Бөгенайы бөлек бір баян
06.03.2024
1119
2

 «Ақиқат алдында адал емес суреткердің өнер алдында адал болуы мүмкін емес», – дейді заманымыздың аса көрнекті суреткері, ойшылы Әбіш Кекілбайұлы өзінің бір толғауында. Асылы, осы – рас сөз. Өйткені өнер дегеніміздің өзі болмыстың шындығының образдарымен бейнеленген көркем бейнесі емес пе?! Ендеше, виртуалды әлем саналатын өнер шын болуы үшін әуелі оған негіз болған болмыстың өзінің шынайы болмағы ләзім ғой. Осының бәрін тәптіштеп отыруымыздың себебі эссеист жазушы Мақсат Тәж-Мұрат­тың «Интернат, монша һәм бала бит басқа өрлеген күн» деп аталатын қазір біз сөзімізге тиек еткелі отырған баянын (повествовать – баяндау, баян қылу, ал повесть – баян) оқып шыққаннан ке­йін, неге екенін қайдам, ең алдымен, ойымызға Әбекеңнің осы бір философиялық пайымы орала кет­ті.
«Бақсақ, бақа екен» демекші, олай болатын жөні де бар болып шықты. Мақсат­тың бұл көркем туындысы өмірде нақты жүзеге асқан, оған автордың өзі бала күнінде куә болған бір оқиғаның ізімен жазылған екен: Аталған жай 1969 жылы кәдімгі бәрімізге мағлұм Атырау атырабын қақ жарып ағатын Ақ Жайықты жағалай қоныс тепкен көптеген елді мекенінің бірі – №11 Есбол ауылында өтіпті. Әрине, бұл сол кез­дегі баршаға аян Совет Одағы деп аталатын жер шарының алтыдан бір бөлігін алып, шаршысына толып, шаруасы шалқып жатқан социалистік мемлекет­тің бақыт­ты шақтарының бірі еді ғой. Сондықтан да осы ұлан-ғайыр біртұтас саяси-экономикалық социумның мыңдаған шағын шаруашылық субъектісінің бірі ретінде саналатын Атырау аймағындағы №11 ауылдың жалпы алғанда жағдайы жаман болмайтын. «Есболдықтар» жыл сайын сол кез­дегі Советстандағы бірден-бір саяси биліктің иесі саналатын данышпан Коммунистік партия жоғарыдан межелеп берген тапсырмаларды уақтылы абыроймен орындап, мал шаруашылығымен айналысатын совет­тік мекеме болғандықтан өздері өндірген мыңдаған тонна ет пен сүт­ті, жүнді Отан қоймасына уақтылы жөнелтіп жататын. Сондықтан да «сыйға – сый, сыраға – бал» демекші, ол уақыт­та, негізінен, «есболдықтардың» иығы бүтін, қарны тоқ, көйлегі көк болатын.
Алайда өмірде ақ пен бірге қараның, жақсылық пен бірге жамандықтың қосарласып жүретіні секілді «есболдықтардың» осы мамыражай тірлігінің табан астынан шырқын бұзған әжептәуір саяси әлеумет­тік астары бар инцидент бұрқ ете қалады осы ауылда ойламаған жерден. Дәл сол күні осы елді мекендегі Фурманов атындағы орта мектебінің 6-класының жаңадан сайланған су жаңа, қып-қызыл белсенді старостасы Қылышбай Сүндетұлы Құлжановқа осы сыныптың тазалықшысы Ұлмаш Есімқызы кластағы гигиеналық жағдайдың мәз еместігін баяндай келе сөзінің соңында осының дәлелі ретінде кластағы интернат­та жатып оқитын малшылардың балаларының басында ағы мен қарасы аралас бит­тің жеті атасының өрмелеп жүргенін, сондықтан олардың шашының сіркелеп кеткенін ұялғаннан (қанша айт­қанмен қыз бала емес пе) жаңа басшының құлағына бетінен оты шығып отырып, сыбырлап қана жеткізеді. Үріп ауызға салғандай сүп-сүйкімді класс тазалықшысының ып-ыстық от­тай демі алғашында жас басшының жүрегін бальзамдай балқытып жібергенімен, бірақ мына тосын жайсыз жаңалық ке­йінірек ойлана келе оның төбе шашын тік тұрғызады.
Міне, «есболдықтарды» аяқ астынан әбігерге салған бар пәле осы жерден бастау алады. Бұл жай тумысынан әділетсіздік пен надандыққа, керенаулыққа, экспрестей заулаған замана көшінен арт­та қалушылыққа мүлде төзбейтін, Совет­тер Одағы деп аталатын өзінің ұлы Отанын жержүзін жайлап жатқан бүткіл адамзат­тың авангарды санайтын қып-қызыл пионер белсендісі Қылышбай Құлжановтың шақшадай басын шарадай қылып, оны күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырады. «Апыр-ау, – деп айран-асыр қалады ол өзімен-өзі оңаша қалған сәт­терде басы қатып. – Совет өкіметі бүткіл жер-жаһанға адамдарды бақыт­ты етуді қалай жүзеге асыруға болатынын дәлелдеп тастаған мынау қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заманда бит және оның паразит өнімі болып табылатын «сірке» деп аталатын ұятсыз «жүгірмектер» мұның кластастарының алтын басына қалайша өрмелеп шығып кеткен?! Мынау, шынында сұмдық қой! Бұл совет­тік социалистік құрылыстың бетіне түскен қара таңба ғой! Оның жолын әрі қылғай, дегенмен мына масқараны естісе, анау Батыстағы кісі еңбегін қанап, шошқадай болып семіріп алған арамтамақ каписталистік елдер Совет Одағына етегін ашып тырқ-тырқ күлмей ме? «Мақтаған социализмдеріңнің сиқы белгілі болды!..» – деп сандарын шапат­тап, жаһанға жар салмай ма!».
Осындай аса терең пассионарлық ойларға берілген Қылышбай Құлжанов бұдан ке­йін енді қабағынан қар жауып, кірпігіне мұз қатып бұл масқараның себебін іздеп біраз басын қатырады. Сүйтсе, ауылдағы жалғыз монша бір жылдан бері бұзылып жұмыс істемей тұрған болып шығады, ал малшы балалары жатып оқитын интернат­та, ең болмаса, олар жылы сумен жуынатын тазалық құралдарымен жабдықталған арнайы бөлме де жоқ көрінеді. Моншаның жұмыс істемейтіні ондағы су айдайтын ескі насос бұзылған, ал ондай сусорғы ауданның қоймаларында атымен жоқ болып шыққан. Сонымен қатар осы шаруамен айналысуға тиісті мекеме райкомхоздың ештеңемен ісі болмаған, ол бұл мәселенің соңынан майшам алып түсудің орнына оны жылы жауып қоя салған. Қысқасы, «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» кері болған.
6-кластың су жаңа пассионар старостасы Қылышбай Құлжанов, әрине, мұндай бассыздықпен мүлде келісе алмайтын еді. Сондықтан да ол жоғарыда айтылған жайлардың бәрін түк қалдырмай жіпке тізіп, аудандық «Малшы өңірі» (совет­тік аудандық газет­тің атына мән бере қарасаңыз. – С.А.) газетіне мақала жолдайды. Сыни мақала көп ұзамай осы жергілікті баспасөздің алғашқы бетінде: «Ауылда монша жоқ!..» – деген үрейлі атпен жарқ ете қалады.
Міне, Есбол ауылындағы дүрлігу тап осы арадан бастау алады. «Апыр-ау, осындай социалистік құрылыс өзінің бұрын адамзат тарихында көз көріп, құлақ естімеген су жаңа типті өркениетін дүниежүзіне әйгілеп жатқан заманда Совет елінде, оның бақыт­ты пұшпақтарының бірі – Есбол ауылында монша мүлде жұмыс істемейді деген не сұмдық?! Коммунизмді межелеп жарқын болашаққа қарай қарыштап адымдап бара жатқан байтақ елдің байлығын еселеу үшін жан аямай білек сыбанып, маңдай терін моншақша төгіп еңбек етіп жатқан «есболдық» малшы азамат­тардың интернат­та білім нәрімен сусындап жатқан шикіөкпелерінің бастарында сонау Батыс жақтағы іріп-шіріп тозып бара жатқан феодалдық, капиталистік елдердің тұрмыстарында ғана кез­десетін бит, сірке ныспылы паразит­тер қайдан қаптап жүр, әлде айбынды Совет елін әшкерелеу үшін елімізге жасырын кіріп кеткен шпиондар ма сол паразит­терді елімізге таратып жүрген?! Міне, ауыл, аудан активтерінің мазасын май ішкендей қылған сауалдардың ұзын-ырғасы шамамен осындай болатын сол күні. Әсіресе бұл мәртебелі жолдастардың естерін алған, ең алдымен, «Азат­тық» пен «Америка дауысы» радиостанциялары еді. Өйткені олардың жүрмейтін жері жоқ, әсіресе осындай шетіндеу хабар-ошарларды қалт жібермейтін «көгермей көктей солғыр» саққұлақ тілшілерінен бәрін күтуге болады деп санайтын олар.
Бұдан әрі біз сол күні болған оқиғаларды жоғарыдағыдай мұрындарынан жіпке тізгендей шып-шырғасын шығармай баяндап жатпаймыз. Тек газетке аталған материал шыққан күннің ертесіне арнайы келген аудан өкілдері мен ауыл басшыларының қатысуымен №11 Есбол ауылында болып өткен атышулы жиналыста сол елді мекеннің «әктіптерінің» бір-бірімен қырықпышақ болып қырқысып, кеңірдегі оқтаудай болғанша айтысып, осы мәселені соңына майшам алып түсіп талқылағандарын ғана еске салып өтпекшіміз.
Жазушы М.Тәж-Мұрат­тың осы аталған көркем туындысын оқып отырған кез­де менің есіме еріксіз атақты совет кинорежиссері Элдар Рязановтың кезінде сол замандағы одақтық кинематографияда айтулы көркемдік құбылыс ретінде бағаланған «Гараж» кинофильмі түсе кет­ті. Онда мәскеулік бір ғылыми-зерт­теу институтының әжептәуір ынтымақпен бірлесіп жұмыс атқарып жатқан ұжым мүшелерінің күндердің-күнінде мәселе жаңадан салынған кооперативтік гараждағы орындарды бөлуге келгенде кенет­тен бір-бірімен ит пен мысықтай болып жауласып шыға келгендері кинокамераның құдіретімен асқан шеберлікпен бейнеленген болатын. Өйткені ұжымдық гараждағы орындардың саны санаулы болса, ал сол орындарды иемденуге талап қылушылардың қарасы одан әлдеқайда артық болып шыққан-ды. Осындай жай ғана тұрмыстық конфликтілерді үлкен әлеумет­тік, философиялық, көркемдік коллизияларға ұластырып жібеудің майталман шебері режиссер Э.Рязанов осы бір қарапайым киносцена арқылы өз кейіпкерлерінің психологиялық
портрет­ін керемет айқара ашып тастаған болатын аталған картинада.
Әрине, сөз жоқ, Мақсат­тың әдеби көркем баяны мен Элдар Рязановтың кинохикаясының сурет­теп отырған өмірлік объектілері мен ондағы бейнеленетін персонаждардың бір-біріне мүлде үш қайнаса сорпасы қосылмайтындары хақ. Алайда бұл жай осы бір қос суреткерді рухани туыстастырып тұрған бір нәрсенің барын бәрібір жоққа шығара алмайды. Ол нәрсенің аты – талант­тардың типтік ұқсастығы-тын, ал ол болса, бұл жерде аталған қазақ жазушысы мен мәскеулік кинорежиссердің сырт­тай қарағанда үйреншікті көрінетін тұрмыстық кикілжіңдерден үйдей әлеумет­тік, көркемдік проблемалар тауып ала қоятын суреткерлік сұңғылалығында жатқан болатын. Кооперативтік гараждағы орындарды бөлісу кезінде мәскеулік оқымыстылар бар ұят-аят­ты жиып қойып, бетіндегі күнделікті үйреншікті маскасын аяусыз сыпырып тастап, өздерінің осы кезге де­йін сырткөзден жасырып келген шынайы пенделік болмыстарын бар «сән-салтанатымен» қалайша жарқыратып тастағанын байқамай қалса, қиянда тып-тыныш жатқан момақан малшы ауылында аудандық газет­те шыққан фельетонның кесірінен ойда-жоқта пайда болған әлеумет­тік инцидент­тің күнәһарын бір-бірінен іздеген «есболдықтар» да олардан қалыса қоймайды. Сөйтіп, олар да өздерінің, шын мәнінде, кім екенін мына аспан асты, жер үстіндегі айдай әлемге әдемілеп әшкерелеп береді. Сондықтан да біз осындай әдеби көркем фактілерді талдай келе «жарықтық мың болғыр Максим Горький: «Көркем әдебиет дегеніміз – адамтану өнері», – деп бекер айтпаған екен-ау, асылы» деген қорытындыға еріксіз келгендей боламыз.
Тағы бір айта кететін жайт, мен көптен білетін Мақсат әуелі қарымды журналист, публицист, эссеист, содан соң интеллектуал зерт­теуші, ғалым ретінде танылды. Сөйтіп жүргенімізде соңғы онжылдықтың мұғдарында біз ойламаған жерден жазушы, прозашы М.Тәж-Мұратқа жолықтық. Ол оқырман қауымға сол тұста баспасөзде жарық көрген «Кібісе жылы» әңгімесі мен «Аппақ сүю» деп аталатын баяны арқылы өзінің көркемсөз өнерінің осы жанрынан да алар сүбелі сыбағасы барын аңғарт­ты. Ал ол аз болса, мына жоғарыда біраз сөз еткен «Интернат, монша һәм басқа өрмелеген бала бит» баянында біз кәдімгі бәріміз әлімсақтан бауыр басып қалған реалистік прозаны постмодернизм ағымымен құдандалы ғып туыстастырып жіберген, сондықтан тағы да белгілі бір дәрежеде қайта түрленген Тәж-Мұратпен дидарласып отырмыз.
Иә, Шәкәрім қажы айтпақшы, Мәкеңнің «бұл әні бұрынғы әндерінен өзгешерек» болып шығыпты. Олай дейтініміз, аталған көркем туынды біздің дәстүрлі классикалық прозамыздың қалыбынан кей тұстарында шығыңқырап кетеді. Мәселеңки, дәстүрлі реалистік прозаның туындыларын оқып отырған кез­де біз – оқырман қауым осы әдеби шедеврлерді табиғатынан сезімтал, нәзік болып жаратылған жан дүниенің сан қилы толқынысы мен тебіренісін басынан кешіре отырып жарық дүниеге алып келген оның аяулы авторларының бұл жалғанда болған немесе болмағаны туралы мүлде бас қатырмайды емеспіз бе, әдет­те. Сол сәт­терде біздің миымыз бен жүрегімізді тек әлгі суреткерлердің ақ қағаздың бетіне ерекше бір құдірет­тің күшімен жаратып берген әдеби персонаждары, олардың іс-әрекет­тері мен сүйіспеншілігі немесе жек көрушілігі, басқа да бастан кешірген алағай да бұлағай сезімдері, толғаныстары мен жаулап алатын еді ғой. Ал постмодернистер болса, классиктердің мұндай көркемдік принциптерімен барлық жерде бірдей келісе бермейді. Сондықтан да олар кей-кейде автор екеніне қарамастан көркем мәтінге ойда-жоқта килігіп, оған өзінің көзқарасын, алай-дүлей сезімін, толғанысын араластырып отыруды артық санамайды. Сонысы арқылы олар көркем мәтінге жаңа бір тың мазмұн үстеп, оның эмоциялық, экспрессивтік бояуын түрлендіре түсуге тырысады.
Тағы бір қызығы, постмодерндік прозаның авторлары, сондай-ақ қаласа, шығармасының сюжетін кенет жер ортадан үзіп тастап, мұның алдында өтіп кеткен тарихи оқиғаларға қысқаша экскурс жасап кетеді және сол экскурстар көбінесе прозаның қалыбынан бөлегірек, тарихи очерк сипатында болып келеді. Дегенмен әйтеуір, бір жақсысы, бұл оқырманның жүйкесіне тимейді, көбінесе керісінше әдеби туындыға арқау болатын болмыстың шындығын, ақиқатын жаңа бір қырынан толықтыра түсуге қызмет етеді. Мұның бәрін тәптіштеп отырған себебіміз, міне, осы тектес постмодерн­дік көркемдік әдістер, элемент­тер біз бөгенайы бөлекше бір баян деп әспет­теп отырған Мақсат­тың «Интернат, монша һәм басқа өрлеген бала бит» ат­ты су жаңа хикаясында әр жерден бір шаң беріп отыратын болып шықты.
Осы арада біз мына бір жайды оның астын сызып айта кетуге тиістіміз деп санаймын. Мақсат әлгіндей постмодерн­дік трюктерді біздің өмірлік, қаламгерлік тәжірибелері кемшін кейбір жас жазушыларымыз секілді оңды-солды пайдаланып, оларды фетишке, «самоцельге» айналдырып жібермейді екен. Ол негізінде жоғарыда аталған кейбір жаңашыл көркемдік элемент­терді әлемдік әдебиет­те қай заманда да өзінің өміршеңдігін дәлелдеген классикалық реализмді тосын бір бояулармен, мазмұндармен көркейту үшін ғана қолданатын болып шықты. Осы жағынан келгенде, жазушы М.Тәж-Мұрат­тың әлгіндей әдеби симбиозы өзін-өзі ақтап тұр. Мұны біз аталған автордың өзіміз талдап отырған жаңа көркем баянынан аңғара алдық деп жауапкершілікпен айта аламыз. Осы жағынан келгенде, шүкір, біздің, оқырманның бақытына орай әр нәрсенің шамасы мен парқын жақсы айыра алатын Мақсат «бояушы-бояушы дегенге сақалын бояйды» дейтіндердің сойынан болмай шықты, әйтеуір.
М.Тәж-Мұрат­тың осы баянындағы кейіпкерлері өзінің ешкімге ұқсай бермейтін төлтумалығымен есте қалады. Аталған шығармадағы бас кейіпкердің механизатор әкесі Сүндет те, оның зайыбы Күйкін де, әр нәрсенің түпкі байыбына бара білетін ақылды совхоз директоры Нұрмақан Ауданов та, кемтар, бір аяғын жерге қадап басатын болғандықтан құрдастары қалжыңдап «ТапОсыЖер» деп атап кеткен әділетшіл, ақкөкірек слесарь Қабдош та, әрқашан бірінші болып сөз бастағанды тәуір көретін жергілікті көсем парторг Қайдар Аманов та, жанынан транзисторын тастамайтын өзі қып-қызыл коммунист бола тұра «Азат­тық» пен «Америка дауысы» радиостанцияларын жұрт­тан жасырынып тыңдауды сөкет көрмейтін жылқы фермасының бастығы да, бәрі-бәрі – өздерінше тек атыраулық, «есболдық» қайталанбас бір типтер. Баяндағы осындай әрқилы қалыптан шыққан алуан мінезді персонаждармен танысып отырып, кейде езуіңізге еріксіз күлкі үйіріліп: «Жаратушының пендесін осыншама әрқилы етіп жаратқаны қандай жақсы болған, әйтпесе, егер мына жарық дүние кілең бірыңғайлықтан тұрса, тіршілік дегеніңіз мүлде көңілсіз болып кеткендей екен ғой», – деп ойлайсыз кейде.
Ал енді аталған көркем шығарманың бас кейіпкері қып-қызыл пионер белсендісі, оның үстіне Фурманов атындағы орта мектептің алтыншы класының старостасы Қылышбай Құлжанов жолдастың өзіне тоқтар болсақ, біз осы бір жасөспірімге дәл балама бола аларлықтай аналогты әрісі – әлем, берісі – қазақ әдебиеті шығармаларынан кез­дестіре алмадық. Өйткені ол бәріміздің бала күнімізден жадымызда жат­талып қалған Б.Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожасындағы» ақкөңіл Қожаға да, тұзы жеңілдеу, жүрген жерін әрдайым улаған да шулаған қылып жүретін Сұлтанға да, С.Мұратбековтың «Жусан иісіндегі» аяулы Аянға да, Марк Твеннің Гекльберри Фині мен Том Сойеріне де, тіпті совет­тік патриот пионер Павлик Морозов пен батыр бала Болатбекке де ұқсай бермейді. Бүкіл болмысымен атыраулық, «есболдық» болып қалыптасқан өзгеше бір тип. Тумысынан пассионар, жасампаз, жаңалық атаулыға жаны құмар болып жаратылған тосындау бір жан. Бұл жағынан, оны қазіргі тәуелсіз, креативтік, инновациялық Қазақ республикасының жасөспірімдеріне кумир болуға әбден-ақ лайық персонаж деуге болады.
Сонымен, ұзын сөзімізді қоры­тындылай келе былай дегіміз келеді: Жазушы Мақсат Тәж-Мұрат осы шығармасында да өзінің әлімсақтан бәрімізге белгілі ізденгіш, білімпаз қалпынан, әдеби туындыларының болмысын өмірдің шындығымен барынша қандыра суарып, ал оның көркемдік идеясын ақиқат­тың шыңырауынан шырқырата суырып алып сурет­тейтін ежелгі салтынан жаңылмапты. Сондықтан да маған Мақсат­тың осы туындысы оның кіндік қаны тамған Атырау облысы Махамбет ауданындағы Есбол ауылын көркемсөзбен кестелеген әдеби ескерткіші секілді көрінді және осы бір көркемсөз ескерткішіне бұл күндері туған жерден жырақта жүріп кемелденіп, үлкен жүректі айтулы азаматқа айналған талант­ты суреткердің туған еліне деген перзент­тік махаббаты да, алыста қол бұлғап қалып қойған балалық бал дәуреніне деген өзімен мәңгі бірге жасайтын сарғайған сағынышы да, алдан күтер тек өзіне ғана аян қымбат асыл армандары да сыйып кетіпті. Меніңше, туындының авторын күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдырып, оны жазбасына қоймаған сиқырлы күш те осылар болса керек.

Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ,
жазушы, драматург,
Қазақ­станның еңбек сіңірген
қайраткері

ПІКІРЛЕР2
Аноним 12.03.2024 | 11:20

Серік Асылбекұлы атты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург,жазушы ағамыз Мақсат Тәж-Мұраттың «Интернат,монша һәм бала бит басқа өрлеген күн» деп аталатын повесть шығармасын тілге тиек етіп, керемет талдаған. 11ауыл Есболдықтар туралы шығарма желісін оқыған сәтте көз алдыма еріксіз балалық шағым оралды. Көзіміз көрген ағамыз Қылышбай Сүндетұлының 6сыныпта староста болып,ауылдың ар-ұятын ойлаған оқушы ретінде көрсек, бүгінде ағамыз елдің қамын ойлап жүрген азамат екені сөзсіз. «Болар бала жетісінде бас болар, болмас бала қырықында жас болар» деген мақалдың айқын көрінісі. Жас күнінен бас болып, ауылдың проблемасын газет бетіне мақала етіп шығарғаны да кез-келген 6сынып оқушысының қолынан келмес еді. Автордың осы бір туындысы туған жерге деген сағынықымды үдете түсті.

Аноним 12.03.2024 | 11:24

Серік Асылбекұлы атты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург,жазушы ағамыз Мақсат Тәж-Мұраттың «Интернат,монша һәм бала бит басқа өрлеген күн» деп аталатын повесть шығармасын тілге тиек етіп, керемет талдаған. 11ауыл Есболдықтар туралы шығарма желісін оқыған сәтте көз алдыма еріксіз балалық шағым оралды. Көзіміз көрген ағамыз Қылышбай Сүндетұлының 6сыныпта староста болып,ауылдың ар-ұятын ойлаған оқушы ретінде көрсек, бүгінде ағамыз елдің қамын ойлап жүрген азамат екені сөзсіз. «Болар бала жетісінде бас болар, болмас бала қырықында жас болар» деген мақалдың айқын көрінісі. Жас күнінен бас болып, ауылдың проблемасын газет бетіне мақала етіп шығарғаны да кез-келген 6сынып оқушысының қолынан келмес еді. Автордың осы бір туындысы туған жерге деген сағынышымды үдете түсті.
Пікір қалдырушы: Р.Б.Альдешова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір