ЕСЕНҒАЛИ РАУШАНОВТЫҢ ЖАҢА ЖЫЛЫ
19.10.2023
224
0

Көзі тірісінде-ақ әдебиетсүйер қауымның зор сүйіспеншілігіне бөленген ақынның бірі – Есенғали Раушанов. Артынан небір аңыз ерткен де сол. Қапыда көз жазып қалған сүйікті ақынымен ел-жұрты пандемия кезінде қоштасып та қала алмаған-ды. Сосын да болар, оның ешбір мерейтойын күтпей, туған күніне орай өткен еске алу кешіне жұртшылық көп жиналды.

«Жаңа жыл күзден басталу керек» атты еске алу кешін ақынның отбасы мен шәкірттері ұйымдастырды. Оған Алматы қаласы әкімшілігінің Мәдениет басқармасы мен қалалық музейлер бірлестігі қолдау білдірді. Ықылас атындағы халық аспаптар музейінде өткен кешке Есенғали Раушановтың алдыңғы буын ағалары мен замандастары, ізбасар інілері, оқырмандары қатысты.
– Есенғали Раушанов – ұлттық ақын, – деді ақын Темірхан Медетбек Есенғали інісін сағына еске алып. – Ол деген үлкен сөз және ондай ақындар өте аз. Қоғамдағы келеңсіздіктермен, аярлықпен, жамандықпен, қатыгездікпен ұстасу үшін тасты қамырдай илеп, қысқанда сүйегіңді күтірлетіп жіберетіндей өлең керек. Міне, осындай өлеңді өмірге алып келген – Есенғали Раушанов. Оның орны ерекше. Өзі бір өлеңінде жазғандай, «ақ қасқырдың апанын тартып алып, әрмен қарай олжа айырып, тарпаңды көлік қып міне алатын» мінезді адам еді. Осындай өлеңдер жазған ақынды, сөзсіз, бәріміз жақсы көреміз. Ол зорлық пен зомбылыққа, отаршылдыққа қарсы қайсар өлеңдерді өмірге әкелді. «Айша бибі» – классикалық дүние. Біздің дастан жанрындағы ең үздік шығармалардың бірі. Есенғали әдебиетпен бірге жасай береді», – деді.
Көрнекті ақын Иран-Ғайып та Есенғали інісінің кешіне елден бұрын жетіп, жиылған жұртқа ыстық естеліктерін айтып берді.
– Інілердің артында қалу – бізге оңай емес. Есенғали өмірден өткелі, өлім түкке тұрмайтындай көрінеді маған. Қазір алса да ризамын. Мұндай есіл ерлердің артында қалғанда не абырой, не мән-мағына қалды деп ойлаймын. Есенғали бүкіл әлемнің тілін білетін. Құстардың тілін білетіні өз алдына. Жас кезімде Жаңақорғанда газетте істедім. Есенғалидың ауылы Келінтөбе де сол жақта. Хат жазып тұратын. Ол кезде ол 8-9-сынып оқып жүретін. Басында жауап беріп жүрдім. Одан кейін шамам болмай кетті. Әкем – колхоз басшысы, оқудан хабары бар. Бір күні оған Есенғалидың бір өлеңін оқып беріп едім, «әй, мына баланың өлеңі сенікінен қуаттырақ екен» деді. Әкемнің сол айтқаны келді, – деп өткен күндерге көз жүгіртті Иран-Ғайып.
Кезекті сөз алған Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев Есенғали жырларының кешін дәстүрлі түрде өткізіп тұруды, басшылық оған дәйім қолдау білтіретінін айтты. Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып ақынның жары Набат Раушанованың иығына қамзол жапты. Әрмен қарай кеште жас ақындар Есенғали жырларын оқып, өлеңіне жазылған әндер шырқалды. Осылайша, Есенғали Раушановтың жаңа жылы өзінің тамаша жырларын оқумен басталды.

Асылан БІРЖАНҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір