Ел ақыны есенғали тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды
15 қараша күні қазақтың классик ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Есенғали Раушановтың 1991-2004 жылдары тұрған үйіне Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен ескерткіш тақта орнатылды.
Салтанатты жиынды Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, жазушы Бейбіт Сарыбай сөз сөйлеп ашып, жүргізді. Ақынның ата жұрты Маңғыстау өңірінен делегацияны бастап келген облыс әкімінің орынбасары Қайрат Қожанов, Алматы қалалық Мәдениет басқармасының бастығы Ғани Майлыбай, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы, көрнекті ақындар, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Темірхан Медетбек, Иранбек Оразбаев (Иран Ғайып), Ұлықбек Есдәулет, спорт ардагері Әмин Тұяқов,
Есенғалидың құдасы, белгілі ғалым Жауынбай Қараев, жас ақын Аслан Тілеген және басқалар Е.Раушановтың өзгеге ұқсамас ақындық ерекшеліктері, қайталанбас азаматтық тұлғасы туралы ой толғап, қызықты естеліктер айтты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова Есенғалиға арнап шығарған жаңа әнін тұңғыш рет орындады.
Жиын барысында ескерткіш тақтаны ақындар Темірхан Медетбек, Ұлықбек Есдәулет және ақынның жары Науатай Жылқыайдарқызы ашты. Жиын соңында ақын шаңырағының отанасы Науатай көпшілікке ризашылығын білдірді.