БОЛМЫСЫ бӨЛЕК БЕРДІБЕК
Аспантаулар аясында жазушының 100 жылдығы аталып өтті
Биыл классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толды. Қаламгерге арналған мерейтойлық мезеттер ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуде. Бұған дейін жазушы дүние есігін ашқан Алматы облысының әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп бірқатар іс-шараны қолға алған болатын. Атап айтқанда, қаламгердің әлі күнге дейін оқырман қолынан түспей келе жатқан «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» атты көркем туындыларын кітап етіп қайта басып шығару, жазушы шығармашылығын шетелдерде насихаттау мақсатында Түркия елінде еске алу жиынын өткізу сияқты ауыз толтырып айтарлық дүниелер жасалды. Ал күні кеше Бердібек Соқпақбаевтың туған жері – Алматы облысының Райымбек ауданында ұлан-асыр той өтті. Осылайша, туған елі классик қаламгерге ұлы құрмет көрсетті.
Балалар әдебиетінің классигіне арналған мерейтойлық іс-шаралар легі Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылындағы Баққожа Мұқай атындағы аудандық мәдениет үйінде «Болмысы бөлек Бердібек» атты салтанатты жиыннан бастау алды. Мерейтойға еліміздің барлық аймағынан қаламгерлер мен зиялы қауым жиналып, куә болды. Ресми іс-шараға ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған халық қалаулылары, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазин, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов пен жазушы, «Простор» журналының бас редакторы Фархад Тамендаров та арнайы қатысып, той қонақтарын құттықтады.
Мерейтойға жиналған қауым бірінші күні жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған көрмемен танысты. Салтанатты мезеттің шымылдығын «Бердібек әлеміне саяхат» атты театрландырылған қойылым ашты. Бұл ерекше қойылымның авторы әрі режиссері Сержан Молдасанұлы екен. Арнайы сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бауыржан Қаптағаев, Бекжан Тұрыс, Ерлан Біләл, Еркебұлан Дайыров сынды танымал актерлер жазушы шығармаларынан үзінді көрсетті. Заңғар жазушының рөлін сомдаған Ербақ Құрманжанұлы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ салтанатты іс-шараны Қазақстанның Халық артисі Рамазан Стамғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов пен «Қоңыр» тобы және балалар хоры әнмен әрледі.
Жиын барысында Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген Бердібек Соқпақбаевтың 4 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Кітаптың тұсаукесерінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Қайратұлы, жазушының қызы Самал Соқпақбаева және Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов қаламгер жайлы естеліктер айтып, мерейтойдың маңыздылығын тілге тиек етті.
Асылдың сынығындай болған Самал Соқпақбаева – әкесінің ақ батасын алып, аудармашылықта бағын сынаған жан. Ол тойға келген жазушының ұрпақтарының атынан тебіреніп сөйледі.
– Бүгін қасиетті қазақ даласында ұлт әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген қаламгер, менің әкем Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына жиналып отырмыз. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен жазушының шығармашылық еңбектері ЮНЕСКО-ның мәдениет қорына енгізілді. Бұл жетістік қазақ елінің қуанышы, қазақ әдебиетінің мақтанышы деп есептеймін. Осы орайда Мемлекет басшысына шексіз алғысымды айтқым келеді.
Мен Алматыда ҚазМУ-дың химия факультетін бітіріп, біраз жыл Ғылым академиясында жұмыс істесем де, бұл саланы біржола тастап, аударма жұмысымен шұғылдандым. Мұны естіген әкем шақырып алып: «Академияны неге тастадың, енді өнеріңді көрсетші», – деп қасына отырғызып, «Менің атым Қожаның» 1-2 бетін аудартты. Менің тіпті зәрем ұшты, өйткені әкемнің мінезі қатал және аудармам ұнамаған болса, «бұл сенің қолыңнан келмейді, әуре болма» деп айтар еді. Сондықтан әлгі тапсырмасын қорқа-қорқа аударып, көрсетіп едім, ұнатты. Оның алдында орыс жазушылары аударған. Десе де менің аудармамнан қазақылықтың иісі аңқып, адамдардың мінез-құлқын өзі сияқты жеткізе алуым көңіліне қонған болуы керек, риза кейіппен батасын берді. Содан бері 35 жыл бойы аударма саласында жұмыс істеп келемін. Көптеген қазақ жазушысының шығармаларын аударып, әкем сияқты жазушы болмасам да, әдебиетке аздаған үлесімді қосып келемін, – деді жазушының қызы Самал Соқпақбаева.
Биыл Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің қолдауымен өңірдің бірнеше ауылдарындағы көше, мектептерге жазушы есімі берілген. Қаламгер туралы спектакльдер қойылып, кітаптары шықты. «Менің атым – Қожа» кітабы 5-6 жыл бұрын түрік тіліне аударылса, биыл «Өлгендер қайтып келмейді» кітабы түрік тіліне және басқа да шығармалары әзербайжан, француз тілдеріне аударылып, жарық көріп отыр. Бұл туралы өз сөзінде Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов айтты.
«Бердібек Соқпақбаев дегенде елең етпейтін қазақ жоқ. Мен егер салиқалы, парасатты мемлекет қайраткерін, ақ пейіл адамды жолықтырсам, «Әй, осы кісі «Менің атым Қожаны» оқыған-ау» деп ойлаймын. Өйткені бұл шығарманы оқымаған қазақ – қазақ емес. Сондықтан ылғи да жақсы адамдарды көрсем, көз алдыма Бердібек аға келеді. Бердібектей жазушылар бар, көп деп те айтуға болады. Бірақ балаларды баураған Бердібектей жазушы жоқ. Қазақ әдебиеті өскен, өркендеген әдебиет десек те, әлі күнге дейін «Менің атым Қожаға» тең келетін шығарма жазылған жоқ. Сондықтан Бердібек Соқпақбаев – біздің қазақ әдебиетінің Хантәңірі десек, артық емес», – деді өз сөзінде Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.
Сондай-ақ одақ басшысы Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылық мұрасының құндылығына да тоқталды.
«Жазушы соңына 20 шақты кітап қалдырыпты. Соның әрқайсысын классикалық шығарма деп айтуға болады. Өйткені ол кісі – кеңес үкіметі кезіндегі социалистік реализмге қарсы болған халық жазушысы. Ол коммунистік партияның өкілдерін өтірік мақтап жазбаған. Бердібек ағамыздың: «Өзім туралы жазатын жалғыз жазушымын» – деуі сондықтан. Шынында, оның бойындағы осы бір керемет қасиет қазіргі уақытта бүкіл қазаққа керек қасиет деп ойлаймын. Қазақтың бүкіл жазушысы дәл Бердібек ағамыз сияқты шынайы дүниелер жазса, қазақтың шығармалары бүкіл әлемге тарайтын еді. Бүгінде Соқпақбаев шығармалары әлем тілдеріне аударылып, кітаптары 70 елге таралып отыр», – деген Мереке Әбдешұлы жазушы мұрасын насихаттауды туған жерінен бастау керегіне тоқталды.
– Біз тәуелсіз ел болған соң, тәуелсіз жазушымызды ұлықтап жатырмыз. Қырдағы ел қуанатын, ойдағы ел ойланатын той – бұл. Еліміздің Президенті баланы бірінші кезекте әдебиетті оқуға үйретейік деп отыр. Өте ғажап сөз. Бұған дейін мектептерде ескі кітаптар ғана тұратын. Ендігі жерде қазақ қаламгерлерінің көркем шығармалары мектеп кітапханасында болады. Осы орайда Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» кітабы да әлем тілдеріне аударылып, сондағы Сарыжаз, Текес, Қостөбе, Нарынқол сияқты ауылдарды әлем балалары аралайтын маршрут жасалса жөн болар еді. Олар асқар тау мен ағын судың сырын ұғып, халқының ішкі жан дүниесін танитын еді. Ал Бердікбектің кейіпкері болған Қожа қазақ баласының мінез-құлқы, ішкі жан дүниесі, әлемге көзқарасы емес пе? – деп түйіндеді ойын шығармашылық ұйым басшысы.
Мерейтойлық іс-шара «Ұлт әдебиетінің алыбы» атты Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылығын өзек еткен республикалық командалық ақындар айтысымен жалғасты. Оған жер жәннаты Жетісу облысы мен асқаралы Алатаудың етегін алып жатқан Алматы облысының айтыскер ақындары, жыршы-термешілері және күйшілері қатысты. Қара сөздің қаймағын қалқыған ақындар айтысына ақын Жүрсін Ерман бастаған қазылар төрелік етті. Айтыскер ақын, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жүргізген командалық айтыста қос тараптың талантты өнерпаздары барын салды. Сондай-ақ кешкілік аудан жұртшылығы мен қонақтар аудан орталығында эстрада жұлдыздарының гала-концертін тамашалады.
Мерейтойдың екінші күні Бердібек Соқпақбаев атындағы Жастар саябағында жалғасты. Саябақтың ортасынан қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың еңселі ескерткіші ашылды. Салтанатты рәсімге ауыл тұрғындарымен бірге, қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, қаламгерлер, өнер өкілдері жиналды.
Мерейтойға Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың арнайы келіп, көптің қуанышына ортақ болуы да қалың қауымның ризашылығын тудырды. Іс-шара жазушы ескерткішінің ашылуымен басталды. Салтанатты рәсімге Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, жазушының қызы Самал Соқпақбаева қатысты. Тұғырға қонған қазақ әдебиетінің алып тұлғасын мәрмардан сомдаған ескерткіш авторлары – Тимур Ермұханбетов пен Айдос Бүркітбаевқа жұрт риза болды. Ескерткіштің ашылу сәтінде, Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев жұртшылыққа ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Келесі кезекте сөз алған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жазушы мерейтойына байланысты облыс көлемінде жүзеге асырылған игі істерге тоқталды.
«Бүгінгі той – ұлт әдебиетінің тойы. Мемлекет басшысы төл әдебиетіміздің дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Осы орайда біртуар тұлға Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойын туған өлкесінде жоғары деңгейде атап өтіп, жазушының шығармаларын және өнегелі өмірін ел арасында дәріптеп, есімін ұлықтау – біздің абыройлы міндетіміз. Бүгінде облыс аумағында Қарасай ауданы «Қаскелең қаласындағы мектеп-гимназиясына», Іле ауданы Көкқайнар ауылындағы №53 орта мектепке, Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылындағы жаңа саябаққа, Кеген ауданы Кеген ауылындағы «Жастар саябағына», облыс орталығы Қонаев қаласындағы «Центральная» көшесіне Бердібек Соқпақбаевтың есімі берілді. Алдағы уақытта Қонаев қаласында салынуы жоспарланған орталық әмбебап кітапханасына да Бердібек Соқпақбаевтың есімі берілетін болады», – деді облыс басшысы.
Бұдан кейін Сарыжаз жазығында жазушы Б.Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арнайы ақшаңқан үйлер тігіліп, ас берілді. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, оған 150-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынады. Қазақ эстрадасының жұлдыздары, сондай-ақ Алматы облыстық Сүйінбай атындағы фольклорлық ансамбль дүйім жұртқа өнерін тарту етті.
Іс-шара соңы шашасына шаң жұқтырмас тұлпарлардың тұяғы дүбірлеткен бәйгеге ұласты. Құнан, аламан және топ бәйге бойынша сынға түскен жарыста жүзден жүйрік шыққан қылқұйрықтар мен шабандоздар жеңімпаз атанып, көліктер иеленді.
Жалпы, қаламгердің туған жерінде өткен бұл той қазақ халқының жазушыға деген мәңгілік құрметі мен сағынышының бір көрінісіндей болды. Ал мерейтой ел ішінде жалғаса бермек. Іс-шараның түйіні алдағы уақытта Париж төрінде өтетін арнайы жиында түйінделмек.
Қалмаханбет
МҰҚАМЕТҚАЛИ
Суреттерді түсірген
Аслан ҚАжеке