ШЕТЕЛДІКТЕР ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ЖАЙЫНДА НЕ БІЛГІСІ КЕЛЕДІ?..
25.04.2023
431
0

Сәуірдің 12-13 күндері Нью-Дели қаласында Үндістанның төрағалық етуімен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) «Жас авторлар конференциясы» деп аталатын халықаралық іс-шара өтті. Конференцияға Үндістан министрлері мен ғалымдары, осы ұйымға мүше басқа елдерден келген зерттеушілер, ақындар мен жазушылар қатысты. Шара жоғары деңгейде ұйымдасты­рыл­ғанын атап өткен жөн.


Бұл шараның бір ерекшелігі, конференция секцияларында екі күн бойы медицина, экономика салаларымен қатар, мәдениет, дін, философия, әдебиет, өнер мәселелері жайлы баяндамалар жасалып, сауалдар беріліп, тақырыптар кеңірек талқыланды. Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Ресей және Үндістаннан қатысқан спикерлер мен талқылаушылар (discussiant) әдебиет, дін, мәдениет секцияларында қазақ әдебиеті туралы да маңызды сұрақтар қойды.

Қазақстан атынан ауқымды жиынға М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жас зерттеушілері ретінде Ерқанат Қуатбекұлы және мен қатыстым. Спикерлердің арасында, әсіресе Үнді ғалымдары мен Ресей авторлары қазіргі қазақ әдебиетіндегі фольклорлық мотивтердің қызметі, жаңғыруы, жаһандық үдерістер мен әлемдік мәдениеттің, цифрлық өркениеттің қазақ әдебиетіне әсері, синтездер жайлы білгісі келетінін айтып, аудиториядан сауалдар жолдады. Осындай сауалдың бірін Ресей ақыны әрі жазушысы, «Литературная газетінің» редакторы Максим Замшев қойды. М.Замшев – алты роман және 20-ға тарта өлең жинағының авторы. Туындылары он бес тілге аударылып жарық көрген екен.
Трибунадағы екі-үш минуттық жауап беру сәтінде қазіргі қазақ әдебиетіне жаңалық әкелген авторларды толық атап өту мүмкін емес. Әдебиетімізде тарих, патриотизм тақырыптары белсенді жазылып, психологиялық (Төлен Әбдік, Әлішер Рахат, т.б.), экзистенциалдық (Әбіш Кекілбаев, Арман Әділбек), футуристік (Әлихан Жақсылық, т.б.), сегрегациялық (Бақытбек Қадыр, т.б.) түсініктер интерпретацияланып, жалпыадамдық мәселелер қозғалғанын жауабымызда тарқата айтып беруге тырыстық. Жас автор Досхан Жылқыбай кванттық физика теориясы («Квант») мен роботтар болашағын («Түс көре алатын робот») түсіндіру және баяндау арқылы авторлық концепциясын жеткізудің қолайлы тәсіліне айналдырғанын, Ділдар Мамырбаеваның әңгімесінде («Робот. Вирус. Сезім») роботтар технологиясының қоғамда қолданыс табу үдерісі поэтикалық ой білдірудің амалы ретінде қолданылғанын да атап өттік.
Сонымен қатар қазіргі қазақ әдебие­тінде өзіндік қолтаңбасымен танылған авторлар ретінде Таласбек Әсемқұлов, Ділдар Мамырбаева, Дәурен Қуат, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Бауыржан Қарағыз, Досхан Жылқыбай, Файзулла Төлтай сынды ақындар мен жазушыларды келтірдік. Жазушы Таласбек Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» әңгімесіндегі Бекторы образы репрезентациясы мен жазушы Дәурен Қуат­тың «Әлқисса. Шахмаранның кітабы» хикаятындағы Жамау бейнесін мистикалық кейіпкер ретінде тілге тиек еттік. Жазушының ойынша, урбанизация кезеңіндегі әрбір адам Шахмаранның кітабына жасырылған дала даналығын, философиясын түсіне алмайды деп түйіндедік. Жазушы, туындының атауы байқатып тұрғандай, антроморфтанған жылан-адам – Шахмаранға қатысты аңыз желісін мәтінаралық мәтін ретінде қолдану арқылы «бүтін білім қоры (бәлкім, адамзатқа қажет білім) сахара даласына жасырынған» деген ойға аллюзия жасайды. Автордың ойынша, даланың даналығын туған жерінен безіп, дүние үшін туған топырақтан оңай ғана қол үзіп кете беретін кез келген адам тани алмайды. Осы тұс бұрынғы бір мақаламызда жазылған болатын. Бекторы мен Шахмаран образы арқылы авторлар қазіргі қоғамның проблемасын түсіндіруге тырысады. Сұрақтарға жа­уап беруде өзге де авторлар, бірден ойға оралмағандықтан атай алмаған болсақ, оқырмандардан кешірім сұраймыз және мұнда өзім қатысқан секция жұмыстары туралы жазып отырмын.
Үндістан тарапынан бір ғалым ChatGPT болашақта әдебиетке қалай әсер ететіні туралы жеке пікірімізді білгісі келетінін айтып, сауал жолдады. Қазірдің өзінде бұл жасанды интеллект өлеңдер құрастырып жатқанын білеміз. Болашақта жазушылар мен ақындар сапасыз шығарма жазса, ChatGPT-ден жеңіліп қалуы ықтимал екенін ескертіп, болжаммен жауап беруге тырыстық. Жазушы Досхан Жылқыбай бірде отандық бағдарламаға қатысып отырып, IT мамандарына: «Робот түс көре ала ма?» – деген мазмұнда сауал қойған болатын. Досханның сұрағын жауапқа айналдырып: «Робот түс көре алмауы мүмкін», – деп түйіндедік сөзімізді. Біздің қазіргі тәжірибеміз бен сана-сезіміміз роботтың түс көре алатынына сенбейді. Осылай дегенімізбен, жасанды интеллект адамзаттың басқаруынан шығып кетсе, әртүрлі деңгейдегі қауіп-қатерлер болатынын да түйсігіміз сезеді. Алайда Досханның «Түс көре алатын робот» әңгімесінде Абыл есімді робот-кейіпкер түс көретін қабілетке ие.
Тағы бір Үндістан ғалымы көркем аударма саласындағы кемшіліктер мен артықшылықтарды білгісі келді. Өйткені баяндамамызда осыған қатысты ой қозғаған едік. Соңғы жылдары Қазақ­станда қазақ әдебиеті жанрлары жеке-жеке антологияларға топтастырылып, бірнеше тілде жарық көргенін баяндап өттік. 2020 жылы алпысқа тарта қаламгердің (ақындар мен жазушылар) прозасы мен поэзиясы жинақ болып құрастырылып, ағылшын, орыс, испан, араб, қытай, француз тілдерінде жарық көргені біздің оқырманның да есінде болар. Тағы да үш антологияға ТМД әдебиеті еніп, биыл баспадан шықты. Бұл туралы «Қазақ әдебиеті» басылымында кең көлемде антология құрастырушыларының мақалалары жарияланды. Сондай-ақ аудармадағы басты проблеманың бірі – көп уақыт бойы қазақ әдебиеті қазақ тіліндегі түпнұсқадан емес, көп жағдайда орыс тіліне аударылған нұсқадан шет тілдеріне аударылып келгенін, алайда соңғы жылдары түпнұсқадан аударуға көңіл бөліне бастағанын жеткіздік. Конференция өтіп жатқан залда жоғарыда айтып өткен БҰҰ-ның алты тіліне аударылған антологияның ағылшынша нұсқасы көрмеге қойылғанын да әңгімеге арқау еттім. Кеңес кезеңінен кейінгі қазақ әдебиетінде туған жаңа үрдістер мен аударылу жағы шетелдік авторлар мен зерттеушілердің қызығушылығын тудыратыны байқалды.
Ресейден жазушы, ақын Максим Замшевпен қатар, филолог, жазушы, «Главный герой», «Часть картины», «Протогонист» романдарының авторы Анастасия (Ася) Володина және жазушы, әдеби сыншы, «Отец смотрит на Запад» шығармасының авторы Екатерина Манойло қатысты. А.Володина баяндамасында Ресей жазушылары Владимир Шаровтың «Петровы в гриппе и вокруг него», Дмитрий Захаровтың «Средняя Эдда», «Младшая Эдда», Вера Богданованың «Павел Чжан и прочие речные твари», т.б. туындыларына әлем мифологиясы мен фольклорының тигізген ықпалы жайлы айтты. А.Володинаның баяндамасынан Ресейдегі қазіргі кино өнері, кино өндірісі, әдебиеттің даму үдерісі, бағыты жайлы көптеген мағлұмат алдық.
«Әдебиет» секциясында «Постсоветтік кеңістіктегі Орталық Азия: тәуелсіздік кезеңіндегі әдеби-мәдени коммуникация» тақырыбында жасаған баяндамамда соңғы отыз жылда бұл аймақта әртүрлі салада байланыстар артқанымен, мәдениет саласының маңызды бөлігін құрайтын әрі халықтың жаны деп бағаланатын әдебиеті басқа салалар сияқты белсенді насихатталып, өзара салыстырмалы аспектіде зерттелмегенін сөзге қостым. Бұл тақырыпқа қатысты, әсіресе жоғары оқу орындары мен қазақ тілінде жазылған іргелі еңбектер кездеспейді. Қазіргі уақытқа қарағанда, Кеңес кезеңінде бұл аймақтың әдебиеттері өзара кеңірек насихатталып, зерттелген. Ал қазір ше?.. Сол конференцияға қатысып отырған аймақ өкілдерінің осы мәселеге назар аударғаны маңызды екені де айтылды. Қазақстанда жас ғалымдар бірігіп, Орталық Азияның қазіргі әдебиеті туралы арнайы ғылыми жобаны жүзеге асырып жатқанымызды да баяндадық. 2019 жылы Қазақстанның бастамасымен Азия елдері қаламгерлерінің І форумы өткенін, оған 300-ге тарта ақын, жазушы, оның ішінде шетелден 70-ке тарта қаламгер қатысқанын да айтпай өтуге болмады. 1973 жылдан кейін Азия қаламгерлерінің форумы екінші рет Қазақстанда өткен еді.
«Дін» секциясында да дінтану маманы болмағанымызбен, ұйымдастырушылардың сұрауымен діннің әдебиетке әсері, әсіресе 1990 жылдары дін мәселесі қазақ әдебиетінде қалай көрініс тапқаны жайлы ой өрбітуге тырыстық. Жазушы Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек» романында тәуелсіздік алған жылдардың басында діни ағымдардың қалай пайда болғаны, оның қоғамға әсері көрініс тапқан еді. «Қараөзек» романындағы төмендегі диалогтар біздің оқырманның да есінде деп ойлаймыз.
«Тіпті өзің айналаңа қарашы, бұрынғыдай бірқалыпты өмір жоқ, дүние өзгеріп жатыр емес пе?
– Сонда, дүние өзгерді екен деп, бәрің кришнайт болып кетпексіңдер ме? – деді Құрмаш.
– Бұл дегенің адам денсаулығына пайдалы ғой, – деді Анар. – «Ет жеме, құдайға сыйынып жүр» дегеннің несі зиян?
– Сондағы құдайың… жаңағы… аты қалай еді… Кришна ма?
– Между прочим, – деді Индира көзілдірігін түзеп. – Кришнаизм – ең көне дін, адамзат жаратылғалы келе жатқан дін, Индияда пайда болған.
– Индира, – деді Хақназар. – Сонда сіз мұсылман баласы екеніңізді ұмытып кете бересіз бе?».
Қазіргі күнімізде де діни ағымдардың қауіпті екені қоғамда, әлеуметтік желілерде жиі талқыланып жатады. Қоғамның мұндай қауіпті әрі маңызды жағы жас жазушы Әлішер Рахаттың «Үздіксіз әуез» әңгімесінде де бедерленген болатын. Бұл әңгімеде отбасындағы әкенің қатал тәрбиесін көрген әрі өз әрекетінің дұрыс-бұрыстығын саралай алмаған, діндар қыспағында қалған Риза есімді кейіпкердің жағдайы суреттелген. Сонымен қатар дәстүрлі ислам құндылықтары Құлкерім Елемес, Светқали Нұржан, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Серікбол Хасан поэзиясында көрінетінін де мысал еттік.
Шара барысында, одан тыс бейресми кездесулерде тілдердің акцентпен сөйлегенгені мін саналмайтыны, ғылыми ойлардың берілуі, мәдени қызығушылықтар аясының кеңеюі – екінші бір зерттеушіге ой салуға жасалған талпыныстардың маңызды екені байқалды. Яғни шет тілдері көп елде мінсіз сөйленбейді. Байқайтын болсақ, халықаралық тілдерді әр халық өз дыбысына бейімдеп сөйлейді. Жиында Абай, Шоқан кітаптары және ағылшын тіліне аударылған қазақ прозасының антологиясы таныстыруға ұсынылғанын көрдік.
Конференцияда жасалған баяндама тақырыптарын талқылаушылар (discussiants) баяндамаларды бастан-аяқ тыңдап, ойларын жинақтап, өздерін қызықтырған мәселелер бойынша сауалдар қойып отырды. Сауалдардың қай-қайсысы да өте өзектілігінен бөлек, қозғалған мәселені, көзқарасты жетілдіруге, толықтыруға бағытталған еді. Талқылаушылардың сауалдары жиынның ең маңызды бір бөлігіне айналды. Сондай талқылаушыларды өз арамыздан шығарып, отандық шараларға қатыстырып, сауалдар жолдатып отырсақ, жалған ғалымдар қатары мен жалған ғылым аясы тарылар еді деген ой келді. Конференцияда талқылаушылар алдын ала арнайы тағайындалады екен. Баяндамашыға міндетті түрде сауал қойылады, баяндамашы да екіауыз бірдеңе айтармын демей, арнайы дайындалып келеді. Бұл жиындардың сапасын арттыра түсетін жақсы әдіс екеніне көзім жетті.
Түйіндеп айтқанда, Дели қаласындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымы ұйымдастырған халықаралық конференцияның мінбері мен кең аудиториясында екі күн бойы әдебиет пен мәдениет, дін, философия мәселелері талқыланып, баяндамалар жасалғаны осы саланы зерттеуші ретінде біздің көңіл күйімізге жақсы әсер сыйлағанын жасырмаймыз. Әдебиет пен мәдениетті басқа халықтарға таныстыруда, насихаттауда шет тілдерін меңгеру маңызды ғана емес, қажет екені осындай шараларда айқын байқалады.

Айнұр АХМЕТОВА,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының
жетекші ғылыми қызметкері, PhD

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір