«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» жайында
26.08.2023
635
0

Алдымен сөздіктің 1-томы жөнінде. Сөздік 2014 жылы шыққан. Оның көлемі – 728 бет. 59,1 баспа табақ. Онда автор 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» жоқ 13.335 тілдік бірлікті тауып, оларға анықтама берген, айтпақ ойын дереккөздерден алынған мысалдармен дәйектеген. Бұл сайып келгенде – тіліміздің сөздік қоры 13.335 тілдік бірлікпен байыды деген сөз.

 

Жақында ғана Б.Қалиұлының «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» 2- томы жарық көрді. Мұнда автор 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» жоқ, 10.290 сөз, 2.195 тұрақты тіркес, жалпылай алғанда 12.485 тілдік бірлікті іздеп, тауып қана қоймай, ол тілдік бірліктердің бәріне түсініктеме берген, мағына түрлерін айқындаған, тиісті әдебиет­терден мысалдар келтірген. Сөздікте атаусөздер сөз таптарының, стиль салаларының қайсысына тән екендігі сараланып тұрып көрсетілген.
Осы екі томдағы сөздер мен тұрақты тіркестерді бірге алсақ, олардың саны 25.820 тілдік бірлік болып шығады. Бұл, әрине, аз цифр емес. Оларды тілдік қорымызға қосылған, қосылған емес-ау, тілімізде бұрыннан бар, бірақ сөздіктерімізден өз орындарын таппай жүрген үлкен байлық деп есептеуіміз қажет.
Б.Қалиұлы – сөздік жасаудың хас шебері. Сондықтан ғалым сөздік жасауда қат­ты қиындыққа душар болды деуге де бола қоймас. Біздің байқауымызша, ол кісінің қиналған жері 15 томдықтан қалып қойған сөздер мен фразеологиялық тұрақты тіркестерді іздеп табуда болған сияқты. Оны автордың өзі де сөздігінің «Алғы сөзінде» жеткізе айт­қан.
Айрықша атап өтетін нәрсе, Б.Қалиұлының бұл сөздіктері – үкімет­тен бір тиын да алмай, өз жүрегінің қалауымен, өз еркімен, өзіне тиесілі ұстаздық қызыметін атқара жүріп, істеген ғылыми жұмыстары. Қазіргі заманда өз мамандығын сүйетін, ғылымға әбден беріліп кеткен фанатик біреулер ғана болмаса, ғылыми жұмыспен ешкім қаржысыз, жалақысыз айналыспайтыны белгілі. Тек Б.Қалиұлы ғана нағыз ғалымға тән ұстамдылықпен солай істеген. Ғалымның бұл ісін үлкен ерлік деп, «өзі таңдаған кәсібіне деген адалдығы» деп бағалағанымыз жөн болар.
Б.Қалиев сөздігінің тағы бір жетістік жағы: Автордың сөздік жасау ұстанымында деп білеміз. Ол кісі мүмкіндігінше сөздіктің көлемін үлкейтпей, бірақ оның сапасын жоғары деңгейге көтеруге тырысқан. Әрбір атаусөзге мысал берудің санын (кей жерде ғана болмаса) бір-екіден асырмайды. Тек сирек қолданылатын немесе мағынасы күңгірт сөздерге ғана екіден-үштен мысал беріпті. Сондықтан болу керек, Байынқол Қалиұлының бұл сөздігі – «атаусөздері көп, мысалдары аз» сөздік болып шыққан. Автордың мұнысы құптауға да, қолдауға да тұрарлық іс деп білеміз.
Енді ғалымдардың дауласуына себеп болып жүрген бір-екі мәселеге аз-маз тоқталалық.
Оның біріншісі – Б.Қалиұлы күнделікті қолданыста орысша акт, велосипед деген сияқты кірме сөздерді орысша жазылуы бойынша емес, қазақша айтылуы бойынша белесебет, әкті деп қолдануымыз керек деген өз ұстанымына сүйене отырып, мілисиа, нәски тәрізді бір топ сөздерді сөздігіне осылайша, айтылуы бойынша ендірген. Кейбіреулер: «акт, велосипед сөздері тілімізге әбден сіңісіп кеткен» дегенді желеу етіп, олардың қазақша дыбысталуы бойынша қабылдануына қарсы екендіктерін айтады.
Мен Б.Қалиевтің «кірме сөздерді ұлт­тық тіліміздің заңдылығы бойынша алайық» деген ойын толығымен қолдаймын. Себебі дүниежүзіндегі қай тіл болмасын басқа тілден енген сөздерді өз тілдерінің дыбысталу заңдылығы бойын­ша қабылдап, өз тілдерінің жазылу заңдылығы бойынша жазады. Мысалға орыс тіліне енген ағылшын, француз, герман, түркі (мысалы, Енисей, Урал, Астрахан, Саратов, т.б.) сөздерінің айтылуы мен жазылуына көңілдеріңізді аударып көрулеріңізге болады.
Кірме сөздерді ұлт тілінің айтылуы мен жазылуы бойынша қабылдауымыз керек дегенді біз ойдан шығарып отырғанымыз жоқ. Ата-бабамыз о бастан-ақ «русь» деген сөзді орыс деп, «Москва» дегенді Мәскеу деп атаған. Бұлар осылай қалыптасып кет­ті. Олай болса, Б.Қалиев ұсынып отырған «Кез келген тілден енген сөздерді ұлт­тық тіліміздің өз заңдылығы бойынша қабылдайық» деген пікірі өте орынды. Орынды ғана емес, бұдан былай қарай осы тәсілді тілімізде сөзжасамның бір тәсілі ретінде кеңінен пайдаланғанымыз мақұл.
Дау тудыруға түрткі болған екінші мәселе – Б.Қалиевтің -сыз/сіз тұлғалы сын есімдерді өз сөздігіне алғандығы. Бұл мәселеге байланысты автор сөздігінің «Алғы сөзінде» былай дейді: «Кейбір мамандастарым -сыз/сіз тұлғалы сөздерді де (малсыз, жансыз) сөздіктерге алуға қарсы екендіктерін айтады. Ал олар осы сөздік тұлғаның антоним сыңары -ды/ді, -ты/ті, -лы/лі тұлғалы сөздердің (малды) сөздіктерге алынуын құп көреді.
Сонда қалай? Антоним жұрнақты сөздердің бірін сөздікке алып, екіншісін тастап кетеміз бе? Біздің ойымызша, -ды/ді, ты/ті, -лы/лі тұлғалы сөздер сөздіктерге алынады екен, олай болса, оған -сыз/сіз тұлғалы сөздерді де алғанымыз жөн» дейді. Мұндай орынды да ойлы пікірді қалай қоштамайсың!?
Б.Қалиұлының сөздігіндегі кемшілік туралы айтсам, автор сөздігінің 1-томына қарағанда оның 2-томындағы 15 томдықта жоқ сөздердің саны да, қарастырылған әдебиет­тердің тізімінде көрсетілген шығармалардың саны да бізге азырақ сияқты көрінді. Сондықтан жоқ сөздер мен жоқ тұрақты тіркестерді әлі де іздестіре түскені жөн болар ма еді? – деген ойға қаласың. Сонда екі томның көлемдері бір-біріне жуықтар еді. Алайда, мұны үлкен кемшілік деуге де болмайды.
Ойымызды түйіндер болсақ, бұл сөздіктердің маңызы да, мәні де өте зор. Әсіресе ол келешек сөздік жасаушылар үшін үлкен олжа, құнды байлық. Осы тұрғыдан біз аталған 2 томдық сөздіктердің баспадан басылып шыққанын хош көреміз. Соның нәтижесінде автордың мақсаты орындалып, қазақ тілінің сөздік байлығы әжептеуір молая түскен. Б.Қалиев тіліміздің сөздік қорын 25.820 тілдік бірлікпен толықтырған. Мұндай жанқиярлық еңбекке риза болмасқа, авторды ірі жетістігімен құт­тықтамасқа болмайды.

Аман АБАСИЛОВ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
қауымдастырылған профессоры,
ф.ғ.к

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір