ОРНЫ БӨЛЕК ОҢДАСЫНОВ
29.07.2024
382
2

1955 жылдың көктемі болатын. «Қазақстан Үкіметін басқарған Нұртас Оңдасынов Гурьевке Атқару комитетінің төрағасы болып келіпті…», «Неге сонша төмендетіп жіберді екен…», «Тәжірибесі мол адам ғой, енді Атырау мен Маңғыстауды көтерер…» деген секілді әңгіме ел ішінде бірден көтеріліп кетті. Жаспыз. Мұндай әңгімеге біз де құлақ түріп қоямыз. Жолдасым Өтесінов Рахмет Мәскеудің Мұнай институтын бітіріп келіп, мұнай саласында қызмет істеп жүрген. Мен болсам, мектепте мұғаліммін. Қысқасы, еңбекке енді араласып жатқан кезіміз.


Екі жылдан кейін Нұртас Оңдасынов аға Гурьев облысының бірінші хатшысы болып сайланды. Бір күні Рахмет жұмыстан келісімен: «Ертең мені облыстық партия комитетіне, Оңдасыновтың қабылдауына шақырып жатыр», – деді. Өзі аздап қобалжулы. «Өндіріс болған соң күнде бір жерінен ақау шығып жатады ғой, сондайдың бірі бірінші хатшының құлағына жетті ме екен?» – деп те қояды. Рахметтің бұлай қобалжитын жөні бар еді, бұдан бірер жыл бұрын Байшонас, Қаратон, өзі жұмыс істеп жүрген Қошқар кен орындарының басшы қызметкерлері «приписка» дегенге ұшырап, жазаланған болатын. Соның әлегі әлі басылмай, берекесіздік белең алып тұрған кез еді. Не болса да нар тәуекел деп, Оңдасыновтың қабылдауына кетті.
Қуанышпен оралды. Бірден Оңдасынов аға: «Сені партия жұмысына ауыстырсақ деп ойлаймыз…» депті. Кешікпей Рахметті Жылой ауданының бірінші хатшылығына ұсынып, тағайындады. Осы сәттен бастап Рахмет пен Нұртас ағаның арасында қарым-қатынас жақсарып, әкелі-балалыдай болып кетті. Нұртас ағаның ел басқаруы бұрынғы хатшыларға ұқсамайтын, қол астындағы қызметкерлерге бастық болып емес, жөн-жосықты көрсетіп, ақылын айтып отыратын дана қарт­тай болатын. Қолынан іс келетін, белсенді жастарды үнемі қолдап, көп алдында жақсы істерін айтып, қолпаштап қоятын. Мысалы, «Передовик» колхозы басқармасының бастығы Құбашев Сағидолланы облыстық Атқару кеңесінің төрағасы етіп сайлады, ал Мұқашев Саламатты облыстық Кәсіподақ комитетінің төрағалығына тағайын­дады. Мұндай тарихта болмаған батыл шешімге облыс жұртшылығы таңғалды әрі риза болды.
Біраз жылдан соң Құбашев Қазақстан Компартиясының екінші хатшылығына дейін өссе, Мұқашев Қазақстанның Кәсіподақ Комитетін қаншама жыл басқарды емес пе. Екеуі де Нұртас ағаның сенімін ақтады деуге болады.
Нұртас аға Гурьевке басшы болып келгенде өзімен бірге «командасын» ертіп келген жоқ. Обкомда, Атқару комитетінде қызмет істеп жүрген жігіттер: «Қалай болар екен, қызметімізден айрылып қаламыз ба?» – деп күпті көңілде жүргенде бір күні Нұртас аға: «Еш уайымдамаңыздар, қызметтеріңізді атқара беріңіздер. Бірақ адал, жақсы жұмыс істеңіздер, сонда менің досым боласыздар. Басқа жақтан ешкімді шақырмаймын, осы елде де ел басқаратын азаматтар бар…» – депті. Даналық емес пе?! Оңдасынов ағаның «Осы елде де ел басқаратын азаматтар бар!» дегенін Рахмет өмір бойы көптің алдында айтып, үлгі етіп отыратын.
Нұртас аға сөзінде тұрды, жоғары білімі бар, мұнай өндірісінде еңбек етіп жүрген азаматтар: М.Есенов, С.Өтебаев, Ж.Досмұхамбетов, Ө.Балғынбаев, Р.Өтесінов, Т.Жұмағалиев, Х.Өзбекқалиевтарды облыстағы лауазымды қызметтерге өсірді, аудан басшылығына Т.Қағазов, Ж.Өтеғалиев, Ө.Исмағанбетов, З.Ғұмаров, Қ.Оспанов, О.Нығметдиновтерді қойып, қатты қолдады. Ол кісі «Өндірісі дамыған ел – бай ел» дегенді жиі айтады екен және сол мақсатта қарқынды жұмыс істеді. Академик Қаныш Сәтбаевпен бірлесе отырып Гурьевте екі рет Бүкілодақтық ғылыми-конференция ұйымдастырды. Мақсат – мұнай өндірісін дамыту. Геология және геофизика ғылыми-зерттеу институты ашылды. Сан ғасырлап тып-тыныш жатқан Маңғыстау даласына геологтар мен барлаушы-бұрғышылар көптеп келе бастады. Даланың келбеті өзгерді, Жаңаөзен қалашығының алғашқы үйлері салына бастады. Өндірістің өсуіне байланысты «Манғышлакнефтегазразведка» тресі құрылды. Жастардың мұнайшы, бұрғышы, инженер, геолог мамандығына қызығушылығы артты. Мемлекеттік жолдамамен көп жас Мәскеу, Ленинградқа оқуға жіберілді.
1961 жылы Өзен мен Жетібайдан мұнайдың мол қоры табылды. Бұл – Одақ бойынша үлкен оқиға. Бірақ бұның бір жаман жағы да болды. Көрші жатқан Түркіменстан мен Әзербайжан республикасының басшылары: «Қазақстан ондай мол мұнайды игере алмайды, сондықтан Маңғыстауды бізге беріңдер», – деп Мәскеудегі Орталық Комитетке бара береді. Бұны естіген Нұртас аға өзінің Үкімет басқарған кезде тапқан достарына, тамыр-таныстарына шығып: «Мұнай институтын бітіріп келген жастар бізде көп, өзіміз игере аламыз», – деп Маңғыстауды қорғап қалады.
Мына бір оқиға осыған дәлел: мұны мұнайшы ортасы аңыздай етіп айтып жүретін, содан менің де құлағымда қалып қойыпты. Шындығына келгенде, ол кезде қазақ мұнайшылары аз еді ғой, оны мойындау керек. Бірақ маман аз деп Маңғыстауды беріп қойсын ба… Содан Нұртас аға атырау­лық мұнайшыларды Маңғыстауға жібере бастайды. Үйренген, туған жерден кімнің кеткісі келсін, көбі қарсы болады. Соның бірі – Халел Өзбекқалиев, ол: «Бауырларым науқас, Маңғыстауға бара алмаймын», – дейді обкомның бөлім басшыларына. Оңдасынов аға: «Кадрларыңа кәдірлерің жоқ», – деп Өзбекқалиевті өзіне шақыртады. Халел: «Бауырларымды тастап кете алмаймын, науқас», – дейді. Сонда Оңдасынов аға: «Қалқам Халел, ел басына күн туғанда бауыр емес, өз басыңды да тігесің. Біз шамалы осалдық танытсақ болды түркімендер мен Әзербайжан бауырлар Маңғыстауды алып алғалы тұр. Ел алдында ұят болмай ма, болашақ ұрпаққа не айтамыз…» – деген кезде Өзбекқалиев еріксіз орнынан тұрып, Нұртас ағадан кешірім сұрап: «Барамын Маңғыстауға», – депті.
Маңғыстаудың Түркімендерге берілмей қалуында Нұртас аға мен жас Геология министрі Шахмардан Есеновтің еңбегі ерекше. Шахмарадан сол тұста Маңғыстау­ға келіп, шатыр құрып далада жатты. Өз көзімізбен көрдік. Құжаттарды дайындап, қазақ мамандарының есебін жүргізіп, Нұртас ағаның Мәскеудегі достарына барып жүріп зорға дегенде алып қалды емес пе?! Тіптен Шахмардан Қарақалпақтағы мұнайшы қазақтарға астыртын адам жіберіп: «Маңғыстауға келсін, бар жағдайын жасаймыз», – деп бәрін көшіріп алды. Бұны біліп қалған Орталық Шахмарданға сөгіс жариялап, басын біраз дауға қалдырды.
Рахмет айтып отыратын: «Бұған көмектескен Нұртас ағаның біліктілігі мен жоғарғы басшы орында көп жыл қызмет істеп, өзіне жолдас, дос жия білген қасие­тінде еді. Біздер айлап шеше алмай жүрген шаруаны ескі достарымен телефон арқылы байланысып, әп-сәтте-ақ шеше қоятын» – деп.
«Әйелдер жұмысқа тиянақты, жауапкершілікпен қарайды, сондықтан оларды мемлекеттік лауазымды қызметтерге тарту керек» деген Нұртас ағадан қалған қағида бар. Нұртас ағаның тұсында: Әленова Өзира – Қазақстан Кәсіподақтар Кеңесінің хатшысы, Жұмағалиева Балжан – мұнай кәсіпшілігіне директор болған алғашқы әйел, Дүтбаева Қатира – облыста халық ағарту жұмысын басқарды, ұстаздарға ұстаз болды, Мұсағалиева Сара – Жоғарғы Кеңестің депутаты, Бекешова Клара – облыс хатшысының орынбасары, Ғабдісәлімова Мадина – облыстық жастар Одағын, Кәсіподақ Кеңесін басқарды, Сабырова Миллят – Теңіз және Ембі аудандарының Атқару комитеттерінің төрағасы, Масатова Жапырақ – совхозға директор болды. Нұртас ағаның әйел-аналарға деген құрметінің, сенімінің, даналығының арқасында лауазымды қызметтер атқарып, халықтың құрметіне бөленген ару қыздардың қатары бұл ғана емес, өте көп…
Нұртас аға халыққа жақын болды. Сонау Үстірттің қойнау-қойнауында жатқан малшыларды аралап, мұнай іздеп сары даланы кезіп жүрген геологтар ортасына барып, жағдайларын өз көзімен көріп отыру, ол кісінің іс атқару әдіс-тәсілі болатын. Рахмет елге басшы болудағы Нұртас ағаның осындай іс-тәсілінен сабақ алып, үйреніп отырды десем де болады. Жақында Нұртас аға жайлы Рахмет жазған «Нар тұлға» деген мақаласын оқып шықтым. Мына жолдар мені қатты тебірентті: «…Мен көрген адамдардың ішінен Нұрекеңдей (Оңдасынов) ақылы асып тұрғанын көргенім жоқ», – депті ағынан ақтарылып. Рас, Рахметтің араласатын ортасы үлкен болды. Ол 1964 жылы жаңадан ашылған Өзен мұнай өндіру басқармасына бастық болған кезде тек қана республика басшылары ғана емес, Мәскеу басшылары да жиі келетін, оларға өндірісті көрсетіп, таныстырып отыратын. Кім білсін, сондай кездерде туған ой-пікірі болар.
Рахмет: «Нұрекеңнің жүйкесі қандай мықты, қанша жерден біреудің кемшілігін, бүлдірген ісін көріп тұрса да баз біреулердей айғайлап, боқтампазданып кетпейді. Байсалдығынан бір танбайды, асығыс шешім шығармайды. Қатты ашуланса үндемей, алдындағы қағаздарын көмекшісіне қарай ысырып тастайды да орнынан тұрып кетіп қалады», – деп таңғалып айтып отыратын. Өзім ойлаймын, ағаның осындай қасиеттерінен сол кезде ел билігіне енді араласып, өсіп келе жатқан жастардың бәрі сабақ алды, үлгі тұтты деп.
Нұртас Оңдасынов ағаның Атырау мен Маңғыстау өңіріне сіңірген еңбегі зор. Теңіздің жағасында батпаққа батып жатқан балықшылар ауылын қырға шығарып, бәріне жаңадан үй тұрғызып берді. Гурьев қаласының көшелері асфальтталып, оның жиегіне ағаштар, гүлдер отырғызылды. Бірер жылдың ішінде қала көркейіп, шатырлары жарқыраған жаңа үйлер көбейді. Жер тұзды, өспейді дегенге қарамай, алма ағаштарын отырғыздырды. Қаланың іргесіндегі «Теңдік» колхозы бау-бақшамен айналысып, қаланы көкөніспен қамтамасыз етті және Нұртас аға жаңа бір бастама бастады, ол «спутник» мектептер салу, яғни ескі мектептің қасынан жаңа мектеп салуды әрбір шаруашылық, өндіріс ұйымдарына тапсырды.
«Құрманғазы мен Динаның елінде ұлт-аспаптар оркестрінің болмауы ұят қой», – деп Алматыда оқу бітіріп жатқан музыканттар Сейілхан мен Раушан Құсайынов­тарды Атырауға шақыртып, бүгінгі Дина Нұрпейісова атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің негізін қалатқан да Нұртас аға болатын.
Жақында отағасы Өтесінов Рахметтің қағаздарын қарап отырып Нұртас аға туралы жазған жазбасын тауып алдым. Нұртас ағаның Маңғыстауға келіп атқарған шаруаларынан көп мәлімет беріпті. Рахмет сол мақаласын: «…1964-жылы жаңа ашылған Өзен мұнай өндіру басқармасына басшылық еттім. Нұртас Оңдасынов ұстазым армандаған Маңғыстау мұнайының 1-эшелоны 1965-жылы 10-шілдеде Гурьев мұнай өңдеу зауытына жөнелтілді. Маңғыстау түбегі еліміздің үлкен индустриялық орталығына айналды. Қазір Жаңаөзенде жүз мыңға жуық халық тұрады. Қазіргі ұрпақ осы үлкен істің басында мемлекет қайраткері, нағыз халқының қамын ойлаған Нұртас Оңдасыновтай аға ұрпақ ардагерлердің ерен еңбегі жатқанын білуі керек. Жақсының өзі өлгенмен ісін өлтірмеуіміз керек, жас жеткіншек санасына ұялату біз секілді аға ұрпақтың парызы болмақ!» – деп аяқтапты.
Менің де бар ғұмырын елі мен жеріне арнаған Нұртастай ағаны ұлықтай берейік және ұмытпай жүрейік дегім келеді.
Біз Нұртас ағаны өз шаңырағымызда екі рет қонақ еттік. Ол кезде атам, Рахметтің әкесі бар болатын. Екеуінің әңгімелері жарасып, ұзақ-ұзақ сұхбаттасып отыра беретін. Шай құйып отырып әңгімелеріне мен де құлақ түріп қоямын. Нұртас аға әке мен анадан жастай жетім қалғанын, Ташкендегі жетім балаларға арналған мектеп-интернатында оқып жетілгенін, жас кезінде ғалым болсам деп армандап, бірақ партияның нұсқауымен ел басқарып кеткенін, соғыс жылдарында Гурьевтен мұнай өндейтін зауыт салғандарын, Үстірттің үстін, малшыларды жаяу-жалпы аралағанын ақырын, баппен баяндайтын. Өте сымбатты, сыпайы, мәдениетті кісі еді.
Нұртас аға қызметтен тәжірибесі мол, кемел шақ – 58 жасында ойламаған жерден, даңғой Хрущевтің қысымымен зейнеткерлікке шығып, ел асып, жер асып, халық үшін небір жоспарлаған істерін орындай алмай арманда кете барды. Бұл қара халыққа қатты батты. Сегіз жылдың ішінде Маңғыстау мен Атырауды көркейтіп, қаншама азаматтарын тәрбиелеп, биік лауазымды қызметтерге өсіріп кетті.
Ел үшін, халық үшін Нұртас ағаның атқарған шаруаларын көне көз қариялар аңыздай қылып айтып отыратын еді. Олардың қатары сиреді… Қарыз болмасын деп, мен де естіген, көрген жайттарымды осылай баяндауды өзіме парыз санадым.

Сақыш ҚАРАБАЛИНА,
Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі,
Жаңаөзен қаласының
Құрметті азаматы

ПІКІРЛЕР2
Қонақ 30.07.2024 | 18:10

Оңдасынов нағыз қайраткер, ел қамын жеген басшы болғанын осы бір мақаладан ақ көруге болады екен. Мұндай қайраткері жастарға үлгі етіп, кеңінен дәріптеуіміз керек -ақ!

Қонақ 30.07.2024 | 18:47

Авторға рахмет , қайраткер Н.Оңдасыновтың қазақтың батыс өңірінде атқарған ісі еш болмасын , ұмытылмасын деп еңбектенгеніне тек қана алғыс !

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір