ӘУЕЗІ БӨЛЕК ӘУЕЗХАН
Шілденің 9-шы күні ақын, аудармашы, көсемсөзші, мәдениеттанушы, философия ғылымдарының кандидаты әрі танымдық сипатқа ие «Тамыр» журналының Бас редакторы Әуезхан Қодар дүниеден өткен еді. Со сәтте-ақ зеңгір Көкті тіле өтіп, сансыз жұлдыздың бірі көзден таса болды. Қазақ қабырғасын қайыстырып кеткен қазадан соң, артынша аяулы қаламгердің қырқы да таяп қалғанына аса таңдана қоймадық-ау, сірә! Уысыңдағы Қызылорданың ып-ыстық құмына ұқсайтын Уақыт-екеңе адамның емес, Алланың ғана күш-құдіреті жететініне сансыз дәлел табуға болар! Мейлі! Әуезхан «Азаттыққа» берген сұхбатында: «Мен Абайдың адамгершілігіне, нәзіктігіне және Абайдың ең ғажап махаббат лирикасын жасаған адам екеніне қанықтым. Абай махаббатты сұлулық деп түсінбейді. Ол махаббатты терең бір рухани жақындық деп түсінеді.
Міне, осы махаббатты руханилыққа бұрғаны қазақтың психологиясын, жүрегін байытқаны деп түсінем. Абайдың махаббатқа арнаған 14-ақ өлеңі бар екен. Сонда ол «ғашықтық тілі – тілсіз тіл» деген өлеңінен, яғни махаббаттың пайда болуынан бастап, ол сезімнің мүлде жоғалуына дейін жазады…», – деген еді. Хакімді өзіне ұстаз тұтып, оған соқпаған әдебиетші кемде-кем ғой, бірақ Әуезханның Абайға деген құштарлығы алабөтен-ді. Айсберг тектес Абайды зерттеп, ашу – оның басты мұратындай көрінеді. Ол бұрынғы ҚазМУ, бүгінгі ҚазҰУ заң факультетін тәмамдаса да, Қармақшының белбаласы Сөз өнеріне аңсары ауып, өмірін мәдениет пен өнерге арнауға бел буған. Ол үлкенді-кішілі қызметтерде істесе де, 1986 жылы «Туған күн» және «Ақеділдің анты» атты қос пьеса жазып, ал 1997-98 жылдар аралығында Неміс театр академиясында философиядан дәріс берген. Бұған қоса, «Қанатты өрнек», «Абай (Ибраһим) Құнанбаев», «Еске алмау шеңбері», «Қазақ әдебиетінің тарихына шолу», «Қанағат қағанаты», «Оралу» секілді жинақ-кітаптарымен қоса, Е.Замяткиннің «Атилласын», М.Хайдеггер, Ж.Делез бен Х.Ортега-и-Гассеттердің еңбегін, Швиттерс, Абай, Мағжан, Ж.Жақыпбаев шығармаларын орысша сөйлеткен. Бір қызығы, шайыр 1958 жылы шыр етіп дүниеге келсе, 58 жасында келместің кемесіне отырып, арғы өмірге аттанып кете берген. Орыс-қазақ әдеби байланысының нығаюына септігін тигізгені үшін Н.В.Гоголь атындағы «Триумф» сыйлығын иеленген-ді. Шығармалары ағылшын, кәріс, украин тілдеріне тәржімаланған. Әуезхан басқа-басқа, бірақ аудармаға ерекше ден қойып, Алаш рухани айналымында жүрген алыптар мұрасын насихаттау, өзге жұртқа таныту ойы, шыны керек, сүйсіндіреді. Өйткені, жиған білімі де, күш-жігері бір басына жетерлік туындыгердің Туған жерге деген махаббаты барлық жағдаяттан, өркөкіректеу Өмір дайындаған тосын мінезден биік тұрған ғой деген ойға иланғың-ақ келеді. «Бұлақ көрсең көзін аш…» дегендей, ақын көптеген жалындаған жасқа қамқорлық жасап, қанатының астына алған-ды. Мағжанның аз жолға көп мағына сыйдыра отыра, отты жырымен тасқа айналған талай жүректі жылыта алғаны үшін қатты сыйлайтынын бір жиын-шарада айтып қалған еді. Бұдан белгілі бір шығармаға бару, я жанрды таңдаудың өзі – Өнердің өзегі екенін түйсінгендей боламыз. Қазақ қазанында ғана бұрқ-сарқ қайнауды қанағат тұтпаған ол, сыртқа, шетке шығып, баба байлығын паш етуге деген ниетінен бе, әйтеуір көз алдыңа мұзжарғыш кеме елестейтіні бар. «Орысшыл» әрі «батысшыл» деген айыптауларға күле қараған қаламгер де фәниден бақиға өткенде кескін-кеспірінен ана бір қырынан күлкінің, ал мына бір тұсынан мұңның таңбасын байқап қалып, «мона-лизалық» сиқырға таң-тамаша қалдық…