Болмысы бөлек актер
ӨНЕРМЕН ӨРІЛГЕН ҒҰМЫР
Белгілі театр және кино актері, ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Иісбек Әбілмәжінов 70 жас мерейлі мерейтойына толайым табыспен, үлкен абырой, атақпен, халқының құрметіне бөленіп келіп отыр. Қасиетті сахна мен экран төрінен жүрегі сырға, көкірегі жырға толы небір романтикалық, лирикалық кейіпкерлермен бірге, ішкі жан дүниелері қарама-қайшылыққа толы сан алуан бейнелердің галереясын жасаған майталман актер буырқанған шығармашылық жолында қиял көкжиегінің кеңдігі мен тасқындаған шабытының молдығын әрдайым танытып, көрермен қауымның ыстық ықыласын иеленіп жүр.
Табиғаты сұлулығымен баурап алатын Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген И.Әбілмәжінов бала жастан өнерге бейім, ән мен жырға жақын, жаны әдемілікке құштар болып ержетеді. Содан болар, орта мектепті бітіргеннен кейін 1971 жылы Тарбағатай аудандық Мәдениет үйінде автоклуб меңгерушілігіне тағайындалады. 1976 жылы әскери борышын өтеп елге оралған соң, Абай атындағы Опера және балет театрында сахна жұмысшысы ретінде еңбек жолын жалғастырды. Бұл театрдағы қызу шығармашылық қарқын жас жігіттің өнерге деген құштарлығын одан сайын арттырып, актерлік мамандықты таңдауына бағыт сілтеді.
Жастықтың жалынымен көздеген мақсатына ұмтылған жас өрен 1980 жылы Алматы Мемлекеттік театр және көркемсурет институтының «Актерлік өнер» мамандығына оқуға түсіп, 1984 жылы сәтті тамамдады. Қазақ өнерінің хас шеберлері Асқар Тоқпанов, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шәріпова сынды т.б. өнер саңлақтарының ұстаздық үлгісін көрген И.Әбілмәжінов өзінің актерлік қызметін Семей облыстық Абай атындағы Музыкалық драма театрынан бастады. Сұңғақ бойлы, сырт сымбатына ішкі мазмұны сай, мінезі ашық-жарқын И.Әбілмәжінов сахналық серіктестерімен тез тіл табысып, қағілездігі мен алғырлығын танытты. Оның актерлік қадамының алғашқы баспалдағы саналатын Н.Гогольдің «Ревизорындағы» – Осип, Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілеріндегі» – Байбол, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысындағы» – Мылқау, С.Мұқановтың «Қашқар қызындағы» – Достай, О.Бөкейдің «Зымырайды пойыздарындағы» – Дархан, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатындағы» – Сәлім, т.б. рөлдері болды. Ол болмыс-бітімі жағынан бір-біріне мүлде ұқсамайтын кейіпкерлердің қыры мен сырын ашуға ұмтылып, өзіне тапсырылған қаһармандардың табиғи жан дүниесін боямасыз көрсете алды. Содан болар, оның талант құдіретімен жасалған әрбір бейне көрермендерді бей-жай қалдырмай, ерекше сезімге бөледі. Айталық, Қожахмет Рахметов режиссурасымен қойылған «Зымырайды пойыздар» спектаклін өз көзімен көрген жазушы-драматург О.Бөкей Дархан рөлін сомдаған И.Әбілмәжіновтің арқасынан қағып: «Дарханның сендей болғанына күмәнім жоқ», – деп ризашылығын білдірген екен. Шынымен де, жас актердің негізгі табысы дәуір тынысына қарай өз қаһарманының жүрек соғысын дәл бейнелей алуы еді. Кейіпкерінің қалыптасу үрдісін суреткерлік тұрғыда дөп басып, тұла бойы қайшылыққа толы адамның өмірге деген көзқарасын жан-жақты ашып, жігіттің жарына деген ыстық махаббатына сендіре алды.
Актердің Семей театрының сахнасында сомдаған бейнелері шығармашылық тұрғыда алға ілгерілеу мен шыңдалудың үлкен мектебіне айналды.
Сахна өнерінің қыры мен сырын еркін игерген зейінді актер 1987 жылы М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрына қызметке қабылданды. Қазақ өнерінің қара шаңырағы атанған киелі өнер ордасында кілең майталман шеберлермен қатар жүріп, шығармашылығын ұштаған актер ішкі парасаты мен байқампаздығының арқасында өзінің шабыт-шалымын көрсете алды. Әсіресе режиссер Қ.Жетпісбаев қойған У.Шекспирдің «Юлий Цезарь» спектакліндегі Брут рөлі актердің жаңа қырын танытты.
И.Әбілмәжінов шығармашылығының келесі бір белді белесі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрымен тығыз байланысты. Осы театрда оның актерлік шабытпен зерлеген С.Сматаевтың «Зар заманындағы» – Бөгенбай батыр, Ш.Айтматов, М.Шахановтың «Сократындағы» – Қайырхан,
М.Әуезовтің (инсц. Р.Мұқанова) «Қаралы сұлу» драмасындағы – Болат, Б.Римованың «Көп ішінде – жалғыздар» пьесасындағы – мүсін, «Қалың елім, қазағымдағы» (инсц.Р.Сейітметов) – орта жастағы Абай, А.Толстойдың «Алтын кілтіндегі» – Папа Карло, т.б. рөлдері шынайы сахналық даралығымен ерекшеленді.
Драматург Р.Мұқанова мен режиссер Б.Атабаевтың шығармашылық ынтымағынан туған «Қаралы сұлу» (1996) қойылымындағы Қарагөз рөліндегі Г.Қазақбаева мен Болатты ойнаған И.Әбілмәжінов өзара мықты актерлік дуэт түзіп, көркемдік қуаты мықты, сахналық болмыс-бітімі ерекше мүсінделген бейнелер сомдады.
Қазақ театр өнеріне сонау 1990 жылдардың соңына қарай мүлде жаңа бағыт әкелген Б.Атабаевтың өзгелерден оқшауланып көрінер тың тұжырымдары, стильдік ой саптау ерекшеліктері мен актер табиғатын ашу тәсілдері, олармен жұмыс жасау үдерісіндегі интроспекция әдісін пайдалану шеберлігі қойылымның көркемдік сапасын жоғары деңгейге көтерді. Режиссер Қарагөздiң әлеуметтiк ортасы, тыныстар ауасы
фольклорлық атмосфера екенiн дөп басып, спектакльде халық өлеңдерi мен әндерiн талғаммен пайдаланған. Мұның өзi спектакльдiң көркемдiк шоқтығының биікке көтерілуіне мол әсерін тигізді. Әсіресе И.Әбілмәжіновтің домбырада еркін ойнап, жүрек қылын шертетін халық әндерін өзіне тән қоңыр дауыспен жеріне жеткізіп шырқауын режиссер айрықша бағалады. Оның аузындағы «Мақау жарды қайдан табам» деген ән жолдарының өзi Болаттың көңiлдегiсiн аңғартып тұрады. Режиссер Естайдың осы «Майда қоңыр» әнiн бүкiл спектакльдiң лейтмотивi етiп тарта бiлген. Ол тек Болаттың ғана емес, әрбiр адамның асыл жар туралы арманын сездiредi.
И.Әбілмәжінов Қарагөзге сырттай ынтық жігіттің ішкі жан дүниесіндегі сезім арпалыстарын, психологиялық толғаныстарын нанымды бедерледі. Бүкiл жан-тәнiмен күйеуінің атын айтып сандырақтап, өз ыстығына өзi күйген Қарагөздiң – Г.Қазақбаева тiрi жанға бiлдiрмей келген қасiретiнiң куәсi болатын сахнада Болат адамгершілік қасиетімен тәнті етеді. Актердің жүзiнен сұлу келіншекке қолы жетпей қалған адамның өкiнiшi емес, әйел қасиетiн терең бағалай бiлетiн дарқан жүректi адамның рухани биіктігі аңғарылды.
Актерлік палитрасы өзіндік бояудан, өзгеше ажардан тұратын И.Әбілмәжіновтің сахналық тартымдылығы, тебіреніске толы монологтері, кісінің мейірімін тасытар жанды диалогтері, мақпал қоңыр үні, жылы көзқарасы, көрерменнің көңіл күйін ғажап сәттерге жетелейді. Оның сахналық немесе экрандық қаһармандары бірін-бірі қайталамайтын, бірақ азаматтық ізгі істерге бастайтын, өмір, қоғам жөніндегі өзіндік көзқарастары бар адамдарға тап келіп отырамыз. Өйткені уақыт, заман алдындағы биік мақсат-мүдделерді, суреткерлік парызды сезіну актердің басты кредосына айналған. Сондықтан да ол сомдаған бейнелер психологиялық қуатымен, көркемдік сырымен және терең философиясымен дараланады. Сахна суреткерінің психологиялық сана-сезім шындығына бағындырылған кейіпкерлер жан дүниесін меңгерудегі шеберлігі үлкен буын актерлеріміздің ойнау тәсілдерімен сабақтасқан, яғни бұрынғы актерлеріміздің бойынан мол кездесетін суырыпсалмалық, ән мен жырды көсілте айту, сөз сырын ашу И.Әбілмәжіновтің де басты ұстанымына айналған. Оның әрбір рөлі актердің суреткерлік өресін, мәдениеті мен білімін танытып, сахналық ұмытылмас бейнелердің қатарына қосылды.
И.Әбілмәжінов 1995 – 1997 жылдары Алматы Мемлекеттік театр және кино институтының «драма режиссері» мамандығын оқып бітіргеннен кейін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры сахнасында Ө.Боранбаевтың «Бәрінен күшті – қорқақ көжек», М.Ахманов пен М.Томановтың «Делдал қарға», М.Ахмановтың «Алдардың айласы» атты балаларға арналған пьесаларын сахналады. Бұл қойылымдар театр репертуарында ұзақ жүріп, балғын бүлдіршіндердің эстетикалық талғамының қалыптасуына мол ықпалын тигізді. Сонымен қатар Р.Томаның «Он и восемь женщин» атты пьесасын «Әйел сегіз – ол жалғыз» деп аударып, Б.Римова атындағы Талдықорған облыстық драма театрында және Жамбыл облыстық қазақ драма театры сахналарында қойды. Ал 2017 жылы ШҚО қазақ драма театрында Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясын сәтті шығарды. Оның қойылымдарынан режиссерге аса қажет сахналық үрдісті ұйымдастыру қабілетімен бірге, актердің рөлмен жұмысына ерекше көңіл бөлетіні аңғарылады.
Үнемі тынымсыз ізденіс үстінде жүретін Иісбек Рамазанұлы драматургия жанрында да қалам тербеп «Адал едім ғой, адал едім», «Шырмауық», «Мерген қыз» (Ә.Молдағұлова туралы), «Пысықпын ба, жоқ… Психпын ба…Көрерсіздер» атты пьесаларын жазды. Сонымен қоса М.Байджиевтің «Дуэлін» – «Жекпе жек», Н.Островскийдің «Праздничный сон – до обеда» – «Думанды күні көрген түс – түске дейін ғана», «Свои собаки грызутся, чужие не приставай» – «Ырылдарсың, қаппассың, менен артығын таппассың», «Зачем пойдешь – то и найдешь» — «Іздесең нені – ілерсің соны», Ф.Конидің «Жених по доверенности» водевилін «Сенім арқалаған күйеу жігіт»,
П.Шеффердің «Амадейін», М.Митуаның «Аккомпониаторын» – «Сүйемелдеуші» деп қазақ тіліне аударған.
И.Әбілмәжінов шығармашылығының келесі ірі арнасы қазақ кино өнерімен бітеқайнасып жатыр. Бұл салада да актер өзінің сахнадағы ұстанымдарын берік сақтап, сан қилы бейнелер сомдады, яғни ол рөлдің психологиялық шешімі мен пластикалық үлгісін шебер жымдастырып, психофизикалық әрекеттің тұтастығына мән берді. Осы уақытқа дейін 50-ден астам көркем фильмдерге түскен актер әрқилы бағыт-бағдармен стильдерді ұстанған, әртүрлі көркемдік мектептердің өкілдері болып саналатын кинорежиссерлермен жұмыс жасап, ұлттық кино өнерінің алыс-жақын шетелдерге танылуына ерен еңбек сіңіріп келеді.
Дара дарын иесі И.Әбілмәжіновтің көп қырлы еңбектерінің қатарында, оның бірнеше киноларға жасаған дубляждарының орны бөлек. Сондай-ақ «Қазақстан» Ұлттық телерадио-корпорациясы мен «Хабар» телеарналарындағы көптеген бағдарламалардың жүздеген сандарында жазылып қалған қоңыр үнді сырлы дауысы – «Алтын қорға» келіп қосылған рухани мұра екені сөзсіз.
Өнер көгінде жұлдыздай жарқыраған И.Әбілмәжінов – педагогика саласында да мұратына жеткен тұғыры биік ұстаз. Ол ұзақ жылдан бері Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында өнер өріне құлаш сермеген талай буын шәкірттерді білім нәрімен сусындандырып, білікті мамандар даярлау ісіне айрықша атсалысып келеді. Қазіргі таңда олар республикамыздың театрлары мен кино және телеарналарында қазақ өнері мен мәдениетіне қомақты үлестерін қосып жүр. Түлектерінің ішінде «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінің, сондай-ақ халықаралық және республикалық театрлар фестивальдерінің лауреаты болғандары да бар.
Қорыта айтқанда, «сегіз қырлы, бір сырлы» И.Әбілмәжіновтің өнердегі өрісі мен ұлтжанды болмысы, азаматтық адамгершілік келбеті замандастары үшін ғана емес, кейінгі жастарға да үлгі демекпіз.
Бақыт НҰРПЕЙІС,
өнертану докторы, Темірбек Жүргенов атындағы
Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры,
театртанушы
Экранның абыройлы ақсақалы
Бүгінгі қазақ киносында өзіндік актерлік қолтаңбасын қалыптастырып, бөгенайы бөлек рөлдерді сомдап жүрген дарқан дарын иесі Иісбек Әбілмәжінов, шын мәнінде, ұлттық экранның мазмұнын байытуға сүбелі еңбек сіңіріп келеді. Кино өнері саласындағы 30 жылдан астам өнер жолында И.Әбілмәжінов бас-аяғы 50-ден астам кинофильмде рөлдер сомдаған екен. Табиғатынан байсалды актер һәм режиссер өзінің сирек кездесетін тұрқы мен бітімінің және аса шебер актерлік қырының арқасында көпшілік көрерменнің де жүрегіне жол таба білді.
И.Әбілмәжінов кинодағы шығармашылық жолын 2000 жылдардан, дәлірек айтқанда, «Мосфильм» киностудиясы түсірген «Чек» фильмінде Ыдырыс рөлін шебер алып шығып, өзінің кино әлеміндегі өнер сапарын бастаған болатын. 2010 жылы «Рывок» фильмінде такси жүргізушісі рөлін сомдаса, 2011 жылы экранға шыққан «Алдар көсе» телевизиялық сериалында Жүсіп көпестің рөлін аса шынайы һәм нанымды сомдады. 2012 жылы көрерменге жол тартқан Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмінде басты рөлдердің бірі Исабек рөлін нәшіне келтіре ойнады. Бұл кейіпкер – «Шал» картинасындағы көп қырлы бейнелердің бірі. «Шал» қазақ киносы тарихындағы ұлттық болмысымызды ерекше қырынан айшықтайтын туындылардың бірі ретінде бағаланғаны көпшілікке мәлім. Дәл осы фильмнің екінші пландағы оқиғасының аса нанымды көрініс табуына және тұтас кинокартинадағы кейіпкерлердің ұлттық мінезін айшықтауда Исабек бейнесі сөзсіз ерекше күш беріп тұрғанын бірден аңғарамыз.
И.Әбілмәжінов режиссер Асқар Ұзабаевтың «Ғашық жүрек» (2012) сериалында профессор бейнесін сомдады. Фильм ұлттық телехикая өндірісіне сол жылдары тың серпін беріп, көпшілік көрерменнің көзайымына айналған отандық туынды болды. «Ғашық жүрек» кейінгі жылдары қауырт түсіріле бастаған веб-сериалдар мен телевизиялық форматтағы ұласпалы фильмдер өндірісіне шабыт берген сәтті туынды еді. 2013 жылы экранға шыққан «Олимпийцы» сериалында И.Әбілмәжінов жаттықтырушы спорт шебері рөлінде ойнады. Аталған телехикаядағы сәтті бейнеден кейін қазақ көрермені Иісбек Рамазанұлын америкалық атақты кино жұлдыз М.Фрименге ұқсастыра бастады. Шынымен де, И.Әбілмәжіновтің сыртқы келбеті ғана емес, психологиялық тебіреністерді берудегі шеберлігі мен көңіл күй арпалыстарын жеткізудегі шынайылығы аталған актерге ұқсайтыны анық байқалады. Ал «Лифт» кинокартинасындағы Сәрсен рөлінен кейін киносүйер қауым Иісбек ағамызды «қазақ киносының Морган Фримені» деп біржола атап кетті.
Өзінің қайталанбас қоңыр дауысы мен қашаннан бір сыр жасырынып жататын жанары актердің экрандағы бейнесін тым мазмұнды етіп көрсететін. Содан болар И.Әбілмәжінов сомдаған кинокартинадағы әр рөл көрермен жүрегін бірден жаулап алады. Актер осыдан соң толықметрлі көркем фильмдер мен сериалдарға жиі шақырыла бастады. Дәлірек айтқанда, Ержан Рүстембековтің «Ұстаз» (2013 ж.) телехикаясында завхоз рөлін сомдаса, 2014 жылы Ермек Тұрсыновтың «Кемпір» көркемфильмінде Сәскебайды аса қарапайым әрі мейірімді етіп бейнеледі. Бұл рөлді Иісбек Әбілмәжіновке арнайы жазған Е.Тұрсынов өз сұхбаттарында режиссердің айтқанын лезде қағып алатын актердің алғырлығын айрықша бағалаған.
2014 жылдан бастап «Хабар» телеарнасының танымал жобасы болып келе жатқан «Пәленшеевтер» сериалында И.Әбілмәжінов ата бейнесін кескіндеді. Аталмыш сериал телеарналар рейтингінде ең көп қаралған жобалардың бірі болып қалды.
Белгілі кинорежиссер Рүстем Әбдірашовтің «Елбасы жолы» және Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып экрандалған «Алмас қылыш» көркем фильмдерінде актер И.Әбілмәжінов жарқырап көрінді. Ол «Елбасы жолында» Жатқанбай молданы, «Алмас қылышта» қазақ тарихындағы атақты аңыз кейіпкер Асан қайғы рөлін сомдады. «Қазақ хандығы» тарихи телесериалында да қайталай сомдаған Асан жырау рөлі И.Әбілмәжіновтің актерлік шығармашылығындағы ең маңызды бейне деп қарауға болады. Асан қайғы, ол – тарихи һәм терең тұлға, би, данышпан, ойшыл. Оның тарихи және мифтік бейнесі қазақ жадында әлдеқашан қалыптасқан. Ал кино экранда көпшілік күткен аңыз бейне өз деңгейінде көрініс тапты. Көрермен қауым ақ сақалды, қос жанарына сыр мен даналық тұнған қазақтың, шын мәнідегі, жанашыр абызы мен дана қартының тұлғасын жылы жүрекпен қабылдады. Қазіргі күні актермен кездейсоқ жолығып қалатын адамдардың көпшілігі Иісбек Рамазанұлына «Абыз ата» деп қошемет көрсетіп жатады. Мұны – актер жұмысына берілген халықтың үлкен бағасы десек, қателеспейміз.
Экран жұлдызы И.Әбілмәжінов бұдан кейін бірнеше коммерциялық кино жобаларға қатысты. Айталық, Нұртас Адамбайдың «Ауылдан қашу: махаббат операциясы» фильміндегі механик рөлін өз деңгейінде алып шықты. Ал Асқар Бисембиннің «Үш бойдаққа бір той» (2015) кинокомедиясындағы әке рөлі арқылы өзінің комедиялық талантын жан-жақты көрсетті.
Саңлақ актер Жеңісхан Момышевтың «Қазақша бизнес» (2016) комедиялық туындысында ата бейнесін нанымды сомдады. Осыдан кейін «Қазақша бизнес» кино жобасы отандық кассалық фильмдер өндірісінің көшбасшысы болып, күні бүгінге дейін қазақтілді үздік бұқаралық киноконтент ретінде түсіріліп келеді.
Нұртас Адамбай өзінің эксперименттік фильмі «Лифт» кинокартинасын 2017 жылы экранға шығарды. Бұл Н.Адамбаевтың Иісбек Әбілмәжіновке арнайы жазған киноценарийінен шыққан туынды еді. Саналы ғұмырын еңбекке арнап, қарапайым өмір кешкен қатардағы күзетші Сәрсен мен байлыққа жеңіл қол жеткізген жас буын өкілінің арасындағы қарама-қарсылық фильмнің өзекті идеясы болды. Тәуелсіздікпен қоса, елімізде қоғамдық қатынастар да жаңарды. Нарықтық таңдау адамдар арасында жаңа таптық жіктелу туғызды. Режиссер жылдам өзгерістерге түсіп жатқан өміріміздегі екі буынның өкілін бір лифтіде тоғыстырып, олардың арасындағы қайшылықпен басталатын диалог арқылы қоғамдық мәселелерді қозғаған. Ретімен өрбитін қосымша оқиғаларға сәйкес біз экраннан түрлі эмоциялық өзгерістерге түсіп, аса шебер актерлік ойын үлгісін көрсететін И.Әбілмәжіновтің Сәрсеніне таңданыс білдірмей тұра алмаймыз.
Тұтас фильмде актер өз шеберлігінің арқасында қайғы мен қуаныштың, мұң мен жұбаныштың, ашу мен сабырдың, мейірім мен қаталдықтың аражігін әр көрерменнің жүрегіне жеткізе біледі. «Лифт» туындысы 2018 жылы Лос-Анжелесте өткен «Жанрлық фильмдер» ХКФ-де «Үздік драмалық фильм», «Үздік режиссура» және «Үздік операторлық жұмыс» номинацияларын иеленген болатын.
Актер осыдан кейін де киноэкранда көптеген айтулы рөлдерді сомдады. Ернар Нұрғалиевтің «Сүйе білсең» (2017) сериалында Самат, Арман Қарабаевтың «Амал дәптері» (2018) туындысында бастық бейнесін алып шықты. И.Әбілмәжінов 2019 жылы «Ахико», «Жедел жәрдем», «Полигон», «Маша – Дударай» қатарлы 8 бірдей кинокартинаға түсіп, әр туындыда қайталанбас рөл сомдап, өзінің кәсіби шеберлігін таныта білді.
2020 жылы «Хабар» арнасының 25 бөлімнен тұратын «Алпыстан асып барамын» (реж. Ш.Әбдібек) телесериалында И.Әбілмәжінов Қияқбай ақсақалдың рөлінде ойнады. Берекелі ауылдың қадірлі қарттарының бірі ретінде Қияқбай рөлі көрерменге қазақтың нағыз ақсалының бейнесін көрсетіп, көптің көңілінен шықты. Туынды әсіресе жас ұрпақ санасына ұлттық тәрбиенің биік үлгісін сіңіре алды деп сеніммен айтар едік.
Өзінің тырнақалды толықметрлі фильмі ретінде жас киногер Айсұлтан Сейітов 2022 жылы «Қаш» көркем туындысын көпшілікке ұсынды. И.Әбілмәжінов фильмде негізгі кейіпкерлердің бірі ауылнай рөлін сомдайды. Фильм өткен ғасырдың 1930 жылдары ұлтымыздың басынан өткен алапат аштықты баяндайды. Иә, фильмдегі оқиға бір қарағанда ашаршылық зұлматы тұсындағы қазақтың басынан өткен ауыр күндері туралы болғанымен, фильмнің астарында біртұтас ұлттық тарихымыз бен мыңдаған жылдарға созылған елдік мұраттың жасырын символикалары бірден аңғарылады. И.Әбілмәжінов кейіптеген ауыл басшысы – оқиғадағы маңызды антагонистік кейіпкер. Ол қоғамдағы билік пен зорлық-зомбылықтың символы ретінде бейнеленген. Фильмдегі ауылнайдың әрекеттері және оның Исатай мен басқа кейіпкерлерге жасаған қысымы билік пен қарапайым халық арасындағы шиеленісті көрсетеді. Бұл рөлі арқылы режиссер қатігез билік пен қолдан жасалған аштықтың адам тағдырына әсерін айқын суреттейді. Актердің шебер ойыны кейіпкердің қаталдығын және сол замандағы шындықты шынайы жеткізе білген. Оның шебер интерпретациясы фильмге қосымша эмоционалды тереңдік береді, көрермендерді сол тарихи кезеңнің ауыртпалығын шын сезінуге мәжбүрлейді. Бұндай әсерді бере алу, ең бірінші актер бойындағы табиғи дарынға байланысты болса, екінші кезекте шеберлік пен жылдар бойғы жиналған кәсіби тәжірибе деп білер едік.
Бүгінде кино өнерінің абыройлы ақсақалына айналып, ұлттық экран өнерінде өзіндік дербес қолтаңбасын қалдырған Иісбек Әбілмәжіновтен алдағы уақытта да көрерменін тамсандыра беретін тың дүниелер күтеміз.
Әлімақын ЖАНБОЛАТ,
кинотанушы,
Темірбек Жүргенов атындағы
Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы