САУЫҚТЫҢ СЫРЛЫ ӘУЕЗІ
Жан-жүректі тылсым сезіммен тебірентіп, әрқилы толғанысқа салатын адам үні қандай құбылыс бұл… оны әр нәрсеге икемді қызыл тілмен бейнелеп бола ма, тегі… оған фнеге сонша ынтықпыз… іңкәрміз… сағынып аңсаймыз да жүреміз. « Сайра да зарла қызыл тіл, қара көңілім оянсын» деп қана тынады, өз үнінен дәрмен тілеген Абай! Одан әрірек ғылымы ерте дамыған Италияның құдіретті әншісі Энрико Карузо жөнінде оның өмірін көп жазған бір атақты ғалымы: «Энриконың үнін ең нәзік, сырлы музыкалық аспаптың өзі бере алмайды», – деп таң-тамаша болады.
Құрманғазы мен Динаның құйқылжыта сорғалататын «Бұлбұлы» қалай таңғалдырса, Күләш пен Бибігүл орындайтын Латиф Хамидидің «Бұлбұлы» тіліңді байлап, үніңді шығармай, бір құдіретті сезіммен буып-буып тастайды ғой. Алябьевтің «Соловейі» де адам үнінің теңдесі жоқ құбылыс екеніне еріксіз бас игізгендей әсер етеді. Зерделі жандар жан ләззаты болған әншілерді тыңдағанда, «көмейіне бұлбұл ұя салған әнші ғой» деп іштей сүйініш сезіміне бөленеді, содан рақат табады, сондай сәтті сағынады да жүреді.
Алыстан орағыта шарықтаған осы ойды тектен-текке айтып отырған жоқпын, әнші болмаса да, осы жұрт елеулі, біреуге бойын жасырған момақан тұлпар секілді бұйығы ғана ғұмыр кешіп, арамызда жүрген диктор қызымыз Сауық Жақанованы ерекше ілтипат, ізетті сезіммен сөз өнерінің аңсата беретін әйгілі шебері ретінде тамсандыра еске алып, радиодан ол оқыған көркем шығармаларды қызыға тыңдағандарын айтып отырады. Ондай сөздерді жиі естимін.
… Әлі есімде… Сауықтың радиоға келген сәті. Бұл 1966 жыл, Алматының сары күзі. Мен радионың музыка редакциясында қызмет етемін. Радиода музыкалық новеллаларымның жиі-жиі беріліп жүрген кезі. Бұл жөнінен жұлдызым жанып, әсіресе Әнуарбек Байжанбаевтай атақты диктор: «Қане, Ілия, мен оқитын тағы не жаздың?» – деп шабыттандыра ішке тартып, баурайтын қасиеті , ыстық ықыласы ерекше болды. Ықылас жайында «Қобыз», Бетховеннің «Аппассионаты», «Айлы соната» деп аталатын новеллаларым осы Әнекең арқылы Мұқағали Мақатаевпен достастырғаны, «Ақ қайың әні» деп аталатын поэмасын жазуына түрткі болып, ол туындысы мәңгі ескерткіш болып қалғаны барша жұртқа аян шығар…
Сол Әнекең бір күні: «Мұқағалидай диктор шәкіртім бар еді, одан айырылдым, ақын боп кетті. Ал ондай дауыс кімде бар,а? Енді тәңір иіп бұлбұл әуезді бір балапанды тыңдай бастадым. «Ол кім?» «Жақында көресің оны», – деді. О, құдая тоба, сол күндері радионың дикторлар жетекшісі Мина Сейітова апай: «Әй, Ілия, тоқташы…тоқташы… біздің Әнуаржан Қожанасыр ғой, шүрегей үйректің балапанындай бір үрпиген ақсары қызды жетектеп жүр. Речевая студия босай қалса, сол қызға бірдеңені оқытады… сөйтіп жүр, білмеймін одан не шығарын», – деді.
Әнуарбек
БАЙЖАНБАЕВ:
– Менің Мұқағали Мақатаев, Мырзабек Қуатбековтей екі шәкіртім бар еді, соларға қоса Сауық Жақановадай да шәкіртім бар.Сол шәкіртім Сауық Жақанова бүгінде қазақ радиосының, эфирдің Ақбаянына айналды.
Заматында Байжанбаевтың маған айтқан жаңағы бір сөзі есіме түсе кеткені, Мина апайға ойлана қарап тұрып: «Апай, бір кезде өзіңіз де сол қыздай үлбіреген жап-жас болдыңыз ғой. Сондай кезіңізден бастап қазақ эфирінен түспей келе жатырсыз. Өміріңіздегі бір бақытты кезіңіз осы емес пе?» – дедім. Мина апай толқып кетті. Еміреніп құшақтай алды. Көзіне жас үйірілді. Шылымын тұтатып ойланды да қалды.
Бірте-бірте білдік. Сол жап-жас қыздың аты-жөні – Сауық Жақанова… Қарағанды облысы, өнер-салты дүрілдеген Жаңаарқадан екен. Жыр сұңқары Сәкен Сейфуллиннің елі! Топырағынан ән гүлдеп, күй өрбіген салтанат-сәні сәулетті дарқан ел. Әнмен, жырмен ауызданған қызымыз уызынан жарыған текті жерден екен. ҚазГУ-дің филология факультетін бітіріпті. Бұл жағынан алғанда Байжанбаевты қызықтыратын құпия сыр – филологтарды өте жақын көреді. Сөз бен сөйлемнің мән-мағынасын, көңіл күйіне орай, икемді құбылуын, яғни әр лебіздің мінезге, ой ағысын зерделі жүрекпен өте әсерлі оқитын сүйікті шәкірті Мырзабек Қуатбековке Әнекең қалай сүйсінсе, міне, қаршадай қыз Сауыққа сондай үмітті көзбен қарап, эфирдегі жарқын үнін елестетіп, толқыған сәтте елу грамын ұмытпай, шырайы кіріп, пешенесі жазыла түседі. Шыдамсызданып режиссерларға Сауықтың оқығанын тыңдатып, өз-өзінен бәйек боп жүргені сол. Әй, Әнекең-ай…
Ол кездерде дикторлар үлкен сынақтан өтетін-ді. Сауық Жақанованың жұлдызы жарқырап тұрып көрінгені сол оның жан ләззаты дерлік тап-таза күміс үні жүрек тебірентіп, эфирге жаңа леп әкелгендей сондай әсерлі шығып, жай хабардан бастап, радиоочерк, әңгіме-новеллалар, ақын жырлары емін-еркін оқыла бастады. Мысалы, біздің музыка редакциясынан берілетін әртүрлі жанрдағы көркем дүниелерді көбіне Әнуарбек Байжанбаев, Мырзабек Қуатбековтей аз дикторларымыз, және сырттан Зәмзәгүл Шәріпова, Әнуар Боранбаев сияқты артистерге оқытатын едік. Әсіресе Зәмзәгүлдің оқуы эфирдегі керемет тыныс, жан рахаты еді. Оны тыңдаған жұрттың хаттары редакцияға науадай құйылып жататын-ды. Кейде Зәмзәгүл келе алмай қалса, ол дүниені кімге оқыта аламыз деп, кәдімгідей тығырыққа тірелетін едік. Соның бәрі – тыңдаушы жұртшылықтың эстетикалық талғамын қанағаттандырудың әуресі. Сондай бір қиналысты сәттерде Зәмзәгүл оқитын шығарманы Сауық оқиды, ол ертеңінде апта сайын болатын лездемеде мақталып жатады. Тіпті өте ақылды адам, орыс режиссері Патрушев: «Даа, очень талантливая девочка», – деп таңғала бас изейді. Оны талай рет байқадық та.
Сауық біздің редакцияға әбден бауыр басты. Маған еркелеп жүреді. Мен кейде өтірік қабағымды шытып: «Жай ресми хабарды елжіреп оқыма, білдің бе?.. Ол «слащавый» болып шығады деп қоямын орысша араластырып. Тағы бірде: «Біз екеуміз Жақановпыз! Вот весь разговор! Фамилиямызды биік ұста, тиыш жүр!» – деп қоямын.
Сауық мамырдың шуағындай сүйкімді күлкісімен жымияды да тұрады. Сауықтың эфирдегі үніне қызыққан ақын-жазушылар, журналистер музыка редакциясына жиі-жиі телефон соғады, өлең-жырларын Сауықтың оқығанын қалайды. Соған орай біз «Вечер поэзии и музыки» деген рубрика аштық. Көбіне Сауыққа оқыттық. Соған ерекше мән берген ақындардың ішінде Қуандық Шаңғытбаев: «Евгений Онегинді» аударып шыққалы қашан… соны және өзімнің лирикалық жырларымды Сауық Жақановаға оқытшы», – деп тілек етсе, Мұқағали Мақатаев пен Әділбек Абайділданов: « Өлең шіркінді оқыса, Сауық оқысын», – деп өтінеді. Мен білетін ақындардың ішінде өз өлеңдерін Мұқағали мен Әділбектей ешқайсысы әсерлі оқи алмайды. Мұндай тілектер өте көп. Сол жаңағы «Поэзия және музыка» рубрикасы Сауықтың нәзік сырлы лирик екенін жақсы танытты.
Арада жылдар жылжып өтіп жатты. Байжанбаевтың кешегі шәкірті Сауық Жақанова да өсіп-жетіліп, радионың маңдайалды дикторы ретінде эфирдің сөз бен үн мәдениетін биікке көтерді. Табиғи даусының сондай әсерлі, көрікті, сұлу болуына жан дүниесінің байлығы, ой-өрісінің кеңдігі, талғамының биіктігі бек жарасқан құдірет шығар, бәлкім.
Кешегі бір жас кездерінде өмірге, өнерге құштар қызықты күндерде театр өнерінің асылдары Күләш Байсейітова, Шабал Бейсекова, Сабира Майқанова, Рахия Қойшыбаева, Рахима Мұсабекова, Бикен Римова, Хадиша Бөкеева, Зәмзәгүл Шәріпова, Жамал Омарова, Роза Бағланова сияқты байтақ галерея Сауық Жақановадай қайталанбас үн мен сөз шеберінің көкірегінде сақталған сыр сандық дейтін қымбат қазынамен әлі де сусындатып келеді. Ол қазына радионың «Алтын қорында» мәңгі өшпес дүние болып сақтаулы тұр.
Сауықтың шуақты, сәулелі өмірі мен өрелі өнері, театр саңлақтарына лайықты «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» деген атаққа қол жеткізуі өзін эфирде сүйіп тыңдайтын барша жұрттың мақтанышы болып, елдің сүйіктісіне айналды.
… Әнуарбек Байжанбаевтай сұңқар үнді дауылпаз диктор қайтыс боларының алдында жүздесе қалған бір сәтте: «Менің Мұқағали Мақатаев, Мырзабек Қуатбековтей екі шәкіртім бар еді, соларға қоса Сауық Жақановадай да шәкіртім бар. Сол шәкіртім Сауық Жақанова бүгінде қазақ радиосының, эфирдің Ақбаянына айналды», – деп қолымды қатты-қатты қысып еді…
Ілия ЖАҚАНОВ