екі тілде жүргізумен айналысатын адамдарға көмекші құрал ретінде қоғамдық-саяси, әлеуметтік өмірдің барлық саласына қатысты бұйрық, өкім, жар­лық, хаттама сияқты іс қағаз­дарының үлгісі ұсынылған «Екі тіл­де іс жүргізу сөздік-анық­тама­лығын» жасауға қатысты (1994 жыл). Ондаған ғылыми еңбектер жаз­ды. Махмұт Базарқұлұлы бұл күндері есімі елге танымал азамат, қоғам қайраткері, Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, саясаттану ғылымының докторы, профессор.

Махмұт Базарқұлұлының бі­лім­дарлығы мен біліктілігі, зер­делілігі мен зейінділігі 1995 жы­лы жазда Қазақстан Рес­публикасы Конс­титуциясының мәтінін дайын­даған кезде айқын көрін­ді.

Ата заңымыз Конс­титуция­ның мәтінін әзірлейтін екі топ құ­рылған болатын: бірі – сол кез­дегі вице-президент Ерік Мағ­зұм­­ұлы Асанбаев бастаған Жо­ғар­­ғы Кеңес тобы, екіншісі – Махмұт Базарқұлұлы Қасым­бе­ков бастаған Президент Аппараты мен Үкімет Аппаратының қыз­меткерлерінен құрылған аудармашылар тобы. Ескі алаңдағы Үкімет үйінен Конституцияның мәтіні Ерік Мағзұмұлының редакциялауымен дайын болуына қарай Жаңа алаңдағы біздерге ке­ліп жатады. Біз өзгерістерді ше­тінен енгізіп отырамыз. Әрбір сөз­ді, әрбір сөйлемді, әсіресе тер­мин сөздерді қалай алатынымыз жөнінде ақылдасамыз.

Аппаратта жеті жыл қызмет­тес болғанда мен Махмұт Ба­зар­құлұлының қызметкерлеріне не бір дауыс көтергенін, не қабақ шыт­қанын кездестірген емеспін. Ылғи да ақсары жүзі жайраңдап, қаншама ашу қысып тұрса да онысын білдірмей сөзінің аяғын әзіл-қалжыңға бұрып жіберетін. Ме­нің ойымша, қазіргі заманғы бас­шылардың түр-тұлғасы, бол­мыс-бітімі мен мінез-құлқы осын­дай болса керек-ті.

Махмұт Базарқұлұлы сонау 90-шы жылдан бері Елбасының се­­німді серіктерінің бірі болып ке­­леді. Елбасының өмірі мен қыз­­меті тақырыбына қалам тартып, бірнеше кітаптар шығарды. Ол қазір Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бас­ты­ғы. Осынау мәртебелі қызметті әр­­кім де атқаруы мүмкін, бірақ та бұл арада Махмұт Базар­құлұлы­ның ор­ны бөлек. Өйткені, ол бұл қыз­метті ұзақ жылдар бойы үздіксіз ат­қарып келеді. Бұл оның Елбасы­ның сенімін ақтай алғаны деп білуіміз керек. Осылай, Есенғали інім. Біле жүргенің ар­тық болмас.

 

***

Сен мұнымен тоқтай алмай «Да­рияның жарға соққан тол­қы­нындай» екінші жағадан бір-ақ шы­ғып, өмірден өтіп кеткен жазу­шыларға, ғалымдарға соқ­тығыпсың. Бұл жердегі ойыңды тү­сіну тіпті қиын.

«Біз мәселені әдебиетте аты жоқ, таланты ортадан да төмен Не­мат Келімбетов секілділерге не­ге ескерткіш тақта орнатылады, неге мемлекеттік қаржының есе­бінен шетелде кітабы басылады деп емес, неге Нематты он орап алатын таланттар шетелге на­­сихатталмайды, неге олардың кі­табы шеттілдерге аударылмайды деп қоюды қалаймыз. Дулат Исабековтің, Төлен Әбдіковтің, Оралхан Бөкейдің қасында Немат кім? Кім ол Кемел Тоқай де­гені Мұхтар Шахановтың қа­сын­да? Әдебиетте не бітірді, қазаққа не еңбегі сіңіп еді? Әрине, осындай әрекеттерден кейін Дулат пен Төленнің халі мүшкіл болмай кімнің халі мүшкіл болады».

Енді мақалаңнан алынған осы үзіндідегі сенің салыстыр­ма­ла­рыңа келейік. Ау, бауырым-ау, ақын-жазушылар мен ғалым­дар­ды салыстырып, бірін мақтап, екін­шілерін, онда да әлдеқашан мар­құм болып кеткендерін дат­та­ғаныңа жол болсын?

Кемел Тоқаевтың қазақ детек­тив жанрының атасы болғанын, ал Немат Келімбетовтің орта ға­сыр­дағы қазақ әдебиетін зерт­теу­ші ірі ғалымдардың бірі болғанын кө­зіқарақты жұртшылық жақсы бі­леді ғой. Ал бұл екі тұлғаны дра­­матург Дулат Исабековпен, жазу­шылар Төлен Әбдікпен, Орал­хан Бөкеймен және ақын Мұх­тар Шахановпен салыс­тыру­дың қаншалықты қажет бол­ға­нын түсіне алмай дал болып отыр­­мын. Өйткені, бұларды салыстырудың еш­бір қисыны да, реті де жоқ қой. Әдебиет майданында әр ақын-жазушының өз орны, өз биігі бар. Сондықтан оларды ұлы Абаймен және ұлы Мұхтар Әуезовпен са­лыс­тыру, жұқалап айтқанда әбес­тік болар еді.

***

Енді әлгі мақалаңнан тағы бір үзінді келтірейін. «Көзі тірісінде классик атанбақ түгілі, жөні түзу жазу­шылар санатына да ілікпей, «Социалистік Қазақстанда» жур­на­лист болып Балғабек Қы­дыр­бек­ұлы өтті. Оның атын шығар­ған, сөздің турасын айталық, жа­­ман атын шығарған «Түп-тұ­қия­ннан өзіме шейін» атты кітап болды. Бабасы жазып, бір жерге тығып кеткен екен, егемендік ал­ған соң Б.Қыдырбекұлы бас­та­ған ұрпақтары мен ұрпағы емес­тері қосылып жарыққа шы­ға­рыпты. Қазақ интеллигенция­сы­ның екіге жарылуы, яки араға жік түсуі осы кітаптан басталды» де­ген тұ­жырым жасайсың. Ал ке­рек болса!

Кемел Тоқаев пен Немат Ке­лім­­бетов туралы баспасөзде бір­не­ше материал жарық көрген­дік­тен мен Балғабек Қыдырбекұлына аз-кем тоқтала кетейін.

 

bal5abekБАЛҒАБЕК ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ –
ЖУРНАЛИСТ, ЖАЗУШЫ,
ҺӘМ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ

Академик Мұхамеджан Қо­жас­байұлы Қаратаевтың «Жақсы журналист – жазушы, жақсы жа­зушы – журналист» деген қа­натты сөзі бар. Айтса айтқандай, алысқа бармай-ақ біздің кезімізді алайық­шы. Қазіргі «Егемен Қа­зақ­стан» (бұрынғы «Социалистік Қа­зақстан») газетінде Балғабек Қы­дырбекұлынан басқа классик жазушыларымыз Әбіш Кекіл­бай­ұлы, Шерхан Мұртаза редактор болғанын өзің жақсы білесің. Кезінде партия мен үкіметтің органы болған саяси басылымды басқарған Әбіш пен Шерхандар журналист емей кім? Баспасөзде жиі жарияланатын өзің журналист емей кімсің? Ал ақындығың мен жазушылығыңа ешкім шәк келтірмес. Менің айтпағым – атақ­ты жазушылардың көбі еңбек жолын газет-журналдарда журналист болып бастаған.

Енді Балғабек Қыдыр­бе­к­ұлы­на келетін болсақ, ол кісінің аға газетті басқарумен бірге өт­кір-өткір фельетондар, сати­ра­лық әңгімелер жазғанын, бірнеше жи­нақтар шығарғанын қайда қоя­сың? Бәкең сонау 1962 жылы жа­рық көрген алғашқы фельетон­дар жинағы «Ешкімге айтпа» кі­табынан кейін шаруасы шаш-етектен болып күнделікті шығып жа­татын газет жұмысын атқара жү­ріп өнімді еңбек етті. «Шай­тан­ның шатағы», «Қара сандық», «Маз­даған шырақ», «Ұрының еншісі», «Ақпа құлақ», «Ақымақ­тың миы», «Түгел сөздің түбі бір», «Қым-қиғаш жылдар» кітаптары жарық көрді.

Осы кітаптардың тек біреуіне ғана тоқтала кетейік. «Ақымақ­тың миы» аталатын әзіл-сықақ әң­гімелер жинағында («Жалын» бас­пасы, 1993 жыл) жазушы Бал­ғабек адамның пейіл-пиғы­лын­да­ғы, іс-әрекетіндегі керенаулық пен кереғарлықты келемеждей отырып, оқырманды рухани та­залық­қа жетелейді. Жинақтағы ел ау­зын­дағы аңыз, ертегі желі­сін­е құ­рылған этнографиялық әң­гі­мелер де жұмсақ мысқылға өріл­ген. Мысалы, осындағы «Құ­ма­лақшы» әңгімесі өткен дәуір­дің бір кезеңін ғажап суреттеген клас­си­ка­лық дүние. Нанбаған кісінің оқып көруіне болады.

Ал екі кітаптан тұратын «Алатау» романының орны бөлек, шоқ­тығы биік шығарма.

Сөздің реті келгенде айта ке­тейін. Филология ғылымы­ның докторы, оншақты прозалық кі­тап­тың авторы Нұрдәулет Ақыш­тың «Зұлмат жылдары қа­зақ прозасында» атты монографиясында (Алматы, 2005) қазақ прозасында тоталитарлық дәуір кезеңінде жабық болып келген тақырыптардың бірі – халқымыз 1928-1933 жылдары бастан кешір­ген ауыр нәубет – кәмпеске, зор­лап ұжымдастыру мен ашар­шы­лық тақырыбына қалам тартқан жазушылардың арасында Бал­ғабек Қыдырбекұлына ерекше орын берілген. Осынау зұлмат та­қырыбын қаузауға арналған шы­ғармаларды жіктеп, жіліктеп екі топқа бөліп талдаған Нұр­дәу­лет Ақыш Балғабек Қыдыр­бе­к­ұлы­ның екі кітаптан тұратын «Ала­тау» романын Шерхан Мұр­та­­заның «Қызыл жебе», Смағұл Елу­­байдың «Ақ боз үй», Сәкен Жү­нісовтің «Заманай мен Аманай» романдарымен бірінші топ­қа жатқызып, шоқтығы биік туынды екеніне ерекше тоқ­та­ла­ды.

«Екі кітаптан тұратын «Алатау» романы өткен ғасырдың бі­рін­ші жартысында қазақ халқы­ның басынан өткен барлық елеулі кезеңдерді қамтиды, сол бір оңай­лыққа соқпаған жылдарда орын алған айтулы оқиғаларды әр қырынан суреттей отырып, жар­ты ғасырдың ауыз тұшы­тар­лық­тай көркем шежіресін жасайды» (43-бет).

«Б.Қыдырбекұлының «Алатау» романы қазақ халқының ба­сынан өткен тұтас тарихи ке­зеңді толық қамти отырып, уа­қыт­тың қатал шындығын барлық тиіс­ті талап деңгейінде көркем етіп кестелеп жеткізген көлемді туын­ды. Онда суреттелетін оқи­ға­лар жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жылдарынан бастап елуін­ші жылдардың аяғына дейін­гі аралықты, яғни жарты ға­сырға жуық мерзімді қамтиды. Қа­дап-қадап айтқанда, ол оқи­ғалардың негізгілері – патшалық Ресей тұсындағы қазақ елінің тыныс-тіршілігі, патриархалдық-феодалдық қарым-қатынастар, он алтыншы жылғы Жетісу өңі­рін­дегі көтеріліс, Қазан революциясы әсерінен орын алған қыр еліндегі дүмпу, Азамат соғы­сы­ның ауыр жылдары, Кеңес өкі­ме­тін нығайту барысындағы тап­­тық тартыстар, кәмпеске, оты­­рықшыландыру, ұжымдас­тыру оқиғалары, ашаршылық нәубеті және осы зобалаңдарға байланысты ел ішіндегі нара­зы­лықтар, отыз жетінші жыл­ғы реп­рессия, Ұлы Отан соғысы жә­не соғыстан соңғы ел ішіндегі әлеуметтік-психологиялық ахуал» (55-бет).

Жалпы, Нұрдәулет Ақыш осы зерт­теу еңбегінде «Алатау» рома­ны­ның мазмұны мен маңызына кеңінен орын бөлген.

Романның тарихи-әлеуметтік сипаты мен көркемдік бітіміне тал­дау жасай келіп, академик С.Қирабаев былай дейді: «Ро­ман­ның екінші кітабы осындай бір қиын дәуірдің әдеби бейнесін ашар тартымды көріністер мен су­реттерге толы. Бұрын айтылмай келген жасырын шындықтың бет пердесін, сырын жазушы бір­сыпыра жақсы ашқан. Оқырман се­зіміне ауыр тигенмен, қазақ хал­қы бастан кешкен қайғылы ке­зеңнің шындығын одан дәл табу­ға болады» (С.Қирабаев. «Әде­биетіміздің ақтаңдақ бет­тері. Жоғары оқу орындарының сту­денттеріне арналған оқу құ­ра­лы. Алматы, 1995, 242-бет).

Мұның бәрін көзге ілмеу, ес­кер­­меу әділетсіздік болар еді. Жазу­шы Балғабек Қыдыр­бек­ұлы­ның туған халқының бастан кеш­кен нәубетін, қилы-қилы та­­ри­хын баяндап, тұғырлы тұл­ға­лар бейнесін сомдағанын елемеу қолдан жасалған қиянат еке­ні даусыз.

Қазыбек бек Тауасарұлының жаз­­балары саналатын қолжаз­ба­ны тауып, біраз өңдеп «Түп-тұ­қиян­­нан өзіме шейін» деген атпен кітап етіп жариялаған Бал­­­ғабек Қыдырбекұлы кейін Есен­ға­ли­дың «Бабасы жазып, бір жерге ты­ғып кеткен екен» деп кекетерін кө­зінің тірісінде ойламаса керек. Бәл­кім, оған үлгермеген де болар. Әйт­песе, Есенғали балам, оның мә­ні былай деп түсіндіруі кәдік еді деп ойлаймын. Жалпы, тарихи шығармалар жазып кеткен қалам­герлерге кейінгі ұрпақ­тың орын­сыз кінә тағуы жараса қой­май­тын сияқты. Өйткені, тарихи та­қырыпқа жазылған кейбір шы­ғармалар, оның ішінде «Түп-тұ­қияннан өзіме шейін» де кезінде талқыға түсіп, сан алуан пікірлер айтылған болатын.

Балғабек Қыдырбекұлының та­ғы бір ерлігіне тоқтала кеткенді жөн санап отырмын. Баяғыда жер сату туралы әңгіме қо­з­ғал­ған­да алдымен атой салып, уни­вер­ситетте бірге оқыған курстас­тары белгілі журналистер Тау­ман Амандосов пен Орақ Смағұловқа газет бетінде хат жолдап, үлкен мә­селе көтерген болатын. Ал Жо­ғарғы Кеңестің мәжілістерінде министрлерге қарата: министр мыр­залар, міндеттеріңізді адал ат­қарып, нандарыңызды адал жеңіз­дер, деп талай рет үн қатқа­ны да баршаға аян.

Балғабек Қыдырбекұлы Ең­бек Қызыл Ту, «Халықтар досты­ғы» ордендерімен марапатталды. Оның елге сіңірген еңбегі Қазақ­стан Республикасы Журналистика академиясының «Алтын Са­мұрық – 2002» арнайы сый­лы­­ғымен атап өтілді. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңе­сі­нің екі мәрте депутаты болып сай­ланды. Әсіресе, 1990 жылы де­­пу­таттыққа үміткер болып бә­се­кеге түскен 9 адамның іші­нен суы­рылып шығып, халық қалау­лысы атанғанын білмегенің үшін сені ешкім кінәлай қоймас. Ал ен­ді өзің қаламгер болғасын, оның­ үстіне ақын-жазу­шы­лар­дың шығармаларын жарыққа шы­ғарып отырған баспаның директоры болғасын ол кісінің жа­рық көр­ген кітаптарының тым құры­ғанда бір-екеуін оқы­ма­саң да білмегеніңе сену қиын.

Қазір Балғабек Қыдырбекұлы атын­да Алматы облысының Жам­­был ауданында ауыл бар. Ол аудан орталығы Ұзынағаштан 15 ки­лометр жерде Ақсеңгір өзені­нің жағалауында орналасқан үл­кен шаруашылық. Алматы қа­ласында Балғабек Қыдыр­бек­ұлы­­ның атына көше берілген және журналистер марапатталып тұратын сыйлық бар.

Есенғали бауырым, сен Бал­ға­бек Қыдырбекұлы туралы «Кө­зі тірісінде классик атанбақ тү­гі­лі, жөні түзу жазушылар са­натына да ілікпей, «Социалистік Қа­зақ­стан­да» журналист болып өтті» деп не мүсіркегенің белгісіз, не кінә­ла­ғаның түсініксіз болғасын және де Балғабек Қыдырбекұлын журналист, жазушы, қоғам қай­рат­кері ретінде білетін болғасын тәптіштеп айтып отырмын мұны. Ал «жөні түзу жазушылар санатына да ілікпей» дегеніңе келсек, жазу­шыларды «жөні түзу» немесе «жөні түзу емес» деп жіктегенді бұрын-соңды естімеппіз. Мұндай тіркесті, бәлкім, біреулер ауызекі сөзде қолданатын да шығар, бі­рақ баспа бетінен кездестірген емеспін.

Балғабек Қыдырбекұлы – сен айт­қандай тек журналист болып өткен жоқ өмірден. Ол қоғам қай­раткері, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы болды. Бір­неше жыл аға басылым «Социа­лис­тік Қазақстан» газетінің редакторы болып, талай жур­на­листерді тәрбиелеп шығарған ұстаз.

Міне, осылай бауырым, Есен­ғали. Жоғарыда айтқанымдай, әріптесіміз Көпбосын Пан­за­бе­ков­тің сенің әлгі мақалаңды оқы­ған соң күйіп-пісетіндей жө­ні бар екен. Бұған сенің сол ма­қа­лаңды оқып шыққан соң менің де көзім жетті. Өйткені, сен бі­реу­лерді мақтау үшін әлдеқашан өмір­ден өтіп кеткен марқұмдарға тіл тигізіпсің. Ата-баба дәстүрі бойын­ша о дүниеге аттанған адам­ның жаназасын шығарарда молда: «жарықтық қандай адам еді?» деп сұрап жатады ғой. Сонда «жақсы адам еді» деген бір ғана жауап болады. Ал «жаман адам еді» дегенді осы уақытқа дейін есті­ген емеспіз. Ендеше аруаққа тіл тигізгеніңді ешкім де құптай қой­мас.

Ғазизбек ТӘШІМБАЙ,
Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақстанның құрметті  журналисі
Алматы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір