Үш тұлға
15.01.2024
442
0

Оңнан солға қарай: Оралхан Бөкей, Қайым Мұхамедханов, Тұтқабай Иманбеков, Дидахмет Әшімханұлы, Талаптан Ахметжан, Нұрғали Ораз, Еркін Жаппасұлы. Оралхан Бөкейдің ту сыртында тұрған Толымбек Әбдірайым. 1990 жыл, қыркүйек.

Біздің өміріміздің ең бір қызық кезеңі – жалындаған жастық шағымыздың оттай ыстық күндері міне, осынау «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында өтті. Ол кезде «Очерк және публицистика» деген бөлім болушы еді. Ә деп қызметке кіріскенде біз сол бөлімнің «арбасына» жегілдік. Проза, поэзия, әдебиет сыны, өнер секілді бөлімдерге қарағанда іс-сапарға көп шығатын, әртүрлі әлеуметтік мәселелерді қозғап, қалам тербеу­ді талап ететін қызықты жұмыс болатын.
Бүгінде көрнекті жазушы, кинодраматург ретінде кеңінен танымал Жүсіпбек Қорғасбек досым екеуміз бірде Ақмола, Көкшетау, Қарағанды жаққа, енді бірде Маңғыстау, Атырау, Оралға қарай ұшып бара жататынбыз. «Қазақ әдебиетінің» бюджеті өте қомақты еді. Таралымы 130 000 данадан асатын.
Батыстағы түйешілер­мен, Сарыарқадағы жылқы­шылармен, Оңтүстіктегі ди­қан­дармен сұхбаттасып, ты­ныс-тіршілігімен танысып, «Жылқылы ауыл неге жабыр­қайды?..», «Малшыға мылтық керек пе?» деген сияқты проб­лемалық мақала, очерктер жазып әкелетінбіз.
«Қазақ әдебиетіндегі» очерк­тер, әрине көркем болуға тиісті. Онда тек түйткілді мәселелерді ғана қозғап қоймайсың. Сол «түйткілдердің» ішінде күнбе-күн тіршілік етіп жатқан шаруалардың арманы мен мақсатын да оқырман қауымның көз алдынан өткізуің қажет.
Жазған дүниелеріміз жиі жарық көріп жататындықтан қаламақымыз да қомақты еді. Ай соңында қалтамыз толып, айбат­танып, досым екеуміз Орталық сквердің бір бұрышындағы «Аққу» кафесінде шалқып отыратынбыз. Ол да бір қызық дәурен екен…
Біз «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеген жылдары үш үлкен тұлғаның суреткерлік, қайраткерлік, шығармашылық ұстаханасынан тәлім алдық. Бас редакторымыз – Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шер-ағаң – Шерхан Мұртаза ұлт үшін туған ұлы тұлға еді. Бүгінде көп айтылатын бірлік, татулық, достық секілді қасиетті ұғымдардың берік тұғыры – Әділдік, Турашылдық екенін бүкіл бітім-болмысымен, қайсар мінезімен ерекше сездіріп жүретін-ді.
Әу бастағы қалыптасқан дағды бойынша жұма күні редакцияда міндетті түрде «лездеме» өтеді. Сол күні жарыққа шыққан газетке кезекші болған қаламгер әрбір бетке арнайы тоқталып, шолу жасайды. Содан соң әрқайсымыз өз ойымызды айтып, пікір қосамыз. Соңынан бас редактор бәрін қорытындылап, жаңа нөмірге баға береді.
Міне, осындай сәттердің бірінде Шер-ағаңның столының үстіндегі қызыл телефон шыр ете қалды. Бұл – ерекше қоңырау. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетімен тікелей байланыстыратын телефон.
Шер-ағаң қолын созып, тұтқаны көтерді. Ар жақтағы жоғары лауазымды кісінің әлденеге зіркілдей жөнелген даусы естілді. Біз оның сөзін анық естімесек те, ашулы екенін түсіндік. Құлақ қойып тыңдаған сайын Шер-ағаңның түсі суып, кенет тарс еткізіп телефон тұтқасын орнына қондыра салды. Сосын терең бір тыныс алып: «Иә, жалғастыра беріңіз» деді кезекшіге қарап.
Арада бес-он минуттай уақыт өткенде әлгі телефон қайта шырылдады. Шер-ағаң оны «алсам ба, әлде алмай-ақ қойсам ба» дегендей самарқау ғана көз салып отырды да, телефон тұтқасына қол созды. Жаңағы дауыс бұл жолы әлдеқайда жұмсарып қалыпты. Шер-ағаң үнсіз тыңдап: «Ендеше, солай деп айтпайсыз ба?! Біз де Адамның баласымыз ғой!» деп қысқа жауап қатты.
Міне, мәдениет, міне, мінез! Ол кезде Орталық Комитеттің хатшысына бұлай жауап беру қызметтік орныңнан өз еркіңмен кетумен пара-пар болатын. Алайда «Шалқайғанға шалқай, ол Құдайдың ұлы емес, Еңкейгенге еңкей, атаңнан қалған құл емес!» демеуші ме еді біздің бабаларымыз.
Бейнелеп айтсақ, Шер-ағаң теңіздің сырын бес саусағындай жақсы білетін капитан еді. Қандай қатерге бас тіксе де қаймықпай, ұлты үшін ұлы мақсаттарға жетуге ұмтылып, тәуекелге бел буатын.
Ал Ор-ағаң – қазақ әдебие­тінің классигі, біздің жас кездегі кумиріміз Оралхан Бөкеев әрбір жазылған дүниенің көркемдігіне ерекше мән беретін талғамы биік қаламгер еді. Алдына барған әңгіме, очерктеріміздегі әлдебір сөзге, иә болмаса, теңеуге көңілі толса, күлімсіреп келіп: «Әй бала, мынау дүниең жақсы екен?» деп, шын көңілімен қуанатын.
О кісі сырт көзге паң, тәкап­пар болып көрінгенімен, жүрегі жұмсақ, көңілі нәзік жан еді. Оны біз Ор-ағаңмен бірге іс-сапарларға шыққанда анық байқайтынбыз. «Осыдан Алматыға барған соң мен сендерге қандай сөмке, қандай киім алып шығу керек екені туралы арнайы лекция оқимын» деп жымиып, не болмаса, «Әй бала, сенің бәтіңкеңнің ұшына кеше жұққан лай бүгін қата бастапты ғой, соны былай сүртіп тасташы» деп ылғи да қамқор болып жүретін.
Тұқаң жарықтық, сыршыл жазушы, композитор, батагөй аға Тұтқабай Иманбеков – қазағымның кең даласы секілді дархан мінезді, ақ пейілді, айналасына жанашыр, көпшіл кісі-тұғын. Өнерлі жастар, әнші-күйші қыз-жігіттер Тұқаңа көп үйірсек болатын. Жаңа шығарған әндерін тыңдатып, ағалық пікірін білгісі келіп, қасына еріп жүретін.
Біз де ол кісінің кабинетіне емін-еркін кіріп-шығушы едік. Кейде өзі шақырып алатын. Тұқаңның жұмыстан кейінгі ең сүйікті хоббиі – шахмат еді.
Пенде шіркін, өз ажалының қай күні, қай жерден шыға келерін қайдан білсін… Ол бәрімізге жұмбақ. Тұқаңмен жұма күні кешкілік шахмат ойнап, үйге кештеу қайтқаным есімде. Ал ертеңіне… қайран ағамыздың қайтпас сапарға аттанып кеткенін бір-ақ естідік…
Кейін мен ол туралы өзімнің «Тұқаң және тұт ағашы» естелігімде егжей-тегжейлі жаздым да…
Міне, біз осындай ұлы тұлғалардың үлгісін, өнегесін алып өстік. «Қазақ әдебиеті» газеті – мынау жарық дүниедегі ел көшімен бірге мәңгі сапар шеге беретін асыл қазына. Мен бүгін сол бір қасиетті шаңырақта өткізген оншақты жылымның (өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасынан бастап тоқсаныншы жылдарының ортасына дейін) кейбір сәттерін ғана қағаз бетіне түсірдім. Ал шындығында, айтылар әңгіме атан түйеге жүк боларлықтай-ақ көп еді ғой. Тең-теңімен көңілде қатталып жатқаны анық.
Тоқсан жылдық торқалы тойдың қарсаңында «Қазақ әдебиетінің» бүгінгі ұжымына, қаламдас әріптестеріме: «Шығармашылық сапардағы биік-биік шыңдарға көтеріліп, әдебиет әлеміндегі жаңа кеңістіктерде самғаңыздар!» деген жүрекжарды тілегімді айтқым келеді.

Нұрғали ОРАЗ,
жазушы, драматург

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір