Көзбен көргеннің әсері бөлек
11.12.2023
844
0

Биылғы сапарларымыздың алды киелі өлке Маңғыстау облысына барғанымыз болды. Бұрын-соңды жолым түспеген киелі топыраққа табаным тигеніне қуандым. Қарт Каспидің жағасындағы әйгілі Ақтау қаласы өзіне тән сұлулығымен тәнті етті.

   Біз бұл сапарға Қазақстан Жазушылар одағы мен Маңғыстау облыстық әкімдігінің бірлескен жобасы аясында шыққан едік. Бұл жобаның атауы «Әдебиетті насихаттау пулы» деп аталған еді. Көрген-білгеніміз бен алған әсеріміз алдағы уақытта шығармашылығымызға арқау бола жатар. Тіпті сапарлас жолдасым, жазушы Ырысбек Дәбей араға көп уақыт салмастан «Күй» атты кереметтей әңгіме жазып үлгерді.
Елмен, жермен кеңінен таныстық. Тамырын тереңнен тартатын паң Маңғыстаудың тарихын білу бөлек те, көзбен көрудің әсері мүлде басқа. Сол елдегі оқырман қауыммен өткен кездесулердің әрқайсысы рухани азық сыйлады. Әдебиетке абыз Әбіш Кекілбайұлынан бастап, Сабыр Адай, Светқали Нұржандарды берген Маңғыстаудың зиялы қауым өкілдерімен өткен жылышырайлы кездесулерде әдебиеттің бүгіні мен ертеңі туралы ой өрбіттік.


Бірқатар кездесулеріміз Ақтау қаласындағы облыстық кітапханада, университетте және Жазушылар одағы Маңғыстау облыстық филиалында өтті. Одан кейін Жаңаөзен қалалық, Мұнайлы аудандық мәдениет үйлеріндегі жылышырайлы кездесулермен жалғасты. Оқырмандармен өткен кездесулер әдеби кеш сипатында өтті. Оқырмандардың сұрақтарына жауап беріп, өлең оқыдық. Жергілікті оқырмандар да поэтикалық қойылымдар қойып, Абай, Мағжан, Мұқағалилардан тартып, жырдан шашу шашты. Жергілікті қаламгерлермен өткізген дөңгелек үстелде де әдебиетке қатысты көптеген ой-пікірлер ортаға салынды. Әсіресе Жаңаөзен қаласындағы кездесуге адам қисапсыз көп жиналды.


Сапарымыздың сәтті өтуіне бар жағдайды жасаған Қ.Сыдиықов атындағы облыстық кітапхананың директоры Зәуре Айтуарова мен Қазақстан Жазушылар одағының Маңғыстау облыстық филиалының директоры Әнуар Бимағанбетке және жас ақын Еділбек Дүйсенге ризашылығымызды білдіреміз. Бұрнағы жылдары жазушылар осылай топ-тобымен ел-елді аралап қайтатын. Және ол жеміссіз де болмайды. Қалам иесі де, оқырман қауым да пайдаға кенелетін. Осы бір игі дәстүр ұмытыла бастағандай да еді. Енді оның жаңғырып, жалғасып жатқанына қуаныштымыз. Еліміздің әр облысы дәл осылай қолдау білдіріп, жазушы мен оқырман арасындағы үзіліп қалған арқаудың қайта жалғануына ниет танытса, нұр үстіне нұр болар еді.

Бейбіт САРЫБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір